Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұқағалидың қолжазбасы

06.04.2020 2612

Мұқағалидың қолжазбасы

Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттің сыйлықтың лауреты Несіпбек Айтұлы ағамыз кезінде өзі алдын көріп, ағалық ақылын тыңдаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өз қолымен жас ақындар жайлы жазған парағын «Әдебиет порталына» ұсынды.

- Аға, осынау құнды мұраның тарихына тоқталып, кеңірек әңгімелеп берсеңіз?

-1970-жылдың күз айы болатын. Әсем Алматыны жырға бөлеп, КазГУ-дің студенті болып жүрген шағымыз. Бірде филология факультетінің «Әуезов» атындағы үйірмесі ақын Мұқағали Мақатаевпен кездесу өткізді. Жетекшісі ғалым, атақты Сүйінбай ақынның ұрпағы Сұлтанғали Садырбаев, студент көмекшісі ақын Зернебек Шілдебаев болатын. Филология факультеті өткізген бұл кездесуге біздің журналистика факультеті және сырттан да қонақтар келіп көптеген жас ақындар қатысты. Ол кезде КазГУ бұрынғы Киров көшесінің бойында болатын. Аудиториядағы студенттер алдымен Мұқаңның өлеңдерін тыңдадық. Кейін бәрімізді жеке-жеке шығарып Мұқаң біздің өлеңдерімізді тыңдады. Сол шақтағы кілең жастар: Жүрсін Ерман, Айтуған Шәйімов, Нарша Қашағанов, Аман Жәңкеев, Амангелді Тайпозов, Еділ Демеуқұлов, Жолдығали Бақытов, Алпысбай Боранбаев, Нұрлан Оразалин, Ақылбек Шаяхметов, Жанболат Ауыпбаев, Орақ Байғалиев, Ғұсман Жандыбаев, Төлеген Берішбаев, Жұмахан, Махмет, Зәуре (есімде қалғаны) өлең оқыдық. Мен де өлеңімді оқып алдына қойдым.

Мұқағали Мақатаевтың қолжазбасы

Біз өлең оқып жатқанда Мұқаң бірдеңені қағазға түртіп отырған. Менің өлеңіме ештеңе демеді. Оқып болғасын әрқайсына жеке пікірін айтты. Сөйтсем қағазға соны түртіп алып отырған екен. Ұнаған жерлерін тоқталып, кейбір жерлерін сынға алып отырды. Ағалық ақылын айтып, ағынан жарылды. Ол да бір сағынышты дәурен екен...

- Енді Мұқағалидың қолжазбасы сізге қалай тап болғанын айтыңызшы?

- Мен алғашқылардың бірі болып өлеңімді оқып, алдына қойғам. Сөйтсем Мұқаң парақ таппай менің өлеңімнің артына жазған екен. Кейін бәріміз өлеңімізді қайтып алғанда көріп, қатты қуандым. Қағаздарымның арасына, жеке мұрағатыма сақтап қойған болатынмын. Бүгін қолжазбаларымды ақтарып отырып осыны тауып алдым. Бұл Мұқаңның қолтаңбасы қалған ғажап естелік қой! Қалың оқырман таныссын деп, сіздерге ұсынуды жөн көрдім.

Мұқаң қағаз бетіне ақындардың атын жазып келіп, кейбіреуінің жанына ескертулерін, кейбірінің ұнаған жерлерін жазып отырыпты. Ең астына былай деген екен:

1. Көп өлең оқылды, көбісі жақсы, бірақ бір жаңа өлең таба алмай отырмын.

2. Тақырып: Ана – Туған жер – Махаббат. Өмірді жырлау деген ---?

3. Өмірді көрдім, білдім деп қолдан уайым жасап алуға болмайды.

Нарша «КазГУ-ге» назын айтты. Ол жақсы.

Жазып алған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар