Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Құрманбек Жандарбеков. Мың бұралған Шара

07.03.2018 2381

Құрманбек Жандарбеков. Мың бұралған Шара

Құрманбек Жандарбеков - қазақ сахнасының саңлағы. Әйгілі биші Шара Жиенқұловамен өткізген отбасылық өмірі туралы актердің жазып қылдарған естелігі...

Алғаш театр ашылғанда

1929 жылдың басынан бастап Алматыдағы талантты өнерпаздар театр маңына жинала бастады. Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Қазкен Бәйісовтер театрға алынды. Көп ұзамай-ақ әнші Күләш пен биші Шара келді. 30-жылдары театр ұжымы жас таланттармен толықты. 1930 жылы Түрксіб темір жолы салынған болатын. Театр бұл мерекені думанға айналдырды. «Айнабұлақ» стансысында бірнеше мың адамдардың арасында, далада спектакль, концерт бердік. Далаға келген отарбаны халық бірінші рет көрсе, сахна өнерімен де жүздескені алғаш рет болар, ерекше құрмет көрсетті.

Халықтың ыстық ықыласына бөленген артистер Түрксібтен арнаулы екі вагон алып, Семейге дейінгі жол бойындағы жұмысшылар мен темір жолға жақын тұратын ұжымшарларға концерт көрсетумен болдық. Ол кезде театр репертуарға қысылып көрген емес. Жаңа шығармалардың бәрі де біздің сахнадан өтіп жатты. Оның бер жағында ән-күй, би енді сахнадан мықты орын алатын болды. Бұлбұлдай сайраған жас Күләш, қоңыр қаздай сұңқылдаған Манарбек, аспандағы аққуға үн қосқан Жүсіпбек, әнді түйдек-түйдегімен аңырататын Қуан, он саусағынан өнері тамған күйшілер Әбеке мен Оқап, мың бұралған Шара шықты. Кілең жастар. Осылардың өздерінің бір театр құрып кетерлік күштері бар.

1934 жылы 13 қаңтарда музыкалық театр ашылды. Оны әзірше театр демей, музыка студиясы деп атады. Бұл кезде Жұмат Шанин Халық ағарту комиссариатында қызметте еді. Осы тұста Жұмекеңнің маған айтқан бір сөзі еске түсіп отыр: «Құрмаш, мен бір сөз айтсам, айтқаныма көнермісің? Жәрдем бересің бе?» «Білмей тұрып не айтайын, қолымнан келетін іс пе, жоқ па? Жұмеке-ау, алдымен айтсаңызшы, білейік те не екенін», – дедім. «Секіре алмасаң – саған серт, секірте алмасам – маған серт, нар тәуекел, көн осыған!» – деп күлді. «Тағы жұмбақ, бұл не сөз?! Жұмеке-ау, ең болмаса, айтып өлтірсеңші», – деймін күліп. «Астанадан музыкалық театр ашылатын болды, соған сенің кандидатураңды қойып отырмын, режиссер боласың ба соған?». Бірінші күні күмілжіп ештеңе дей алмадым. Бірер күннен кейін келісімімді бердім. Мәселе шешілген соң, режиссерлік жұмысты Жұмат маған тапсырды. 1933 жылы 25 қыркүйек күні алдағы жылы ашылатын студияның режиссері әрі артисі етіп мені тағайындады. Жұмекең – өзі осы студияның директоры және көркемдік жағын басқарушы. Ал «артистерді қайдан аламыз?» деген кезде драма театрдағы әншілер мен биші, күйшілердің бәрін алуға тура келді. Театр оларды жібергенімен, қалған адамдары да өздеріне толық жетіп жатыр. Әміре, Иса, Жүсіпбек, Қуан, Жанбике, Күләш, Шара, Қанабек, мен студияға ауыстық.

МӘСКЕУДЕГІ ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ОНКҮНДІГІ

Қыстың қыраулы күндерінің бірінде «артистер мен театр басшыларын Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов шақырады» деген хабарды естідік. Ертеңіне жуынып-шайынып, бар жылтырағымызды киіп, Тимекеңнің қабылдауына бардық. Ол кісі сөзді өзі бастады, қысқа сөйледі. «Мәскеуде Украина өнерінің онкүндігі өткелі жатқанын өздеріңіз де естіген боларсыздар. Нақ сондай онкүндікті біз де өткізетін болдық. Даярлық мәселесін кейін ақылдаса жатармыз», – деп қысқа қайырды. Өз басым ештеңе түсінгенім жоқ. Қанабекке қараймын, ол да үндемейді. Күләш пен Шара аң-таң. Бәріміздің жобалап келіп түсінгеніміз – он күн бойы өнерімізді, қазақ халқының өнерін Мәскеуде көрсететініміз. Мәскеу жұртшылығына өнеріміздің қай түрін, қай саласын көрсететінімізді айқындадық. Қорытынды концертімізге дейін жоспарладық. Сонымен үш ай «күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ», тікемізден тік тұрдық деуге болар еді. Ең соңғы мезетте, сол мамыр мерекесіне бірер апта қалған кез бе екен, даярлығымызға қабылдау комиссиясы келді. Соған «емтихан тапсырдық». Бірінші күнгі «емтиханымыз», шынын айту керек, басшыларды қанағаттандырмады. Ертеңіне ғана Жүргенов «комиссия мақұлдады» деп хабарлады. Ал, енді келіп шаршайық. Асығып келіп ас ішкенде аш өзекке түскендей десем бе екен, әйтеуір, буынымыз босап кетті.

Демалыс алдық. Жұбымыз жазылмайтын «великолепная четверка» – Күләш, Шара, Қанабек, мен – төртеуіміз бір демалыс үйінде болдық.

«Шарамен қайта дәм-тұзың жарасар» дегенді айтты

Біздің үйдің елеулі оқиғаларының бірде-біреуі Күләш – Қанашсыз өткен емес. Шараға (Жиенқұлова) үйленгенде де Қанаш ақылшы-кеңесші, қол ұшын берген жәрдемші болды. Шолпанға (Жандарбекова) үйленгенде де Күләш – Қанаштардың ақыл-кеңесін алдым. Өзің сүйіп қосылу дегенмен, өнер адамы көз жұмбайға бара бермейді екен. Осындайда досыңа барасың, ешкімге айтпағаныңды соған айтасың. Ол мақұл десе тәуекел етесің, көңіліңді қалдыра алмай күмілжісе, өзіңді-өзің тежейсің.

...Шарамен соғыс жылдары дастарқанымыз бөлінді. Араға шайтан түскен шығар. Шараны да, басқаны да жамандамаймын. Киімшең Қанаштың үйіне келіп тұрақтадым. Отыз сегіз жас деген, ол қайран жиырма бес емес қой. Қыз баласына бұрынғыдай жуыса кету сияқты мінез-әдет азайған. Енді сұлу екен деп тарпа бас салу жоқ. Сыпайылап сөйлесу, орысша айтқанда, «трезвый» қарау басым. «Көк етікті кездеспей, көн етіктіге көз салмай» жүргенде Шолпанға жолықтым. Ол кезде қазақ драма театры мен орыс драма театры бір шаңырақтың астында. Сол себепті қазақ труппасы опера театрының оң жақ фойесінде репетиция өткізеді. «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы әзірленіп жатқан. Сол жаққа қарай ойқастай берем. «Труппада бір жас қыз бар» деп жолдастар құлағымды елеңдетіп қойған. Айтуларына қарағанда, менен әлдеқайда жас. Ептеп бұл жағынан да қаймығам. Мен оның ағасы жасты адаммын, «мақұл дей қояр ма екен?» деп беттей алмаймын. Бір күні Күләш – Қанашқа өз ойымды айттым. Олар әуелі қоштай қоймады. Ашу үстіндегі сөз болар дегендей, «Қой, ойлан, Шарамен қайта дәм-тұзың жарасар» дегенді айтты. Бірақ мен тәуекелге бел байлағанымды жұқалап сездірдім. Қанша ерке, батыл болсам да, Күлекеңнің алдында үзілді-кесілді, баттитып айтуға сескенетінмін. Сондағы айтып жүргенім осы Шолпан еді. Менің мұндағы айтайын дегенім, еш нәрсені Күләш – Қанашқа ақылдаспай істемейтіндігім ғой. Бір ақылдаспағаным болса, ол алғашқы зайыбым Зура Атабаевамен қосылып, ажырасуым еді. Мұны да жасыра алмаймын. Ақылдаса келе Шолпанды Қанаштың үйіне түсірдік. Бір қыс сол үйде қыстап шықтық. Үй тар болғанмен, көңіл кең ғой. Нақ қазір тар бөлмеде екі отбасы солай қыстап шыға қояр ма екен?! Сондай көңілі кең достар бүгінде табыла ма, жоқ па, білмеймін. Күзге салым «Есік» қонақүйінен бөлме алып, сонда шықтық. Сол үйде біз үш жылға таяу тұрдық. Сөйтіп, бірте-бірте бала-шағалы болып, мекенжай алып дегендей, ел қатарына қосылдық.

Құрманбек Жандарбеков.

«Көргендерім мен көңілдегілерім» кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Шара Жиенқұлова
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар