Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Оқушылар парағы. Атамекен - қонысым. 7-сынып.

14.10.2019 669

Оқушылар парағы. Атамекен - қонысым. 7-сынып.

"АТАМЕКЕН – ҚОНЫСЫМ" тақырыбына жазылған қорытынды шолу

Жыраулар поэзиясы – қазақ халқының ерлігі мен өрлігін танытатын, асқақ романтикаға суарылған жырлар. Жыраулар поэзиясы – Қазақ хандығының құрылған, дәуірлеген және жан жақтан анталған жаулармен күрестің салдарынан әлсіреген кезеңдерінің, сол кезеңдерде тарих сахнасына шыққан белгілі тұлғалар жайындағы мәліметтерге толы, өз заманының шынайы куәсі.

Жыраулар поэзиясы атамекен қонысқа, туып-өскен ыстық мекенге деген перзенттік сүйіспеншілік пен қимастыққа толы.

«Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады», - деп Мұхтар Әуезов атап көрсеткеніндей, жыраулар поэзиясында айтылмаған тақырып аз болар. Солардың ішіндегі ең айқын жырланғаны – атамекен, ежелгің қоныс тақырыбы.

Қазтуған жырау шығармашылығында ерлік пен сөз иесі шешендік бір бойынан қатар табылған өр тұлғалы қазақтың бейнесі бар. «Бұдырайған екі шекелі» атты толғауындағы Қазтуғанның бейнесі мынау:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

...Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

...Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл шайқаған жалғызы...

Ұшқыр қиял мен суреттеу тәсілдерінің байлығы, өршіл романтикалы афоризмдер, көркем тіркестер – Қазтуған жыраудың шығармашылығына тән. Жоғарыдағы «Бұдырайған екі шекелі» толғауы метафоралық салыстырулар арқылы жасалған анық портрет болып саналады.

Сондай-ақ жырау шығармашылығындағы туған жер тақырыбы да оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Алаң да алаң, алаң жұрт» тлолғауында Еділдің бойында мекендеп отырған қалың жұрттың Шу бойындағы ежелгі мекенін тастап, жаңа жұртқа қоныс аударуы кезіндегі алаң көңілді меңзейді.

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ағала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт.

Расымен де сонау Алтынорда тұсында Еділдің бойын ен жайлаған түркі халықтарының мамыражай тірлігінен хабар беретін бұл жырда тәуелсіздіктің жарқын көрінісі, туған жерге деген махаббат жатыр. «Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған» қасиетті туған жерді қандай ұрпақ, не үшін қиып кетпек?

Қазақ хандығын билеген Шыңғыс хан ұрпақтарының ерлік жолдары мен кейбір жағдайларда хандар мен сұлтандардың оспадарлық, астамшылыққа құрылған іс-әрекеттері де жыралулардың назарынан тыс қалмайды. Олар «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымға сая отырып, ел билеушілерінің мінін бетке тура айтады. Сондықтан да халық оларды жақсы көрген. Солардың нағыцз бірегейі – Жиембет жырау.

Жыраудың «Есім ханға толғау», «Басы саудың түгел-дүр...», «Қол аяғым бұғауда», т.б. өлең-толғауларында өз басының көңіл-күйін, арман-мұңын жырлаумен қатар, ондағы тарихи, этнографиялық мәннің де зор екенін көреміз.

Меніменен, ханым, ойнаспа,

Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пенен аюдай.

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайыңдай.

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре менен жайындай.

Беріктігімді сұрасаң,

Қарағай менен қайыңдай.

Жиембет – өзінің арқа тіреген қалың еліне сүйене отырып ханқа осылай сес көрсете сөйлейді. Бұдан біз өр мінезді батырдың қайтпас қайсарлығын танимыз. Жырау өлеңдерінде атамекенге деген ыстық сағыныш пен ел билеуші хандарға деген ашу-ыза қатар өрілген. «Қол-аяғым бұғауда» атты толғауы бұған мысал болады.

Қол-аяғым бұғауда,

Тарылды байтақ кең жерім!

Арманда болып барамын,

Қоштасуға аял жоқ,

Қалқаман, Шолан ерлерім!

Қайырылып қадам басарға,

Күн болар ма мен сорға,

Өзен, Арал жерлерім?!.

Қиядан қолды көрсеткен

Төбеңе шығар күн бар ма,

Жотасы биік Дендерім?!

Қайырымсыз болған хандарға

Тиер ме екен бір күні

Жолбарыстай шеңгелім?!

Қазақ жырауларының атамекен туралы жырларын оқығанда, біздің халқымыз ежелден-ақ туған жердің қадіріне жеткен ел екенін, сол жырларда аталған жерлердің барлығы қазіргі қазақ жерінде тұрғанын көре отырып, ұрпақтар сабақтастығы деген осы екендігіне көз жеткіземіз.



Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар