Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Остин мен Кафканы араластырып, үстіне азғана Прусті қосса, К. Ишигуро шығады

11.03.2019 818

Остин мен Кафканы араластырып, үстіне азғана Прусті қосса, К. Ишигуро шығады

Лондонды мекен еткен, ұлты жапон Казуо Ишигуро 2017 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алғаннан кейінгі екі жылда жаңа лауреат шыға қойған жоқ. Сондықтан, оны әзірше соңғы лауреат дей тұруға болатын шығар.

Өзінің берген сұхбаттарына қарағанда, ол жас кезінде әнші, композитор болуды армандаған жан екен. Фолк клубтерге өнер көрсетіп, талай өнер ағымдарының басын шалса керек. Алайда, Казуоның музыка бизнесінде бағы жанбады. Дегенмен, ән мәтіндерін көп жазғандығының өзі артық-ауыс әшекейсіз, ерекше ықшам тіл-стильмен жазуға машықтануына септескен көрінеді. Сол мәнерінің өзі оны Англияның қазіргі заман жазушыларының арасында ең ықпалды әдеби тұлғаға айналуына елеулі әсер еткен екен.

2015 жылы «The New York Times» газетіне берген сұхбатында: «Әндердің мәтінін жазудағы тәжірибем кейін шығармашылық өзіндік тәсілімді табуыма елеулі әсер етті. Жазушы адам үшін көптеген астарлы сырларын, өмірдің мән-мағынасын асау толқындардың астына жасыру қажеттілігі туындайды» - дегені бар.

Казуо Ишигуро жасы алпысты алқымдағанға дейін өзінің жеті туындысымен қалың оқырманын таңдай қақтырып, биік мәртебелі Нобель сыйлығына қол жеткізген жазушы. Оның қаламынан туған шығармалары ішіндегі ең танымал болған туындылары ретінде, дүниежүзілік екінші соғыс тұсында ағылшын лордтарына қызмет көрсеткен үй шаруашылығының жетекшісі туралы «The Remains of the Day» («Тәуліктен қалған нәрселер»), арнаулы ағылшын мектебіндегі махаббат тақырыбы жайында жазылған меланхоликалық дистопи жанрындағы «Never Let Me Go» («Мені ешқашан жібермеші») деген екі кітабы ерекше ауызға ілігеді.

Оның туындыларында адасқан ақыл-ой, өлім-жітім, уақыт кеңістігіндегі жалған дүниенің шырғалаңдары көрініс тауып, шеберлікпен бейнеленеді. Шығармаларының негізгі ядросының өзі айналып келгенде, көркем әдебиет жанрларының қалыптасқан инерцияларын тас-талқан етіп, жаңаша тың қадам жасау, уақыт пен кеңістік аясында күрделі сезімді айшықтау және ағылшын қоғамындағы жүйенің болмысын асқан шеберлікпен талдап, сараптайтындығы.

«Мұнартып көрінер төбелер»

Швед академиясының хатшысы Сара Дэниустің мынандай бір сөзі бар екен: «Қысқасы, Жэйн Остин, Франц Кафка екеуін араластырып, оған азғантай ғана Марсел Прусті қосса, Казуо Ишигуро шығады. Ол таңғажайып шыншыл, адал жазушы. Ишигуро жеке дара тұрып та әсем де таңсық әлемді жасай алды».

Лондонда өткен баспасөз мәслихатында Ишигуро: «Нобель сыйлығын алатынымды естігенде, шынын айтқанда, шошып кеткендей болдым. Егер, оған қол жеткізетіндей болмашы ғана үмітім болғанда, тым құрығанда шашымды жуып дайындалар едім ғой. Қазіргі замандағы қаншама көп ұлы жазушылар әлі күнге дейін Нобель сыйлығына жете алмағанда, дәл менің еншіме бұйырғаны, алаяқтық секілді сезіледі екен» - деп, тым кішіпейілдік танытқаны бар.

«Тәуліктен қалған нәрселер»

Отыз жылдық карьерасында Ишигуро мырза салқынқанды сабырлы жан ретінде таныс-біліс жандарға танылған болса, бояуы қанық жүрек тебірентерлік көптеген кейіпкерлері арқылы әлем оқырмандарына мүлде басқаша қырынан көрініп отыр. Ол барлық шығармаларын дерлік бірінші жақтан баяндайды. Аса қатты сенім тудыра қоймайтын әлгі сыр шертуші шындықты жоққа шығарады да, ақыры, оны оқырман өзі тауып әшкерелейді.

Ишигуро шығармаларындағы оқиғаның өрбу үдерісі оның толыққанды шымыр мәтіндерінен толассыз туындап жатады. Баяндаушының пайымы мен шынайы жағдайдың арасындағы айырмашылық, көмескіленген ойлар оның шығармашылығындағы ең негізгі ерекшелік болса керек.

«Біз жетім кезде»

«Ағылшын науқасы» деген атақты романның авторы, жазушы Майкл Ондатжи Швеция академиясының тұжырымын тыңдаған соң қатты толқығанын жеткізген. «Ол (Ишигуро) өте сирек кездесетін құпия сыршыл жазушы. Оның әр туындысы мені таң-тамаша етіп, қайран қалдырумен келеді» - деп, Ондатжи жазған хатында ағынан жарылады.

Казуо Ишигуро 1954 жылы Жапонияның Нагасакиінде туғаны баршаға мәлім. Небары бес жасында оның отбасы Англияның Суррей қаласына қоныстанған. Сол тұста Уокинг гимназиясының босағасынан аттағанын еске алған Казуо кейін «The Guardian» газетіне берген сұхбатында «өте тез көмескіленіп, жоғалып кеткен сол тұстағы ағылшын қоғамының иісін сезініп қалудың ең соңғы мүмкіндігі болған еді» - деген болатын.

Ишигуро әдеби әлемнің тұщымды дәмін өте ерте сезінген жан. Тоғыз жасында жергілікті кітапханада отырып, бас алмай кітап оқыған. Шэрлок Холмсқа тамсанған. «Мен тоғыз жасымда Холмс пен Ватсонның хикаяларын жай ғана оқып қоймай, соларға барынша еліктеп бағатынмын. Мектепке барған соң «өтінемін, отырыңыз», «бұл дегеніміз болуы ықтимал бір ғана мүмкіндік» деп айтамын. Ол тұста жапон болғаным үшін балалар шеттетіп, қатты төмен санайтын» - дейді, «The Times Book Review» басылымына берген тағы бір сұхбатында.

«Жұбанбаған»

Кэнтербэридегі Кент университетінде ағылшын тілі мен философия мамандығы бойынша оқып жүрген кезінде ол кешкісін Малкольм Брэдбери, Анжела Картер секілді қаламгерлермен иық тірестіріп, көркем әдебиет жазу өнерінің магистрлық дәрежелік сабақтарына қатысқан. Толық бір жылын жазу-сызуға арнаған.

Ишигуро әдеби ортадан баяғыда өз бағасын алып үлгерген жазушы. 1983 жылы ол Мартин Эмис, Ян МкЭван, Салман Рушди сынды замандастарымен қатарласып «Granta magazine» журналы жариялаған Ұлы Британияның үздік жас жазушылардың тізіміне енген.

Ол Англияда өмір сүретін егде жастағы жапон әйелі туралы баяндайтын «A Pale View of Hills» («Мұнартып көрінер төбелер») дейтін алғашқы романын 1982 жылы жарыққа шығарған. Одан кейін жазған «An Artist of the Floating World» («Қалқыған әлем туындыгері») романында дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі Жапониядағы оқиғалар баяндалады. Онда жасы ұлғайған жапон суретшісі сыр шертеді.

«Жерленген зор тәнді»

Ал, «The Remains of the Day» («Тәуліктен қалған нәрселер») атты үшінші романы арқылы Казуо Ишигуро бала кезінде көшіп келіп, орныққан Британ еліне қалай бауыр басып, сол мекенін жүрекпен түйсініп, жақын қабылдағаны туралы сыр шертеді. Салт-дәстүрге берік үй басқарушысы туралы әңгімелейтін аталмыш роман кейін Бүкер сыйлығын алған. Кейін осы роман желісімен түсірілген киноның бас рөлін белгілі актер Энтони Хопкинс асқан шеберлікпен сомдаған болатын. Шығармаларының алғашқы нұсқасын әрдайым қаламмен жазатын Ишигуро бұл романын небары бір айдың ішінде жазып шыққанын еске алады.

«Тәуліктен қалған нәрселер» романын жарыққа шығарғанда Ишигуро, «бірінші жақтан ғана баяндалатын адам сенгісіз шығарма жазып, бұрынғыларды қайталадым-ау, сыншылар төпелейтін болды» деп ойлаған екен. Сөйтсе, керісінше, сыншылар оның аталмыш романы арқылы шығармашылықтың жаңа сатысына көтерілгенін, алдыңғы туындыларынан мүлдем өзгеше шығарманы дүниеге әкелгенін жоғары бағалапты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Досхан Жылқыбай. Ақтаңдақты қара қыз

«Оқырмандар кітабымды парақтап шыққан соң «Е, өткен өміріне бір рет көз тастаған, енді, ештеңені өзгерте алмайтынына көз жеткізген баяғы сол шал туралы екен ғой» деп, сынайтын шығар деп қорыққан едім» - деп, «The Times» журналына берген сұхбатында ағынан жарылады.

Шын мәнінде, Ишигуро романдарындағы оқиғалар үнемі Жапонияда өрбитін-ді. Ал, дәл осы жолғысын оқырман қауым жазушы үшін алға жасаған ірі қадам ретінде бағалаған. Осыдан кейін оның әрбір жаңа туындысы бұрынғыларына қарағанда, жанрымен де, стилімен де даралана бастаған екен.

Әдеби шеберлігінде әрдайым шұғыл бетбұрыс жасауды мақсат ететін Ишигуро әрбір романында детектив, вестерн, фэнтэзи, қиял ғажайып жанрларды мейлінше өз қалауымен өзгертіп, жаңаша түлеткендігімен ерекшеленді. Айталық,

«Мені ешқашан жібермеші»

Еуропаның атсыз қаласында тұратын бір пианист туралы сюрреалистік, көрген түс секілді «The Unconsoled» («Жұбанбаған») атты романы 1995 жылы жарыққа шыққанда сыншылар оны сиқырлы реализм жанрына жатқызды. Сондай-ақ, «When We Were Orphans» («Біз жетім кезде») шығармасын көп әдебиеттанушы детектив роман деп таныды. 2005 жылы басылып шыққан «Never Let Me Go» («Мені ешқашан жібермеші») романының оқиғасы 1990-жылдары болғандай баяндалғанымен типтік тұрғыдан келгенде, ғылыми фантастикалық, футурист роман жанрына жатқызылады.

Ишигуроның қаламынан соңғы жылдары туған «The Buried Giant» («Жерленген зор тәнді») романы да оқырмандарды таңғалдыра алды. Артур патша тұсындағы Британияда өрбитін фэнтэзи тарих баяндалатын романның бас кейіпкерлері Аксл, Беатрис деген кемпір мен шал. Олар жоғалып кеткен ұлын іздеп, елді мекенінен шығып, жасы ұлғайған кентаврмен жүздеседі. Айдаһар, дию секілділер туралы баяндалатын аталмыш шығармасында Ишигуро өзінің үнемі қозғайтын тақырыбы – адам жанының нәзік сипаттары мен сырлары, ұжымдық ақыл-ойдың өрнектері арқау болады.

Қалай десек те, Ишигуроға аса мәртебелі Нобель сыйлығын беруі арқылы Швеция академиясы жазушының жазу шеберлігіне жіті назар аударатындықтарын дәлелдегендей болды. Себебі, соңғы кезде бұл сыйлықты саяси сипатқа қарай ойысып бара жатыр деп сынаушылар көбейген.

«Қалқыған әлем туындыгері»

Дегенмен, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы шығармашылық еңбектің жемісі екендігін жоққа шығару әбестік болар еді. Бұл сыйлықты алған Сол Белоу, Эрнест Хемингуэй, Габриель Гарсиа Маркес, Тони Моррисон секілді жазушыларды әдебиет алыптары деп қалай мойындамайсың? Сонымен қатар шығармалары ағылшын тілінде жарыққа шықпаған француз романисі Жан-Мари Гюстав Ле Клезио (2008), румын-герман жазушысы Херта Мүллер (2009), швед ақыны, аудармашы Томас Транстромер (2011), француздық Патрик Модиано (2014) секілді соншалықты қатты атаққа шықпаған еуропалықтар да осы сыйлықтың иегерлері болды. 1901 жылдан бері бұл сыйлықты алған 114 жазушының 14-і әйел адамдар болды.

Соңғы жылдары Швеция академиясы роман, поэмадан гөрі дәстүрден тыс жанрлар бойынша шығарма жазатын қаламгерлерге ерекше назар аудара бастағаны анық аңғарылып тұр. Таяу жылдардың өзінде әндерге ғана мәтін жазатын әнші Боб Диланға «Американың ән шығару дәстүріне поэзияның тың айқындамаларын әкеліп, жаңалық ашқаны үшін» Нобель сыйлығы берілуі зиялы қауымның жынына тигенін атап айтқан ләзім. 2015 жылы беларустық журналист Светлана Алексиевич, 2013 жылы канадалық әңгіме жанрының прозиагі Элис Манро да аталмыш сыйлықты қанжығалаған еді.

Казуо Ишигуро ағылшын тілінде жазатын қаламгерлер арасынан Нобель сыйлығын алған 29 жазушының бірі. Алайда, оның олардан айырмашылығы – оқуға өте оңай етіп жазатындығы. Осы қасиетімен ол зерттеуші ғалымдар мен әдебиет сыншыларының ыстық ықыласына бөленді. Кітабының саудада өтімділігі де айтарлықтай табысты болды, танымалдылығы арта түсті. Оның шығармаларының желісімен жасалған толық метраждық фильмдер мен телесериалдардың өзі бір төбе. Казуо Ишигуро романдары тек АҚШ-тың өзінде 2,5 миллион данамен сатылған екен.

«Ишигуро – психологиялық ой өріс, өмір ағысындағы қателіктер, соғыс, махаббат секілді ірі әрі мәңгілік өлмес тақырыптарды өте күрделі әрі тиянақты жазады» - деп, онымен көп жыл бойы әріптестік қатынас жасап келе жатқан «Альфред А. Кнопт» баспасының бас редакторы Сонни Мехта лайықты баға береді.

Ол Нобель сыйлығын алғаннан кейін жаңа романдар жазуға кірісіп кеткеніне Батыс әдебиет сыншылары ерекше назар аударып отыр.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

жазушы-аудармашы

АСТАНА

Суреттер: bookmix.ru

ҰҚСАС МАҚАЛА: Тегеурінді де «тентек» топқа самалалы сезім бояуын қосқан лирик


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар