Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«МЕН» – прозаға келген өр рух

20.12.2020 1830

«МЕН» – прозаға келген өр рух

Сөз Мағауин Мұхтар ақсақалдың мемуарлық хамсасы хақында

«Мен» шыққан бойда жазушының басқа шығармаларының тағдырын қайталағанын есті оқырманның бәрі білсе керек. Қалың оқырманның ықлас пейілінен бөлек, баспасөз бетіндегі әдеби ортаның әртүрлі күбір-сыбыры... Шын мәнінде мағауинтану ғылымы құр тұр десек те болады. Халқына «Аласапыран», «Көк мұнар», «Көкбалақ», «Шақан-Шері», «Сарықазақ» сынды әйдік шығармалар сыйлаған жазарманның қарым қабылетін талдап білу, оның шеберліктері мен жетістіктерін жете білдіру бұл қазақ әдебиетінің болашағы үшін, оның өсуі мен жетілуі, кемеліне келуі үшін қажет. Жас буынның ой қортып өскелеңдеп, жазушылық машыққа тез төселіп, әдебиет көшінде өз сорабын табуға керек. Бомаса, біз танитын Мұхтар ақсақал оған зар да емес шығар.

Тарихқа көз салсақ, «мен» – түркі баласының рухының үні, оғландық белгісі. «Мен» жазылғанға дейін бұл үннің ұрпақтар сабақтастығы поэзияда сақталып келді.

Орхон-энисей жазба ескерткіштеріндегі:

«Аш халықты тоқ еттім,

Аз халықты көп еттім» дейтін қаған жырында «мен» жасырын келеді. Ал, бұл түркі баласының бір нәубет заманнан аман қалуының бізге жеткен шежіресі. «Ер толқыса, ел сүйеу болады, Су толқыса, жар сүйеу болады, Халық толқыса, хан сүйеу болады, Хан толқыса, кім сүйеу болады?!» дейді біз ұмытқан халық даналығы. Міне, елге сүйеу болған қаған «(Мен) аш халықты тоқ еттім, аз хылқты көп еттім» десе несі айып? Оны айтып отырған сол нәубеттен халқын аман алып шыққан Яллұқ тегіннің ұлы. Ұлы Қаған. Айтуға лайық па? Болғанда қандай.

Берілектергі Қазтуған жыраудың «өзіне арнаған» (М.Мағауин) «Мадақ жырын» оқыңызшы...

«Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек окқа кіріс-ті,

Айдаса - қойдың көсемі,

Сөйлесе - қызыл тілдің шешені,

Ұстаса - қашағанның ұзын құрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер атты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлұт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған!!!».

Бұны жазушының өзі «Таза далалық поэзия!» деп бағалай келіп, «Бұл жолдар тек қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті. Мұздай ызғарлы ауыр сауыт киген батыр көтермелеу үшін өзін номадтың түсінігіндегі ең әулетті, ең құрметті деген зарттарға балайды. Тарпаң тағыны ұстар ұзын құрық, ақ орданы сүйеп тұрған әшекейлі сырық, жас бураның тал қайзар өткір азуы, қыранның жембасар тырнағы, – алтын да, күміс те емес, бірақ алтыннан да, алмастан да салмақты, іріктеліп, екшеліп алынған образдар» екенін айтады. Айтып-айтпай, жырау өз бейнесін «Бұлұт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашқан» деп шалқи суреттесе де, зор ақындық қуат бар соны жыр.

Кешегі өр Маханбет «менді» былай толғайды:

«... Мен - мен едім, мен едім!
Мен Нарында жүргенде
Еңіреген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім
».

Тағдырлы кезең тартысының айшықты образы. Ағайын арасының бітіспес кек пен наласы ғана емес бір қауымның үні. Бүгінде бір тарихтың шежіресі іспетті.

Ал, кеше ғана «Мен – отпын», «Мен – күнмін» деді қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев. Әрине, өзі де кім қанша су құйса да сөнбейтін от, күндей шұғылалы, сәулесі алысқа кетер ақын еді. Ол өзін ғана айтып тұрған жоқ-ау деймін. Өзімен замандас «Алаш» зиялыларының рухани потенциялын, бір халықтың мүмкіндігін айтып тұр деп білеміз.

«(Мен) Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам,

Күн болмағанда кім болам»!

Мұнда да жасырын «мен».

Дәуірлес, тағдарлас ақын

«Алмайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман, Мұхаммедтің үмбетімін»(М.Мақатаев) деп жырлайды.

Бұл «меннің» барлығында ақынның мақтануы, көкірек керуі, халыққа мұрын шүйіре қарауы тұрған жоқ. Керісінше, халықты ояту, халыққа серпін беру, болған істі жеткізу, кесек адамгершілік қасиетті ұғындыру жатыр. Біз оқып отырған «мені» бар шығарманың қай-қайсысының халыққа берері қуаты, биік мұраты бар өр рухты, асқақ жырлар.

Мұхтар ақсақалдың мемуарына «Мен» деп тақырып қоюы шығарма сюжетіне өз өмірінің арқау болуы тұрғысынан да заңды еді. Ұлт руханиятына, тарихына, сөз өнеріне қосқан ерепайсыз еңбегі жазушының осы жолдағы тәжірибесі, көрген-білгені, қажыр-қайратының шежіресі болған әйдік еңбектің бұлай атауы жарасып-ақ тұр. Себебі, жоғарыдағы тарихи «мендердің» қай-қайсысы да өз мемуарлық деталдары негізінде жазылған.

«...керек десеңіз, мемуарлық сыпат шығарманың сыртқы пішіні ғана. Негізгі тақырып – ғалым-жазушының өзіндік, таза қазақы көзқарасы тұрғысынан байыпталған қилы заман – орталық ХХ ғасырдың екінші жарымы» дейді Едіге Мағауин. Айтып-айтпай, «Мен» жанышталған жәдігерді тірілту, күсталанған тарихтың шамын жағу, ұлтты ояту, халықтың рухын серпілту жолындағы күрес шежіресі. Соның ыстығы мен суығы, машағат-азабы, жан дүниенің күзелісі. Бір сөзбен айтқанда, бір тұлғаның кешірмесі емес, тұтас бір дәуірдің рухани келбетінің айнасы.

Сондықтан да, ақсақал Мұқтар Мағауиннің «Мен» роман-хамсасы – қазақ поэзиясындағы «мен» деген асқақ рухты, Тәңір Тағаладан берілер әділетшіл қайратты мінезді прозаға алып келуімен әдебиет тарихында қалатын ұлы шығарма.

Оразбек САПАРХАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар