Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өтен Ахмет. Фадеевтің өлер алдындағы хаты

11.09.2019 490

Өтен Ахмет. Фадеевтің өлер алдындағы хаты

«Бұдан әрі өмір сүруімнің мәні жоқ». СССР Жазушылар одағының төрағасы А.Фадеев өзіне өзі қол саларда жазған хатын осы сөздермен бастаған екен...

Еліміз егемендік алғалы Жазушылар одағы бұрынғы таз қалпында керек пе, керек емес пе деген әңгіме бір толастаған емес. Басшылығындағы ақын Нұрлан Оразалин кетіп, орнына ақын Ұлықбек Есдәулетов сайланып, бүкіл басшылық буындары ақындармен «байығаннан» кейін, бұған дейін айтарларын айтып тауысқан пікірі бар қаламгерлер енді не дерін білмей бір мезгіл есеңгіреп қалғандай еді. Соңғы айларда әдебиеттің хал-ахуалын қозғаған, тіпті алыс-жақын бүкіл Азия елдерін қамтыған, жедел-жедел үш форум өтті. Осы жиындардан кейін жазушы таланты ашылып, кітап шығару, оны тарату өркендеп кете ме, Азия елдері жазушылары арасында байланыс орнап, кітап алмасу болса, ол қалай іріктеледі, деген сұрақтар төңірегінде әр тараптан, ішке жиналған қыжыл сияқты пікірлер, қайтадан бұрқ ете қалды. Мен де осы додаға өз ойымды қоспақпын. Бәлкім, өз ойым дегеннен гөрі өткеннің сабағын еске түсіру дегенім дұрысырақ болар. Сол үшін Совет одағы жазушыларының ұзақ уақыт басшысы болған Александр Фадеевтің өміріне қатысты жайларды тағы бір қарап шықтым. Қандай ғана қиын тағдыр. Өмір бойы ар-ұятының отына күйіп өткен. Ар-ұяттан аттаған. Аттағанын білген. Шығармашылықпен еркін айналыса алмаған. Өйткені мойында «әдебиеттің партиялығы» деген қылбырау бар еді. Тыныс алу-алмауы соған байланысты болатын. Ешбір талант әдебиетте Ленин, Сталин образын жасау, солардың нұсқауларының орындалуы дегеннен аттап кете алмайтын. Мұны сіз совет кезінде марапатталған қазақтың ақын, жазушы, драматургтерінің бәрінен табасыз.

Лауазымын қалай атаса, олай атасын, елді жеке дара билесе, ол диктатор. Диктатор бәрін өзім білемін деп ойлайды. Солай ойлағасын бәріне төреші де өзі. Мәселен, Сталин Булгаковтың «Дни Турбиных» пьесасы бойынша қойылған спектакльді қатты ұнатқан. Он бес рет көрген. Авторға телефон шалып тұрған. Соны пайдаланып, жазушылығында жаңа белеске көтерілу үшін Булгаков «Батум» деген пьеса жазады. Бірақ Сталин пьесаның сахналануына қарсы болып, тоқтатып тастайды. Себебі, балалық, жастық шағына қатысты қарабайыр жайлардың сөз болғанын қаламайды. Өйткені ет пен сүйектен жаралған адам пенде емес, ғайыптан пайда болған әулие секілді болғанды ұнатқан еді...

Идеологиялық институт ретінде зиянды екеніне іште жүріп көзі әбден жеткен А.Фадеевтің Жазушылар одағын таратып жіберейік деген ұсынысы ерлікке пара-пар қадам болатын. Бірақ шуылдақ «құлдар» қарсы шыққан. Бір де біреуі қолдамаған. Әбден мезі боп шаршаған ол ақырында бар шындықты КПСС-тің Орталық Комитетіне жазып, өзі атылып өлді ғой.

А.Фадеевтің өлерінде жазған хаты

"Бұдан әрі өмір сүруімнің мәні жоқ, өйткені өзімшіл-надан партия басшылығы бүкіл ғұмырымды арнаған өнерімді өлімші етіп қойды, бұл халінен қайта түзеліп кетуі енді мүмкін емес. Әдебиеттің ең озық кадрлары, олардың кейбірі патша жендеттерінің түсіне де кірмеген болар, шалғымен орылғандай қырғын тапты, талайы билік ұстағандардың қылмыстық кесірінен еріксіз өлді, аз-аздап болса да құнды шығарма тудыра алатын қабілеті бар қалғандары да жастары 40-50 –ге жетпей өмірден озып жатыр.

Ең асыл құндылық – әдебиет бюрократтар мен халықтың қараңғы надан тобының итше талауына берілді, Мәскеу конференциясы немесе ХХ партсьезд дейтіннің биік мінберінен «Ат оны!» деген жаңа ұран тасталды. Әдебиетті түзетпек ниетпен белгіленген жаңа жол дегені барып тұрған масқаралық: жаңа жол көрсету үшін құрылған топтың ішінде бірлі-жарым адал жандар болғанмен, негізінен, ол топта надандар, қуғын-сүргіннен жасып қалғандар, сол себепті шындық айтудан қорқатындар...

Біздің ұрпақ, Лениннің кезінде, сондай ақжарқын ашық пейілмен әдебиет ауылына екпіндеп еркін ендік, сол пәрменмен қаншама тамаша шығармаларды дүниеге әкелдік, тағы да қаншама құнды шығармалар тудырар едік!

Ленин қазасынан кейін өлтіретіндерін өлтірді, қалғандарын қолбала етті, идеологиямен қорқытты, өздерінше мұны әдебиеттің «партиялығы» деп сандырақтады. Енді міне, осыларды түзейтін уақыт келгенде, қарабайырлық пен надандық қайтадан күш алды, кемшілікті түзетуге мұрындық болатын билік ұстағандардың сауатсыз өзімшілдігі кесірінен, әрине. Әдебиет тізгіні талантсыз, майда, кекшіл адамдардың қолына берілді. Әдебиетке адалдығын сақтаған бірлі-жарымның үндері өшті, және олар өлетін күндері жақын кәрілер. Көңілде жақсы шығарма жазсам-ау деген ниет те, күш-қуат берер рух та қалған жоқ.

Он алты жасымнан партия арқылы өмірімді жұмысшы және шаруалар тағдырымен байланыстырып, бойыма Құдай берген талантпен коммунизм жолында үздік шығармалар жазсам деп құлшындым, жан дүнием небір жарқын ойлар мен кіршіксіз адал сезімдерге толы болатын, сол көңілмен халықтың сан қатпарлы өмірін коммунизмнің ғажайып идеалдарымен ұштастырармын деп ойладым.

Бірақ мені көң таситын көк есекке айналдырды, арқама, кез келген қарапайым адам орындай алатын, таусылмайтын бюрократтық міндеттерді артып, мәні жоқ, түкке тұрғысыз жұмыстармен еңсемді көтерткізбей қойды. Бүкіл өмірімді ойша қорытып отырған тап қазіргі сәттің өзінде, олардан естіген идеологиялық балағат айқайлар, алған сөгістер, мәжбүрлеулер есіме түссе, төбе шашым тік тұрады. Ал менің қарапайым ғажап халқымды іштей таза, кісілікті коммунистік талантыммен сүйсінткендей қабілетім бар еді. Жаңа қоғамдық құрылыстың ең құнды жемісі – әдебиет аяққа тапталды, қуғындалып қор болды, өлімші күйге түсті. Өзім білемге салынған өркөкірек тас кеуделер ауыздарымен Ленин іліміне адалмыз, оны әрі қарай дамытып жатырмыз десе де, менің оларға деген сенімім біржола жоғалды. Өйткені олардың шектеулі топастығынан келер зиян Сталин жендеттері келтірген зияннан асып түспесе, кем түспесін анық көріп отырмын. Сталиннің қалай дегенмен білімі бар еді, ал мыналар шетінен тас надан.

Жазушы ретінде менің өмірім барлық мәнін жоғалтты, үстімнен бір толастамайтын сатқындық, өсек, жала дегендерден құтылу үшін мен қуана-қуана бұл өмірмен қоштаспақпын.

Көңілімдегілерді жоғарыға айтсам-ау деген иненің жасуындай ғана үмітім бар еді, үш жыл бойы қаншама рет өтініш жасағаныма қарамастан, мемлекет басқарып отырғандар, маған тарс жапқан есіктерін бір ашпады, қабылдамай қойды.

Мені анамның қасына жерлеулеріңізді өтінемін. А. Фадеев".

13 мамыр 1956 жыл.

Марқұмның хатын оқып, қазақшалап, кейбір ойларымды күнделігіме түртіп қойған едім.

...Совет одағы құлағанда бұрынғы барлық республикаларда жазушылар одағы таратылды. Бізде ғана сақталып қалды. Таратайық дегендер болды. Бірақ көпшілік қарсы боп өре түрегелді. Ең бастысы одақты сақтап қалуға билік өзі тікелей көмектесті. Кейін мұны үлкен көрегендікке балап, жиі-жиі мақтан етумен болдық. Шынтуайтында, Жазушылар одағының шығармашылықты дамытуға титімдей де пайдасы тиген жоқ, бірақ биліктің астына екі бүктеп салып беруге жарады. Жазушылар еркіндікті қаламады, құл сияқты масылдықты таңдады.

Қазақ ақындары қай хандықтың тұсында халық жағында еркін сөйлеп еді? Ондайды табу қиын. Алтын Орда құлап, балапан басына, тұрымтай тұсына болған кездегі бұрынғы ерлікті жырлап, өтіп кеткен берекелі тұрмысты аңсау сарынындағы дүниелер қаптады. Өйткені бұл тұста Батыстан да, Шығыстан да қыспақ көріп, бастары бірікпей берекелері кетіп Ханнан да, қарашыдан да бақ тайған заман еді. Бұхар жырауды мысалға келтіреміз, оның сол замандағы қазақ қауымының басындағы шырғалаңға сәйкес келетін сөз айтқаны рас. Мұны Бұқар айтпаса, басқа айтар еді. Махамбетке қатысты да солай деуге болады. Етек - жеңі жинастырылып билік институттары бекіген хандық жайында, ханның қасында итініп отырып, ханға қарсы кім сөйлепті... Құлқыны ат мініп, шапан кию... Осы үрдіс совет кезінде жалғасын тапты, қазір үдеді.

Кім жақсы қылқалам шебері –билеушінің суретін салған.

Кім мықты мүсінші – билеушінің келбет-тұрпатын сомдаған.

Кім жақсы ақын, кім мықты жазушы, кім жақсы композитор, кім керемет көсемсөзші... Соза беруге болады. Мадақ алғандар солар. Таланттылықтың ең жоғарғы көрсеткіші – жағымпаздық жарысында озу.

Мысалы, мен еркінмін бе? Иә, үй ішінде. Бәлкім, алдан жақсы күндер туар. Өмір бір орнында тұрмайды ғой...

31.10.2009. Біздің ел дүниедегі ең, ең деген насихатпен есейдім. Америкадағы қаралардың тарихы «Том ағайдың лашығындағы» кейіпкерлер сияқты деп түсіндірді. Жылағандай болып аяитынбыз.

Американың қарадан шыққан Мұхамед Али бастаған спортшылары, Майкл Джексон бастаған әртістері, өнер адамдары, әскерилері барша дүниені ауыздарына қаратты. Бедел алды. Ненің арқасында? Демократияның арқасында. Теңдік, еркіндік дегенің демократиясыз жай сөз екен. АҚШ-тағы қаралар демократия арқасында бүгінгідей әлемді мойындатқан биіктеріне қол жеткізді.

Ал мен болсам бала кезімде Сталинге, одан кейін генсектерге табындым. Бүгінде өзімде тіпті бас та жоқ. Басымды біреу алып қойған. Елде көп адам қарапайым ой ойлаудан қалғандай. Ақылдылар бастарын біреуге беріп қойып, соның ығында күн кешкендей. Негізі, ондайлардың жағдайы жаман емес. Мен болсам, жындылар қатарына қосылып кетпес үшін ойымды осылай қағазға түсіріп қоюдан әріге бара алмаймын. Газеттер сөзімді баспайды...

Арқа сүйейін десем, Жазушылар одағының жоғарғы биліктің тілін тауып форумдар өткізуден, өз кітаптарын әлемдік өріске шығару қамынан қолдары тимейді, төмендегі мендейлермен шаруасы жоқ. Кей-кейде А.Фаддеевтің таратайық деген СССР Жазушылар одағы мен біздегі Жазушылар одағынан ұқсастық көремін де, көңілім қатты құлазып кетеді...

Суреттер ашық интернет кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар