Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Құтты білік», «Диуани лұғат ат-түрк», «Ақиқат сыйы» және «Бабалар сөзі» кітабындағы ұқсас мақал-мәтелдер

31.12.2019 1341

«Құтты білік», «Диуани лұғат ат-түрк», «Ақиқат сыйы» және «Бабалар сөзі» кітабындағы ұқсас мақал-мәтелдер

Қараханид дәуіріндегі түркі тілі және қазіргі қазақ тіліндегі жануарлардың атаулары кездесетін мақал-мәтелдердің ұқсастықтары

Түркі тілдеріне ортақ тарихи жазба мұралар негізінен үш дәуірді қамтиды. Олар көне түркі дәуірі, орта түркі дәуірі және жаңа түркі дәуірі. Бұл мақалада орта түркі дәуіріне қарасты Қараханид кезеңіне жататын Ж.Баласағұнның «Құтты білік», М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты шығармаларында және қазіргі қазақ тіліндегі 100 томдық «Бабалар сөзі» кітабының мақал-мәтелдерге қатысты 65, 66, 68, 69 томдарында кездесетін жануарлардың атаулары бар мақал мәтелдер ұқсастықтары тұрғысынан қарастырылды.

А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйында» 7 мақал-мәтел бар. (Демир, 2013: 51). Олардың 1-і ғана жануарға қатысты. М.Қашқаридың «Диуани лүғати-ат-түрк» атты шығармасында – 271 мақал-мәтел. (Үстүнер, 1989: 25) Бұл еңбектен жануарлардың атаулары кездесетін 84 мақал-мәтел табылды. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» атты шығармасында – 274 мақал-мәтел (Үстүнер, 1991: 393). 5-і болса жануарларға байланысты. Қараханид кезеңіне жататын шығармаларда жануарларға қатысты 90 мақал-мәтел бар. Ал, 100 томдық «Бабалар сөзі» кітабының 65, 66, 68, 69-шы томдары 21240 мақал-мәтелден тұрады. Олардың 1679-на жануарлардың атаулары кірген. Басшылыққа алынған Қараханид кезеңіне жататын шығармалар мен «Бабалар сөзінің» аталмыш томдарынан табылған құрылымы жағынан өте ұқсас және мәндік-семантикалық тұрғысынан жақын жануарлардың атаулары кездесетін 23 мақал мәтел төмендегідей:

Құтты білік: Ер ат болды беглер канаты йүгі,

Канатсыз куш учмаз ай беглер беги.

Бабалар сөзі: Әскер-бектің қанаты,

Құс қанатсыз ұша алмайды.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Авчы нече ал билсе, адхығ анча йол билир.

Бабалар сөзі: Аңшы қанша айла білсе, аю сонша жол біледі.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Алын арслан тутар, күчин сичган тутмас.

Бабалар сөзі: Айламен арыстан ұстар, қара күшпен тышқан да ұстай алмас.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Арслан карыса сычган өтин көдхезүр.

Бабалар сөзі: Арыстан қартайса, тышқан інін күзетер.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Арслан көкресе ат адхакы тушалыр.

Бабалар сөзі: Арыстан ақырса, ат аяғы қалтырайды.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Бир тилкү терисин икиле соймас.

Бабалар сөзі: Бір түлкінің терісін екі рет соймайды.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Еудекі бузагу өкүз болмас.

Бабалар сөзі:: Үйде өскен бұзау өгіз болмас.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Ики кочнғар башы бир ашачта пышмас.

Бабалар сөзі: Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Қалын қаз кулавузсуз болмас.

Бабалар сөзі: Қалың басшысыз болмас.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Киши аласы ичтин, йылкы аласы таштын.

Бабалар сөзі: Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Киши сөзлешү, йылкы йыдхлашу.

Бабалар сөзі: Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Куш канатын, ер атын.

Бабалар сөзі: Құс қанатымен, ер атымен.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Муш оглы муйаву тогар.

Бабалар сөзі: Мысықтың баласы мияулап туады.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Теви силкинсе ешекке йүк чыкар.

Бабалар сөзі: Түйе сілкінсе, есекке жүк шығады.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Ит ысырмас, ат теппес теме.

Бабалар сөзі: Ит қаппас, ат теппес деме.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Инған ынғраса боту бозлар.

Бабалар сөзі: Інген ыңыранса, бота боздар.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Икки богра игешүр отра көкегүн йанчылар.

Бабалар сөзі: Екі бура таласса, ортасында шыбын өледі.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Толум анутса кулун булур, толум инутса булун болур.

Бабалар сөзі: Қару-жарақ сайланса, ат табылар, қаруын умытса, қапасқа түсер.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Карга казга өтгүнсе буты сынур.

Бабалар сөзі: Қарға қазға ұқсаса, аяғы сынады.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Каз копса өрдек көліг ігенүр.

Бабалар сөзі: Қаз кетсе, үйрек көлді иеленір.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Еркеч ети ем болур ечкү ети йел болур.

Бабалар сөзі: Теке еті ем болар, ешкі еті жел болар.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Теуеу мүнүп кой ара йашмас.

Бабалар сөзі: Түйеге мініп қой ішінде жасырынбас болар.

***

Ақиқат сыйы: Асел айда ерсе биле арысы, ары зехри татгу аселдин оза.

Бабалар сөзі: Бал қайда болса, ара сонда.

Құрамындағы кейбір сөздері ауысқанымен, бір-біріне мағыналық жағынан ұқсайтын жануарлардың атаулары кездесетін 9 мақал-мәтел төмендегідей:

Диуани лүғати-ат-түрк: Болдачы бузагу өкүз ара белгүлүг.

Бабалар сөзі: Болатын бұзау бұзауынан белгілі.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Бөрі кошнысын йемес.

Бабалар сөзі: Қасқыр да қастық қылмас жолдасына.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Калын колан чубгасыз болмас.

Бабалар сөзі: Қалың қаз башсысыз болмас.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Агылда оглак тогса арыкда оты өнер.

Бабалар сөзі: Қорада лақ туса, қырда шөп өседі.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Ары кафчытса ысрур.

Бабалар сөзі: Ара тисең шағады.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Кары өкүз балдука коркмаз.

Бабалар сөзі: Өлетін өгіз балтадан тайынбас.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Коркмыш кишиге кой башы кош көрүнүр.

Бабалар сөзі: Қорыққанға қос көрінер.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Өлдечи сычган муш ташакы кашыр.

Бабалар сөзі: Өлейін деген тышқан мысықтың құйрығымен ойнайды.

***

Диуани лүғати-ат-түрк: Йазыда бөрі улыса еуде ит багры тартышыр.

Бабалар сөзі: Үйде сиыр мөңіресе, тауда бұғының мүйізі сырқырайды.

Басшылыққа алынған Қараханид кезеңіне жататын шығармалардан 46, «Бабалар сөзінен» 113 жануар атауы анықталды. Қараханид дәуірінен бүгінгі күнге дейін жалғасын тапқан 33 жануар атауының қазіргі қазақ тіліндегі фонетикалық тұлғасы сәл өзгеріске ұшырағанымен, мағынасы толық сақталған.

Қараханид дәуіріндегі түркі тілі – Қазақ тілі

Ары – Ара

Арслан – Арыстан

Атан – Атан

Ат – Ат

Балык – Балық

Боғра – Бура

Бөри – Бөрі

Бука – Бұқа

Бузагу – Бұзау

Ечкү – Ешкі

Ит – Ит

Кыргуй – Қырғи

Кысрак – Қысырақ (бие)

Карга – Қарға

Каз – Қаз

Кейік – Киік

Кочнғар – Қошқар

Кой – Қой

Кулун – Құлын

Куш – Құс

Кузгун – Құзғын

Оглак – Лақ

Өкүз – Өгіз

Сагзыган – Сауысқан

Сычган – Тышқан

Сирке – Сірке

Соңкур – Сұңқар

Тай – Тай

Теуи – Түйе

Тилкү – Түлкі

Йылан – Жылан

Йылкы – Жылқы

Инған – Інген

Қазіргі қазақ тіліндегі фонетикалық тұлғасы түгелдей өзгеріске ұшыраған, алайда, мағыналары жағынан ұқсас келген 11 жануар атауы анықталды.

Қараханид дәуіріндегі түркі тілі Қазақ тілі

Адхығ – Аю

Сингек – Шыбын

Еркеч – Серке

Колан – Есек

Көкегүн – Көк шыбын

Такагу – Тауық

Тайган – Тазы

Муш – Мысық

Сүулин – Қырғауыл

Удх – Сиыр

Ус – Жапалақ

Қараханид кезеңінен бүгінгі күнге дейін жалғасын таппай, қолданыстан шығып қалған жануарлар атаулары төмендегідей:

Қараханид дәуіріндегі түркі тілі

Ыкылач – Жүйрік ат

Йунд – Жылқы атауы

Қорыта келгенде, құрылымы жағынан өте ұқсас, мәндік-семантикалық тұрғысынан жақын жануарлардың атаулары кездесетін 23 мақал-мәтел және құрамындағы кейбір сөздері ауысқанымен бір-біріне мағыналық жағынан ұқсайтын жануарлардың атаулары кездесетін 9 мақал-мәтел бар екені анықталды. Сонымен қатар, қазіргі қазақ тіліндегі фонетикалық тұлғасы сәл өзгеріске ұшырағанымен, мағынасы толық сақталған 33 жануар атауы, қазақ тіліндегі фонетикалық тұлғасы түгелдей өзгерсе де, мағыналары жағынан ұқсайтын 11 жануар атауы және орта түркі дәуірінен бүгінгі күнге дейін жалғасын таппай, қолданыстан шығып қалған 2 жануар атауы ортаға шықты.

Ата-бабаларымыздан келе жатқан өшпес мұра болып саналатын мақал-мәтелдердің қазақ халқы тарихында ерекше орны бар. Қанша ғасыр өтсе де, өзіндік сипатын жоғалтпаған мақал-мәтелдерді жоғарыда келтірілген мысалдардан да байқауға болады. Бұл мақал-мәтелдердің тарихының тереңнен бастау алатындығының айқын көрінісі. Мақал-мәтелдер жайлы ф.ғ.д., профессор Жұмат Тілепов былай дейді: «... қарапайым халық өзінің ата-бабасы пайдаланып келген ежелгі мақал-мәтелдерден безінген емес. Соның арқасында көне ұғым, көнерген сөздерден құралатын ежелгі мақалдардың өзі ұрпақтан ұрпаққа берілу арқылы біздің заманымызға жетті. Мұның айқын көрінісі бұдан мың жылдай бұрын хатқа түскен «Кодекс куманикус», «Диуани лүғати-ат-түрк» атты шығармаларда кездесетін, одан кейінгі замандарда өмірге келген сандаған мақал-мәтелдер қазіргі кезде де молынан пайдаланылып келеді. Ал, бұл сөз жоқ, ұлттық сана, ұлттық менталитеттің қалай болғанда да тез деформацияға ұшырамайтындығын көрсетеді.». Ұлттық мұраларымызды зерттеп, оларды халыққа насихаттау – перзенттік борышымыз. Себебі, әр ұлт өз тарихымен, әдебиетімен және мәдениетімен құнды. Қазақтың қасиетті әрі қасіретті тарихын қазбалап, келешек ұрпақтың бойына сіңіру ата-бабаларымыздың алдындағы жауапкершілігіміз саналады. Ұлт ретіндегі тұтастығымыз мәңгілік жасай берсін!

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы,

PhD докторы Қуаныш Жұмабек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар