Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Аузымен құс тістеген тұлпар еді

09.12.2018 2322

Құлтөлеу Мұқаш. Аузымен құс тістеген тұлпар еді

(эссе)

Ғажайып ақын Ғафу Қайырбековтің шығармашылық келбетін қандай эмблемамен бейнелеуге болады?

Өз басым ондай қажеттілік туған жағдайда көп ойланбай-ақ, парлап самғап бара жатқан қанатты тұлпардың кескінін таңдайтын шығармын. Иә, Пегас бейнесіне поэзиядағы ғана емес, бүкіл өнердегі, жалпы өмірдегі даралық сипаттарының бәрі сыйып кетпей ме.

Ғафекең арынды арғымақтар тақырыбын өзі де талай қузаған. Көз ұшында салқар сақараның ақ сағымынан үзіліп шыққан бір шумақтай бұлдырап, ағындап, зулап келе жататын жүйріктер жайында қаншама жазған.

Біздің буынның бір бақыты ­– ара-тұра сол Ғафу ақындай алыптардың қолын алып, алқалы жиындарда қасына отырып, кейде, тіпті, еркелеп, әзілдескіміз келіп жүргендігімізде ме екен...

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында республикалық «Жас алаш» газетінің тілшісі ретінде белгілі қайраткерлерге, танымал саясатшыларға, өнер адамдарына, ақын-жазушыларға тапсырыс беретініміз еске түседі. Бірде осы Ғафу Қайырбековтің үйіне телефон шалып, «заказ» ұсындық.

– Ғафу аға, біздің газетке шағын мақала жазып берсеңіз деген өтінішіміз бар.

– Тақырыбың не?

– Бүгінгі дәуір. Формациялар ауысқан тұстағы түрлі әлеуметтік-экономикалық, психологиялық хал-ахуал. Мың өліп, мың тірілген қайран қазақтың күрделі кезең ауыртпалығын қабылдауы. Болашаққа даярлығы. Енді не істеп, не қоямыз? Елдікті қалай сақтаймыз? Бұл бағытта ұлттың сезімтал барометрі іспеттес ақын-жазушылардың рөлі дегендей...

– Е-е, жөн, жөн.

– Арасында қоғамның бір мүшесі ретінде өз жүрек сырыңызды қосып отырсаңыз да артық болмас.

– Жөн. Түсіндім. Айтпақшы, неше жолға жоспарлайсың о мақаланы?

– Үш жүз, төрт жүз жолға сыйса керемет болар еді.

– Жақсы. Соңғы срогің қандай, қашан бітіруім керек оны? – деп сұрайды.

Сондағы біздің де «арсыздығымызда» шек жоқ, қазір ойласам, тіпті, ыңғайсыз, атақты шайырдың бізсіз де күнделікті басынан асып жататын маңызды шаруаларымен есептесіп жатпастан:

– Енді... Бес-алты күн жетіп қалар, – деймін бетім бүлк етпей.

Ғафекең кеңкілдеп күледі.

– Өй, уақытты сәпсім қысып жібердің ғой! («Сәпсім» – орысша «совсем» дегені). Қоссайшы тағы бір-екі күн!

– Жарайды, сегіз күн-ақ болсын.

Трубкадан ақынның мәз болған дауысы естіледі.

– Мейлі. Көрейік жағдайға қарап...

«Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы ма екен деймін ғой... Бүгіндері... О кезде көп нәрсені аңғармаппыз.

Ғафу Қайырбеков қаламдастар ортасында

«Асқар таудың биіктігін байқау үшін алыстан қарау керек» демекші, уақыт озған сайын бажайласақ, Ғафекеңдер нағыз ұлы тұлғалар екен!

Қазір жас журналистер бізге де дәл солай тапсырыс берсе, істің бәрін бір, қырып, жапырып тындырып жүргендей, «шыбық тимес, шыңқ етер» демекші: «Ойбай, айналайын, мазалай көрме! Өзімнің де мұрныма су жетпей жүр!» – деп баж ете түсуіміз мүмкін. Мұндайда Ғафу ағалардың әлгіндей кеңдігіне, кемелдігіне тамсанбағанда қайтесің.

Сонау тұстарда о кісінің «Қазақ Әдебиеті», «Жұлдыз», «Егемен Қазақстан» басылымдарында өлеңінен, прозасынан бөлек қаншама мақалалары, ой-толғаулары бұрқырап шығып жататынын көріп жүреміз.

Бүгін көзге іліккен кейбір ғана мақалаларын атасақ: «Алматыда көшесі бар Гогольдің» (Алматы қаласының бүгіні мен болашағы туралы). – «Қазақ Әдебиеті», 04.03.1988. «Иса туралы аңыз». – «Қазақ Әдебиеті», 03.08.1990. «Мағжан туралы ой». – «Қазақ Әдебиеті», 13.08.1993. «Сабыр түбі сары алтын» (Бір кітапқа рецензия). – «Қазақ Әдебиеті», 24.12.1993...

Ал анау Мағжан, Иса сынды тұлғалардың портреттері бірінен кейін бірі үздіксіз жасалып жатады. Қарап отырсақ, Ғафу қаламынан әр кездері Махамбет, Ыбырай Алтынсарин, Ақан сері, Абай, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтен бастап, Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Нұрхан Ахметбеков, Бейсенбай Кенжебаев, Хасен Өзденбаев, Әбу Сәрсенбаев, Мұса Жәлил, Саттар Ерубаев, Ғали Орманов, Хамза Есенжанов, Мұхамеджан Қаратаев, Қасым Тоғызақов, Қасым Аманжолов, Ғабдол Сланов, Ілияс Омаров, Мұқан Төлебаев, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Қайнекей Жармағамбетов, Қасым Қайсенов, Жұбан Молдағалиев, Жаппар Өмірбеков, Мәриям Хакімжанова, Сырбай Мәуленов, Берқайыр Аманшин, Ізтай Мәмбетов, Балемер Сахариев, Шәміл Мұхамеджанов, Төлеужан Исмайылов, Шерхан Мұртаза, Сағи Жиенбаев, Бекежан Тілегенов, Жұмекен Нәжімеденов, Оразбек Сәрсенбаев, Әбіш Кекілбаев, Сейіт Кенжеахметов, Қоғабай Сәрсекеев, Дүйсенбек Қанатбаев, т.б. туралы шығармашылық бейнелер туындапты. Және бұлар жай ғана «дежурный» дүниелер емес, автордың әрбір кейіпкерін түбегейлі зерттеп, әбден білген, терең де, тартымды, осынау адамдарға қойылған бір-бір ескерткіш дерліктей, әрқайсы кесек еңбек екенін байқайсыз.

Мысалы, жазушы Тәкен Әлімқұлов жайындағы сондай бір эсседен қысқаша үзінді келтірейік: «Мен Тәкенді сол күндерде таныдым. Жиналып, күндіз бе, түнде ме ­– бәрі маған өлең айттыратын, домбыра тартқызатын. Кейде айтысып та қалатынбыз. Бұлар менен көп үлкен, кейбірі майданнан келгендер ғой. Осылардың ішінде маған Тәкең біртүрлі суықтау, тәкаббарлау, өзгелерден оқшаулау көрінетін. Оқыған-тоқығаны да молдау, ересектеу секілді еді. Кейін білдім, расында да, солай екен. Қасымнан соңғы менің әулие тұтатындарым осылар еді. Әлі күнге оларды қатты сыйлаймын, ешбіріне қатты айтып, не алдын кесіп көргенім жоқ. Бұл тым ерте, жастай сыйласып, жақсы көріп кеткендіктен болады екен. (Қазір таптырмайтын, өте сирек құбылыс). Қасым үйінде біз ұзақ отырып, түннің бір уағында оралып келе жатамыз. Осындай түннің бірінде, сағат екі-үштер шамасы болар, Тәкең екеуміз Пугасов көпірінің үстімен келе жатқанбыз. Менен он жастай үлкен Тәкең: – «Әй, бала, – деді маған, – артыңа жалтақтамай жүр, мына көпірдің асты – ылғи ұры-қары, бұзықтар жүретін жер, қорқып келе жатқаныңды біліп қойса оңдырмайды». Біраз үнсіздіктен кейін:

– Қасым ғажап ақын ғой, ә? Құдай кеудесін нұрға толтырған адам. Әулие, – деп тоқтады. Мен басымды изеймін, қараңғыда ол оны қайдан көрсін.

– Ал енді бір нәрсе айтайын, тірі болсаң көрерсің, мен Қасымнан да мықты боламын, – деп қадап айтқандай болды. Мұнысына мен қатты таңырқадым, әрі ұнатыңқыраған да жоқпын.

– Е, сен баласың ғой, Қасымды кемсітсең, әкеңді кемсіткендей көретінің дұрыс. Мен сен қайтер екен деп едім, жағдайыңды айтпасаң да түсіндім. Бірақ осы сөзім есіңде болсын, әрқашанда өзіңді мықты боламын деп қайрау керек!

Содан соң мен оның әдебиеттегі қадамын қаншама жыл бақылап жүрдім. Алматыда да, Мәскеуде де жиі-жиі кездесіп жүрдік қой. Бірақ қоян-қолтық, жекелеген жағдайларда жақын келген емеспін. Ол өте білімді адам еді, орысша-қазақша ерсілі-қарсылы сөйлей де, жаза да білетін. Сол күндердің өзінде әдеби білім жөнінде Мұхаң, Ғабеңдермен шендесуге жарар еді. Көп жағдайда оның сындағы ерекше таланты, танығыштығы мен сезімталдығы жұртты бас идіретін. Маған оның, әсіресе, жанының серілігі, ойының еркін, батылдығы ұнайтын. Оның, бәлкім, әрі жазушы, әрі адам екендігі өзіне, біртүрлі, дүниені өз басынан әманда төмен қоятындығы, тәркі дүниенің бәрін уақытша көріп, бар қызығын көріп қалу, емін-еркіндікті ардақтау принципі қызықтыратын. Ол Абай туралы «Жұмбақ жан» деген кітап жазғанда, мен ойладым: «Осының өзі де жұмбақ жан» деп»... (Қайырбеков Ғ. Алыс та жақын жағалау. (Екінші кітап) – Алматы: «Білім» баспасы, 2006. – 218-б.)

Осындайда ақын Жарасқан Әбдірәштің Ғафу Қайырбеков туралы:

Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,

Радионы басып қалсаң – Ғафекең!

Журналдарды парақтасаң – Ғафекең,

Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең!

Дунай бойлап араласаң – Ғафекең,

Думан-тойға бара қалсаң – Ғафекең!

«Мына біреу оңашалау кафе екен»

деп кіріп ем...

Мұнда да отыр Ғафекең!.. –

деген эпиграммасы ойға оралады.

Мұның бәрі әзіл сияқтанғанымен, шындыққа әбден орайласады. Ақынды телерадио қызметкерлерінің де жиі шақыру себебін жақсы түсінеміз. Арасында түрлі әдеби кештер, кездесулер өтіп жатады. Сондай жиындарда қара сөзде де дес бермейтін керемет шешен Ғафекеңнің: «О кезде мына Сырағаң бар!» – деп қойып, қос қолын қомдап, қоңыр барқын дауысы сәл қырылдаңқырап, шабыттана буырқанып, ағыл-тегіл ақтарылып естелік айтқанда, айызың қанып, қызықты бір заманалар қойнауына сүңгіп кеткендей күй кешер ең. Ондайда көмейінен ақ өлең төгіліп отырғандай, тыңдаушысын еріксіз елітіп, баурап алады. Бұл үшін мықты есте сақтау қабылеті мен ересен жүрек қуаты, көл-көсір білім, мол тәжірибе қажет екені мәлім. (Ғафаңның кей жиналыстарда орысша да көсіліп сөйлеген кездерін көрдік. Ал бұ кісінің асабалығы, әншілігі, ән текстерін жазудағы ерекшелігі туралы сөз жеке әңгіме тақырыбы шығар. Мәселен, оның әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың музыкасына арнаған бір ғана «Ана туралы жыр» деген өлеңі қазақ барда өлмейтін дүние екені анық. Мұның, тіпті, бертінде башқұрт, татар ағайындардың да халық әніндей болып кеткені жиі айтылып жүр)...

Қаламы ұшқыр Ғафудың аудармашылық қыры да арнайы тақырып жүгі. Ол тәржімалаған Рудакидің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Шевченконың, Мақтымқұлының, Лев Толстойдың, Куприннің, Короленконың, Бунинның, Есениннің, басқа да сөз зергерлерінің туындылары қазақтың төл туындысындай қабылданған биік деңгейлі шығармалар. Бұлардың ішінде авардың атақты ақыны Расул Ғамзатовтың көлемі он бес баспа табақтай «Менің Дағыстаным» деп аталатын еңбегін Ғафекеңнің бір апта айналасында аударып шыққанын естіп, қайран қалған едік.

Негізінде, осы төңіректе де бірталай мән бар. Расул кітабының Ғафудың қолына түсуі кездейсоқ емес. Оның бір себебі, Ғафекеңнің дүниенің кез келген маңдайалды шайырымен терезесі тең, тіпті, кей тұста әлемнің азуын айға білеген небір ақындарынан айрықша тағдырымен де, бөлек жаратылысы арқылы да бәсінің басым тұруы ғажап емес...

Ақынның прозадағы ерекше ырғағы мен кестелі тілі де тамсантады.

Айтпақшы, шебер қолдан шыққан Ғабит Мүсірепов портреті салмақты романға пара-пар кітап. (Қайырбеков Ғ. Елтінжал: Повесть-эссе. Алматы: Өнер, 1990 ж.)

Бір ғажабы, Ғафекең осынау ағаларын айрықша қадір тұтып, олардың алдында өзін баладай сезінгенін аңдаймыз.

Осы ретте аталған туындыдан және бір үзінді келтіруді орынды көреміз: «...Ғабит сол шақта мені біліңкірейді деп ойлайтын себебім – ол кісімен бұрын жақсылап екі кездескенім бар еді. Бірі – ең алғаш рет, 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына елу жыл толған күн еді. Алматы ипподрымында қатар-қатар киіз үй тігіліп, ат шабыс, балуан күрес, толып жатқан ұлт салтанатының қызығын кешкеннен кейін, қонақтар сол үйлерге жайласты.

Біз кілең жас ақын ең шеткі үйлерден орын алып, мәре-сәре болып жатыр ек, біреу есіктен басын сұғып:

– Осында Ғафу деген бала бар ма? – деді. Өзі егделеу кісі екен. Жаңа ғана құрдастарыма билік құрып, өзімше үлкендік жасап отырған мен өзімнен басқа тағы бір Ғафу бардай-ақ жан-жағыма қарайлап қалсам керек. Жұрт күліп жіберді. Намысы келді ме, тізерлес отырған Ізтай:

– Бала Ғафу жоқ, ақын Ғафу бар, – деп дүр ете қалды. Ол кезде екеуміздің де бір-бір кітабымыз шыққан. Сондықтан бала дегеннен гөрі ақын дегенді дұрыс көретінбіз.

– Ендеше сол ақыны керек, – деді анау да қайыспай.

Үнемі үлкендер жұмысын атқарып жүре, өзін де үлкенмін деп үйреніп кететін адамдар болады.

– Сені Ғабең – Ғабит шақырады, – деді, енді тіптен айбарланып кетіп.

Мен түсініп үлгермей, орнымнан түрегелдім.

Келсем, бес қанат шамасындағы едәуір кеңірек үйдің төр алдында Ғабең, тағы бір ақсақалдар отыр екен. Үйде ине шаншар жер жоқ. Бір-біріне итініп, мінгесіп алған жұрт. Бәрінің көзі енді ғана әнін созып, аяқтап қалған жігітте екен. Дуылдасып, «бәрекелдіні» жаудырып кетті. Сол бәрекелдінің арасынан: «Әне, келді», ­– деген гүж ете қалған дауысқа жалт қарап едім, Сырбай екен. Неге келгенімді әлі білмей тұрғанмын. Маған Ғабең сәл таңырқаған көзбен, тез қарап өтті де:

– Ә, кел, кел! – деді. Лезде ән айтқан жігіттің орны босай қалды, онан басқа орын болмаған соң, сол жерге имене келіп жайғастым. Әлгі Сырекең: «Ғабе, бұл жас ақын. Өзі Қасымның «Дариға» деген әнін айтады», – деп жылдам айтты да, маған қарап:

– Әй, сен, ал айтып жібер! – деді бұйырып, бұйырғанына қожанадай болып. Ғабең «Айта ғойдың» орнына: «Оу, деген!» – деп қоя салды. Алдында жастар арасында, «әлгіден» аздап қолданып алғанымның пайдасы тиді ме, дереу батылданып кетіп, қозғай жөнелдім:

Дедім де тұрдым,

Жүгіре бердім,

Қолымда найза,

Шағылып айға! –

деген жерге келгенде Ғабең тебіреніп кетіп, әлдебір сағыныш сазы көмейіне тірелгендей:

– Қайран, Қасым-ай! – деді.

Қасым Аманжолов бұл кезде қатты хал үстінде, төсекте, ауыр науқас тұтқынында жатыр еді. Сосын маған бір көз тоқтатып қарады да: – Жарайды, шырағым, – деп алып, сәл саябырлап, – Ғафу, Ғафу, – деп қайталап, – «р» неге болмаған екен, ә, – деді де, оған ешкім жауап бере алмайтыны есіне түсті ме, – жарайды, соның өзі жақсы, – деді. Сөйдеді де, тағы қайсың бар дегендей, жан-жағына қарады. Мен енді босағанымды біліп, зыта жөнелдім...»

Дегенмен, шығармашық ғұмырда арқа сүйейтін ықпалды ағалар, дарынды әдеби орта кездессе де, Ғафудың да өсу жолы тақтайдай тегіс болмағанын аңдаймыз. «Талант жолы қашанда ауыр жол» деп жатамыз, осы уәж негізсіз емес. Оның үстіне, жастайынан жетім өскен, жалғыз-жарым жігіт түрлі күйзеліс кезеңдерін бір кісідей өткерген сияқтанады. Анау-мынауға қыңа қоймағанмен, жабырқаған, жасыған кездері байқалады.

Ақын ой үстінде

Ертеректе «Азамат аға» аталатын мақаласында әділетсіз біреулерден зәбір-жапа шегіп, жоғары жақтардан шетқақпай көріп, кітабы шықпай, жүдеп жүрген кезінде жоғары қызметтегі Ілияс Омаровқа барып шағынуға бекінгенін өзі де жазыпты: «Қой, бүйтіп болмас деп әдейі барып сәлемдесіп, жайымды айттым. Ілекең едәуір жабырқап, телефонды алып үлкен бір кісіге: «Пәленшежан, мына балаға қатты айтқан сөздерің бар ма еді, мұқап қапты ғой! Жаным, осы ақын атаулыға байқаңдаршы! Бұлар құс секілді ғой, қанатынан қауырсын алсаң ауырсынып қалады. Сосын өзі де жоқ, өлеңі де жоқ боп қирап кетеді. Осыны ескергейсіңдер» деп әрі өтініш, әрі ағалық әмірдей бір сөз айтты». (Қайырбеков Ғ. «Бір кеменің үстінде». Алматы. Жазушы. 1981 ж. 265-б.)

Сөйткен Ғафекеңнің көзі де, жолы да осыдан кейін ғана барып ашыла батаған секілді.

Әрине, шығармашылық адамына әртүрлі кедергілердің кезігуі заңдылық болар. Өмір күнде той емес, тартыссыз, қайшылықсыз даму да жоқ. Қиындық атаулы қайратты, еңбекқор жасты ысылтып, өз-өзін қайрауға бастап, үнемі іздену бағытына салып отырғандай.

Ғафекеңнің тақырып ауқымы қашанда кең. Қаламы серпінді ақын табиғаттың кез келген құбылысынан сыр аулап, оқырманын ұдайы ізгілікке баулып, сұлулыққа, тазалыққа үндеп отырады. Жаратылыстың қалт еткен көрінісін мөлдірете кестелеп, баяндалып отырған жәйтпен сәтті үндестіріп, ағыл-тегіл әсерге бөлейді. Ақын мәнеріне нәзік лирикамен бірге қызынған сайын қолтығы сөгіліп, алысқа шабатын қазанаттай ширайтын кең құлашты эпикалық сарын да тән. Және ежелден тау бұлағындай бұрқ-сарқ қайнап, ешбір қиналмастан, төгілте, өнімді жазатын ақын қолтаңбасындағы қазақы құнар, ұлттық колорит мейір қандырады.

Жалпы, Ғафекең қаламынан қырықтан аса кітап туыпты. Оның әрқайсы оқушы жүрегіне жол тауып жатқанын аңғарасыз.

Туған халқымен біте қайнасқан қаламгер диханмен де, малшы, жұмысшымен де қоян-қолтық араласқан адам еді. Оның ұлылығының да басты сыры сол туабітті қарапайымдылығында жатуы ықтимал.

Сонау студенттік шақта өндірістік практикада жүріп, Қарағанды шахтерлері туралы «Жер астындағы жұлдыздар» деп ат қойып очерк жазып, әй, бір қатырдым-ау деп, бөркім қазандай болған кездерім бар.

Сөйтсем, мұнда менен бірталай бұрын Ғафекең де келіп, забойларға түсіп, кеншілермен кездесіп:

– Жалғадым мың отыңа бір отымды,

Өзіңмен бірге маздап тұрайын деп! –

деп сонау тақырыппен шахта жырлары циклін жазып қойыпты. Кейінірек соны көргенде, әлгі сөзді Ғафу ағадан көшіріп алғандай, қатты қысылғаным еске түседі...

Ал анау әсем Алматының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына алаңдап жазылған мақала тақырыбы әуелгіде жас ақынның сүйген қызы Бәдешке арнаған өлеңінің алғашқы жолы екен. Ол:

– Алматыда көшесі бар Гогольдің,

Астанада қызыл гүлдей жарым бар.

Сол көшемен мендік бақытты өмірдің,

Сол жарыммен қыдырған бір шағым бар, –

деп Құдай қосқан сыңарын жырлауды ғұмыр бойы жалғастырған. Бұл да ақынның тұрақты тақырыбы – сүйген жарға жеген адалдықтың тамаша үлгісіндей көңіл сүйсінтеді.

(Сөз орайында айта кетейік, кейінгі қыз-жігіттердің, әсіресе, кейбір ақын қарындастарымыздың өз қосағы қасында жүріп, алыстағы қол жетпей қалған біреулерді күні-түні өліп-өшіп аңсау үрдісі белең алып бара жатқанын байқап жүреміз. Әлбетте, бұдан, қимасыңды жырға қоспа деген ой тумайды; тек ананың, мынаның да осындай ағымға әуестенуі жаппай «модаға» айналып бара жатқан жоқ па деп күдіктенеді екенсің. Түбі қайырлы болсын, бірақ онша жағымды құбылыс емес. Шама келсе, қасыңдағы бақытыңды бағалағанға не жетсін)...

Ғафу жетімдік тауқыметін ерте тартқан, қорғансыздау бала саналғанымен, ата-бабалары би-болыс болған адамдар көрінеді. Кейін қуғынға түсіп, біраз уақыт Ташкент жаққа бас сауғалапты. Кезінде Ғафекең де сол жаққа арнайы барып, Төле би басына тәу еткенін жазғаны бар. Әулеттің күрделі тәлейі сезімтал, әсершіл жастың жүрегіне өшпес із қалдырған.

Ақын дарынына бас иген ағаларының бірі – даңқты Бауыржан Момышұлы. Жазушы Мамытбек Қалдыбайдың айтуынша, Баукең: «Ғафу – арынды, адуынды ақын. Шығармаларын үзбей оқимын. Тереңдігімен, тосындығымен ылғи таң қалдырып отырады. Оның жазу тартпасында біздің бүгінгі қоғам, заман туралы өткір дүниелер жатуы мүмкін. Кейін зерттеушілер тауып алып жариялар» – депті.

Жоғарыда тоқталғанымыздай, Ғафекең айтқыштығымен де есте қалған жан еді. Мәселен, оның жазушы Сафуан Шәймерденовке «Солтүстіктің сорайған қарағайы» деп ат қойғаны белгілі. Сол секілді Сәкен Жүнісовке: «Мен сонау Сарыарқаны сағынғанда, шашыңнан бір иіскесем жетіп жатыр!» дегендей сөздері де ел аузында жатталып қалды.

***

Біз тапсырыс берген мақала келісілген уақытта алдымызда жатады. Ақынның мөрлеп басқандай айқын жазу таңбасының өзі биік мәдениеттің, жоғары адамгершіліктің белгісіндей көрінеді...

Бүгіндері Ғафекеңдер ойға оралса, «осы біз кейінде қу дүние мен атақ-мансаптың құлына айналып, асыл қасиеттен біртіндеп алыстап, тым ұсақталып, кісіліктен ажырап бара жатқан жоқпыз ба; тектілік мінез сол ардақты ағалармен бірге кетіп қалған жоқ па» деп толғанасың.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #ғафуқайырбеков
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар