Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Наурыздың түп-төркіні туралы

20.03.2020 1323

Наурыздың түп-төркіні туралы

Қазақтың күй өнерінің тым көне тарихына байланысты айтылатын ежелгі деректерде, киіз туырлықты, ағаш уықты көшпенді жұрттың жыл басын қалай қарсы алатыны туралы там-тұмдаған деректер бүгінгі біздің заманымызға жетіп, әз-наурыз туралы алғашқы жазба дерек көзіне айналып отыр. Ғалымдар наурыздың пайда болғанына кемі 4 мың жыл болғанын, ал жазба деректер бұл мерекенің шығыс халықтарының өмірінен ойып тұрып орын алғанына 3 мың жыл болғанын тілге тиек етеді. Біздің жыл санауымызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Квинт Куртен Груфтың «Ескендір жорығы» еңбегінде, біздің ата-бабаларымыз ежелгі сақтардың, қаңлылардың ұлыстың ұлы күнін қалай қарсы алғаны туралы анық жазылған. Таң рауандап атып, күн ұясынан енді көтерілер тұста, күн бейнелі жалау желбіреген хан ордасының алдындағы мерекеге арналған алаңға, бірінен бірі өткен күйші, бірінен бірі өткен дәулескер, бірінен бірі өткен өнерпаз 365 бозбала сайдың тасындай іріктеліп шығатын болған. Әр өнерпаз жеке дара отырып бір-бір күй тартқан. Әрине, мұндағы 365 бозбала тұтас бір жылдың бір күніне барабар балама ретінде алынған құбылыс екені түсінікті. Бір жыл ішіндегі бір тәулікке уәкілдік еткен осы 365 бозбала сол күгінгі тойдың көркі, елдің мерейі болған. 365 бозбала бір жылдағы 365 күннің куәсындай 365 күй шерткен. Осыншама ұлан асыр күй тартыртылып болған соң, ортаға данагөй ақсақал, ой иесі абыз, Тәңірімен тілдесуші, тылсым күш пірі бақсы сақынаға шығып, аса таяғын қолына алып, жаратушы иеден тіл алып, мұнан ары ұлық Қағанның арман тілегі мен үмітін, жақсылығы мен шапағатын, болашақ жоспарын елге машһұр етер телегейдей теңселтіп тоғыз күй тартатын болған. Бұл тоғыз күйде бақсының бас аспабы қобызбен тартылған. Мұнан ары ұлыстың ұлы күнін тойлау, жалпы халықтық сән-салтанатқа, ойын-сауыққа, мереке-мейрамға ұласқан. Бұл деректер бізге ежелгі сақ заманының, одан ілгерідегі көшпелі өркениеттің жыл басын қарсы алуы айрықша салтанатқа, айрықша ықылас пен мәні терең пайымға толы екенін аңдаймыз. Демек наурыз жай ғана мерекелік кәде емес, құпияға толы сакральды ұғымдарды бойына жиған, тәңіри күшке ие алапаты асқан әпсаналы күш, келер күнге деген ұлы рухтың буырқануы мен арпалысуы болып саналмақ. Бұл деректер мен пайымдар бізге наурыз мерекесінің тарихы бұдан да алыс, мәні бұдан да терең екенін аңдатады. «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» кітабының «Ғұн баяны» атты бөлімінде, қытайлармен іргелес, қоңсылас отырған ғұндардың жыл басын қарсы алуы туралы деректер хатқа түскен. Онда алдымен Ғұнның барлық ағаман ақсақалдары жаңа жылдың туар айында, Тәңірқұт ордасында шағын мәжіліс құратын болған. Сосын Тәңірі мен аруақтарға арнап құрбан шалып, мінәжат қылған. Мамыр айына қарай Ұлубалықта бас қосып, ата-бабаларының аруағына, жер мен көкке, ие мен киеге арнап үлкен ас (шек) берген. Күзге салым жылқы қоңданып, мал тойынған тұста, тасаттық орманында өтетін үлкен жиынға бағыштап мал мен ажының санағын және соған орай берілетін алым-салықтың мөлшері белгіленетін болған деседі. Ал Тәңірқұт әр таң сайын шығар күнге, әр түн сайын туған айға тәу етіп, ел мен жұрттың есендігін тілейтін болған деп жазады Ғұндарға қатысты ертедегі хан жылнамалары. Бұл деректер бізге Ғұн дәуірінің жыл басына, жаңа күнге деген құрметінің айрықша болғанын көрсетеді. Ғұн мәдениетінің жылдың басынан бастап, әр мезетте Тәңіриемен мызғымас байланыста болғанын, әр мерекенің өзіндік сипаты болғанын анық аңғартады. Жалпы көшпенді халықтың наурыз айын қарсы алу танымының бір-бірінен соншалық алыс болмағанын, қайта өзара сабақтасып, үндесіп, бір-бірін толықтырып жатқанын анық аңдауға болады. Әрине, одан бері де сан ғасырлар өтті, уақыттың жойқын дауылы санамызды сілкіледі, жаңа ескірді, ескі жаңарды, ұғымдар ауысты. Адамзат баласының басынан аласапыранға толы толағай дәуірлер өтті. Ұлы жүлге үзілмесе де, таным мен пайым өзгерді, салт пен сана, дәстүр мен жоралғы заманына сай «бөркін» киді. Бірақ ұлық мереке наурызға деген ілтипат пен құрмет бәзбаяғы асқақ биігінде қалды.

Қазақ халық ауыз әдебиетін кемеңгері, дала данышпаны Мәшһүр Жүсіп Көпей өз еңбектерінде наурыздың түп-төркінін Нұх пайғамбардың заманынан іздейді. Ол кісінің айтуынша Нұхтың Сам есімді баласының Ғарып атты ұрпағынан тараған зәузаттары ай есебін ұстап, жыл басын амал ретінде ұстанып, наурызды алғаш өздеріне мереке етіп белгілеп алған делінеді. Мәшекеңнің сұңғыла пайымынша жыл дегенің дирменнің бел ағашындай айналып тұратын дүние. Әр бел ағашта он екі шабақ болатыны сияқты, әр жылда он екі ай болады немесе он екі жыл бір мүшел болады. Әр бірінің үстінде бірден хайуан отырады, ол сол жылдың атына уәкіл болады. 22-ші жылдың 22-ші мартында жүріс қылып жүрген жорықшы Хамал болады деп баян етеді. Одан ары 28 жасында Бұхара шәрінде наурыз тойында сегіз күн болғанын, қазақтың наурыз тойлауы Бұхара мен Самарқаннан әлде қайда дүбірлі, думанды, салтанаты мен салихалығы асып түсетінін айта келе, ертедегі қазақ өміріндегі наурыз тойынан бір үзік мысал ретінде, би Едігенің жүз адамымен Сәті мырзаның ауылында наурыз тойлаған ертегіге бергісіз хикаясын әңгімелеп береді. Одан ары Мәшһүр Жүсіпт қазақ қазақ болғалы, өзіне арналып, сыбағасына тиген жалғыз мереке осы неаурызнама мерекесі деп түйеді. Ол күні наурызға арнап қожаларға оқытатын арнаулы кітап болған көрінеді. Ол кітаптың аты «Салдама» екен. Қожалар осы кітапты күркіретіп, күңірентіп оқығанда, жиналған батагөй жұрт тілек айтып, дұға қайырып, қалың қауым іштей «әумин» десіп ортақ ниетте, бір тілектің үстінде тұратын болған. Айтқанындай осыншама көптің тілеуінен кейін, ел мен жұрттың малы да, басы да өсіп мәртебесі асып, өрісі кеңейеді екен. Бұл күні мал союуға шамасы жетпеген кедей-кепшіктің өзі бір қазан көжесін асып, ел жұртпен бөлісетін болған. Ал бәйбішелер кебежесінің түбіне жент сақтаған екен. «Бәйбіше, жентіңді қашан ашасың»- дегендерге, «Самарқанның көк тасы жібігенде ашам»- деп жауап қайыратын көрінеді әжелер. Наурыз күн мен түн де, хан мен қара да теңелетін бейбітшілік нышанды, тыныштық кейіпті, әділет бастауы болып саналған. Жүз шайысып, ренжіскендер бір-бірімен бет көрісіп, артық-кемін кешірісіп, татуласып табысады екен. Ал көңілі осыншама ыстық пейілге жібімеген жұртқа: «Жүрегің Самарқанның тасынан да қатты ма едеі»- деп налиды екен.

Наурыз мерекесінің шығу тарихы, қалыптасуы барысы туралы ғалымдар арасында талас-тартыс әлі де көп. Сан-салалы зерттеулер бір арнаға толық ұйыса қойған жоқ. Соның бір парасы жыл басын тойлау мерекесі парсы жұртынан бастау алған дегенге келісе бермейтін ғалымдардың да өз айтары жоқ емес. Дегенмен осы мереке туралы сөз болғанда парсы топырағында жазылған «Наурызнама» тарихи кітабын аттап өту мүмкін емес. Кітап авторы ортаазиялық ғалым әрі ақын Абуль-Фатх Омар Хайям. Бізге «Наурызнама» кітабының осы уақытқа дейін екі жазба нұсқасы жеткен. Оның бірі Берлинде, енді бірі Лондон мұражайында сақталып отыр. Осы екі нұсқасында оқып, салыстырып, кей тұстарын толықтырып, бүгінгі танымға барынша жақындатып баспадан шығарған өзбек ғалымы Асрор Сәмат. Кітапта Аптаның, яғни күннің айналуына орай, аптап әр үш жүз алпыс бес күн ішіндегі тәуліктің төрттен бірінде хамал айының бірінші минутта шығып кеткен кезінің өзіндегі орнына қайта келеді. Хамал күннің жылдық айналым жолындағы он екі жұлдыздың бірі, күн әр бір жұлдызды бір айда басып өтеді. Жыл сайын осы кезең кеми береді. Мұндағы кему түсінігі ол заманда наурыз айдың 14-16 күндеріне тура келсе, қазір 20-22 күндеріне тура келеді. Иранның сол замандағы аңызға айналған патшасы Жәмшид аталмыш күннің маңызын түсінгеннен кейін наурыз деп атап, бүкіл халықтық меркеге айналдырған. Жәмштдтен кейінгі патшалар бұл дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғап, ғасырлық мейрамға ұйтқы болған. Оқырманға «Наурызнама» кітабы туралы аз-кем аңдатпа бере кетер болсақ, кітап сол кездің салты бойынша мейірбан да, қамқор жаратушы иенің атымен басталады. Кітап өз ішіне жиырма тақырыпты қамтиды. Ғажам патшаларының ғұрпы мен салты, наурыз мейрамының салтанатты басталуы, рухани көсемнің мерекені бастап, бата тілек айту рәсімі сөз болады. Онан сырт ел өміріне қажетті ұғымдар мен жоралар көрсетіледі. Айталық, жасырын жатқан қазыналарды табудың нышаны, жүзік пен оның сипаты, арпа дақылының қуаты, оқ пен жай, қылыш өнерінің пайдасы, сұлу жылқы мен лашын құстың қыры мен сыры, сыны мен сипаты, жүзім шарабының адам ағзасына пайдасы хақында тереңнен толғап, кеңінен айтылар мәліметтер толық қамтылған. Омар Хайямның «Наурызнама» кітабына байланысты бұл деректерді біз, көрнекті жазушы, этнограф, фольклоршы ғалым Зейнолла Сәніктің ғылыми пайымдарына сүйене отырып жазып отырғанымызды баса айтқымыз келеді. Ғалымның жазбасында кітапта айлар фарвардин, урдбихишн, хурадад, тирати, мурад айы, мейір, абан, азар, дай, бахман, исыандарузим айы болып он екіге бөлініп, жік-жігімен жеке талданып көрсетіледі. Әр айдың басты ерекшелігі мен ауа-райы құбылысына да талдау жасалады. Солардың арасында жыл басы фарвардин айын ерекше атап көрсетіп, бұл айда өсімдіктер жандана бастайды, демек бұл хамал айына байланысты, яғни күн бастан аяқ осы айда болады деп түсініктеме береді. Сонымен әр жылы фаврадин айы келгенде парсы жұрты бар жақсы киімін киіп, сергек көңілмен осы күнді «наурыз» деп қарсы алуды ұлы дәстүрге, бұлжымас өмір заңына айналдырады. Кімде кім науырыз мейрамында көңілді жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам, баяшат, бақытты ғұмыр кешетіні де осы «Наурызнама» кітабында айрықша атап көрсетілген. Ғалымдардың ортақ пайымынша наурыз сөзі де адамзат өркениетінің байырғы ошағы болып саналатын парсы жұртынан шыққан көрінеді. Нау – жаңа, руз – күн. Яғни, «Жаңа күн» деген мағына береді. Бұл күн қыстың соңы, көктемнің басы. Жақсылықтың, жылылықтың, мейірімнің хабаршысы. Бұл Шығыс халықтарының ортақ қуанышы, ортақ тойы, ортақ мерекесі. Мереке ортақ болғанымен, әр халық өзінің дүние танымына, салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлап, наурыз тойын өз кеңестік өлшеміне сай тойлайтын болған. Ертедегі шарап ішу салты қазір парсыларда жоқ. Сол тектес байырғы түркі жұртының жыл басын қарсы алудың әралуан рәсімдері де бүгінгі қазақы наурыздан бой көрсете бермейді. Тоқшылық белгісі ретінде жеті дәмнен құралған наурыз көже кейін келе жалпы халықтық сипат алып, наурыз тойының басты рәмізіне айналып кетті. Бүгінгі қазақ қоғамының наурызды тойлау дәстүрі туралы әңгіме бөлек тақырыптың жүгі. Дей тұрғанмен, ғасырлар бойы қалыптасқан наурыз тойы аясында өтетін әртүрлі ұлттық ойындар мен басқада сауықтық шаралар әлі де қалпын бұзбай келе жатыр. Наурыз жырлар, наурыз бата, наурыз жұмбақ, наурыз төл, наурыз айтыс, наурыз есім, наурыз көк, наурыз шешек сияқты мерекелі танымдар әлі жалғасын тауып келе жатқаны қуантады. Сол ғұрыптардың басты бірі наурыз жыры. Бұл жыр наурызды мадақтауға, өткенге салауат айтып, келешекке ақ тілек пен ақ бата жолдауға құрылған шаттық пен қуаныш жыры. Наурыз мерекесінің шығу мәні мен тарихына аз ғана барлау жасаған аталмыш шағын жазбамызды, келіп жеткен әз наурыздың құрметіне, наурыз жырымен түйіндегенді жөн отырмыз.

Ұлыс күні қазан толса,

Сол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Жортқанда жолың оң болар.

Қадірлі «Әдебиет порталының» оқырмандары, әз-Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Жылдан жылға, айдан айға аман-есен жете берейік!

Ұмтыл Зарыққан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар