Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Морис Метерлинк. Соқырлар

17.09.2020 931

Морис Метерлинк. Соқырлар

Морис Полидор Мари Бернар Метерлинк – 1862-1949 жылдары өмір сүрген бельгиялық жазушы, драматург әрі философ. Француз тілінде қалам тартқан. 1911 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты.

«Соқырлар» - Морис Метерлинктің символизм бағытында жазылған классикалық шығармаларының бірі. Алғаш 1890 жылы жарияланыпты. 1911 жылы Нобель сыйлығын табыстау салтанатындағы Швед академиясы секретариятының алқау сөзінде Метерлинктің осы пьесасы айрықша сөз болады.

Автор туындыда философиялық символиканы қарапайым әрі айқын формада берген: мұндағы жолбасшысыз қалған соқырлар құдды алып мұхит ортасындағы әлдебір арал секілді, мынау шексіз, шетсіз әлемде адасып қалған тағдырларды меңзейді. Ал олардың шарасыз жанталасы, өшкін үміті оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.

СОҚЫРЛАР

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Пірәдар.

Бірінші туабітті соқыр.

Екінші туабітті соқыр.

Үшінші туабітті соқыр.

Қаусаған соқыр шал.

Бесінші соқыр.

Алтыншы соқыр.

Үш діндар соқыр кемпір.

Қаусаған соқыр кемпір.

Соқыр қыз.

Есі ауысқан соқыр келіншек.

* * *

Зеңгір, жұлдызды аспан астында жер жаратылғалы бері бар көне де көне орман. Қараңғылық қамауында ұзын қара сулықты кәрі пірәдар отыр. Зәулім еменнің қуысында сәл шалқалаған қалпы қимылсыз қалған. Бет-жүзі балауыз жарықтанып, көгерген ерні сәл ашық қалыпты. Бір нүктеге қадалған жансыз көздері енді бұны мәңгіліктің бедеріне тамсанта алмастай, құдды сансыз, ұмытылмас азап пен көз жасының қаны толғандай. Сирек ақ шаштары бетін көлегейлеген, ал әлпеті осынау өзін қоршаған күңгірт те меңіреу ормандағы бар нәрседен жарық әрі қимылсыз. Арық қолдары тізенің үстінде жатыр. Оң жағында кейбірі тас, томар үстінде, біреулері құрғақ жапырақ төсеніп алты соқыр қария отыр. Сол жағында, бұлар да соқыр, алты әйел отыр. Қарттар мен аралықты ағаштың жалаңаш тамыры мен жартастың сынықтары бөліп тастапты. Әйелдердің үшеуі күбірлеп дұға оқып, үздіксіз жоқтау айтады. Төртіншісі қаусаған кәрі кемпір. Бесіншісі есі ауысқан кейіпте, тізесінің үстінде баласы ұйықтап жатыр. Алтыншысы өте жас; бос қойған қолаң шашы беліне төгіледі. Әйелдер, еркектердің үстінде де сол, қолпылдаған, ұсқынсыз әрі бірдей киімде. Көбі тізелерін шынтақтаған күйі алақандарымен беттерін басып, бірдеңе күтіп отыр; қажетсіз қимылдан баяғыда-ақ жалыққан, осы аралдағы түсініксіз дыбыстарға да мойын бұруды қойған. Биік зират ағаштары – тұт, иілген емен, арша – бұлардың төбесінен бұтақтарын жая төніп, пана болып тұрғандай. Пірәдардан сәл әрірек түн қараңғылығында биік асфодель гүлдеп тұр. Ағаштардың арасынан сүзіле шашыраған ай жарығы түнекті бір сәтке сейілткісі келгенмен, бәрі бір сахнаны қою қараңғылық қымтаған.

Бірінші туабітті соқыр. Ол әлі келген жоқ па?

Екінші туабітті соқыр. Оятып жібердің ғой, кісіні!

Бірінші туабітті соқыр. Мен де ұйықтап отырғам.

Үшінші туабітті соқыр. Мен де.

Бірінші туабітті соқыр. Ол әлі келген жоқ па?

Екінші туабітті соқыр. Ешқандай дыбыс жоқ.

Үшінші туабітті соқыр. Баспанамызға қайтсақ болар еді.

Бірінші туабітті соқыр. Қайда отырғанымызды біліп алуымыз керек.

Екінші туабітті соқыр. Ол кеткен соң-ақ суып кетті.

Бірінші туабітті соқыр. Қай жерде екенімізді анықтауымыз керек.

Қаусаған соқыр шал. Білетіндерің бар ма, біз қайдамыз?

Қаусаған соқыр кемпір. Өте ұзақ жүрдік қой; шамасы, үйден ұзап кеткен болуымыз керек.

Бірінші туабітті соқыр. А! Әйелдер біздің қарсымызда отыр ма?

Қаусаған соқыр кемпір. Иә, біз сендердің алдарыңда отырмыз.

Бірінші туабітті соқыр. Тоқтай тұрыңдар, мен қазір қастарыңа барам. (Орнынан тұрады да қолын ербеңдетіп жүреді.) Қайдасыңдар? Дауыстап белгі беріңдерші!

Қаусаған соқыр кемпір. Мұндамыз. Тастың үстінде отырмыз.

Бірінші туабітті соқыр (қалт-құлт етіп алға жылжиды да жартасты жанай өскен ағаштың діңіне соғылады). Арамызды бірдеңе бөліп тұр...

Екінші туабітті соқыр. Одан да орныңнан тапжылмағаның жөн!

Үшінші туабітті соқыр. Сендер қайда отырсыңдар?.. Біздің жанымызға келгілерің келмей ме?

Қаусаған соқыр кемпір. Қозғалайық десек қорқып отырмыз!

Үшінші туабітті соқыр. Ол неге бізді бөліп тастаған?

Бірінші туабітті соқыр. Әйелдердің жалбарынған үні келеді, құлағыма.

Екінші туабітті соқыр. Иә, үш кемпір ғой, дұға оқып отырған.

Бірінші туабітті соқыр. Дұға қылатын уақыт емес, қазір!

Екінші туабітті соқыр. Сендер дұғаларыңды артынан, жатын орынға барған соң оқырсыңдар.

Үш кемпір дұғаларын жалғастыра береді.

Үшінші туабітті соқыр. Жанымда кім отырғанын білгім келеді.

Екінші туабітті соқыр. Шамасы, екеуміз қатар отырған секілдіміз.

Айналасындағы нәрселерді ұстап көреді.

Үшінші туабітті соқыр. Бір-бірімізді таппай отырғанымыз!

Бірінші туабітті соқыр. Бірақ бір-бірімізге жақын отырғанымыз анық. (Айналасын түртінектеп жүріп бесінші соқырды таяқпен түртіп өткен, анау күңк ете түседі) Біздің қасымызда әлгі, саңырау отырған секілді!

Екінші туабітті соқыр. Мен бәріңді бірдей ести алмай отырғаным; бағана ғана алтау секілді едік.

Бірінші туабітті соқыр. Мен есімді енді жия бастағандаймын. Әйелдерден сұрайық; бірдеңе істеуіміз керек. Үш кемпірдің дұғасын естіп отырмын – үшеуі қатар отыр-ау деймін?

Қаусаған соқыр кемпір. Олар менің қасымда, тастың үстінде отыр.

Бірінші туабітті соқыр. Мен жапырақтардың үстінде отырмын!

Үшінші туабітті соқыр. Әлгі сұлу қайда екен?

Қаусаған соқыр кемпір. Ол дұға оқып отырғандардың қасында.

Екінші туабітті соқыр. Ал есі ауысқан келіншек ше, баласы бар?

Соқыр қыз. Ол ұйықтап жатыр, оятып жібермеңдер!

Бірінші туабітті соқыр. О, алыстау отыр екенсің ғой! Қарсы алдымда отырған шығар десем.

Үшінші туабітті соқыр. Өзімізге керектің бәрін біліп алдық; енді ол келгенше әңгімелесіп отыра тұрайық.

Қаусаған соқыр кемпір. Ол бізге үндеріңді шығармай отырыңдар деген.

Үшінші туабітті соқыр. Шіркеуде отырғамыз жоқ қой.

Қаусаған соқыр кемпір. Қайда отырғанымызды білмейсің ғой.

Үшінші туабітті соқыр. Үнсіз отырсам, бойымды үрей билейді.

Екінші туабітті соқыр. Пірәдардың қайда кеткенін білмейсіңдер ме?

Үшінші туабітті соқыр. Меніңше, ол бізді ұзақ уақытқа тастап кеткен секілді.

Бірінші туабітті соқыр. Ол шаршаған. Меніңше, оның өзі де соқыр. Онысын өзі мойындағысы келмейді, ортамыздағы орнын басқа біреу алып қояды деп қорқатын болуы керек, бірақ мен оның бірдеңе көретініне күмәнім бар. Бізге басқа бір жолбасшы болса. Ол бізді тыңдамайды, ал біз көппіз. Зағипханадағы көзі көретіндерден ол және үш монох әйел ғана, және бәрінің жасы бізден үлкен!.. Ол қазір адасып, жол таппай жүргеніне кәміл сенем. Қайда кетті өзі?.. Бізді бұлай тастап кетуге тиісті емес...

Қаусаған соқыр шал. Ол алысқа кетті. Шамасы, әйелдерге ескерткен болуы керек.

Бірінші туабітті соқыр. Ие, әйелдермен ғана сөйлеседі!.. Біз кімбіз оған... Бүйте беретін болса шағымданамыз.

Қаусаған соқыр шал. Кімге шағымданбақсың?

Бірінші туабітті соқыр. Әзірге білмеймін. Көреміз ғой... Қайда кетті, әлгі?.. Мен әйелдерден сұрап отырмын.

Қаусаған соқыр кемпір. Ол ұзақ жүрістен шаршады. Шамасы, бірер минут бізбен бірге отырды ғой деймін. Бірнеше күннен бері өзін жайсыз сезініп жүр. Дәрігердің өлімінен кейін ол сәл нәрседен сескеншек болып алды. Бәрінен аулық жүреді. Ешкіммен сөйлеспейді. Не болғанын білмеймін. Бүгін қайтсе де шығатынын айтқан. Қыс түспей тұрып аралды соңғы рет күн жарықта аралап шықсам деген. Биыл қыс ұзақ әрі қатты болатын көрінеді; солтүстіктен әлден мұздықтар жүзіп келе бастапты. Нөсер жаңбырдың артынша өзен тасып, барлық бөгетті бұзып кеткенін айтып қобалжып отырған. Ол және долданып жатқан теңізден шошитынын айтты, жағалаудағы жартастар өте аласа көрінеді. Өзі барып байқастағысы келген, бірақ бізге ештеңе айтқан жоқ... Қазір ол есі ауысқан келіншекке нан мен су әкелуге кеткен болуы керек. Алысқа барамын деді... Күтейік.

Соқыр қыз. Кетерінде менің қолымды ұстап ұзақ отырды. Қолдары бірдеңеден қорыққандай дірілдей берді. Сосын ол мені сүйді...

Бірінші туабітті соқыр. О! О!

Соқыр қыз. Мен одан неге қобалжып тұрғанын сұрағам. Ол ештеңе білмеймін деді. Кәрілер патшалығы, шамасы, күйреуге жақын екенін айтқан...

Бірінші туабітті соқыр. Ол бұнымен не айтқыс келді екен?

Соқыр қыз. Онысын түсінбедім. Ол үлкен маякқа барамын деген.

Бірінші туабітті соқыр. Бұл маңда маяк бар ма еді?

Соқыр қыз. Иә, аралдың солтүстік мүйісінде. Алыс емес шығар деп ойлаймын. Маяктың шамы осы арадан – бұтақтардың арасынан көрініп тұрады деген болатын. Бүгін ол әдеттен тыс көңілсіз жүрді. Меніңше ол осы соңғы күндерді жылаумен өткізді. Неге екенін білмеймін, өзіме білінбегенмен, мен де жыладым. Мен оның кетіп бара жатқан дыбысын естімедім. Оны-мұны сұрап артық қажағам да жоқ. Мен оның мұңая жымиғанын сездім; көзі жұмылып, сөйлеуге мұршасы келмей отырғанын да сездім...

Бірінші туабітті соқыр. Ал ол бізге ештеңе айтқан жоқ!

Соқыр қыз. Сіздер оның сөзіне құлақ түрмейсіздер!

Қаусаған соқыр шал. Ол сөйлеген кезде, сендер сыбырласып отырасыңдар!

Екінші туабітті соқыр. Кетерінде ол бізге тек «Түн тыныш болсын!» дегенді ғана айтты.

Үшінші туабітті соқыр. Қазір, шамасы, күн кешкіріп кетті.

Бірінші туабітті соқыр. Кетерінде, ол «Түн тыныш болсын!» дегенді әлденеше рет қайталады – құдды ұйқыға кетіп бара жатқандай. Маған қарап: «Түн тыныш болсын! Түн тыныш болсын!..» деп бірнеше рет қайталай айтқанын сездім. Біреу өзіңе қарсы қарап тұрып сөйлегенде, дауысы құбылып шығады.

Бесінші соқыр. Түк көрмейтін адамды аясаңыздар етті!

Бірінші туабітті соқыр. Мына мағынасыз сөз кімнің аузынан шықты?

Екінші туабітті соқыр. Саңырау ғой деймін, бұны айтқан.

Бірінші туабітті соқыр. Доғар!.. Мүсәпірситін уақыт емес, қазір.

Үшінші туабітті соқыр. Ол өзі нан мен суды қайдан әкелмекші еді?

Қаусаған соқыр шал. Теңіз жақты бетке алған болатын.

Үшінші туабітті соқыр. Оның жасында теңізге бармайды!

Екінші туабітті соқыр. Біз сонда теңізге жақынбыз ба?

Қаусаған соқыр шал. Иә. Үндеріңді өшіріңдер. Қазір естисіңдер.

Жағадағы жартасты баяу соққан судың сылпылы жақыннан, тым жақынна естіліп тұрды.

Екінші туабітті соқыр. Мен тек кемпірлердің дұғасын ғана естіп тұрмын.

Қаусаған соқыр шал. Құлақ түр – сыбыр-күбірінің арасынан теңізді естисің.

Екінші туабітті соқыр. Иә, естілді: жақын маңнан шуыл келіп тұр.

Қаусаған соқыр шал. Теңіз құдды қалғып кетіп, қайта оянғандай.

Бірінші туабітті соқыр. Ол бізді осында бекер әкелді. Мына шуыл маған ұнамай тұр.

Қаусаған соқыр шал. Шағын ғана арал екенін білесіңдер: зағиптар үйінің қоршауынан шықсаң-ақ болды, құлағыңа теңіздің шулаған дауысы келеді.

Екінші туабітті соқыр. Бұрын мен ондайды ешқашан естімеппін.

Үшінші туабітті соқыр. Бүгін тым жақыннан естіліп тұрғанын сезіп отырмын. Маған бұл мүлдем ұнамайды.

Екінші туабітті соқыр. Мен де. Біз тіпті серуенге сұранған да жоқпыз ғой.

Үшінші туабітті соқыр. Біз бұрын бұл арада болған емеспіз. Осыншама алысқа бізді бекер әкелді.

Қаусаған соқыр кемпір. Таңертең өзімді өте жақсы сезіндім! Ол бәріміз зағиптар үйіне қыс бойы қамалмай тұрғанда, күншуақта серуендеп қайтқанымызды қалады.

Бірінші туабітті соқыр. Мен сол үйден аттап баспасақ екен деймін!

Қаусаған соқыр кемпір. Ол және табандарыңның астындағы аралды жақсы білулерің керек деді. Бүкіл аралды, рас, оның өзі де түгел аралаған емес. Мұнда әлі жан баласы шықпаған тау да, жұрт мүмкіндік болса аттап басқысы келмейтін жазық та, ешкім от алып кірмеген үңгір де бар көрінеді. Сондай-ақ, жатақхана аркасының астында күннің шуағын аңсап мәңгі отыра беруге болмайды деген. Ол бізді теңіз жағасына апарғысы келді. Бірақ алдымен ол жерге өзі жалғыз кетті.

Қаусаған соқыр шал. Айтқандары ақылғы қонымды: қалай тіршілік етерімізді ойластыруымыз керек.

Бірінші туабітті соқыр. Зағиптар үйінде көз сүйсінтер ештеңе жоқ.

Екінші туабітті соқыр. Біз күннің көзінде отырмыз ба?

Алтыншы соқыр. Қайдам. Шамасы, кеш батып барады.

Екінші туабітті соқыр. Сағат қанша болды екен?

Соқырлардың бәрі. Білмеймін... Ешкім білмейді.

Екінші туабітті соқыр. Әлі жарық па? (Алтыншы соқырға.) Қайдасың?.. Сенің сәл-пәл көзің көреді ғой, айтшы, айтып жіберші!

Алтыншы соқыр. Қараңғы болып кетті-ау, шамасы. Аспандағы күн маған көкшіл дақ болып көрінеді. Мен оны бағана көргем, ал қазір ештеңені ажырата алмай қалдым.

Бірінші туабітті соқыр. Мезгіл кешкіріп кеткенін мен қарнымның ашқанынан білемін, қазір дәл солай қарным ашып тұр.

Үшінші туабітті соқыр. Аспанға қараңдар! Мүмкін, бірдеңе көрерсіңдер!

Үш туабітті соқырдан өзгенің бәрі аспанға қарайды, ал ол үшеуі жерге қарап отырған.

Алтыншы соқыр. Төбеміздегі аспан ба, біле алмай отырғаным.

Бірінші туабітті соқыр. Үніміз құдды үңгірден шығып тұрғандай.

Қаусаған соқыр шал. Шамасы, кешкі дауыс осылай естілетін болуы керек.

Соқыр қыз. Алақаныма айдың нұры түсіп тұрған секілді.

Қаусаған соқыр шал. Жұлдыз жамырады ғой деймін. Маған солай сезіліп тұр.

Соқыр қыз. Маған да.

Бірінші туабітті соқыр. Маған ештеңе естіліп тұрған жоқ.

Екінші туабітті соқыр. Мен тек өзіміздің демімізді ғана естіп отырмын.

Қаусаған соқыр шал. Шамасы, әйелдердікі жөн.

Бірінші туабітті соқыр. Мен ешқашан жұлдыздарды сезген емеспін.

Қалған екі туабітті соқыр. Біз де.

Кенет ағаш бұтақтарына түнгі құстар келіп қонады.

Екінші туабітті соқыр. Тыңдаңдар! Тыңдаңдар!.. Төбеміздегі не?.. Естідіңдер ме?

Қаусаған соқыр шал. Аспанмен арамызда бірдеңе сыбдырлағандай болды!

Алтыншы соқыр. Төбемізде бірдеңе қозғалатындай, бірақ біз оны ұстай алмаспыз.

Бірінші туабітті соқыр. Не дыбыс екенін түсіне алар емеспін. Үйге қайтқым келеді.

Екінші туабітті соқыр. Қайда екенімізді анықтауымыз керек!

Алтыншы соқыр. Мен орнымнан тұрмақшы едім; айналам қарақат екен; қол созуға қорқып отырмын.

Үшінші туабітті соқыр. Қайда отырғанымызды анықтауымыз керек!

Қаусаған соқыр шал. Оған шамамыз жетпес!

Алтыншы соқыр. Үйден алыстап кеткен болуымыз керек. Дыбыстар маған түсініксіз бола бастады.

Үшінші туабітті соқыр. Біраздан бері өлген жапырақтардың дыбысын естіп отырмын!

Алтыншы соқыр. Бұрын бұл аралды көрген біреу-міреу бар ма, қайда екенімізді айтып жібермес пе екен?

Қаусаған соқыр кемпір. Біз бұл жерге келгенде бәріміз соқыр болатынбыз.

Бірінші туабітті соқыр. Біз оны ешқашан көрген емеспіз.

Екінші туабітті соқыр. Бекер қобалжисыңдар! Ол кешікпей келіп те қалар. Азырақ күте тұрайық. Бірақ бұдан былай оған ешқашан ермейміз.

Қаусаған соқыр шал. Біз өздігімізден жүріп-тұра алмаймыз!

Бірінші туабітті соқыр. Зағиптар үйінен мүлдем шықпаймыз. Меніңше сөйткеніміз жөн.

Екінші туабітті соқыр. Біздің серуендегіміз келген жоқ, одан ешкім ештеңе өтінген емес.

Қаусаған соқыр шал. Бүгін аралда мереке; үлкен мерекелерде үнемі серуендейміз.

Үшінші туабітті соқыр. Ол мені: «Тұр, тұр! Уақыт болды! Күн тас төбеге шықты!» - деп иығымнан түртіп оятып алды. Расымен күн шығып тұрып па еді? Мен байқай алмадым. Мен күнді өмірімде көрмегем.

Қаусаған соқыр шал. Өте жас кезімде көрген едім, күнді.

Қаусаған соқыр кемпір. Мен де, баяғыда, кішкентай кезімде, бірақ қазір ұмытып та қалдым.

Үшінші туабітті соқыр. Ол бізді несіне күнге шығарып жүр? Күнді мына біздің қайсымыз көре аламыз? Түсте ме, түн ішінде серуендеп жүрмін бе, ешқашан айта алмаймын.

Алтыншы соқыр. Мен түстегі серуенді жөн көремін. Сол сәтте жүзіме жарық шағылысып, көздерім ашылғысы келіп жыбырлайды.

Үшінші туабітті соқыр. Ал мен ас үйдегі пеш түбінде отыра бергім келеді. Бүгін ол маздап жанды!..

Екінші туабітті соқыр. Ол бізді аулада серуендетсе де болар еді ғой – қабырғалар қорғар болар еді. Шыға алмайсың, ештеңеден қорқудың да керегі жоқ – есік құлыптаулы... Мен оны үнемі құлыптап жүретінмін... Сол қолымның шынтағынан неге түрттің?

Бірінші туабітті соқыр. Мен сені түрткем жоқ, тіпті қол тигізе алар емеспін.

Екінші туабітті соқыр. Біреу шынтағымнан түртті!

Бірінші туабітті соқыр. Мен сені ұстаған жоқпын деймін.

Екінші туабітті соқыр. Біреу шынтағымнан ұстады!

Бірінші туабітті соқыр. Саған ешқайсымыз қол тигізген жоқпыз.

Екінші туабітті соқыр. Менің бұл арадан кеткім келеді!

Қаусаған соқыр кемпір. Құдай! Құдай! Белгі берші, қайдамыз біз!

Бірінші туабітті соқыр. Біз оны ғасыр түгесілгенше күтіп отыра алмаймыз!

Алыс бір қиырдан сағат қоңырауы он екі рет баяу соқты.

Қаусаған соқыр кемпір. О, үйден қалай алыстап кеткенбіз!

Қаусаған соқыр шал. Түн ортасы болды!

Екінші туабітті соқыр. Мүмкін тал түс шығар!.. Кім біледі?.. Айтыңдаршы!

Алтыншы соқыр. Білмеймін. Меніңше, көлеңкеде отырған секілдіміз.

Бірінші туабітті соқыр. Түк түсінсем бұйырмасын – біз өте ұзақ ұйықтадық.

Екінші туабітті соқыр. Қарным ашты!

Бәрі. Бірдеңе ішіп-жегіміз келеді!

Екінші туабітті соқыр. Қашаннан бері осындамыз?

Қаусаған соқыр кемпір. Меніңше, біз ежелден осындамыз!

Алтыншы соқыр. Мен қайда екенімізді аңғара бастағандаймын...

Үшінші туабітті соқыр. Түн белгісі соғылған жерге баруымыз керек...

Қараңғыдағы түн құстары қанаттарын шаттана сілкиді.

Бірінші туабітті соқыр. Естідіңдер ме?.. Естідіңдер ме?..

Екінші туабітті соқыр. Біз мұнда өзіміз ғана емеспіз бе?

Үшінші туабітті соқыр. Мен бізді үнсіз тыңдап отырғанын бағана сезгем... Ол қайтып оралмады ма екен?

Бірінші туабітті соқыр. Не екенін білмеймін – бірақ төбемізде отыр.

Екінші туабітті соқыр. Ал басқалар ештеңе естімеді ме?.. Сендер үнемі үнсіз отырасыңдар!

Қаусаған соқыр шал. Біз құлақ түріп отырмыз.

Соқыр қыз. Мен қанат қаққанын естідім!

Қаусаған соқыр кемпір. Құдай! Құдай! Көрсетші бізге, қайдамыз біз!

Алтыншы соқыр. Мен қайда екенімізді аңғара бастағандаймын... Зағиптар үйі үлкен өзеннің арғы жағалауында тұр; біз көпір арқылы бері өттік. Ол бізді аралдың теріскей жағына алып жүрді. Өзеннен алыстағамыз жоқ, егер жақсылап құлақ түрсек, гүрілі де естілуі мүмкін... Егер ол оралмаса, сол жаққа қарай жүру керек... Ол жерде күні-түні кеме қатынайды, теңізшілердің көзіне түсерміз. Мүмкін, орманның маяк тұрған тұсында шығармыз, бірақ мына жерден қалай шығатынымызды білмеймін... Менімен бірге қайсың жүресің?

Бірінші туабітті соқыр. Осында қаламыз!.. Күтейік, күтейік!.. Үлкен өзеннің қай маңда екенін білмейміз ғой, ал зағиптар үйінің айналасы – батпақ. Күтейік, күтейік... Ол оралады, оралуға тиісті!

Алтыншы соқыр. Бұл жерге қалай келдік, кімнің естінде? Ол жол бойы айтып отырған болатын.

Бірінші туабітті соқыр. Мен мән бергем жоқ.

Алтыншы соқыр. Араларыңда тыңдаған біреу бар ма?

Үшінші туабітті соқыр. Бұдан былай құлақ түретін боламыз.

Алтыншы соқыр. Араларыңда жергілікті біреу бар ма?

Қаусаған соқыр шал. Бәріміздің алыстан келгенімізді өзің де білесің.

Қаусаған соқыр кемпір. Біз теңіздің ар жағынан келгенбіз.

Бірінші туабітті соқыр. Жүзіп жеткенше өліп қала жаздағаным есімде.

Екінші туабітті соқыр. Мен де... Біз бірге келгенбіз.

Үшінші туабітті соқыр. Біз үшеуміз бір приходтанбыз.

Бірінші туабітті соқыр. Ашық күндері осы арадан шіркеу көрініп тұрады екен... Солтүстік жақтан... Қоңыраусыз шіркеу.

Үшінші туабітті соқыр. Біз ойда жоқта бұл жағалаудан түсіп қалыппыз.

Қаусаған соқыр кемпір. Ал мен басқа өлкеденмін...

Екінші туабіті соқыр. Қай жақтан?

Қаусаған соқыр кемпір. Ол туралы енді ойлай да алмаймын... Еске түскенді де қойды... Мен келгелі қай заман... Ол жақ осы жерге қарағанда суықтау...

Соқыр қыз. Мен – алыс жақтанмын...

Екінші туабітті соқыр. Сонда қай жақтансың?

Соқыр қыз. Оны саған айта алмаймын. Қалай түсіндірсем екен?.. Бұл арадан өте алыста – теңіздің ар жағында. Менің өлкем өте байтақ. Белгілермен ғана көрсете алар едім, бірақ біз түк көрмейміз ғой... Мен ұзақ жүрдім... Бірақ күнді, су мен отты, таулар мен адамдардың жүзін, ғажайып гүлдерді көрдім... Ондай нәрселер бұл аралда жоқ – бұл жер тым сұрғылт әрі суық... Көзім көрмей қалғалы бері, мен олардың хош исін де сезбейтін халге жеттім... Мен бірақ әке-шешем мен сіңілілерімді көрдім... Тым кішкентай едім және қайда екенімді түсінбейтінмін... Теңіз жағасында ойнайтынмын... Анық есімде, көзім өткір болатын!.. Бірде биік таудағы қарға қарадым... Сөйтіп бақытсыз болатындарды басқалардан ажырата бастадым...

Бірінші туабітті соқыр. Бұнымен не айтпақсың?

Соқыр қыз. Мен оларды қазір де кей-кейде даусынан ажырата аламын... Ол жайлы ойламаған сайын айқындала түсетін естеліктерім бар...

Бірінші туабітті соқыр. Ал менде ешқандай естелік жоқ...

Бұлардың төбесінен жыл құстары тобымен қиқулап ұшып өтті.

Қаусаған соқыр шал. Аспан астында тағы бірдеңе болды!

Екінші туабітті соқыр. Бұл жерге неге келдің?

Қайсаған соқыр шал. Кімнен сұрап отырсың?

Екінші туабітті соқыр. Біздің жас бикештен.

Соқыр қыз. Ол мені емдей аламын, уақыт өте келе көзің көреді деді. Сол кезде аралдан кетемін.

Бірінші туабітті соқыр. Бәріміздің де аралдан кеткіміз келеді!

Екінші туабітті соқыр. Біз мұнда мәңгілікке қаламыз!

Үшінші туабітті соқыр. Ол өте қартайып кеткен, бізді емдеп үлгермейді!

Соқыр қыз. Менің кірпіктерім жабылып қалған, бірақ көзімде жан барын сеземін...

Бірінші туабітті соқыр. Менің кірпіктерім ашық.

Екінші туабітті соқыр. Мен көзімді ашып ұйықтаймын.

Үшінші туабітті соқыр. Көзімізді сөз қылмай-ақ қояйық!

Екінші туабітті соқыр. Сен келгелі көп болды ма?

Қаусаған соқыр шал. Бірде кешкісін, дұға оқу кезінде мен бейтаныс әйел дауысын естідім, сөйтіп сен өте жас екеніңді даусыңнан білдім... Сені көргім, естігім келді...

Бірінші туабітті соқыр. Ал мен ештеңе байқағам жоқ.

Екінші туабітті соқыр. Ол бізді әлденедей әңгімеге де тартпайды!

Алтыншы соқыр. Сені алыстан келген әйел затының көріктісі деп жүр.

Соқыр қыз. Мен өзімді өмірі көрген емеспін.

Қаусаған соқыр шал. Біздің бәріміз де бір-бірімізді ешқашан көрмегенбіз. Біз бірімізден біріміз сұраймыз да жауап қатамыз; бірге тұрамыз, уақытты бірге өткіземіз, бірақ өзіміздің кім екенімізді білмейміз!.. Бір-бірімізді қолмен ұстап көруіміз бекер – қолдан гөрі көз көп нәрсені біледі...

Алтыншы соқыр. Кейде сендер күнге шыққанда, көлеңкелеріңді көрем.

Қаусаған соқыр шал. Біз өзіміз тұратын үйді ешқашан көрген емеспіз; қабырға мен терезені бекер сипалаймыз, қайда тұратынымызды бәрі бір білмейміз!..

Қаусаған соқыр кемпір. Мына ескі қамал ұсқынсыз әрі пірәдар тұратын мұнарадан басқа жеріне жарық түспейтін жайсыз деп жүр.

Бірінші туабітті соқыр. Соқырға жарықтың не керегі бар.

Алтыншы соқыр. Зағиптар үйінің маңында қой жаюға шыққан кезімде, қойларым кешке мұнараға түскен жарықты сағалап өрістен өздері қайтады... Олар бір рет те адасқан емес.

Қаусаған соқыр шал. Біз көп жыл бірге тұрсақ та, бір-бірімізді ешқашан көрген емеспіз! Әрқайсымыз жалғыз-жалғыздан өмір сүріп жатырмыз деп ойлауға да болар!.. Сүю үшін көру керек.

Қаусаған соқыр кемпір. Кейде, түсімде көзімнің ашылғанын көрем...

Қаусаған соқыр шал. Мен тек ұйықтағанда ғана көрем…

Бірінші туабітті соқыр. Мен тек түн ортасында ғана түс көрем.

Екінші туабітті соқыр. Қолың сұлық жатқанда, нені армандауға болады?

Орманды жел тербеп, қара жерге жапырақ жауып жатыр.

Жалғасы...

Көрнекі сурет: Кіші Питер Брейгель "Соқырлар туралы оқиға"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар