Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Назерке Серікқызы. Тәңір естіп қояды...

28.05.2019 1696

Назерке Серікқызы. Тәңір естіп қояды...

Қара шәй


Тіке қарап тағдырдың көшесіне,
Түнгі шақта Тәңірге сыйынатын.
Оюланған апамның кесесіне,
Қоюланған қара шәй құйылатын...

Бір үңілсем бүйірден берердей бақ,
Өзіме жетпей қалды өз ақылым.
Тозақтың оты осы ма дегендей–ақ,
Буына саусағымды созатынмын...

Ақиқатын арқалап неше түннің,
Арманымды аулаққа ұшыра алмай.
Шәй жұтынсам күрең күй кешетінмін
Ғұмырымның әр сәті жұтылғандай.

Суытпастан жан беріп тұла бойға,
Өтпегенін сезініп бекер күнім.
Ұмытпастан қоюлы қара шәйда
Өмірімнің дәмі бар екендігін...

Ақталу



Түтініне ұзақ қарап түнгі оттың,
Өзімді оған қарғаттым да, тілдеттім.
Нені білмеу керегімді білсем де
Нені білу керегімді білмеппін...

Талдар да үнсіз тербеледі күйді ұғып,
Жапырағын жадау желге сүйдіріп.
Мен отырмын ел отырмас шақта анық
Өз қолымды өз отыма күйдіріп.

Кейде жиі мазалайды таң шала,
Мендегі ұят, мендегі ойлар, ар, сана!
Білмей жасап қойған күнәм көп менің
Біле тұра жасағаным қаншама...

Жетпейтінін сезсем-дағы шамамның,
Мен сонда да жыламайтын боп алдым.
Бірақ бір күн талқандалсам тағдырға
Өзімді-өзім ұстап бере салармын.

Ақшам туар шашылғанда шамшырақ,
Әуре қылар түннің жайын таң сұрап.
Ал мен болсам, тағы ақталдым Тәңірге
Көздерімнен күнәларым тамшылап.

***



Тілейік,
Астанаға жаңбыр жауса екен деп,
Көшер сонда топырақтар, көшер леп.
Ақ нөсердің астында біз айғайлап,
Ақша бұлттың бауырында ол мекендеп.

Ішейік,
Ақ жауынды құйып алып кесеге,
Ел-жұрт бізді «жынданғандар» десе де.
Сізге ұнайтын ақ көйлекпен шығайын
Мені үйден әкетесіз нешеде?

Күтейік,
Астанаға жаңбыр жауар, шыдаңыз,
Су мен күннен жаралғандай мына біз.
Сонда екеуміз құшақ жайып тұрайық
Ақ жаңбырмен жуылғанша күнәміз.

Жүрейік,
Денемізді сүйе берсін су мейлі,
Демімізден бақыт бүрі бүрлейді.
Жауын қашан басыларын білмейміз
Ол да қашан таусыларын білмейді.

Білейік,
Астанаға жауын жауар бір күні,
Көзде тұнып күннің күңгірт күркірі.
Тек ол күні мен қалада болмаймын
Сіз де мүмкін келе алмайсыз ол күні...

***


Көрдім де сені нұрландым, аласұрмадым,
Бар ғалам сенің бейнеңе жарасып жаным.
Қараған сайын өмірге құштар етеді,
Тұп-тұнық
Қарашықтарың...

Өзің деп бастап өрлетсем жаңа күнімді,
Ұмытып бір сәт жасырдым, нала – мұңымды.
Өмірден бұрын өзіне баураған мені
Сағындым қарашығыңды...

Өзіңсіз кезді ойланып баласам мұңға,
Тек сенсің менің жарығым, жанашырым да.
Мен саған мәңгі ғашықпын
Себебі сенің,
Өмір бар қарашығыңда...

Жаратылыс

Арпалысып жатқанда сынақ біткен,

Жағаласа беретін тұман бұлтпен.

Шын мәнінде мына мен бір бейбақтың,

Кірпігінің ұшынан құлап түскем.

Таусылғанда төзімің тайталастан,

Құшағын аспан саған айқара ашқан.

Мен сонда пәк анамның ақ шашынан,

Адамға айналам деп жанталасқам.

Жазғырмастан жасыңның жығылғанын,

Жүрегіме тағы үнсіз сыбырладың.

Мен сонда жәннаттың ақ гүлінің

Жұпарын жұтқан сәтте туылғанмын.

Білмейсің, небір күндер күтеді алдан,

Әйтеуір, сен бір жеміс пісе қалған.

Мен сонда жер бетіне періштенің

Мөп-мөлдір жасы болып түсе қалғам.

Құрғамаған сәттерде көзің жастан,

Қателігің бой бермей өзің басқан.

Мен сонда бір әдемі перизаттың

Күлкісінен күмп етіп көзімді ақшам.

Сені таптым, сезімнен сүрінбедім,

Сенің арқаң тірлікте түңілмеуім.

Мен сенің жүрегіңде өлім құшып

Жүрегіңде қайтадан тірілемін!

Илану

Кім екенін,
Осы қазір айтайын ба, жоқ әлде,
Ішіңде өліп кетсін десең, ол да құп.
Мен бұлқынып бара жатсам «доғар» де
Жанарыма ұмтылып...

Жарқылынан сол жасқаншақ жауынның,
Әлсін-әлсін тамып жатыр бояуы.
Жеті түнде жыламашы, жарығым,
Тәңір естіп қояды...

Өзімді-өзім дейсің қалай таниын?
Ауа ма әлде, желмін бе деп ойларсың?
Бірақ та сен менің аппақ сәбиім
Әлдеқашан жаратылып қойғансың.

Тәтті мұңға жолығармын тағы бір,
Кірпік іле кеткен бойда түн майдан.
Менің сәби жанарымда бәрі жүр
Бақытсыз боп оралады кім? қайдан?

Тыным бермей түрткілейді таңғы уақ,
Адамға ауыр өзге түгіл өз басы.
Мені өлімнен қорғап жүрген жалғыз-ақ
Періштемнің көз жасы...

***


Қадірлім,
Ашып айтсам, қадіріңе жетем бе?
Сен негізі пәтер жалдап тұрып жүрсің бекерге.
Тура қазір қолыңа әкеп кілтін өзім тапсырайын қаласаң,
Мына менің жүрегімді мекенде...

Қадірлім,
Ойың көркем, әр сөзімді айтқызбай-ақ ұғатын,
Кейде ойлаймын,
дәл сен осы дүниеге мені аялау үшін келген шығарсың?!
Бірақ менің жүрегімді мекендеуің үшін сенің қолыңда
Болу керек,
мәңгілікке бұл жүрекке тіркелемін деген үлкен әдемі
Мөр басылған құжатың!

Қадірлім,
Кейде сені бөлісе алмай арпалысад(ы) ой-санам,
Өзің де оны шығарсың-ау байқаған...
Жүрегімнің ішін өзің реттеп жөндеп аларсың,
Көрікті етіп қайтадан...

Қадірлім,
Ай аман да, күн де осылай есен де,
Қамдана бер жүгіңді алып көшерге.
Бір жүректі бірге пана қылайық,
Менің ғана жүрегімде мекенде...

Ол оқымаған өлең



Сен жоқ жердің ауасымен тыныстау,
Сен жоқ жерде құшағымда гүл ұстау.
Сен жоқ жердің жаңбырына малшынып,
Топырағын уыстау...

Сен жоқ жердің ақ ұлпасын қарсы алу,
Сен жоқ жерде бақыт жайлы жар салу.
Сен жоқ жердің жапырағын жұбатып,
Тылсымына тамсану...

Сен жоқ жерге шуақ болып таралу,
Сен жоқ жерде ғажайып боп саналу.
Сен жоқ жердің батқан күнін бақылап
Ақ таңы боп ағару...

Сондай қиын сен жоқ жерден сені іздеу,
Сен жоқ жерден үміт-күдер тек үзбеу.
Сен жоқ жердің терезесін ұрғылап
Жүрегіме ем іздеу...

Мүмкін бе әлде сен жоқ жерде тосылу,
Сен жоқ жерде елесіңмен қосылу.
Сен жоқ жерде секунд санап тағатсыз
Сені тосып отыру...

Келтіргенмен айтар сөздің орайын,
Мейлі, мен-ақ сен жоқ жерде болайын.
Сен жоқ жерде, сен жоқ кезде жазылған
Оқылмаған өлеңің боп қалайын...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(1)

Пікірлер

Найзағай

01.06.2019 15:26
Шамшырақ Таң сұрап Керемет

Оралай

29.05.2019 00:57
Жырларыңда ерекше бір сарын бар, өзгеге ұқсамайтын баурап алар,.. сырласқандай, мұңдасқандай күй кешесің ғұмырмен әлде жаныңа жақын жүректен орын алған бір жанмен...

Ай

28.05.2019 15:52
Сүйөм ғой!

Күн

28.05.2019 17:02
Әдемі

Жанар Сабыр

28.05.2019 17:07
Тамаша

Алтын қыз

28.05.2019 21:34
Оңашада дауыстап оқып отырмын. Аты Алтын қыздан жүрегі алтын қызға сәлем
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар