Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Оспан. Бәтен балуан

02.07.2019 710

Қуаныш Оспан. Бәтен балуан

(поэма)


І


Секілді жылдар жылжып ауыспаған,
Мынау көл, анау орман таныс маған.
Көкшетау, көк тіреген Оқжетпесі –
Батырдың жебесіндей жаңа ұштаған.

Бурабай – Жұмбақтасы бүккен жұмбақ,
Атамнан қалған көздей тіптен қымбат.
Қаланған жақпар тастар қатар-қатар,
Ісмердің көрпесіндей тіккен бұлдап.

Көл беті – құсни хат иректелген,
Ән салсаң ерке қайың билеп берген.
Бұл жерде бозбала-атам саят құрып,
Бұл жерде ару-әжем жидек терген.

Көкшетау – Хан ордасы, Ән Меккесі,
Болмаған ханға өкпесі, әнге өкпесі.
Тәңірі құт қып берген әлімсақтан,
Қазақтың Хан Көкшесі,
Сал Көкшесі!

Сондай жер абыз өскен, аңыз көшкен,
Көрген жан «бұл – жұмақ қой, нағыз!» дескен!
Бірінен сол аңыздың сыр тартайын,
Аңшыдай қансонарда жаңа із кескен.

Болған жай әріңде емес, беріңде емес,
Шындықсыз өлең оты тебіндемес.
Жырлайын жас ұрпаққа бір тарихты,
Оны айтпай иықтан жүк жеңілдемес.



ІІ


Көкшенің бір алыбы – Балуан Шолақ,
Атына күллі қазақ қанған Шолақ.
«Көтерген елу бір пұт кірдің тасын»,
Сентябрь базарына барған Шолақ!

Шолақтың шын есімі – Нұрмағамбет,
Ел айтар «ояз қызын ұрлаған» деп.
Өзі ақын, өзі балуан, өзі сері,
Шырқаған «Ғалиясын» тыңдаған көп.

Ер Шолақ сөз асырмас бастан оңай,
Үркектеп дұшпандары басқан абай.
Көкшенің баурайында, Тастыөзекте ,
Ауылы балуанның Басқарағай.

Қауымға, елге сыйлы осындағы,
Қаныкей – қонған бағы басындағы.
Дүниеге сегіз перзент әкелгенмен,
Қатарға екі ұл, бір қыз қосылғаны.

Екі ұлы – Исажар мен Құдайберген,
Күн кешкен артық-кемсіз былайғы елден.
Жалғыз қыз – Бәтимасы, көздің нұры,
Дидары ортасына шырай берген!

«Бәтен» деп еркелетті ауыл-аймақ,
Тілеуін тілер бәрі «а, Құдайлап».
Бойжетті ақылды боп Бәтен сұлу,
Әкеге сөз келтірмеу қамын ойлап.

Құс салып, ит жүгіртті, жылқы жайды,
Көргендер айтпай қалмас «шіркін-айды».
Әкенің қасиетін қызға берген,
Апыр-ай қарасаңшы бұл Құдайды!

Күрессе жығылатын белдескені,
Қайраты – өзен тасып, сел көшкені!
Көргендер – «ұқсамасаң тумағырлап»,
«Бұл қызды, сірә, адамзат жеңбес» деді!

Анасы еркелетті үміт күткен,
Секілді үлпілдетіп түбіт түткен.
Бәтеннің назарына іліксек деп,
Ұшынды жүрегінен жігіт біткен.

Қараса шарпып өтер жанарымен,
Жымиса баурап алар жамалымен.
Бәтеннің аты солай тарап жатты,
Күн сайын Сарыарқаның самалымен!

ІІІ

Көк жайлау – ұжымақтың баламасы,
Жайылған шат көңілдің самаласы.
Шөкеңнің әсіресе биылғы жаз,
Көліктен босамай тұр мама ағашы.

«Құдайы қонақпыз» деп қонушы боп,
Ауылға біреу «жолай соғушы» боп.
«Балуанмен төс қағысып туыссақ» деп,
Бәтенді айттыруға келуші көп.

Шөкең де асықпаған, қолай күткен,
Қауесет, алып-қашпа маңай біткен.
Шөкеңмен құда болу – кім-кімге де,
Абырой бұйырмайтын оңайлықпен!

Ата мақтау, араға кісі бару,
(Кімге – бал, кімге тағдыр ұсынады– у?).
Қайсына бұйырады Балуанның,
Үкідей балақтаған құсын алу?!

Таласқа түскенімен бәсі көптің,
Нәсіпті бұйырмаған татып ед кім?!
Асығы алшысынан түскен екен,
Шөкеңнен разылық ап, Ахметтің.

Ахмет – Атығайда Доғалақтан,
Күні адал батып таңы адал атқан.
Бай да емес, төре де емес, ұлық та емес,
Жайсаң жан өз шаруасын домалатқан.

Кісілік мінезіне жан жылынып,
Әкеге жете туған арды ұғынып.
Бәтенді айттырғаны үлкен ұлы,
Талапты ер келе жатқан ауызға ілігіп.

...Беу, жайлау той-думансыз бар ма сәні?!
Дәстүрдің тарылмаған арнасы әлі!
Бозторғай сауын айтып шартарапқа,
Тойына Бәтен қыздың қам жасады.



ІV


Ойында Балуанның күдік басым,
Малсыздың көрер күні құрып қалсын.
Жалғызын атына сай ұзатпаса,
Дәстүр мен ата салты, ғұрыпқа сын.

Осы жай көңіліне мұң қашады,
(Бұл тойдың дабырасы қырды асады).
Бәтенін қиып беру оңай емес,
Одан да қиын бірақ – қыз жасауы.

Серіге байлық пен мал тұрақтап па,
Салдықпен өткен күнге кінә артпақ па?!
Болмаса ағайыннан жылу жинап,
Жалғызын масқарамен ұзатпақ па?!

Шөкеңе жол емес қой соқпақ ондай,
Ал, бірақ жүйрік жетер жоққа қандай?!
...Шақырды Бәтен қызын әңгімеге,
Ер Шөкең бір байламға тоқтағандай:

– Шырағым, айналайын, жаным Бәтен,
Алғаш рет таршылыққа шағынды әкең.
Бұл жолы жүк ауыры саған түспек,
Әйтпесе абыройым сабынға тең.

Жосын бар келе жатқан ертеректен,
Жөн шығар оның жайын шерте кеткен.
Жиенін ұзатарда нағашы жұрт,
Жасауын сайлап беріп еркелеткен.

Елміз ғой жөнмен жүрер салт аттамай,
Дәстүрге бас иетін шалқақтамай.
Әжеңнің бауыры бар – Жәнібектей,
Бабасы – Қарауыл би жалпақ Қанай!

Сен де бар аруақ атап нағашыға,
Жан еді кең шабылған шарасы да.
Түсінер өзі-ақ сосын арғы жағын,
Жете алса жиеншардың бағасына.

Жиен деп, бағар сенің қабағыңды,
«Қош» дерде сұрап қалар қалауыңды.
«Бас көлік – Күркіреуік күрең айғыр,
Болсын» деп сен де айтып қал талабыңды!

Айтқам жоқ тектен-текке оны саған,
Нағашың адам еді қолы сараң.
Бермесе жалынбассың, берсе алып қайт,
Жағдайдың байланысты көбі соған...


V


Зеренді күміс айна жарқыраған,
Жан болмас көрсе сірә шалқымаған.
Таулары, ормандары, бұлақтары,
Құнына тең келмейді жарты ғалам!

Жиен кеп абыр-сабыр нағашы ауыл,
Түрленіп кеткендейін жаңаша бір.
Төредей меймандарын күтіп жатыр,
Деген бар «жиен елдің назасы ауыр».

Үй-үйге шақырысып кезек-кезек,
«Үлгерсек», «сыйласақ» деп безек-безек.
Туыстық, бауырмалдық әрбір лебіз,
Тым ыстық, ұмытылмас мезетке өзек.

Кеш батса ақсүйек пен алтыбақан,
Гуілдеп жастық шақтың парқына тән.
Масайрап қыз-бозбала ойнап-күліп,
Ән-күйден жұпар шашар аңқыма таң!

Кей күні Зерендіні дабыл жарып,
Айдыннан үйрек іліп, қазын қағып.
Бәтеннің қаршығасы ол да алғыр,
Құдайым тұрғаннан соң бағын жағып.

Күнде той, күнде думан нағашы ауыл,
Көз тойып, көңіл өсер қараса кім.
Зеренді аунап түсіп, шұғыла ойнар,
Бетіне күн құйылып тараса нұр.

Күн келді меймандары елге жүрер,
Барған соң «нағашымның бергені!» дер,
Жәнібек намысына шапқан ол да,
Әйтпесе ұятты боп жерге кірер.

Алғашқы күннен бастап жиен келген,
Жері жоқ Жәнібектің үнемделген.
Ақ отау – бастап, соңы – ине-жіпке,
Дейінгі жасау толық түгенделген.

– Жиеншар, айналайын, қарағым кеп,
Көрсеттің нағашыңа дара құрмет.
Сәт келді қош айтысар, қалауың не?
Айта ғой, тауып беру маған міндет!, –


Деп, Жәкең сұрау берді жиеніне,
Тектілік біткен қыз ғой сүйегіне.
Ризалық, алғыс айтты шын көңілден,
Кешегі Қанайдайын би еліне.

– Сіз берген жасауым мен мүлкіме құт,
Қалауым – Күрең айғыр Күркіреуік!
Бас көлік – Күрең болса, кемдігім жоқ, –
... Бұл сөзге Жәнібек бай тұр түнеріп.

«Мал басы – Күркіреуік күрең айғыр,
Тұрғанын нені қалап біле ме-ай бұл?!
Жиенге жетектетсе ертеңгі күн,
Малдан – құт, әруақтан – тілеуі айныр!».

Деп іштей, Жәнібек бай күбірлеген,
Жиеннің калауы – ауыр дігірлеген.
Ол күрең – Қанай жауға мінген күрең,
Тұқымы – Күркіреуік үзілмеген!

Ол күрең – ұлы ерліктен қалған сорап,
Ал, қызда, басқасы емес, талғам сол-ақ!
Осы тұс Жәнібектің сыналары,
Сұратқан әкең шығар – Балуан Шолақ!

Ер Шөкең бір ісіне қолқа салып,
Ренжіп қайтқан, бетіне ол да салық.
Бұл жолы Бәтиманың қолын қақса,
Жиеннің бұнымен ел болмасы анық!

Уақыт жоқ тұратұғын күлбілтелеп,
Күреңі – алар тұлпар жүз құн төлеп.
Қалайда тығырықтан шыға алмаса,
Мың күнгі өкінішке – бір күн себеп.

– Қарағым, Күрең болса қалағаның,
Ол дағы мал тануға жарағаның!
Дегенмен малдың аты – мал емес пе,
Берудің жасармыз-ау бар амалын.

Айғыр ғой аты шыққан Күрең дейтін,
Адам жоқ құрық салып, жүгендейтін.
Жылқыға ит-құс түгіл, жан жуытпас,
Жігіттің жігіті оған тіленбейтін!.

Күткені осы сөз-ді қыз Бәтеннің:
– «Жомарт» деп айтқаны бар сізді әкемнің.
Ризамын қақпадыңыз қолымыздан,
Ендеше жүгенді, елім, қызға әкелгің!

Болмаса жылқышыңыз, сірә, мықты.
Беріңіз өз қолыма бұғалықты,
Көрейін өзім ұстап Күреңімді,
Ал, егер бұйырмаса құба-құп-ты!

– Жиенжан мүмкіндігін пайдалансын, –
Деді бай, іштей: («көңілім, жайланарсың»).
«Алдырмас он жігітке Күркіреуік,
Талдырмаш қыз баласы қайдан алсын?!».

Ұстатып бұғалықты, жүгенді де,
Алдырды жылқыға сап сүреңді де.
Бәтен қыз таяу барып оңтайланды,
Күркіреп келе жатыр Күрең, міне!

Семірген шытыр көкке жардай болып,
Келеді өркеші жоқ нардай болып!
Таптап өтер секілді көлденеңдеп,
Бәтенді анадайдан жаудай көріп!

Бәтен тұр, әке қаны бойын кернеп,
Мерт болып өлсе намыс жолында өлмек.
Дүрлікті ауыл біткен шу-шу етіп,
Бұйыртса қызық көрмек, ойын көрмек!

– Жиеннің жүректісін қара мына!
– Қайтпас-ау жетпей тағы талабына!
Жұрт кенет тына қалды, сал Күреңнің,
Қыл арқан сарт еткенде сағағына!

Қыл арқан әпжыландай оратылған,
Шыңғырып күрең айғыр – о да атылған.
Балуан қыз тырп етпеді орынынан,
Ол сондай ерліктерге бола туған!

Шапшыды көкке қарай Күркіреуік,
Оңай ма бұғауланса, шіркін, ерік!
Кісінеп, шатынайды шоқтай көзі,
Намысы алқымына тұр тіреліп!

Бәтен де бұғалықты жұлқып қалды,
(Кім білсін бәлкім жәймен сілкіп қалды).
Бәтеннің жүгіргенін көрген кезде,
Күреңнің құлағанын жұрт ұққан-ды!

Ұмытар мұндай ғажап әсерді кім?!,
Толқыды қимаса да, Жәкең бүгін.
Құлақтан басқан кезде дір-дір етіп,
Күрең де ұқты иесі – Бәтіндігін!




«Үш жүзге атың шыққан әкем едің,
Базарда пұлың қымбат сәтен едің.
Жылатып мені қалай қиып бердің,
Ортаңда, ерке елік, Бәтен едім», –

Бәтен қыз осылай деп, көп жылайды,
Жыласа көздің жасы сорғымайды.
Бәтеннің олай дейтін себебі не,
Жағдайды баяндасақ ол былай-ды.

Амал жоқ хабар жетсе тылсым көктен,
Басына Ахметтің бір сын жеткен.
Бәтенді алады ғой деп отырған,
Мезгілсіз үлкен ұлы қыршын кеткен.

Кейбіреу айттыруға қайта барып,
«Өлер жас – өлді ғой» деп айтары анық.
Оқыстан келген осы ауыр қаза,
Болған-ды екі жаққа айпара жүк.

Жерге беріп бақиға көшкен ұлын,
Өтініп екінші ұлды ескеруін.
Балуанға қайта барған Ахмет те,
Жоқ қой деп, айырмасы қос торының.

Бәтен қыз ерке еліктей бұлаңдаған,
Ініге жар болуды құп алмаған.
Сөзіне үлкендердің көнген бірақ,
«Ақ бата», «ата жолын» бұза алмаған.

Келін боп Майлыбалта, Доғалаққа,
Атанды балуан келін бар алапқа.
Басталды жаңа өмірі, жаңа жұртын,
Таң қылып небір ғажап, ғаламатқа.

Атанды «Бәтен балуан», «Балуан келін»,
Ән салса құйқылжытып салған келін.
Ел айтар бүгін оны аңыз қылып,
Бар болса кешір, Құдай, жалған жерін!

Аңызда ақиқат бар жаңылмайтын,
Ақиқат – уақытқа да бағынбайтын.
... Бәтеннің ақ отауы қыз-келіншек,
Баланың күлкісінен арылмайтын.

Күш десе балуан келін тарықпапты,
Көргендер қызығынан жалықпапты.
Еріккен жастарға да дауа бар ма,
Сынаққа не бір қиын салып бақты.


VІІ


Кез еді жаздың соңы, күзге салым,
Жел билеп, қурай тартқан түзде – сарын.
Жатқан-ды төрт-бес жігіт даурығысып,
Дегендей «әлек болар – білмес әлін».

Мықшыңдар бір топ жігіт көзге қораш,
Қимылы көңіліңді бөлген оғаш.
Доғалақ ауылының қотанында,
Жататын жуан кескен дөңбек ағаш.

Дініне құшақ жетпес қарағай бұл,
Әлгілер арбасына сала алмай жүр.
Салғаны ат-арбаға былай тұрсын,
Бір жағын көтеруге жарамай құр.

«Құрт жеген ағаш қой бұл, шұрық-тесік,
Өй, өңкей, жігіт емес – шірік», – десіп.
Үлкендер әжуалап күлген сайын,
Дағдарды көздерінен үміт көшіп.

Бәтен де күлген: «Қанша терле мейлің,
Ұяттан кірсеңдерші жерге деймін.
Айтқан ғой «ешкіні де жыға алмас» деп,
«Елуі жиналғанмен ергежейдің!».

Үй жақтан жеткен ұшып балалар да,
Жеткізді осы сөзді аналарға.
Үлкендер тағы күлген «қор қылды-ау» деп,
«Келмесе келін өзі шара бар ма?!».

Ибасы-ай келіндердің сол кездегі,
(Бертін ғой соның бәрі өзгергені).
«Тұр ғой», – деп, – «аталарым» келін Бәтен,
Қиылар, осы емес пе – жол көргені!

Бәтеннің сөзін айтып келісімен,
Үлкендер емпелеңдеп тегісімен.
Жылыстап, әлгі жерден жылдам-жылдам,
Сығалап тұрар еді үй ішінен.

– Көрелік, ал, келіннің әуселесін!
– Бұл саған емес бірақ сары тегешің!
– Құтырып, «балуан келін» деген сайын,
Түсіріп алма әкеңнің мәртебесін!

Мән бермей жігіттердің қылжағына,
Дөңбектің таяй берді түп жағына.
«Әуппа» деп тік көтеріп қойды арбаға,
Тіземен әрлі-берлі ырғады да.

Қайраты күллі ауылды сүйіндірді,
(Жаратқан жарылқаған кейінгі ұлды).
Екінші басын сосын тастай берді,
Итеріп, көрмегендей бұйым құрлы.


VІІІ


Арада өткен тағы бірнеше күн,
Қайтарсақ деп келіннің бұл меселін.
Жігіттер намысына шоқ түскен соң,
Бәтенді қорқытпаққа құрды есебін.

Жабылып бері ойлады, әрі ойлады,
Адам жоқ келер оған маңайда әлі.
Әлбетте қастық емес, өштік емес,
Мақсаты бір мұқату қалайдағы...

Бәтенді жүрген солай қырына алып,
Төтелей болған жайға бұрылалық.
Ертемен Бәтен көлден келе жатқан,
Иығына иінағашын іліп алып.

Алдынан не күтерін білер ме ол да,
Хәл емес досың тұрмақ, тілер жауға.
Есік пен төрдей болып біткен тұрқы,
Бұқа тұр басын шайқап жүрер жолда.

Жай бұқа емес мынау – тұрған бұқа,
Сүзеген, нағыз құдай ұрған бұқа.
Көктемде Сәрсенбайдың атын жарып,
Зәурешті шошыма ауру қылған бұқа!

Бәтенді суға кеткен анық көріп,
Сол тұсқа бұқаны айдап алып келіп.
Жігіттер анадайдан қарап тұрған,
Қызыққа қаламыз деп қарық болып.

Алып күш қара таппай соқтығарға,
Адамды көргеннен соң көп тұрар ма?!
Қазандай басын шайқап, мүйіз төсей,
Аялсыз тұра ұмтылды жоқ қыларға.

Бәтен де қарсы жүрді іркілмеді,
Дәу бұқа ыңыранды, зіркілдеді.
Жігіттер қарап тұрған зәресі ұшты,
Ойыннан от шығуы мүмкін де еді.

Біреуі айғайлайды «суға қаш» деп,
Біреуі бақырады «иінағаш» деп.
«Жарады анау қазір, бекер өйттік,
Қырсығып баратқаны-ай тыңдамас боп».

Шелегін баппен қойып қара жерге,
Қаймықпай, келіп қалған қарады «өрге».
Шап берді, шаңырақтай мүйізінен,
«А, Құдай, қайратымды ала көрме!».

Деді де, Бәтен балуан бұрай берді,
Бұқаның құлағанын Құдай көрді.
Көл жақта мойны үзіліп өлген малды,
Көруге ауыл жұрты шұбайды енді...

ЭПИЛОГ

Көкшетау – атам қонған, әкем қонған,
Өмірге талай мықты әкелді алуан.
Осынау ел аузында келе жатқан –
Бәтен қыз, Бәтен аңыз, Бәтен балуан!

Асырған Құдай өзі мерей, даңқын,
Болаттан асыл еді дегей зарпын!
Есімі Бәтен балуан желдей есіп,
Көкшені мақтанышқа бөлейді әр күн!

Толқыған мәңгіліктің кемесінде,
Тоқтамас тарих ешбір бөгесінге.
Жасында қырық сегіз топқа түсіп,
Белдеспей жеңгені де ел есінде!

Қасиет әкесінен қонып кілең,
Қайраты асып туған бөріктіден,
Диірмен тартқан дейді соғыс кезі,
Күшімен тылдағы елге болыпты дем!

Ақиқат жалған сөзге илігер ме?!

Өтірік сыналамас килігерге!

Алпыс екі жасында бақилық боп,

Бәтеннің жауырыны тиді жерге.

Мәңгілік аты қалды кейінге, өлмей,

...Бір қолмен айналдырған бұйым көрмей,

Тоқтаусыз зырылдайды дәуір тынбай,

Уақытқа,

Бәтен тартқан диірмендей.

Көкшетау. Мамыр


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар