Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды!

14.10.2019 1655

Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды!

Баянауылда академик Қ.И.Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған

республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды!

Геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Баянауыл аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық жыр мүшәйрасының марапттау рәсімі өтті.

Екі ай уақытқа созылған жыр бәйгесіне ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қаныш Сәтбаев туралы естеліктер топтастырылған «Заңғар» кітабының құрастырушысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани және ақын, «Найзатас» журналының Бас редакторы Асыл Әбіш қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге Жәнібек Әлиман (Қарағанды қаласы) ие болды.

Жыр бәйгесінің бірінші орын жүлдесіне Олжас Қасым (Нұр-Сұлтан қаласы) иелік етті.

Екінші орындар Айдын Байыс (Балқаш қаласы) пен Мұқағали Кенжетайұлына (Түркістан қаласы) бұйырды.

Жүлдеді үшінші орындармен Серікжан Қажытай (ШҚО, Үржар ауданы), Жоламан Әйткен (Баянауыл ауылы) және Мұсабек Сейсенбекұлы (Баянауыл ауданы, Шоманкөл ауылы) марапатталды.

Бұдан бөлек, Рауан Қайдар (Екібастұз қаласы) облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының арнайы жүлдесін, Дариғаұлы Бақберген (Павлодар облысы, Ертіс ауданы) аудандық «Баянтау» газетінің арнайы жүлдесін еншіледі.

Мүшәйра қатысушылары академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайында сақталған құнды жәдігерлермен танысып, баянауылдық оқырманмен кездесті. Баянауыл ауылындағы «Даналар даңқы» аллеясына саяхат жасады.

Бас жүлде:

Жәнібек ӘЛИМАН – Қарағанды қаласы:

Қаныш пен қазақ

Қарағанды

Вокзал алды абат гүл,

Азан-қазан бай мен кедей, жалақ құл.

Қаныш көкем қара жұрттан қара үзіп

Күншығысқа қарап тұр.

Бабам бейне оянғандай түс көріп,

Айтпасына қоймай, білем, ішкі ерік.

«Қазақмысым» қайда - дейді – жазған-ау»

«Қазақ, мысың қайда» деймін тістеніп.

Қаныш ағам қабағында сұсты зіл.

Зәре-құтым ұшты-дүр...

«Маңғаз қазақ мәңгүрттеніп кеткен бе

Мінезі де қалмапты ғой, мыс түгіл»,

Көкем солай сөйлеп кетті күмбірлеп:

«Бірін-бірі қазақ неге жүр күндеп?»,

Тобыр біткен күпінеді күңкілдеп:

«Бізге өктем сөйлейтіндей бұл кім?» деп.

Ессіз тобыр жетесіз,

Ашынадан азып туған некесіз.

Қаныш түгіл Құдайын да ұмытқан

Не етесіз?!

Жауап таппай Сәтбаевтың сөзіне,

Ызаланып құл-құтанның езіне.

Ұят қысып, дат айтпаққа билікке

Тура тарттым хан орданың өзіне.

Қайран басым абыржуды білмеген,

Тарпаң қалпым жүрген ем.

Қайсар рухым қайта оянып кеткендей

Бұқар бабам аттап түсті мінбеден.

А, Құдайым, өңім бе бұл, түсім бе,

Жан біткені мүсінге.

Қаңғып көшіп кеткен екен хан орда

Тірі жан жоқ ішінде.

Қарт бабамның мысы ма?

Сатқын билік қашты төзбей сұсына.

Қайран қалам қайран келмей қолымнан

Кез келгендей хан Абылай тұсына...

Аласұрып жүрегім,

Ылғи осы күйді кешіп жүремін.

Балбалдарын оятар ма ед Дештінің

Қуу үшін ұлтсыздықтың түнегін...

І орын:

Олжас Қасым – Семей қаласы:

Қанышбұлақ

Секілді зырлаған күн, аққан жылым,

Секілді жүрегімде сақтар жырым.

Уақыттың сырласындай, мұңдасындай,

Арқада бір бұлақ бар қаққан күлім!

Жатса да біздің жақтан алыс, жырақ,

Cияқты баяғыдан таныс бірақ.

Сылдырлап сыңғыр қаққан сол жәудір көз.

Аталып жетті бізге «Қанышбұлақ».

Сол жерге тағзым етер ел де аялдап,

Жатады жанарыңды көлбей арбап.

Тарихын сылаң қаққан ақ бұлақтың,

Берейін зейін қойсаң мен баяндап.

***

Кейіпке ең бір керім еніп бар маң,

Жаз еді жан балқытып, ерікті алған.

Бойына Шыбынды көл енді ғана,

Ауылы Имантайдың келіп қонған.

Өңір бұл көбелекті, көкорайлы,

Тұрады батып ойға тауы арайлы.

Тұнады көкірегіңе небір сурет,

Ойласаң осы керім дала жайлы.

Тебірентіп таныс аймақ, таныс дала,

Осында келген *Томнан Қаныш жаңа.

Бір сұрақ ой санасын алған билеп.

Үмітті сан ойменен жарысса да.

Тұрғанмен бұл аймақты жақсы көріп,

Тұщы су шықты мұнда тапшы болып.

Қолқаңды қабатұғын кермек суды,

Ел қалай сүйінішке татсын еніп?!

Имантай көңіліндегі алаңды ойлап,

Жігіттер қазды құдық терең бойлап.

Қазғанмен қанша терең шықпады су,

Тұратын нұр сәулесі жанарда ойнап.

Балшығын алақанға салып тұрып.

Жас Қаныш айналасын жарық қылып.

Бастады Сұңқарқия жаққа оларды,

Шықпасын тұнық судың анық біліп.

Бойына Жас Қаныштың қан жүгіріп,

Аптығып бір ойпаңға келді жүріп.

Үмітпен, нық сеніммен дейді оларға,

«Қазайық осы тұстан енді құдық».

Ойпаңға моп-момақан барлығы кеп,

Құлаштап зор күшпенен салды күрек.

Талайдың маңдай тері тамды жерге,

Бір тынбай су аңсаған әлді білек.

Қазғанда кісі бойы жерді кенен,

Тұнық су шыға келді мөлдіреген.

Бір жасап қалды осылай ауыл-аймақ,

Баланың мәшһүр болып ерлігі ерен.

Мойындап содан бері бәрі де оны,

Қанышқа жұрт назары ауып еді.

Білетін жеті қабат жердің сырын,

Көреген қабілетін таныды елі.

Есіңе салар асау арғымақты.

Арада қанша жылдар қарғып ақты,

Қалың ел ұмыт қылмай, сақтады есте,

Қаныштың атын алған сол бұлақты.

Табиғат бояуына мың боялып.

Тұрады ол самал желмен күнде оянып,

Бал бұлақ бара жатыр келешекке,

Қаныштың ғұмырындай тынбай ағып.

ІІ орын

Айдын БАЙЫС – Қарағанды облысы, Балқаш қаласы:

Қаныш Сәтбаев ескерткіші. Қарағанды

Ғабдулғани!

Имантай бидің ұлы!

Есіміңнің өзі – ұлт игілігі!

Дәу елім толғатып бір, туған перзент,

Дәуірдің басталғанда қиғылығы!

Борышын өтесе де, жүрегі отты ұл,

Ұлтының алдында әлі түрегеп тұр!

Көзімізге көрсетті ол кенімізді,

Қолымызға ұстатты, міне деп бір.

Кешіп келдім қыркүйек, есіл күзді,

Кермесін есер құнан бесінде үзді.

Ұқсатыңдар деп айтқан ақылыңды,

Құр сату деп ұғыппыз, кешір бізді.

Сатам десең қолыңда ед, бүлінбедің,

Құдай еді өйткені жүгінгенің!

Уызына жарысын дегеніңді,

Уысына сыйдырмақ бүгін көбі.

Қу құлқынның үреді иті барақ,

Басымызға шықты һәм ұйқы-қонақ.

Күлемісің оқыған біздерге, өзің

даланың шалдарынан «диплом» ап?!

Керзаманның соққанмен сұрапылы,

Мұқалмадың, қайран ер мұраты ірі.

Тау мен тасты кезіп ең қазақ үшін,

Тауға айналдың өзің де, түбі ақыры!

ІІ орын:

Мұқағали Кенжетайұлы – Түркістан қаласы

Қаныш Сәтбаевқа:

Бойындағы болмастан намыс құрбан,

Ақыл-ойын арманмен жарыстырған.

Бұл далада сыр оқып әр ұшқыннан,

Қаныш туған!

...Асқақтық Һәм биіктік, тау тұлғалық,

Кемеңгерлік!

Қанында бар туралық.

Бұлттан биік тауларда көзін ашып,

Көзін жұмды тау сынды қалпында алып.

Тандырардай талабы жауын да естен,

Бірі – дана, ал бірі ғалым дескен

Қаныш қайтпас сапарға аттанғалы,

Бұл даладан тұтас бір дәуір көшкен.

Бұл даладан күй көшкен, ғылым көшкен,

Байлық та ауған басынан білінбестен.

Қазақ үшін қопарған қазынасын,

Кемірді кеп күншілдер күбірлескен.

Сыбағалап Тәңірлік сыйыңды алуан,

Тарих іздеп бабалық бұйымдардан.

Байлығыңды түгендеп берді барлық,

Жер астына жасырған қиын жалған.

Көзге ұрып түрғанымен алыптығы,

Бөтен көзге көрсеткен халықты ірі.

Мінезі – даласының асқақтығы,

Білімі – санасының жарықтығы.

Оның жолы – тарихтан таныс дүбір,

Одан бері ғұмырлар ауысты құр.

Сақтап қалу серт маған қазынамды,

Қазаққа сыйлап кеткен Қаныш-ғұмыр!

ІІІ орын:

Жоламан Әйткен – Баянауыл ауылы:

Жүрген жолың – тарих пен тағылымдай

Қарағанды вокзалы.

Қаныш көке,

мен өзіңнен қалайша алыс кетем!

Өзің күтіп аласың, «Елден бе?» деп,

Шығарып сап тұрасың, «Таныс па?», - екен?!

Тағдыр – айқас болғанда, өмір – дүбір,

Қаныш жолы, емес-ау, жеңіл ғұмыр.

Туған жерім дегенде Баянауыл,

Дос көтерер «Қаныш!» деп көңілді бір.

Армандаймыз болсақ деп Қаныштай біз,

Аз ғана талапты да жаныштаймыз.

Қара тастың жанынан жүз өткенде,

Қара тас неге қара, таныспаймыз.

«Мен емес, менен гөрі халқым – биік!»

Осымен де Қанышым даңқың биік.

Қайран қазақ бақ таппай сенделуде,

Жер астынан тапсаң да алтынды үйіп.

Тастың сырын кетеміз тағы ұғынбай,

Жүрген жолың – тарих пен тағылымдай.

Ертіс пен Қарағанды каналы да,

Тулап аққан Қаныштың тамырындай.

Осылайша мен ұшін ыстық бәрі,

Туған жердің суын да құштық тағы.

Даңқың сыймай аядай жер бетіне,

Планета боп ғарыштан ұштық па, әрі.

Біз жүрген жерімізде жарыс, думан,

Әйтеуір сұмнан – жырақ, алыс – қудан.

Құрсағың құрғамасын деп тіледім,

Ей, аяулы Баяным, Қаныш туған!

ІІІ орын:

Серікжан Қажытай – ШҚО, Үржар ауданы:

Баянауылмен қоштасу

(Қаныш Имантайұлының рухына)

Баяным, кіндік қаным тамған жерім,

Өзіңде бағындырдым арман көгін.

Шулаған сенің асау толқыныңда,

Тулаған сағынышым қалды-ау менің.

Тұнығым, болмысыңа ендім бүгін.

Жасымнан жанарымның көрдің нұрын.

Дәл сенің мөлдір суың секілденіп.

Төсіңде туған талай мөлдір жырым.

Айнадай дидарыңа төніп тұрмын,

Өйткені өмір заңын сен ұқтырдың.

Алғашқы іңкәрлігім сенде оянып,

Бақытты осы жерде жолықтырдым.

Өзіңмен дәулетті едім, тынысты едім,

Жыйылған маңайыңа ырысты елім.

Амал не, төскейіңнен алшақтатып,

Барады тағдыр мені күміс көлім.

Жұртымның амандығы бар арманым.

Тамырлы өр тарихың – маған мәлім.

Ақеділ сенімімді сертке байлап,

Алаштың ертеңі үшін алаңдадым.

Аман бол, қарындас-жұрт, іргелі елім,

Сендермен жан-жүрегім бірге менің.

Соңымнан іздер болса жаңа толқын,

Еліме шуақ шашып бір келемін.

ІІІ орын:

Мұсабек Сейсенбекұлы – Баянауыл ауданы, Шоманкөл ауылы:

Қазақтың Қанышы

Планета дейді – ғарышты,
Планета дейді – Қанышты.
Орбитасында ғаламның,
Қанағам көппен жарысты.

Зерделі шықты бекем үн.
Зерттеді елін, мекенін.
Жеткізді жұртқа тас біткен,
Құлпытпас емес екенін.

Ақтығын тапқан құрымның
Байқады екен бұрын кім?

Бақшасы – дала, металлдың,
Патшасы – Қаныш, ғылымның.

Сүйенсе елім бар ірге.
Сүрінбей жеткен қадірге.
Ғаламшарларым көп менің,
Аспанда емес, қабірде.

Оқылса құран ел жетіп,
Нұр шашар көктен жерге тік.
Халқына жақын жатсын деп,
Жер-бесік жатыр тербетіп.

Облыстық «Найзатас» журналының жүлдесі

Рауан ҚАЙДАРОВ – Екібастұз қаласы:

Қанышы едің, намысы едің, сен, елдің

Имантайұлы бола алар сіздей кемел кім?!

Еңбегіңді оқып ерекше күйге кенелдім.

Отанның ыстық отына лаулап қайралған

Қанышы едің, намысы едің сен елдің.

Бабасы батыр, атасы шешен, би еді,

Сүйіндіктердің осында жатыр сүйегі.

Ұл туса ғалым, қыз туса дарын қылатын,

Баянауланың топырағы неткен киелі?!

Ұрпаққа тәлім, ұлтына тарих сыйлаған,

Сәт-сайын тумас Сәтбаев сынды сыйлы адам.

Сайын даланың бауырына біткен байлықты,

Сатпақ түгілі, қазып алуға қимаған.

Ақкелін жақтан атады күнде күліп таң,

Жеріңнің жайын өзіңнен артық кім ұққан?!

Қазақпен қатар, бар әлем шөлін басуда,

Баһадүр баба, сен қазып кеткен құдықтан.

Данышпан едің даңғыл жол бастар тар жерден,

Ақ бата алдың Ақбеттау дейтін арлы елден.

Қазақтың мынау жерасты қазба байлығы,

Табылып жатты табаның тиген әр жерден.

Тағылымың жайлы тарқатып айтсам деректі ой,

Қарсақпай менен Жезқазған оған себеп қой.

Еңбегін елге қалдырған Қаныш бабаның,

Еңбектеп жүрген бала да білу керек қой.

Жалынуға да, табынуға да Алла тән.

Қаныш деп қанша атады талай алда таң.

Тұлғаңа жұрттар таң қалмай қайтсін, өр баба,

Арғымақ мінген алыптар болса арғы атаң.

Біз үшін, ата, Алатау сынды алыпсың,

Бүгінгі ұрпақ әлемге елді танытсын.

Таныту үшін ұл менен қыздың бойына,

Даналығыңды, даралығыңды дарытсын!

Аудандық «Баянтау» газетінің жүлдесі

Бақберген Дариғаұлы – Павлодар облысы, Ертіс ауданы:

Қаныш-жыр

(Алаштың оғлан ұлы

Қ.Сәтбаев рухына)

Хақ ғылымды ойласам,

Қанышымды сағынам,

Нақ бүгінді ойласам,

Арысымды сағынам.

Айдай біткен маңдайға

ар ұлымды сағынам,

Хандай біткен Алашқа

ғалымымды сағынам.

Ғалым деген – бір аты,

хақ тағала құдайдың.

«Ер Едіге» деседі,

Берген елге тың айбын.

«Қаныш» жұлдыз деседі,

Адасқанға шырай күн.

Жезқазғаным көмбелі

Астанасы мұнайдың,

Баянның бұла жүрегі-ай,

Патшасы еді мың ойдың.

Қиырда жатқан мұздықта,

«Сәтбаев» деп тұр айдын.

«Қаныштайын» Құзарттың

Аласармасын сұраймын.

Ғалым деген – бір аты,

Хақ тағала Құдайдың.

Сағынбайтын шарам жоқ

Сүлдерін сүйреп ғылым жүр,

Сүркейі кетіп күнім тұр,

Сүйегі сынған сүліктей,

Сілікпе болып ұлың жүр.

Семсері сен ең ілімнің.

Салпылдап босқа қыным тұр.

Сыбызғыдай сызылтып

Сөзбен шерткен жырым бұл.

Сіз кеткелі бұл күнде

Аға деп білмес жас іні,

Ақығы емес жасығы,

Алтыны емес пасығы

Алашқа бас болуда,

Арлысы емес масылы

Алпауыт топтың алдында,

Арғымақ емес қашыры!

Арыстан жүрек Ер едің

Ар мен намысы қос ұлы

Абадан кеуде Арысым,

Адамзаттың асылы.

Кешегі келте ғасырдың,

Кебеже қарынын қақ жарып,

Көлеңке толы түнектен,

Күндей боп шыққан жап-жарық,

Надандық дейтін кереңнің,

Құлағын кескен қанжары,

Адамдық дейтін өр елдің,

Тағына мінген арланым,

Тағына мінген арланым!

Хақ ғылымды ойласам,

Қанышымды сағынам.

Нақ бүгінді ойласам,

Арысымды сағынам.

Айдай біткен маңдайға

ар ұлымды сағынам,

Хандай біткен Алашқа

Ғалымымды сағынам.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар