Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мирас Мұқаш. Жетім шал

18.06.2019 3871

Мирас Мұқаш. Жетім шал

(Әңгіме)

Біздің үйдің қасында бір шал тұрады. Тұрмайды да, біреудің күркесін паналап жатады. Өйткені оның үйі де, бала-шағасы да, туысқандары да жоқ.

Өзі қазақ та орыс та емес, бірақ түрі осы екеуіне де ұқсайды. Екі тілде де сөйлемейді. Себебі – мылқау. Әбден қартайған. Беті мыж-мыж. Түрі аянышты. Үстіндегі киімдері де жыртық-жыртық. Қысы-жазы кір-кір пальтосын тастамайды.

Әкемнен бұл кім деп сұрап едім:

- Сордан көз ашпаған жетім шал ғой бейшара. Қайтесің оны - деді.

Шал анда-санда қалтақтап далаға шығып, құбырдан кішкене бақырмен су алады. Жерде жатқан темекінің қалдықтарын тереді.

Бір күні дүкеннен нан әкеле жатыр едім, шарбақтан басын созып бірдеңке айтқысы келді. Қарыны ашқан сияқты. Аяп кеттім де нанды бере салдым. Қуанды. Күлейін деп еді, күле алмады. Жүгіре жөнелдім.

Нанға жіберген шешем:

- Көшедегі қайыршыларды сен асырайын деп пе едің? Нең бар? – деп қатты ұрысты.

Сонда да аяп жүрдім. Бірақ оған көрші балалардың жандары ашыған жоқ. Ылғи жолда кездессе мазақтап, итеріп, суға құлатып, қашып кетеді. Оларға шалға тимеңдер деп айта алмаймын. Менен үлкен балалар. Тоғызыншы, оныншы кластарда оқиды.

Неге сорлады екен, жаман адам болған шығар, ондай кісілердің бәрі қартайғанда осылай жүре ме деп ойладым.

Тағы да апарып берейін деп, тамақ орап алып жатқанда шешем көріп қойып, айқай салды: Әкеме айтты:

- Құдай-ай, әнебір шал пәле болды ғой. Бұл жерден көшеміз бе, не істейміз?! – деп.

Әкем түнеріп көп отырды.

- Көшкенде қайда барасың? Қайда барсаң да қайыршылар қаптап жүр. Өзіміз де қайыршылықтың аз-ақ алдында отырмыз – деді.

Сабақтан келсем, көршінің үйінің жанынан жедел жәрдем машинасы кетіп барады. Біреу ауырып қалған шығар дедім.

Шешем қуанып жүр екен. Жетім шал өліп қалыпты. Мен қуанған жоқпын.

Көрнекі сурет: www.shunk.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар