Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең қалай туады? #Қуаныш Оспан

05.01.2021 867

Өлең қалай туады? #Қуаныш Оспан

«Барнохон» деген өлеңім бар еді. Өзбек есімі екен. Бірде досыммен үй жаққа бару үшін аялдамада автобус тосып тұрғанбыз. Байқаймын шеткеректе ай десе аузы, күн десе көзі бар бір қыз тұр екен. Сұлу дегенде де сұлу енді. Әскери киім киген. Әскери киім әйел затын тіпті сұлуландырып жібереді емес пе! Біздің Көкшетауда «Қорғаныс колледжі» деген арнайы колледж бар, иығындағы шевроннан сонда оқитынын біліп тұрмын. Кібіртіктеп біраз тұрдым да, қарындас танысайық деп қолымды ұсындым. Жымиып, «Барнохон» деді. Түсінбей, екі-үш мәрте сұраған шығармын, ақыры буын-буынға бөліп айтқан соң бір-ақ түсіндім ғой. Біраз әңгімелестік, сөйтсем әкесі өзбек те, шешесі қазақ екен. Қызық болғанда сол қызды келесі жолы автобустың ішінде жолықтырдым, нөмір алмастық дегендей. Өлең жазып алдымен өзіне жібердім. Ортасы орысшалау болса керек, «орыс тілінде жазбайсыз ба?» деп сұрады. Бір өкініш тіл ұшына байланып қалатыны-ай. Орысша жазбағаным үшін емес, әрине.

Бір қарапайым ғана өлеңнің тағдыры осы, кейде бір іс-шараларда көріп тұрам Барнохонды.

БАРНОХОН

Қоңыр кешінде бағы ұшқан күздің,

Жанымызды мұң жаныштар біздің.

Барнохон сұлу – ерекше есімі,

Аялдамада танысқан қыздың!

Сыңғыр еткенде балаң үнменен,

Қайталап айтшы қарағым деп ем.

Жылуға мұқтаж сүреңсіз күздің,

Бақыт гүлі ме ең жаңа гүлдеген?!

Монтыйған қалқам мүләйім жүзді,

Көзбенен өбтім шырайыңды ізгі.

Сап-сары күздей сағыныш сыйлап,

Сарғайтар ма екен Құдайым бізді?!

Жымиысыңа бәрін жасырып,

Жөнеле бердің, жаным, асығып.

Еліктің үркек лағындай, еркем,

Ғайып болдың-ау қалыңға сіңіп.

Қоңыр кешінде бағы ұшқан күздің,

Жанымызды мұң жаныштар біздің.

Барножан ба деп елеңдей берем,

Күлгені естілсе алыстан қыздың!

Дайындаған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар