Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұркен Нұрғазы. Батпырауық

29.08.2020 1036

Нұркен Нұрғазы. Батпырауық

Батпырауық

қарашы, әне, аспанда батпырауық

қалықтап жүр. кейде қанатын қомдап

ұшақтарға ұмсынады, кейде түлкі көрген

қырандай құлдилайды. иә алыстап

кете алмайды, иә жерге қона алмайды...

білесің бе, сол батпырауық –

менің балалығым ғой,

жібі жүрегіме байланған...

Мейрамхана 2

...мәселен, мына балық

адам боп жаратылғанда,

ал мен балық боп жаратылғанда,

дәл осы мейрамханаға келіп,

маған тапсырыс берер ме еді?

жо-жоқ, сыраға тапсырыс берер еді.

отырар еді, кілең Бақа-Шаяндармен

бокал қағыстырып,

Жыланға мұң шағып...

Бастау

Уақыт кеңістігіндегі құлыптаулы

есіктердің кілтін тауып алсам,

сізге ғашық кездеріме барар ем.

Тұрар ем сосын шамы сөнбеген

бөлмеңіздің терезесіне

тас лақтырып. егер кілтті

сіз тауып алсаңыз,

маған ғашық кездеріңізге

барар ма едіңіз, жүрегімнің

терезесіне тас лақтыру үшін?

Өркениет

І

Біз теледидардан тарайтын

қызылды-жасылды, құбылмалы

сәуледен шаршаған ұрпақпыз.

Бөлме жиһаздары да ескіріп қалды

теледидардан тараған

сәулеге тұншығып...

ІІ

Өзімізді үздіксіз

ретке келтіріп жүру үшін,

қайда қарасақ та,

өзімізді көргіміз келеді.

Кейде бөлмеміздің ішінен

айнаға серіктес іздейміз.

Мәселен, кербездігіміз

Соншалық, теледидар

Экранына да қарағыштаймыз.

Біздің жүзімізді жасырады

теледидар экранынан тарайтын

қызылды-жасылды сәуле.

PS: бет-жүзіміз бен дене бітіміміздің

Жаңғырығы тек айнадан ғана

Естілетіндей...

ІІІ

Теледидардан тарайтын сәуле

қабырғадағы түсқағаздардың

түсіне енетін тәрізді,

Таңда солып қалады

Түнгі түсқағаздағы гүлдер...

Көрнекісурет: Клод Моне «Впечатление. Восходящее солнце»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар