Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Күйші Қайрақбай

27.04.2020 691

Күйші Қайрақбай

Қадірлі оқырман, ХІХ ғасырда өмір сүрген, қазақ шертпе күй мектебінің үлкен өкілі, дәулескер күйші, дала данышпаны, ел қайраткері, сақара саңлағы, төбе би Қайрақбай Шәлекенұлының өмірі мен өнері, жасаған ортасы мен қайраткерлігі хақындағы бұл мақаламызды ғалым, этнограф, жазушы Зейнолла Сәнікұлының ғылыми еңбегіне сүйеніп, сондағы деректерді молынан пайдаланып жазып отырмыз. Әдебиетшілер мен күйшілер қауымының, күй зерттермендерінің игілігіне жарар деген үміттеміз.

БЕС ЖАСТА ҚАЙРАҚБАЙҒА ӨНЕР ҚОНҒАН...

Қайрақбай Шәлекенұлы 1828 жылы қазіргі Қытай территориясына тиесілі терістік Тарбағатайдың Терісайрық деген жерінде дүниеге келген. Ата сойы найманның қаракерейі ішінде байжігіт руынан. 1877 жылы 49 жасында Дөрбілжін ауданының Шошқатқан деген жерінде дүниеден озған. Бұл күнде Тарбағатай өңірінде Шәлекен әулетінен тараған түтін жетпістен асса, Қайрақбай кіндігінен тараған ұрпақ жиырма түтіннен асып жығылады. Қайрақбайдың әкесі Шәлекен шағын ғана дәулет иесі болса да, ел ішінде сыйлы, мінезді адам болған. Қыңыр, алған бетінен қайтпайтындығынан «Ақ шолақ қасқыр» атанып кеткен адуынды жан болған екен. Шешесі Нұрғайша жаны жайсаң, ділі таза, пейілі ақ даланың қарапайым қызы. Халық арасында Қайрақбай биді «нұрдан жаралған» дейтін аңыз әлі күнге айтылып келеді. Оның түйіні шешесі Нұрғайшаның баласы Қайрақбай туғанда көрген түсінен туған болса керек. Шешесінің түсінде бесікте жатқан Қайрақбайға бір шөкім нұр түсіп тұр екен дейді. Сол нұр бірте-бірте бар үйге алауын шашып, шаңыраққа қарай баяу көтеріліп, зәулім көкке сіңіп кеткен деседі. Айтса айтқандай бала Қайрақбай бітімі бөлек, зердесі ерек болып өседі. Ескі, өнегелі сөзге, салихалы ән мен күйге құлағы жастайынан түрік болады. Өгіз қурайдан сыбызғы жасап өлең тойдың сәнін келтіре бастайды.

Бір күні Шәлекеннің қоңыржай үйіне ат арытып бір жолаушы келіп түседі. Ел кезген құдайы қонақ бақалшы сауда жасап нәпақа тауып жүрген пенде екен, сонымен бірге асқан сыбызғышы болса керек. Қоналқы үстінде жиылған топты риза қылып қонақ кәде ретінде көсілтіп күй тартады. Сол кезде Қайрақбай бес жастағы ойын баласы екен. Сүйте тұра қонақтың сыбызғы тартысына ынты-шынтысымен құлап, әкесіне жалынып сұрап жүріп қонақты тағы бірнеше күн үйде қондырып, күй тыңдайды. Ел ақтап, көпті көрген кәделі қонақ Қайрақбайға пейілі құлап, болайын деп тұрған бала екен, бетін қақпай өсіріңдер деп ақ батасын беріп аттанады. «Бес жаста Қайрақбайға өнер қонған, сол кезде-ақ ұстазының көңілі толған» деген аталы сөз сол бір оқиғадан қалған екен дейді ескі әңгіменің бізге жеткен ұшығы. Сүйтіп Құдай көкірегін ерте ашқан Қайрақбай ел ауызына ерте ілініп, ел ісіне ерте араласа бастайды. Оған себеп бала сыбызғышының бітіміне ерте көңілі ауған, сол замандағы Орта жүзге аты тегіс мәлім Бабақ би мен Шерубай Тана билердің тезіне түсіп, ерте пысып, ерте жетілгені себеп болса керек. Бұл кезде Қайрақбай 7-8 жаста ғана болса да бойы ширақ, сөзі тиянақты екен.

БАЛА БИ

Қайрақбай он жастар шамасына келгенде ойы да, бойы да толыса түседі. Етек-жеңін ерте жиып, тағылымды сөз бен өнегелі істі бойына сіңіре бастайды. Баба дәстүріне, дала заңына ерекше ден қояды. Өткен тарихқа ой жүгіртеді. Тәжірибе қортады. Көне билердің қасында жүріп ел іші-сыртындағы алқалы топқа араласып, дауға түсіп, жұрт ісіне қанығады. «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» зерделеп, «Жеті жарғыны» жіліктеп, әртүрлі даулы мәселелердің түйінін тарқата зерттейді. Ел таниды, жер шолады. Сөз саптап, сынға түседі. Ауыл арасындағы дау-дамайды оңтайлы шешіп, ел іргесін бекітіп жүрген Қайрақбайды алғаш рет үлкен ортада, адуынды билердің, сыншыл қауымның ортасында бітім айтуға салар тұста келіп жетеді. Бұл өзі Тарбағатайдан алыс Арқа жерінде болған оқиға екен. Бір әйелге құн кесу билігі 17-18 жастағы бозбала Қайрақбайға бұйырады. Жайшылықта мұндай жерде іркілуді білмейтін жас шешен сәл тосылыңқырап қалады. Қаумалап отырған кілең ығай мен сығай «тартынба, балам, алдыңда ата жолы, баяғылардың салып кеткен жөн-жөнелгісі бар, содан жазба» деп дем бергендей болады. Сонда Қайрақбай: «Жоқ, қадірлі ағалар, істің түйінін таппай тұрғаным жоқ, аналарымыздың ақ жаулығынан ұялып тұрмын. Ердің құны екі жүз жылқы болғанда, әйелдің құны неге қырық байтал болады. Сонда қырық байтал қалың беріп алған келінді өлтірсе, құнсыз болғаны ма? Әкенің ақ сақалын сыйлағанда, шешенің ақ самайын неге сыйламаймыз? Мұндай кесіммен ананың ақ сүтінің алдында не деп ақталамыз?» - деп қайырады. Қарт билер өзара күңкілдесіп, не уәж айтарларын білмей қалады. Қайрақбай топты бидің алдында әңгімені ұзақтан сонарлай келе: «Әйел құны ермен бірдей болсын десем, атамыз салған жолдан аттадың деп сөгетін шығарсыздар. Меніңше әйел құны жүз жылқы болсын», - деп кесілген пәтуасын айтады. Қайрақбайдың осы аталы шешімі, ақ төрелігі күллі ел ішіне аңыз боп тарайды да, ел ортасындағы абыройы мен сөзінің салмағы арта түседі. Көп ұзамай он сегіз жастағы Қайрақбайды болыстыққа сайлап, ел басқарудың тізгінін қолына ұстатады. Бұл 1846 жылы еді дейді көнекөздер. Содан Қайрақбай үзбей сегіз жыл болыстық қызымет атқарады.

ТӨБЕ БИ

«Төбе би» дала сотының үрдісінде билік жүйесінің барынша іріленген, шоғырланған қалпының көрінісі болса керек. Оның негізгі міндеті күрмеуі көп даулы мәселенің соңғы негізгі шешімін айтып, іске нүкте қою болмақ. Сонымен қатар Төбе би әлденеше ондаған билердің үстінен қарайтын тізгіншісі, жыл сайынғы билер кеңесінің төрағасы сынды қызыметтерді қоса атқаратын болған. ХІХ ғасырда Төбе би атанған билерден арғын Қазыбек бидің шөбересі Алшынбай Тіленшіұлы, Қабанбай батырдың шөбересі Сүлеймен Әлібекұлы, Қайрақбай Шәлекенұлы қатарлы билердің аты аталады. Ел ішінде оларды «Аға би», «Төбебасы» деп те атаған. ХІХ ғасырда Қайрақбайдың елі жайлаған байжігіт елін ұзақ уақыт бойы Отыншы би билеген екен. Сол Отыншы би әділдігімен, көрегендігімен айналасын айрандай ұйытып, елдің ырысын ортайтпай, берекесін тасытып ұстаған қадірлі жан. Бірде байжігіт елінің ел ағаларымен бірге келелі кеңес құрып отырған Отыншы би айналасына ойлана қарап, он неше сұраудан тұратын үлкен ой толғамын ортаға тастайды.

Қандай тауда киік жоқ?

Қандай ағашта жапырақ жоқ?

Қандай суда балық жоқ?

Қандай адамда дос жоқ?

Қандай отта түтін жоқ?

Қандай адамда есім жоқ?

Қандай малда ие жоқ?

Қандай сиырда бұзау жоқ?

Қандай қалада адам жоқ?

Қандай нәрсе төмен жүреді?

Қандай нәрсе жоғары жүреді?

Қандай нәрсе бауырымен жүреді?

Жиналып отырған келелі топтың шешендері талай ортаны көрген, талай өткелектен өткен азаматтар болса да адуынды бидің төкпелете жөнелген сауалына лезде ойларын жиып жауап беріп үлгіре алмай қалады. Сонда Қайрақбай: «Би аға, мен айтып көрейін, артық кетсем ақылыңызға құлдық, - деп ақтарыла жөнеледі, - Қоңыраулы тауда киік жоқ, қу ағашта жапырақ жоқ, құдық суында балық жоқ, залым адамда дос жоқ, сайтан отында түтін жоқ, іштегі балада есім жоқ, дала малында (аңында) ие жоқ, еркек сиырда бұзау жоқ, бұзылған қалада адам жоқ, түтін жоғары өрлейді, су төмен ағады, жылан бауырымен жүреді». Қайрақбай тап осылай төкпелеп барып тоқтайды. Тыңдап отырған жұрт түгелдей бас изесіп, Қайрақбайдың ұтқырлығына тәнті болады. Осылайша ел ісіне білек түре араласып, топ жарып, төселе түскен Қайрақбай 1854 жылы 26 жасында Орта жүз елінің Төбе биі болып сайланады. Қайрақбай Шәлекенұлының өміріне қатысты айтылатын Семей сиезі, Қарқаралы сиезі, Ойжайлау сиезі қатарлы қазақ даласына тегіс мәлім мәжілістер Қайрекеңнің осы Төбе би болып тұрған кезімен тығыз қатысты. Осы жолда ол Алтай, Арқа, Тарбағатай арасын тегіс шарлап ең ірі жиналыстар мен сайламдардың баршасында алты алаштың жақсыларымен қатар жүреді.

ҚАЙРАҚБАЙ КҮЙЛЕРІНІҢ ҮШ ШОҒЫРЫ

Қайрақбай күйші ретінде әу баста «сыбызғы пірі» атанған. Кейін сыбызғыдағы күйлерін домбыраға түсіріп тартып, екі аспапты тел тартқан адам. Жалпы Алтай-Тарбағатай күй мектебінде сыбызғы мен домбыраны бөле жармай тең тарту ежелден келе жатқан үрдіс. Қайрақбай Шәлекенұлының күйлерін біздің заманымызға жеткізуде үлкен рөл атқарған адам өзінің туған немересі, дүлдүл күйші Заманбек Әнжанұлы болып саналады. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек Заманбек атасының жүзден аса күйінің бар екенін айтады. Қазіргі күнде ел ішіне Қайрақбай күйлерінің қырықтан астамы жетіп отыр. Қайрақбай Шәлекенұлының күйлерін алғаш хатқа түсіріп, жинап, зерттей бастаған сол өңірдің белгілі күйшілері Дәулет Халықұлы мен Баяқын Әлімбекұлы сынды азаматтар. Соның негізінде олар 1985 жылы «Күй қайнары» деген атпен Қайрақбай күйлерінің толық жинағын құрастырып шығарған. Қайрақбай күйлерінің айрықша болмысы, өзіндік бояуы, тылсым сыры бар қазақ күй өнерінің биік шыңы болып саналады. Күйші, зерттеуші Мұқаш Таңғытұлы Қайрақбай күйлерін аса зерделі түрде зерттеп, жүйелеген ғалым деп айтуға болады. Ол өзінің «Шығыстың шырын шертпелері» атты кітабында Қайрақбай күйлерін үлкен үш шоғырға бөліп қарастырады.

Алғашқысы – «Қоңыр күйлер» шоғыры. Бұл топқа негізінен күйшінің немересі «Атамның алты қоңыры» деп атаған, Қайрақбайдың күй басы ретінде тартатын «Майдақоңыр», «Молқоңыр», «Мұңлы қоңыр», «Телқоңыр», «Желқоңыр», «Қоңыр қаз» қатарлы күйлерін жатқызуға болады. Қорқыттың «Қоңыр» күйінен бері жалғасып келе жатқан, даланың өз тынысындай қоңыр ырғақ бұл санаттағы күйлердің айрықша белгісі болып саналады. Бұл күйлердің өзіндік шығу тарихы да жеткілікті.

Екінші күйлер шоғырына «Кеңес күйлері» жатады. Шертпе күй тарихында кеңес күйлерінің тарихы тым алыстан басталатыны түсінікті. Әсіресе бұл топтағы күйлер сөз ұстаған шешен, ел ұстаған көсем, ақылгөй даналар мен хан, сұлтандардың арасында кеңінен тараған. Бейсенбі, Қайрақбай күйшілер дауға шешім айтарда, алқалы жұрттың алдында сарыны бөлек, ойы терең күйлер тартып, күймен кеңес құратын болған. Айтылар бітімге, шешілер түйінге жұртты алдын ала дайындаған. Осы үрдістің негізінде сол күйші билерден біртұтас кеңес күйлерінің шоғыры қалыптасып бізге жетіп отыр. Бұл күйлердің тобына «Кеңес-1», «Кеңес-2», «Кеңес-3», «Бұтабайға кеңес», «Ой толқыны», «Қырық ауыл», «Бес асар», «Сыбызғы кеңесі», «Сығайдың баба мұрасы» сынды көптеген күйлерін жатқызуға болады.

Қайрақбай күйлерінің үшінші шоғырына «Зар күйлер» немесе лирикалық күйлер жатады. Адам өмірінің қысы мен жазы, көктемі мен күзі, жақсылығы мен жаманы, күнгейі мен теріскейі алма кезек ауысып келіп отыратыны түсінікті. Өнер иесінің басынан өткен осы бір аумалы-төкпелі күй, оның шығармашылығын да айналып өтпесі анық. Қайрақбай өмірінің күншуағынан көлеңкелі тұстары көп болды. Ол өмір сүрген заман алаш баласының басынан бұлт айықпаған алмағайып шақ еді. Осы тарихи сарынның бәрі де күйшінің шанағынан күңіреніп төгілгені анық. Қайрақбайдың «Зар күйлер» тобына негізінен «Арман-ай», «Жұмағұл жалғыз», «Құройнақ», «Емен толқыны», «Құлынын іздеген құлан», «Салқын жайлау» қатарлы күйлерін жатқызуға болады. Жоғарыда айтылған Қайрақбай Шәлекенұлы күйлерінің барлығының өзіндік шығу тарихы мен аңыздары бар. Енді осы күйлердің шығу тарихының бірқаншасына тоқталып көрсек.

«МАЙДАҚОҢЫР»

Күйші Қайрақбай Шәлекенұлы кең пішілген, кесек денелі, кең иықты, балуан мүсінді адам болған екен дейді. Ел ауызындағы деректерге сүйенсек ол кісінің салмағы 12-13 бұт болған екен. Яғни бүгінгі салмақпен айтсақ екі жүз килограмға жуықтау болмақ. Бір жолы Қайрекең ұзақ сапардан, жолдас-жораларымен қайтып келе жатса, қасынан есік пен төрдей қоңыр атқа мінген жігіт сәлем беріп, атының тебінімен қатардан озып жүре беріпті. Бұған шамырқанып қалған Қайрекең: «Ау, жігітім, неге сонша суыт кетіп барасың, асықпа, қатарға кел, әңгімелесіп бірге жүрерміз», - дейді. Сонда жолаушы жігіт: «Ағеке, қатарларыңыздан әдейі озып бара жатқам жоқ. Атымның жай жүрісі осы. Сіздермен тең жүріп отыру үшін тізгінді тартып отыру керек. Оған атымның басы қатты. Қолдың қарымы шыдас бермейді», - деп желдірте жөнелген екен. Қайрақбай үлкен қоңыр аттың жайлы желдіртпе жүрісіне қатты сүйсініп, иесінен жүз тұсақ қой мен бір түйе беріп сатып алған екен. Кейін осы қоңыр ат Қайрекеңнің тақымына жағып, салтанатты жиналысқа, мерекелі тойға, алыс сапарға мініп шығатын жансерігіне айналған екен. Жолдасын жолда қалдырмаған қоңыр аттың желдей жүйрік, майда жүрісіне ыразылықтан күйші осы «Майдақоңыр» күйін шығарған екен деседі.

«ТЕЛҚОҢЫР»

Қазақтың қай баласы да атты баптап, жайлы етіп, салтанатын асырып мінген. Жылқы түлігін жан жолдасындай көріп нарқын білген, қадірін бағалаған. Сосын да қазақ күйшілерінде жылқыға арнаған күйлер молынан ұшырасады. Қайрақбай күйлерінің бірмұншасы осы ер қанатына арналған. Бірде Қайрақбай Қарасирақ атты жылқышысына: «Астымдағы атым қартайыңқырап барады, жылқы ішінде маған лайық түлік болса қарай жүрсең», - деп сұрау салады. Сонда жылқышысы: «Құлын күнінде жетім қалып, екі енені тел еміп өскен қоңыр бар еді. Биыл алты жасқа шыққан дер шағында. Ұстап үйретіп, қолыңызға берейін мініп сынап көрерсіз», - дейді. Телқоңыр ат шынында жүрісі ширақ, белі мықты, нағыз төре мінетін тұлпар боп шығады. Бірде Төбе би Қайрақбай арғын еліне бір дауды шешуге арнайы барады. Шешім шығарып қағаздастырар кезде Қайрекең өзінің мөрін ұмытып кеткенін бір-ақ біледі. Елді күттіріп қоюға болмайды. Қайрақбай амалсыз астындағы телқоңыр атын Қиқым атты атқосшысына береді де, мөрді тез алып келуге жұмсайды. Сонда Қиқым бес күншілік жерді екі күнде басып өтіп мөрді жеткізген екен. Атының осыншама қайсар жүрісіне пейілі құлаған күйші, арғын ауылында жатып «Телқоңыр» күйін шығарған екен. Бұл күй де осынау хикаясымен бірге ел ішіне тез тарап, күні бүгінге дейін биік сахыналардан орындалып келеді.

«ОЙ ТОЛҚЫНЫ»

Бір жылы Арқа өңірінде салтанатты жиын өтеді. Орта жүздің атқа мінер игі жақсылары тегіс жиналады. Сол мәжіліске неге екені белгісіз Құнанбай сұлтан үш күн кешігіп келеді. Көп күткен әр елдің би, төрелері әртұстан реніштерін білдіре бастайды. Наразылық даурығуға айналар тұста Қайрақбай қолына сыбызғысын алып бір терең толқынысты күйді тарта жөнеледі. Сыбызғының сыңсыған үні жиналған елді бірден айрандай ұйытады. Бәрі де даланың дарқан дауысты кемел күйіне ынтызар боп сөзден тиылып, бойлары балқып отырып қалады. Қайрекең төңірегін бір шолып өтеді де, кенет тылсымы күшті тосын күйді әуелете жөнеледі. Бұрын ести қоймаған жаңа күйге жұрттың мейірі қанып, пейілі құлай береді. Сүйтіп арадағы тартыстың салмағы да ыдырай бастайды. Сонда Құнанбайдың ақылшы, үзеңгілес жолдасы Қаратай: «Шіркін-ай, мына күйде терең ойдың өзгеше ағысы, кемел тынысы жатыр-ау. Бәрімізді сол шүңетіне батырғанын қарашы», - деп тамсанады. Сүйтіп дүрдараздықпен басталған жиналыс қайтадан шүйіркелесуге ұласады. Сол жиналыстың куәсіндей болған бұл күй «Ой толқыны» болып аталып кетеді.

«СЫҒАЙДЫҢ БАБА МҰРАСЫ»

Сығай Баянұлы Тарбағатай өңіріне белгілі болған қайраткер адам. Әкесі Баян қажы атанған оқымысты кісі. Сығай Қайрақбайдың ағасы Байбөпенің немересі. Етене жақыны. Қайрақбайдың өз баласы орнындағы адам. Сығай Баянұлы 1930-1940 жылдары Тарбағатай өңіріне мектеп салып, бала оқыту сынды ағартушылық ісіне белсене ат салысқан көрегенді, мәдениетті адам болған. Алғаш театр өнері де осы Сығай бастаған азаматтардың іскерлігімен қолға алынған. Бірде Шәуешек қаласында сахыналық қойылым дайындап, оны театрға қоятын кезде бір қойшының образын сомдайтын әртіс кем болып, оның орнына осы Сығай қойшы бейнесін сомдаған екен. Нұртаза Үкірдай: «Сығай, сен өмірі қой жайып көрмеген ақ алақан адамсың ғой, қойшы кейпіне кіре алар ма екенсің», - дейді. Сонда Сығай: «Қой бағып көрмесем де, қолымда үш-төрт қойшым бар, олардың өмірімен жақсы таныспын», - деген көрінеді. Сол Сығай дүниеге келгенде әкесі Баян Қайрақбайды шақырып, баласын сынатып, бата сұрапты. Қайрекең жаңа туған жас сәбиге сынай қарап отырып: «Ой, мынауың бірдемеге жарайтындай көрінеді. Алтын болмаса да жез болар, бір даңыққа кез болар...» - деп ырзалығын білдіріпті. Сүйте отырып, аса ықыласты пейілде бір сазды күйді толғай жөнеліпті. Күйден ұрпаққа деген ілтипат, үміт, бойын мақтаныш билеген әкенің ізгі махаббатын сездіретін тамылжыған әуен төгіліп тұрыпты. Отырған жұрт рахаттана тыңдапты. Сонда Баян қажы: «Ой, Би аға, бұл күйдің аты не болды?» - деп сұрапты. «Мұны келергі жас ұрпаққа арнап отырмын. Күйдің аты «Сығайдың баба мұрасы» болсын», - депті Қайрекең.

Сол Сығай кейін атасының күй мұрасын арқаламаса да, әділ би болған мұрасын жалғастырып ел басқарған зәңгі болады. Ат жалын тартып мініп, халықты білімге, мәдениетке баулиды. Сол әділдік жолында жүргенде ескі үкіметтің наразылығына ілініп, ұлтшыл, білімдар азаматтардың легінде Қытай түрмесіне жабылады. Оның түрмедегі ауыр хәлін, өзімен бірге бір абақтыда отырған Таңжарық Жолдыұлының «Сығай зәңгіге» деп аталатын зарлы өлеңінен көруге болады. Ақыры Қытай үкіметі асыл ерді он мың кісілік обаға тастап өлтіреді. Таңжарық Жолдыұлы кейін түрмеден шыққан соң, Тарбағатайдағы Дөрбілжін ауданындағы Сығайдың туыстарына барып, орнына құран оқып, ұрпақтарына суретін тапсырып береді.

«АРМАН-АЙ»

Қайрақбай заманында ежелден келе жатқан дала дәстүрі бойынша дау шешімін кімге беру туралы билер алқасында өзара келісімге келген әділ тәртіп болған. Көбіне ру арасындағы тартысты ескеріп төрешіні алыс ағайыннан, өзге рудан сайлайтын болған. Ауқымы кең, күрделі, көп рет қаралатын шешімі қиын мәселелерде тіпті алыстан арнайы шақыртылған билерге төрелік жолын беретін. Бұл тұс жаста болса бас болған Қайрақбай бидің Орта жүз еліне тегіс мәлім болған кезі болса керек. Бірде іс-сапармен арғын елінің ішіне келіп түседі де осында күрмеуі көптен шешілмеген бір даудың бар екенін біледі. Істің мән-жайын сұраса Қалиолла деген жігіттің жазықсыз өлімі хақында екен. Арғын ішіндегі алауыз билер Қалиоллаға «Мал ұрладың, ұрлығыңды мойындап құнын төле, мойындамасаң жалғыз қызың Төребикені күмәнға тартамыз» деп жөнсіз қинайды. Оған жазықсыз ер көнбейді. Неде болса өзім көрем, жалғыз қызымды араластырмаңдар деп шырылдайды. Амалы құрыған билер Жолшора деген адамға ант-су дұғасын жаздырып, зорлап ішкізген екен. Бұндай қорлыққа шыдамаған Қалиолла қапыда құсалықтан өліп кетеді. Қайрекең байыптаған даудың мән-жайы осылай боп шығады. Алты қанат ақ үйде билер ортасында осы мәселені тыңдап отырған Қайрақбай, осы үйге қарай Төлебике қыздың келе жатқанын естіп, сыбызғысын қолына алып жұмбағы мол, бар сырын ішіне бүккен зарлы бір күй шертеді. Төлебике де өзіндік өнері бар, домбыра мен күй тілін түсіне білетін зерделі жан екен, аға би шалған сыбызғы тілінен бірден әкесінің ақталғанын, асыл арманы орындалғанын түйсіне қояды. Қуаныштан көзі бұлаудай боп боздап келе жатқан қаралы қыз, үйге кіре бере «арман-ай, асыл әкемнің ақталғаны осы екен ғой» деп Қайрақбай биді бас сала құлаған екен. Сүйтіп бұл күй «Арман-ай» деген атпен ел ішіне кең тарайды. Кейде бұл күйді «Төлебике» деп те тарта беретін болған. Күймен бірге сол алқалы топта айтқан Қайрақбай бидің мына бір ақылиялы сөзі де ел жадында әлі күнге жаңғырып, замандар озған сайын қайрыла айтылып отыратын болған екен.

Еңбексіз тапқан дәулет тамақ болмас,

Тең қарап, әділ айтпай, сарап болмас.

Әділ би өз жақынын сүйемейді,

Әр істі жөнін тауып жүйелейді.

Нашар болса биіңіз теріс кетіп,

Ақ ісіңді қаралап күйелейді...

«САЛҚЫН ЖАЙЛАУ»

Өнер қашанда табиғатпен егіз. Өнер қашанда табиғаттың тілінде сөйлеген, табиғаттың таңғажайып бояуын өз тіліне көшіріп, адам жанының сан түрлі құпияларына бойлаған. Қайрақбайдың күй мұрасында табиғатпен, тау-таспен, туған жермен етене тыныстап, солардың жүрек лүпілін жеткізген күйлер молынан кезігеді. Солардың бірі осы «Салқын жайлау» күйі. Қайрақбай Тарбағатай төсіндегі өзінің жаз жайлауын жайлап жатқан мамыражай шағында ауылына сәлемдесіп Бұтабай би келіп түседі. Бұтабайдай даңықты биді Қайрекең айрықша құрметтеп қарсы алады. Қонағасы мен күтімінен сырт, қадірлі қонағына ән мен күйді молынан тыңдатып, емен жарқын әңгімелеседі. Сондай күй кешінің бірінде Қайрекең бөгенайы бөлек жаңа күй тартады. Күйдің қуатты ырғағы мен әуені Бұтабай биді еріксіз матап алады. Сонда Қайрақбай: «Бұл күйді жаңадан шығарып тартып отырмын, көңіліңізге жақса атын сіз қойып кетіңіз», - деп қолқалайды. Бұтабай би күйді қайыра бір шерткізіп тыңдай отырып: «Мына күйіңді тыңдаған сайын соны да салқын жайлаудың кең құшағына енгендей көңілім тасып, тынысым ашылып барады. Мынау адамды ғана емес табиғат құшағындағы жан-жануар атаулыны да тебірентіп, жан отын маздататын айтулы күй екен. Атын «Салқын жайлау» қоялық», - деп ықыласты пейілін білдіреді. Бұл ат Қайрақбайдың да көңілінен шығып, осылай ел ішінде кеңінен тартыла бастаған екен. Бұл тұс Қайрақбайдың да жасы орталап қалған, Бұтабай бидің де шәу тартып қалған кезі екен дейді. Даланың екі саңлағы сол салқын жайлауда салиқалы әңгіме құрып, емін-еркін сырласып, бір-бірін қимай аттанысқан екен. Сонда қоштасып ат үстінде тұрған Бұтабайға Қайрақбай: «Талабың өр болсын, дәулетің мол болсын, пейілің кең болсын, айтқаның ем болсын, алдың бейіш, артың кеніш болсын», - деп ырзалық ниетін білдіреді. Сонан соң сөзін қайта жалғап: «Е, аға сұлтан, соңғы сөзді өлген адамға айтушы еді ғой деп көңіліңе алма. «Ерден иман қашып құтылмайды» деген аталы сөз бар ғой, саған бейішті тірі күніңде ізде демекпін. Өлген соң табыла ма, табылмай ма, оны құдайдың өзі білер», - деп соңғы сөзіне түсінік береді. Қайрақбай бидің осы сөзі себеп болды ма, кейін Бұтабай би қажылық сапарға аттанып, қайтар жолда құдайдың «ақ өлімімен» қаза табады. Дала ерлерінің басынан осындай алмажай күндер өткен екен деседі шежірелі тарих.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар