Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Айтұлы «Ләйлі-Мәжінді» ана тілімізде сөйлетті

19.02.2019 1212

Несіпбек Айтұлы «Ләйлі-Мәжінді» ана тілімізде сөйлетті

Қазақтың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы көп жылдан бері Шығыстың әлемді тамсандырған жеті шайырының бірі, ежелгі түркі әдебиетінің атасы, өзбек халқының данышпан ақыны Әлішер Науайдың шығармаларының шыңы – бес дастаннан тұратын «Хамсаны» қазақ тіліне аударып келеді.

Н.Айтұлының көне өзбек тілінен тәржімалаған «Хамсаның» «Ләйлі-Мәжін» және «Ескендір қорғаны» атты екі дастаны жақында қазақ оқырмандарына жол тартпақ. Шалқар шабытпен, асқан шеберлікпен аударылған «Ләйлі-Мәжін» дастанынан үзінді оқи отырыңыздар!

Жиырма екінші тарау

Ибн-Сәлім мен Ләйлінің тойының

қалай өткізілгені, Ләйлінің далаға

қашып, Мәжінмен кездескені

хақында.

Ұшынан қара сия сорғалаған,

Жеткізген осы жырды жорға қалам:

Осы жұрт дүние жұмбақ деп жүрмей ме,

Ұқсайды саудагерге тағдыр кейде.

Тәлкекке салып күнде жүз құбылып,

Қояды пенделерін жынды қылып.

Жатырқар жатқа қосып қанын сорды,

Бағынбай безіп кетті Мәжін сорлы.

Келтіріп шалқымаққа тойдың сәнін,

Артынып келе жатыр Ибн-Сәлім.

Туды деп Ләйлі жұрты қуанар күн,

Қарсы алды қалың тобын құдалардың.

Келген соң көптен күтіп тосқандары,

Ләйлінің әкесінде ес қалмады.

Аста-төк той жасады елін жиып,

Шараптың ең бір тәтті балын құйып.

Ұласты дүбірлі той неше күнге,

Ұмытты ішкен шарап есебін де.

Дүркіреп өтіп жатты қызық-думан,

Мың түрлі ән мен күйді сызылдырған.

Жолынан салт-сананың кім адасар,

Сәт келді нақты сөзге құлақ асар.

Көсілді неке қияр бір қария,

Сөздері ұзақ-сонар көл-дария.

Некені қиып сөзін түйіндеді,

Ләйліге беттеді жұрт үйіндегі.

Некеде шын сүймеген бар ма нұсқа?

Бермекші ақ маралды жолбарысқа.

Күйеуді алып келді көрсетуге,

Бүгілді бүктетіліп сол сәтінде.

Ләйліге қолын тіпті соза алмады,

Шошыды ел оқиғадан көз алдағы.

Алдына келген бақыт тым алыстап,

Қиналды Ибн-Сәлім жүрегі ұстап.

Сіміріп судай қанша шарап ішкен,

Уыты удай өртеп барады іштен.

Қашанға шыдас берсін нәзік жүрек,

Қалжырап, қалтырады азып-жүдеп.

Алдағы үзіп үлкен тойдан үміт,

Шынымен өледі деп ойлады жұрт.

Қысылды қара тер боп көзі аларып,

Күңіренді айналасы назаланып.

Көтеріп алып кетті жайлы жайға,

Білмейді өзі қайда, Ләйлі қайда.

Ұйқыдан айырылды енді Ләйлі,

Қайғыдан қайран жүрек қан жылайды.

Тереңге ауыр ойлар батырады,

Құлазып таңды көзбен атырады.

Жатады жалғыз өзі түнде тыныш,

Астында жастығының улы қылыш.

Сәлімді жар тұтқанша серік қылып,

Кетпей ме сұм жалғанды тәрк қылып.

Тұтқында сарғайғанша сарқып жасын,

Өлімге байлаған жөн еркін басын.

Жанына бермеген соң тіпті маза,

Қылыштан Ибн-Сәлім тартты жаза...

Қым-қуыт тіршілікте не болмайды,

Әркімге қатал тағдыр салар қайғы.

Атанып Ләйлі-Мәжін бала күннен,

Ғашықтық отын үрлеп жаға білген.

Туа сап жүректерін мұңға малған,

Жандары екеуінің бір жаралған.

Амал не екі ғашық қосылмады,

Біреудің болмақ бірі асыл жары.

Бөтенге әйел болса енді бірі,

Сөнбей ме махаббаттың мәңгі нұры?

Осының болды бәрі бір-ақ түнде,

Жаратқан таптырады тұрақ кімге?

Жылытпас сүймегенді суық құшақ,

Одан да өлген артық сұғып пышақ.

Айналып ай менен күн жаңаланып,

Айтқаны жұлдызшының келе ме анық?

Сенбе оған, жұлдызшының бәрі оттайды,

Бұйрығын пендеге Алла санатпайды.

***

Жаралы жас күйеудің халі нашар,

Ажалдан аман қалса көзін ашар.

Барды да тәуекелге жасқап көпті,

Сәлімді Ләйлі мүлде тастап кетті.

Беттеді қу далаға құлазыған,

Құтылып қасіреттің біразынан.

Сол жаққа бара жатыр Мәжін-дағы,

Сол шығар маңдайына жазылғаны.

Келеді бір-біріне түйіскелі,

Сағына құшақтасып сүйіскелі.

Ләйлінің безіп шыққан төркінінен,

Таныды үнін Мәжін жер түбінен.

Алдынан ескендей бір арман желі,

Алқынған сезіледі алған демі.

Қауышу сағынысып қандай тәтті,

Жалғанда кім көріпті мұндай сәтті?

Телміріп тұра қалды бір-біріне,

Жандары бойларына кірді, міне!

Мың тәуба Жаратқанның рахымына,

Асылды кездестірген екі мына!

Аспанда екі күнді жайнатқандай,

Қапаста қос бұлбұлды сайратқандай.

Кеудеге қос жүректі сыйдырғандай,

Қос жанар бір-біріне нұр құйғандай.

Жан мен тән бір-бірімен алмасқандай,

Немесе жанға әкеліп жан қосқандай.

Шарапты екі түрлі дәмі басқа,

Құйғандай мөлдіретіп бір ыдысқа.

Жаралған тәтті сусын махаббаттан,

Мас болар мәңгілікке дәмін татқан.

Аттары қойылғанмен екі бөлек,

Туғаннан жандары бір болса керек.

Айналып бір тамшыға кеткен олар,

Тамшыны қандай құдірет қаққа жарар?

Сұлу қыз су болғанда, жігіт – шекер,

Шекерді суға салса еріп кетер.

Жел соқса су дірілдеп толқындайды,

Бетінде жігіт – көбік қалтылдайды...

Жұлдыздар көзін жұмып мүлгіді аспан,

Тербетіп қос ғашықты ұйқы басқан.

Алсын деп екі мұңлық тыныс-тыным,

Табиғат күзетіп тұр тыныштығын.

Оларды кесепаттан қорғамақ боп,

Өрмекші торын құрды жорғалап кеп.

Қызықпай шақырса да жанған оттар,

Түн кезбей жатып қалды жарқанаттар.

Ызыңдап, сормай маса жылы қанды,

Тоқтатты қасқырлар да ұлығанды.

Үкілер ұяларын қайта тауып,

Мызғыды қанатымен бетін жауып.

Тапсын деп түнде тыным ел құлағы,

Иттер де қой күзеткен маужырады.

Өткізген жемтік іздеп түнгі өмірді,

Мазасыз түлкілер де інге кірді.

Байыздап жәндік біткен даладағы,

Қойлар да тыныш жатты қорадағы.

Өзен-су, ұшқан құс пен жүгірген аң,

Самал жел тына қалды сыбырлаған.

Маздамай ошағында оттың бәрі,

Суық та ызғырығын соқтырмады.

Сәулесін бұлт бүркелеп ай бетінің,

Алғандай аунақшыған жер де тыным.

Мазасын алмайық деп ғарыштағы,

Жұлдыздар одан ары алыстады...

Ертелеп соқтырмай тұр таң самалын,

Бассын деп түн олардың шаршағанын.

Күнді де келе жатқан баяулатты,

Тек қана екі жүрек ояу жатты.

Адамдар қайран қалып күнді іздеді,

Түн бірақ ғашықтарға білгізбеді.

Айырып сүйгендерді керегі не,

Олардың таңғажайып әлемі де!

Жаратқан жылағанды ұмытпайды,

Бір түнде бар азапты жуып-шайды.

Қосылған жан менен тән жаурамас,

Секілді шабдал менен сауырағаш.

Екеуі аймаласты жанып-күйіп,

Аяғын бір-бірінің құшып-сүйіп.

Айқасты қара бұрым ақ білекпен,

Күткендей осынау бір сәтті көптен.

Кетердей кеудесінен жаны көшіп,

Табысты екі жүрек еңіресіп!

Жігіттің шашын сүйсе түздің желі,

Аялап, аймалайды қыздың қолы.

Тазартып бұйра шашты бар шаңынан,

Сипайды сәуле төгіп саусағынан.

Қыз айтты: «Бұл таңды мен сағындым ғой,

Аңқыған жұпарменен шаңың бірдей!».

Ынтыққан махаббатқа көңілі мас,

Мәжінге айналғандай өзі де рас.

Ләйліні одан әрі еркелетер,

Жігіттің нәзік жаны қыздан бетер.

Құшағы айырылмаса өмірінде,

Олардың жаны бірге, тәні бірге!

Бұлардай таза пенде жолықпайды,

Күнәға батудан да қорықпайды.

Сөз қылар, секем алып ел несіне,

Махаббат кінә ма екен пендесіне?

Кіршіксіз махаббатқа шөлдейді адам,

Қылаудай қылшық түссе болмайды оған!

Болмаса қатал тағдыр айнымалы,

Қосып ап, неге жолдан тайдырады?

Шын бақыт болған еді оралғандай,

Нұрына қала берді олар қанбай.

Шыққан күн көкжиектен алаулады,

Мәжіннің кеудесінде өрт лаулады.

Ұқсайды қызыл шапақ албыраған,

Ләйлінің көз жасына қан жылаған.

Күн жайнап махаббаттың аспанында,

Тәтті түн өте шықты қас-қағымда.

Ләйлі айтты өткен түні не болғанын,

Зорлықтан әрең қашып жоғалғанын.

Мәжін де баяндады зар мен мұңын,

Қиналып көрмегенді көргендігін.

Жете алмай шын махаббат мекеніне,

Жыласып, мұңға батты екеуі де.

Айырудан уақыт, шіркін, ұялмайды,

Екеуі бірін-бірі қия алмайды.

Ғашықтар қашан болсын мұңға күймек,

Жыласып қоштасу да бір ғанибет!

Ай құсап ерте батқан Ләйлі кетті,

Мәжінге қайта, міне, қайғы жетті.

Бетке алды шөл даланы меңірейген,

Алысып басындағы небір оймен...

Түн келіп қос ғашықты жадыратты,

Таң келіп құшақтарын ажыратты.

Мұндайда түн созылса бір ғасырға,

Болмайды алған демдей расында!..

Жиырма үшінші тарау

Мәжіннің Арман тауына көтеріліп, Ләйліні еске алып,

қарақұйрықты жырға қосуы.

Дерттінің ішкі сырын кім аңдайды?

Өтпеген өз басынан біле алмайды:

Атқан таң шыққан күнге тез ұласты,

Жаралы Ибн-Сәлім көзін ашты.

Жарамай жарасымен алысуға,

Жүдеді тұрған гүлдей сарысуда.

Қалған соң аман-есен бұл жалғанда,

Былай деп бұйрық қылды тұрғандарға:

«Сауықсақ қайда барар, табылар қыз,

Қайтайық, әзірге оны не қыламыз?».

Салып ап қозғалған көш зембілге оны,

Бел асып кете барды енді ілгері.

Ләйліні күзеткендер сөзге айналды,

Кеткенін-келгенін де сезбей қалды.

Үрпиіп, өңі қашып бозарды да,

Сүйгені келе берді көз алдына.

Мәжіннің сезіледі оған демі,

Ақ таңның ескен сайын самал желі.

Күтіп тұр махаббаттың мың қатері,

Кесесі өмірінің уға толы...

Кездесу деді Мәжін сәтті қандай,

Қауышу одан да артық тәтті балдай.

Көрмеген махаббаттың балын татып,

Отырды өзін-өзі таңырқатып.

Өртенді мұң отына шөп сияқты,

Рахат бұдан артық жоқ сияқты.

Тартса да қаншама күн мұңлы азапты,

Сезінді енді ғана шын ләззатты.

Арылып бойындағы бар қасірет,

Арудың демін жұтты алғаш рет.

Тағдырдың жұмбағы көп бір ісі бар,

Білдірмей балмен қоса у ұсынар.

Шығарды түскенде ауыр жанға қысым,

Қайғының іште жатқан жолбарысын.

Орнынан қозғалмайтын сан барсаң да,

Жөнелді үміт үзіп Арман тауға.

Заңғары Арман таудың қара мұнар,

Аспанның қабатындай алабы бар.

Сыйынып жалғыз ғана Алласына,

Шыңдардың көтерілді ең басына.

Қорғамақ айдың бетін мына тұрған,

Азулы барыстардан тік атылған.

Таулардың билік құрған шың-құзына,

Қарады ол Арыстан жұлдызына.

Барыстар Арыстанға шабады бос,

Тауешкі жұлдызымен Арыстан дос.

Қаһарлы таудың үсті жап-жалаңаш,

Өспейді мұнда мәңгі гүл мен ағаш.

Шыңдардың ұшар басы бейне найза,

Қалқаннан аумай қалған толған ай да.

Тау тастар құдай қойған қатпар-қатпар,

Аспанға шығаратын баспалдақтар.

Бұл таудың ең биігін қаһар төккен,

«Махаббат шыңы!» деп жұрт атап кеткен.

Шыға алмас мүскін пенде мына тауға,

Тас атар жолдан тайған күнәһарға...

Өрмелеп өліп-талып қаталап тым,

Шыңына шықты шаршап махаббаттың.

Заңғардан көзі талды қарай-қарай,

Көрінді бүкіл әлем шарайнадай.

Алдына келе қалды бәрі жайнап,

Туған жер, туған үйі, ауыл-аймақ.

Аң мен құс көрінді өр мен еңістегі,

Малменен қатар өрген өрістегі.

Ләйлінің тұрған үйін танып жазбай,

Қатты да қалды содан көзін алмай.

Заматта қайғы-мұңы жеңілдеді,

Дертіне ем тапқандай көңілдегі.

Көрді де шұбап ұшқан көк түтінін,

Жүрегі аласұрған тапты тыным...

Жанарға ілінгенде шаңырағы,

Аһ ұрып, өз-өзінен аңырады.

Қасқырлар көкке қарап тынбай ұлып,

Маңында жабайы аңдар жүр жайылып.

Хайуандар тұс-тұсынан келді қаптап,

Тұрғанын білмесе де сандырақтап.

Ұшуға көк аспанға мәңгі құштар,

Шуылдап қасына кеп қонды құстар.

Адамша жетпесе де аңға тілі,

Осылар жалғандағы ең жақыны.

Күтетін жан досындай күнде асыға,

Айналды қарақұйрық мұңдасына.

Ол сондай сүйкімдісі аң біткеннің,

Демейді Мәжін қайдан қаңғып келдің?

Салғандай қыл қаламмен дәл мүсінін,

Нышаны шын махаббат белгісінің.

Мөлдіреп қарақаттай қара көзі,

Аңдардың жұлдызындай жанады өзі.

Жанындай жақсы көріп сол себепті,

Құшақтап, сүйіп-құшып еркелетті.

Аялап, сылап-сипап үсті-басын,

Көзінің құлағымен сүртті жасын.

Таң атса, мұңдасумен күн батырып,

Жанына медеу болды бұл мақұлық.

Тебіренбей қылығына тұра алмады,

Елжіреп ет жүрегі жыр арнады:

«Мұңдасы жалғыздардың серігім-ай,

Мен үшін жаратқандай сені құдай!

Мұңлыға сая болған көлеңкесі,

Өзіңсің нәзік жанды тау еркесі.

Қарасам жанарыңның тұнығына,

Қызығам судан таза қылығыңа.

Қосқан жоқ сені маған босқа сірә,

Әдемі маңдайыңның қасқасы да.

Таулардың теріп жейсің гүлін кейде,

Қып-қызыл қызғалдақтай тілің бейне.

Сүйсінем мөлдір суды ішкеніңде,

Маржандай жіпке тізген тістерің де.

Жүрген соң биік таудың бұлтын жарып,

Тұрады мүйізің де дымқылданып.

Мәңгілік бір-біріне қосылмастай,

Көздерің құдіретті асыл тастай.

Жанарың менен басқа кімге айта алар,

Күші бар асыл тастың у қайтарар.

Көрмесем сені дертім тереңдейді,

Көзіңнің өткір нұры мені емдейді.

Көзіңнің сиқыры бар мың құбылған,

Іздесем табылмайды бұл ғұмырдан.

Ләйлінің елесі бар бір ғажайып,

Қаламын көрген сайын нұрға байып.

Іздері тасқа түскен тұяғыңның,

Маздатар жаққан отын қиялымның.

Жырласам тұяғыңды емес бекер,

Ақ қағаз, көк сияны елестетер.

Сүйріктей сирақтарың сүп-сүйкімді,

Қаламдай төрт бөледі түн ұйқымды.

Ынтық қып сүйгеніңе Хақтағалам,

Қолыңа хат жазар ең берсе қалам!

Таудан түс, досым менің, Ләйліге бар,

Жеткізіп менен оған жайлы хабар.

Қарамай тұншықса да шаңға дала,

Алыстан бақыларсың, көп жолама.

Керек жоқ одан басқа түк те маған,

Көзіңді сала берме тіктеп оған.

Тілегін жүрегімнің сен ұғарсың,

Қайтсең де ебін тауып жолығарсың.

Барарсың шатырына сәл жақындап,

Көрерсің үй сыртынан сонда тыңдап.

Сол сәтте бола алмаймын өзіңдей мен,

Сөнеді жанарыңнан менің бейнем.

Көзіңді дидарына сала көрме,

Жата қап аяғын сүй қара жерге.

Тіліңмен ізін сүртіп дос болғайсың,

Дауысын үйіріңнің еске алғайсың.

Жолдаған сенен сәлем бишара мен,

Ыңылдап білдіргейсің ишарамен.

Қайғыдан қабырғамның бәрі сынды,

Маңырап жеткізгей жан дауысымды!».

Жарадай жанға маза тапқызбаған,

Осылай мұң мен зарын жеткізді оған.

Шыңдардың шуға толды үсті мүлде,

Сөйлесті құстарменен құс тілінде.

Мұңайып мұңын шағып махаббатқа,

Үздігіп жүрек сөзін жазды хатқа.

Өртеніп күйіп-жанып жан отына,

Құстардың байлады оны қанатына.

Аң мен құс тауда барда өлмес енді,

Сол таудан ұйытқи соққан желге сенді.

Есіне түсті өткізген сәтті түні,

Ләйлінің от құшағы, тәтті тілі.

Кетеді соны ойласа салы суға,

Сағынып адамдардың дауысын да...

Мәңгілік сүйгеніңмен болмасаң да,

Кездессең бақыттысың анда-санда.

Шаршаумен шартарапты шиырлаған,

Ол бақыт мен пақырға бұйырмаған...

Жиырма алтыншы тарау

Күзде Ләйлінің өмір-

шырағының қалай сөнгені

және тордан Мәжіннің

жан мен тәннің ұшуы

хақында.

Сары күз көп күттірмей келді жетіп,

Созылған сары белден желді үдетіп:

Сарғайған жапырақтар тұр қалтырап,

Табылмас енді оларға мұннан тұрақ.

Мұңдасып, сыбырласып, ақылдасып,

Торғайдай жерге қонды жапырласып.

Сезінбес жаздағыдай өзін керім,

Жаралы күзгі бақтың көзінде мұң.

Жұлады жапырақтарды күзгі желі,

Сонда да келмейді үміт үзгілері.

Тоналды жемісінен бақша мен бау,

Дариға, неткен қайғы, неткен алдау?

Құлпырған бау-бақшаны гүлі жайнап,

Басынды шаң мен тозаң, құйын ойнап.

Кім білсін боянады күндіз қандай,

Жапырақтар түнде жайнар жұлдыздардай.

Жылтырап жапырақтар жүз мыңдаған,

Жұлдыздай жыпырлайды жымыңдаған.

Жайнайды аяқ бассаң айналаңда,

Айналып кіп-кішкентай айналарға.

Ашылса күннің көзі, олар тынбай,

Шашылған жалтылдайды сары алтындай.

Тырмысып тұрғандары желге сынбай,

Күрсінген күзгі ағаштың көз жасындай.

Жапырақтар жүргіншінің жолын жапқан,

Ажалдың хаттарындай келіп жатқан.

Сәттерде суда қалып қалтылдаған,

Секілді алтын ділда жалтылдаған.

Біресе аққан судың бетіндегі ол,

Қауырсын алтын қалам секілденер.

Жүзімдер мәуелеген осы кезде,

Көрінер қара алтындай тосын көзге.

Алатын көздің жауын қараған шақ,

Немесе мөлдіреген қара моншақ.

Жоқ енді шешек атқан сол бір күндер,

Тараған қолаң шашын жаңбыргүлдер.

Құлпырған қызғалдақтар алаулайды,

Қып-қызыл меруерттен ол аумайды.

Боз көрпе жамылмаған жер қалмапты,

Аппақ қып судың бетін мәрмәр жапты.

Дауылдап долы жел де дүлей текті,

Кектеніп көк аспанға үрей төкті.

Қалтырап суық желден дала тіпті,

Бұлбұл да өз қанатын пана тұтты.

Алаңдап желдің ұйқы-тұйқысына,

Ләйлінің төрт бөлінді ұйқысы да.

Өзінің не қыларын жел біледі,

Бозарып оңып кетті жердің өңі.

Басына бейнет түссе кім жыламас,

Мертікті гүлдер менен сүмбілағаш.

Үсікке ұшыраған неткен бейбақ,

Өксіді запырангүл көктемді ойлап.

Жұмақтың үлбіреген жас гүліндей,

Пейіштің Ләйлі жаны пәктігіндей.

Бірде күз Ләйлі көңілі, бірде көктем,

Сұрықсыз сиқырлы еді дүние неткен?

Жүк қылып мың қайғыны бір жүрекке,

Ләйліні дерт дауылы ұрды бетке.

Сырқаттан сай-сүйегі сырқырады,

Быт-шыт боп бұйра шашы бұрқырады.

Арқан ғой қара бұрым бұратылған,

Мойнына ғашықтардың оратылған...

Махаббат патшалығы таза текті,

Қамаудан тұтқындарын азат етті.

Арылған күнәсінен жасаған бар,

Мәз-мәйрам еркіндікке босағандар.

Бір тұтқын қуса кетпес бұл арадан,

Ғашықтық басын оның дуалаған:

Қайғының екі қасы қанатындай,

Көзінің нұрын бүркеп жабатындай.

Бар еді бейшараның қанша айыбы,

Сорлауда сұлулықтың ханшайымы.

Көрсетер өз өнерін қара да тұр,

Өлімінің бояушысы келе жатыр.

Қойсаңшы, шебер болса қол дегенді,

Бет-жүзін әсемдеді әрлеп енді.

Өлсе де көкейінен кетпес арман,

Тер ақты көз жасындай хатқа тамған.

Сұлудың секілді бір өз мұңдасы,

Бояуды жуып кетті көздің жасы.

Жүрегі баяу соқты, тіл күрмеліп,

Еріні көкшіл тартты күлгінденіп.

Талықсып бара-бара сөзден қалды,

Келгенін жан алқымға лезде аңғарды.

Қанатын жалын шарпып өзектегі,

Шырылдап шыбын жаны безектеді.

Құтылмас қорыққанменен бұл үрейден,

Алдында көр күтіп тұр үңірейген.

Қайтеміз айта беріп өлім жайын,

Ләйліге кием десе кебін дайын...

Құшағын ажал шашқан жалынға ашып,

Пәнимен жатыр, міне, арыздасып.

Аттанып жалғыз өзі туған үйден,

Бақиға сапар шекпек бұл пәниден.

Бір мезет беті бері қарағасын,

Шақыртты өз қасына жан анасын:

«Алдыңды кесіп өтсем, кешір ана,

Тілегім, - деді, - соңғы осы ғана!

Таусылып өлерімде не қыламын,

Болайын құрбандығың – қара лағың.

Мен үшін кесіп бердің қоң етіңнен,

Сұраймын сенен кешу не бетіммен?

Ұяттан таңба салдым жүзіңе өшпес,

Кінәмді сен кешкенмен құдай кешпес.

Қу тірлік күз келгенін сездірмепті,

Үзілер сабағымнан мезгіл жетті...

Қайғының құтылсам да құдығынан,

Ажалдың құтылмаймын құрығынан:

Сыртыңнан сабыр сақтап сыр бермедің,

Іштегі қайғыңды ұғып үлгермедім.

Жалғаннан жас тамызбай пенде өткен бе,

Езіліп жылай берме мен кеткенде.

Болғанда өмір қысқа, өлім мәңгі,

Қаусатып күйрей берме қабырғаңды.

Опасыз мына дүние алданышты,

Қабылда құдай басқа салған істі.

Өмірде қурамайтын гүл болмайды,

Сұм ажал құлқыны кең кімді алмайды?

Мен көшем бұл жалғаннан күндей батып,

Түнеріп тұрып алма түндей қатып.

Ұшқан құс, жерде жүрген жан-жануар,

Сұңқылдап сеніменен бірге жылар.

Жұбатып бірі кетіп, бірі келер,

Өзіңмен дүние бірге күңіренер.

Жоқтайды жиналып ап келіп әр күн,

Түгелі кеудесінде жаны бардың.

Соңымда сағымдай боп елес қалар,

Ғашықтар күйіп-жанған мені еске алар.

Жел жылап, естігенде тау жаңғырар,

Кетті деп өкінішпен арман қылар.

Тигенде құлағына жаман хабар,

Ғұмыры сүйіктімнің тәмәмдалар.

Туды деп емін-еркін құшар заман,

Шырылдап шыбын жаны ұшар маған.

Аспанға жаны кетіп, тәні қалар,

Бақида мені бірден тауып алар.

Демеймін махаббаттың күнін сөнер,

Ол келіп тас төбемнен нұрын себер.

Екеуміз табысамыз, қауышамыз,

Әлемге сыры жұмбақ ауысамыз.

Пәниден опасы жоқ айнығанда,

Мұңнан да, құтыламыз қайғыдан да.

Өлген жан қайта тұрып келмес жылап,

Ұғыңдар, шын махаббат өлмес бірақ!

Айтыңдар арттағылар алғы күнге,

Біздердің рухымыз мәңгі бірге!

Өлгенде құрметтеңдер оның басын,

Туғандар өсиетімді орындасын.

Өмірде болмаса да қадіріміз,

Өлгенде бірге болсын қабіріміз...

Жүрмейді ешқашанда оған өкпе,

Жек көрме, мейірім төк, сыртқа теппе.

Өтті ғой бір мен үшін жанын жалдап,

Кебін піш, өз қолыңмен Мәжінге арнап.

Бірге ора екеуімізді сол кебінге,

Жатайын сүйіп-құшып өлгенімде.

Ақырғы тілегімді мақұл ет те,

Аттандыр өз ұлыңдай ақыретке.

Ғашықтар махаббатсыз күн кешіп пе?

Жатқандай болайық біз бір бесікте!».

Тірліктің нұры сөніп көзіндегі,

Үзілді, ең соғы рет «Мәжін!» деді.

Тағдырдың келісті де жазғанымен,

Өлім кеп бетін жапты өз қолымен.

Құтырып ажал атты бір албасты,

Күн көзін қара түнек тұман басты.

Іштегі жазылмастан жарасы әлі,

Қайғыдан жамылды ана қара шәлі.

Аһ ұрды, жүрегіне қан құйылып,

Жұбату айтып жатты ел жиылып.

Үй ішін үрей кернеп жүдей қалды,

Шырылдап байқұс ана шыр айналды.

Жеткендей жер түбіне таңғы зары,

Ләйлінің басын құшып зар жылады.

Еңкейіп қызын сүйіп, сандырақтап,

Тіл қатты өлі жанға енді нақтап:

«Сен өлсең мен байлаймын тасқа өзімді,

Ұйықтайтын уақыт емес, аш көзіңді!

Егерде болса сенің өлгенің шын,

Сенімен бірге анаң да жерге кірсін.

Құдай-ау, сорлы басым кімнен қалдың?

Ләйлісіз керегі не бұл жалғанның!?».

Ұстады нәзік қолын жалғызының,

Бермек боп жүрегінен жан қызуын.

Дірілдеп саусақтары бетін ашып,

Сипады жатқан жүзін нұрын шашып.

Түзеді жібек шашын қобыраған,

Түксие қарап тұрды өлім оған.

Жүрегі қақ жарылып аңыраған,

«Ояншы, таң атты ғой, - деді, – балам?»...

Қанды жас кетті ананың жүзін жуып,

Мәңгіге өмір сөнді, үзілді үміт!

Өлімге байлағандай басын қайғы,

Аңырап көк аспанға шашын жайды.

Ойбайлап тырнағымен бетін осты,

Ел-жұрты дауысына дауыс қосты.

Болмаған болды сұмдық ғұмыры енді,

Көк аспан қара тұтып күңіренді.

Шыдатпай одан әрі құрғыр жүрек,

«Қасірет, қасірет!» - деп, шыңғырды кеп.

Жүрегін өкініштің отына орап,

Зарлады жүресінен отыра қап:

«Мәңгілік сен ұйықтама, мен ұйықтайын,

Орнымды сенен бұрын анықтайын.

Көзіңді аш, ботақаным, күндей жайнап,

Қыздарға қайта қосыл жүрген ойнап.

Оянып қас пен көздің арасында,

Солармен гүл теруге барасың ба?

Бақшада сырқаттанып тұрса гүлдер,

Шашыңмен аластайын бір талын бер.

Ақ жүзің қазынасы сұлулықтың,

Сен содан махаббаттың уын жұттың.

Ажарың екі қасың ашып тұрған,

Аспанда күннің өзін ғашық қылған.

Қасиет қастарыңда жатқаны шын,

Жыланға айналады қоссам ұшын.

Деп түнде кірпіктерге қалғымаңдар,

Күзетер қазынаңды сол жыландар.

Сүрмені сенен қалай аяйын мен,

Қасыңды, көзіңді де бояйын мен.

Түріктің қылышындай екі көзің,

Өшірдің амал қанша отын өзің.

Тұратын көк қынапта жасырынып,

Жарқылдап жанарында асыл үміт.

Бояймын өз қанымды қосамын да,

Ерекше көрік беріп жас аруға.

Өзіңнен жан аямас аяулы анаң,

Бетіңе күлгін түсті бояу жағам.

Тамсанып, таң қалады көрген адам,

Тұрсаңшы, рахым қып сен де маған.

Мөп-мөлдір қарақаттай мең саламын,

Тұратын көзді тартып қаншама күн.

Айнытпай ойнақ салған бала күннен,

Шашыңа торғын жаулық жабамын мен.

Жүзіңді күн нұрына сүйгіземін,

Үстіңе жібек көйлек кигіземін.

Күтіп тұр құрбыларың бірге ойнаған,

Сағынып сайран құрған күллі айналаң.

Жарқ етіп өтесің сен алдарынан,

Жарығым, оған сірә бар ма күмән?

Баққа бар шыққан күндей күлім қағып,

Қарсы алар қызыл гүлдер бүрін жарып.

Сол кезде қалың жұртты киіп-жарып,

Ұмтылар Мәжін саған күйіп-жанып.

Көздері қос жұлдыздай жанып-өшкен,

Көре сап ол құлайды танып естен.

Шүбәсіз осы сөзді айта аламын,

Сен оның кіргізесің қайта жанын.

Ол егер сен бармасаң келер мұнда,

Мен оған не айта алам ел алдында?

Кедергі жасадым мен талай оған,

Көзіне енді қайтіп қарай алам?

Сұм қайғы қиып түсті сені көктей,

Халқыңды аясаңшы еңіретпей?

Мүсірке ең болмаса сені күткен,

Қартайған қос мұңлықты халі біткен».

Әкесі мұны естіген жерге құлап,

Өз басын өзі соқты қатты ұрғылап.

Қаңырап көкірегі қақырады,

Біле алмай не қыларын аһ ұрады.

Бүкіл ел қара тұтып күңіренді,

Келмейді Ләйлі қайтып ғұмыры енді.

***

Бүлкілдеп өксік толы көмекейім,

Енді мен Мәжін жайын сөз етейін:

Таң атса күндер жылап батқан еді,

Зиратта мәжін жалғыз жатқан еді.

Мұңдасып ертелі-кеш молалармен,

Тазарған таза жаны одан әрмен.

Ләйлінің қысылғанда жаны түнде,

Тұншығып Мәжін жатты шаң ішінде.

Ләйлінің дерті асқынып меңдегенде,

Қиналды азап тартып ол да демде.

Сүйгені күнде азапқа бірге түскен,

Шықпады күндіз ойдан, түнде түстен.

Ләйлінің естірткендей күнін өлген,

Ғайыптан бір үн келді күңіренген.

Ләйліге у бергенде ажал-мыстан,

Мәжін де сезіп жатты оны алыстан.

Шыңылдап қайта-қайта құлақтары,

Жүрегі аттай тулап шыдатпады.

Ешқашан естімеген ғұмырдағы,

Тағы да бір үн келіп сыбырлады:

«Уа, ұлы әміршісі қайғы елінің,

Тағынан махаббаттың тайды өмірің.

Сорыңды, азабыңды жыр еткенмін,

Әмірі сенсің сүйген жүректердің.

Таусылды ғашығыңның татар дәмі,

Тұр кәне, қайғы елінің қаһарманы!

Бақшаңның дауыл соғып сиқы кетті,

Сөндіріп шырағыңды типыл етті.

Тағдырмен тайталасып қайратқа мін,

Отырмай күтіп оның жайратқанын.

Ай сенің аспандағы шын ғашығың,

Дидарын көруге зар мұңдасының.

Жалғыз жүр серуенде сені күтіп,

Жатырсың неге бейғам оны ұмытып?

Жалғанда жақының жоқ Айдан жақсы,

Сапарға серуен соңы айналмақшы.

Тиеді бармай қалсаң тасқа басың,

Жөнел тез, үлгермесең кеш қаласың!».

Жатса да көтерілмей жерден белі,

Бар еді бойында әлі әл-дәрмені.

Тылсымға айттың ба деп айтарыңды,

Қайратқа қаһарланып қайта мінді!

Біреу кеп ет кескендей енді етінен,

Зулады атқан оқтай жер бетімен.

Бір әуен көкейіне құйылды өзге,

Ләйлінің елестетіп үйін көзге.

Бұл әуен – махаббаттың тәтті әуені,

Түбінде жүрегінің жатқан еді.

Жүрегін қолына алып келеді ұшып,

Көзінен мөлт-мөлт етіп тамады шық.

Көңілі қуаныштан атойлады,

Көзінде найзағайдың оты ойнады.

Жердегі күндей Мәжін шұғылалы,

Соңынан жабайы аңдар шұбырады.

Ойында қорқыныштың жоқ ізі де,

Жетуге асығады егізіне.

Қалың жұрт сескенді оның бір өзінен,

Бас имес ажалға да мінезінен!

Жамағат іштерінен разы оған,

Жүгіріп шықты алдынан біраз адам.

Аңдарды көргенінде келе жатқан,

Шошынған кейбіреулер салады аттан...

Мәжінді көрген сәтте ел құбылды,

Болғанын бір сұмдықтың енді білді.

Мелшиді, өзін-өзі мүлде ұмытып,

Аңдар да анадайда тұрды күтіп.

Бөтенге білдірмеген әсте сырын,

Ләйлінің өңі қашып ашты есігін.

Көре сап іздегенін шалды көзі,

Сұп-суық Ләйлі жатыр жалғыз өзі.

Жете алмай қолын соза түсті құлап,

Шыбын жан кеудесінен ұшты жылап.

Сапарға жол серігін тапты Ләйлі,

Бетке алып аттанбақшы тек Құдайды!..

Топырлап сырттағы жұрт ішке кірді,

Көрді олар торына ажал түскен ұлды.

Әкеліп тағдыр өзі қосарлатты,

Сұп-сұр боп екі мәйіт қатар жатты.

Жағасын ұстады жұрт, шайқап басын,

Құдіретін құдай қалай байқатпасын?!

«Мұндайда болады екен!» десті бәрі,

Қалмады ғашықтарға еш күмәні.

Жыласып ел аяғы басылғанда,

Бұрылды сөздің беті асылдарға.

Деді олар: «Білместіктің қырғысынан,

Екі жас қиылды ерте қыршынынан.

Өмірден тата алмады бақыт дәмін,

Көнбейді басқа түскен уақытқа кім?

Бұларға қас қылған жоқ қасқыр-дағы,

Пенделік қиянаттың қос құрбаны!

Тірлікте жете алмады бір-біріне,

Жұмаққа енді бірге кірді, міне!

Құдайым, оларды енді адастырма,

Қосайық тым болмаса жер астында!

Орайық екеуін де бір кебінге,

Бір көрге рахат тапсын кіргенінде!».

Үлгі алсын тыңдаған жұрт бұл аңыздан,

Осылай шешті қауым бір ауыздан.

Бақида екі ғашық мәңгі мұңсыз,

Бір кебін, бір бесікте жатыр үнсіз.

Жалғыз дән ортасынан қақ бөлінген,

Қайтадан біріге алмай өтті өмірден.

Бірікті түскенінде көрге келіп,

Шыққан дән бір кездері жерден өніп.

Пенделер, махаббаттан үрікпеңдер,

Қайтадан бөлінбесін біріккендер!

Екі дән бірге біткен бір қауызға,

Дән емес салатұғын күнде ауызға.

Дәні ол махаббаттың мәңгі көктер,

Сүйетін жаны таза пәк жүректер!

Көтерді қаралы жұрт көрбесікті1,

Қайтпайтын екі мұңлық жолға шықты.

Жабылған көрбесікте асыл жібек,

Тербеліп жатыр екі есіл жүрек.

Түсіріп қос ғашықты көрге, міне,

Бөледі мәңгі-бақи жөргегіне...

Қарсы алды ғашықтарды жер қуанып,

Күн мен Ай қараңғыға енді барып.

Мың жылап, мың қуанып, мың өксіген,

Мұңлықтар үрейленді мұны естіген.

Қанаты ғашықтардың қайырылды,

Махаббат патшасынан айырылды!

Екі рет Ләйлі жұрты қаралы боп,

Қоштасып қала берді жаралы боп...

Еңіреді әке-шеше көр басында,

Қиналды жұбата алмай ел қасында.

Күңірентер ата-ана жоқ енді аспанды,

Ұзамай екеуі де жер жастанды...

Қалғанды обалына қос мұңлықтың,

Төгілген көз жасынан тасқын жұтсын!

Шақырып қараңғы көр түнергенде,

Соңынан сүйіктімнің кірем мен де!..

  1. Көрбесік - Мәйіт салатын зембіл немесе бесік.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Несіпбек Айтұлы, #Әлішер Науаи, ләйлі-мәжін
(0)

Пікірлер

Әбіл-Серік

19.02.2019 11:24
Шығыс поэзиясын жыр сүйер қауымға ана тілімізге қазақ өлеңін табиғатын сақтап аударған классикалық тәржімә өмірге келді.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар