Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Оспан. Тәуелсіздік жайлы экспромт

20.01.2019 567

Қуаныш Оспан. Тәуелсіздік жайлы экспромт

АҚ СЕЗІМ - АҚ ҚАР


Шіркін-ай, өмір неткен керім еді,
Сезбеспін бұл бақытты мен үнемі.
Көкшетау.
Алғашқы қар.
Аппақ сезім.
Жүрегім ақ ұлпаға емінеді.



Жүрегім ақ ұлпаға емінеді,
Адамдар сүю жайлы не біледі?!
Дәл қазір өзің түскен автобус та,
Көзіме мейрімді боп көрінеді!



Сүйемін ерініңнен шөлім қанбай,
Қолымнан назданасың қолыңды алмай.
Аппақ қар жауып жатыр Көкшетауға,
Деміңнен мен еримін төзім қалмай.



Іңкәрім, қардай аппақ маңдайың да,
Тәп-тәтті сезім дәмі таңдайымда.
Жанарым жасаурайды көкке қарап,
Құдайым, біздей мұңлық жанды айырма!



...Уыстан сабын-уақыт сырғығанда,
Сағатың сағыныш пен мұңды ұғар ма?!
Сүйдің де ерінімнен ұзай бердің,
Аспаннан жауып тұрған тынды қар да...





ЖАҢА ЖЫЛЫҢМЕН!



Күнтізбеде соңғы күні соңғы айдың,
Саған, күнім, соңғы СМС жолдаймын.
Мен жазатын бәлкім бұл да соңғы өлең,
Сен де - соңғы, енді ғашық болмаймын!



Бүгін түнде басталады жыл жаңа,
Уақыт, уақыт бара жатыр сырғанап...
Бәрі жаңа - жұмыс, достар, тағы не?
Менде қалған - ескі жыр мен мұң ғана.



Он екіде сенсіз атам шампанды,
(Е, Құдайым, бақытты қыл қалқамды).
Ішімдегі аптап жалын сөнер ме,
Ішімдікпен суарғанмен аңқамды?!



Сосын мынау безе қашып есіктен,
Аппақ қарды жалаң аяқ кешіп мен.
Салют атам гүрсілдетіп аспанға,
Мазақ-сезім құрметіне кешіккен!



Күнтізбеде соңғы күні соңғы айдың,
Саған, күнім, соңғы СМС жолдаймын.
..."Бақыт тілеп" маған да бір хат кепті,
Кім біледі, айтыңдаршы, ол қай күн???




КІНӘЛІ ТЕЛЕФОН



Мен емес айыпты, жүрек те,
Сен де емес айыпты, шырағым.
Жарқ еткен қараңғы түнекте,
Телефон бәріне кінәлі!



Біз емес ынтыққан тілекпен,
Бұл мекен жалғандар тұрағы.
Кешігіп,
кешігіп шыр еткен,
Телефон бәріне кінәлі!



Біз емес сезімге берілген,
Біз емес уәденің сыңары.
Нөмірлер өздері терілген,
Телефон бәріне кінәлі!



Махаббат, сенім не, ал, сонда?
Көп, әттең, ішімде сұрағым...
Кінәсіз "кел" деген даусың да,
Телефон бәріне кінәлі?!



Ұялып жанарың түйіскен,
"Кінәм жоқ" -, деп тұр-ау, - "менің де".
Бейкүнә сүйіскен сол түні,
Не дейміз,
не дейміз ерінге?!




СӨЙЛЕСУ



Жындарым қайдасыңдар,
Келіңдер жақындаңдар!
Жақсылап жайғасыңдар,
Айналдым, ақылмандар.



Ақ жыным - арамдығым,
Көк жыным - көргіштігім.
Сары жыным - сараңдығым,
Айтыңдар ең күшті кім?!



Тезірек ентелегей,
Басып жүр жиі күмән.
Қара жын, еркелемей,
Түсе ғой иығымнан.



Көп болды келмегелі,
Кеттіңдер сағындырып.
Үмітім сөнген еді,
Қалды ғой жаным кіріп.



Паңдарым, келдіңдер ме?
Жандарым, келдіңдер ме?
Атамды көрдіңдер ме?
Апамды көрдіңдер ме?



Жырынды айқындаушым,
Сендермен арқалымын.
Жасырмай айтыңдаршы,
Қалды екен қанша күнім?!



Ақ жыным, Қара жыным,
Көк жыным, Сары жыным.
Асырмай айтыңдаршы,
Қалды ма әлі күнім?!



Оралар уақыт қайсы,
Мәңгілік тұрағыма?!
Не дейсің,
асықсайшы?
Айта ғой құлағыма...



ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАЙЛЫ ЭКСПРОМТ




Мерген досым, ақша жоқ сенде, менде де,
Ескерткіш сап, құран оқып қойдық теңгеге.
Қақымыз жоқ табан астындағы жерге де,
Жеріңдегі сықиып тұрған кенге де.
Мешіттегі молданы тыңдап күлеміз,
Байлық деген керексіз дейді пендеге!



"Елбасы" деп ауызымыздан бүркіп от,
Сөз сөйлейміз кездесулерде күркіреп.
Бұл хәліміз, о, қандай біздің күлкілі ед!
Айғайымыз аспанға жетер бұлт іреп,
Төбемізден бабалар жасы сіркіреп!
Аспанымыз - Әнұрандағы алтын күн,
Өміріміз - айықпай қойған бір түнек!



Рухани Һәм заманауи жаңғырып,
Мадақтау, мақтау аттанның белін талдырып.
Газетің шығып сүртуге бола саңғырық,
Эфирің анау қаптаған өңкей әңгүдік.
Міржақыптың дауысы қалған қарлығып,
Ахметтің "масасын" улап, қалғыдық.



"Қазақстан өрлеуде" дейді патшамыз,
"Дәл солай!" деп даурығысамыз басқамыз.
Билеп жүрміз, билегеніміз бір әуен,
Тауысылса қайталанады таспамыз.
Одан қалса тыңдайтынымыз - ертегі,
Мейіз тапса жеп қоятұғын Мақта қыз!



Мерген досым, айтуға бәрін тіл жұтаң,
Желтоқсан мен Жаңаөзен десем мұң жұтам.
Мұң жұтам да жанардың жасын сырғытам,
Келеді әлі, шынайы нағыз нұрлы таң!
Тәуелсіздік күніне өлең оқиық,
Мерез ойлы менсінбей қойған құл-құтан!
....Жасасын, ТӘУЕЛСІЗДІК деп!

ЖОҒАЛУ



Мен кінәлі бәріне де, мен ғана,
Ендігәрі ақталудан сен де ада!
Сен аппақсың, тазасың ғой аяулым,
Жоламаймын болмай-ақ қой енді алаң.



Мен-ақ мүлдем жоғалайын құрдымға,
Кетем еріп серігі боп жынның да.
Бәлкім өзге ғаламшарлық шығармын,
Мені жоқтар бар ғой дейсің кім мұнда?!



Сенің сөзің бола берсін мейлі шын,
(Жынға еремін!).
Уайымың сейілсін.
Құмырадан шығатұғын жын әлгі,
Бөтелкеден шыға алмайды деймісің?!



Кетемін ғой қалды дейсің қанша күн,
Енді маған қалжың - қараң, ән -сағым.
Жүрегімді жамай-жамай тозған бұл,
Инемді де сабақтаудан шаршадым.



Соңғы мәрте тұрмын сенің көшеңде,
Қайда көмсем, мына жүрек - ет өлген?!
Самса сатқан өзбекке анау, жоқ әлде,
Тандырыңа орай салшы десем бе?!



АСПАННЫҢ ГҮЛІ



Күлімдейсің,
Күлімдеймін.
Дірілдейсің,
"Гүлім" деймін.



Қырсығасың,
Ынтығамын.
Құлпырасың,
Гүл-тұмарым.
Қолым жетпес
Аспанның Гүлі!



Мұңданасың,
Мұңданамын.
Шын дарасың,
Қызғанамын.



Күйік-шерім,
Сүйікті едің.
Биіктегі,
Кейіпкерім.
Қолым жетпес
Аспанның Гүлі!



Отбасың бар,
Отбасым бар.
Шоқ басулар,
Қоштасу бар.



Кеш жолықтың,
Кеш жолықтым.
Кеш көріппін,
Кеш, Көріктім!
Қолым жетпес
Басқаның Гүлі!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Сергей ЕСЕНИН

20.01.2019 18:10
Қуаныш мықты ақын ғой! Соңғы жылдары жазған дүниелері көңіл толтырарлық. Ақан мен Біржандардың інісі жасасын! Қаламың мұқалмасын!

Адақ

20.01.2019 12:56
Қуаныштың кейінгі уақытта ерекше жазып, жаңа тынысы ашылғанын байқап жүрмін. Қаламы мұқалмасын!

Күреңбай

20.01.2019 12:31
Ғажап ақын ғой Қуаныш деген!

Жұматай

21.01.2019 22:26
Әп,бәрекелді,Қуаныш! Жарадың! Өткенде ғана сенің "Ет" туралы поэмаңды оқып,бір жасап қап едім,бүгін мына өлеңдеріңді көріп,бітіп қалмаса екен деп оқыдым! Жасай бер,нағыз ақынсың!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар