Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық Шамахайұлы. Мұқанның көршісі

06.02.2019 2004

Қуандық Шамахайұлы. Мұқанның көршісі

(әңгіме)

Мұқан үйінің ауласына келгенде, балалары сыртта ойнап жүр екен. Он жасар Әлиі көрші бала Тимурмен бірге қасына жүгіріп жетті.

-Нағашы әжең қайда?

-Әже үйде. Әне терезеден қарап тұр.

-Әжеңді неге жалғыз қалдырдың? Қасында отыра тұрмадың ба?

-Ойнауға бола ма дегенде өзі рұқсат берді ғой.

-Жарайды. Ойнай беріңдер.

Үйге кіргенде енесі ас үйде шай қойып жүр екен. Мұқанды көре сала әңгіменің тиегін ағытты:

-Балам-ау, азаннан кешке дейін үй бетін көрмейтін жұмыстарың неткен ауыр еді. Зәуреге телефон соқсам, «енді, бір сағаттан кейін шығамын» дейді. Аулаға шығып біраз отырдым. Көршілерің бәрі орысша сөйлейді ғой, өзі. Балалар өз бетімен асыр салып жүр. Қайтсын енді, ойнайтын жаста ғой, үшеуі де. Балалар ойнайтын алаңдарың тәуір екен. Өзім қатарлы бірлі-жарым кемпірмен шүйіркелесе қояйын десем, орысша бірдеме-бірдеме дейді. Түрлеріне қарасам, бәрі де өзіміздің қара көз қазақтар сияқты. Қалада қазақша сөйлеуге тиым салған біреу бар ма? О, несі-ей! Олардың шүлдірлегендерін мен қайдан түсінем. Қой, ертең мені ауылға жеткізіп таста, балам. Шалдың қан қысымы көтеріліп, жатып қалып жүрер.

-Оныңыз не, апа! Ауылдағылар үш күннен кейін қайта жетіп барғаныңызды сөз қылып жүрер. Күйеубаласы тыржыңдап жақтырмаған екен дер. Әлі де біраз жатыңыз. Қыз өзіңіздікі. Келіннің қас-қабағына қараймын демейсіз. Аунап-қуанап жатпайсыз ба бір келгенде. Ауыл қайда қашады дейсіз. Екі аптадан кейін өзім жеткізіп салайын.

-Ешкім сөкпейді, қарағым! Сенің қабағың ашық екені бір құдайға мәлім ғой. Іш пысып, отыра алар емеспін. Қалаң өздеріңе, ауылыма жетер жер қайда? Демалыс күндері өздерің келіп тұрсаңдар болды ғой. Балалар да аяқтарын жазып, емін-еркін зыр жүгіріп, ойнап, бір жасап қалсын.

-Апа, ана біздің ұлмен ойнап жүретін Тимур деген баланың сізбен жасты нағашы әжесі бар. Сол кісімен таныстырайық. Әңгімелеріңіз жарасады. Қызы мен жиені орысша шүлдірлегені болмаса, ол кісінің қазақшасы жақсы. Ертеректе ауылда тұрған көрінеді.

-Әуіре болмай-ақ қой, қарағым. Ауылдағы көршім Зейнеппен бірге отырып шәй ішкенге жетер деймісің...

-Жоға, көрші апа жақсы кісі.

Әйелі келген соң кешкі ас үстінде Мұқан көрші апаны қонаққа шақырып, енесімен таныстыруды жөн көретінін айтты. Зайыбы да оны дереу қолдай кетті. Сонымен ертеңгісін кешке қонақ етуге келісіп, әйелі барып көршіге хабарлап келді. Тимурдың әжесі келетінін айтыпты.

Ерлі-зайыптылар қарттарға ас-суын әзірлеп берген соң әйелі шәй құюға қалды да, Мұқан балаларды саябаққа апаруға алып кетті. Екі кемпір жайлап отырып, ұзақ әңгімелесті.

Әңгіменің көп бөлігі қала кемпіріне тиесілі болды. Ауылдан келген әже үшін бәрі қызық әрі үйіне барған соң Зейнеп құрбысына жыр ғып айтатын бірдемелер тағы керек қой.

-Тым ерте жесір қалған екенсіз. Қолыңыздағы қызыңыздан өзге бала-шаға жоқ па еді?

-Ұлым бар.

-Бөлек тұра ма?

-Мәскеуде тұрады.

-Немерелер бар ғой?

-Екі қыз бар.

-Сонда, ұлыңыздың қолында тұрмай... неге..?

-Ой, сол ұлдың несін айтасың. Кетті ғой, бір қатынның соңында. Кері баққанда келінім орыс ұлтынан. Ар жағы белгілі ғой.

-А, ол несі-ей!

-Дәм бұйрық солай болған шығар. Міне, бақандай он бес жыл өтті. Туған еліне ат ізін салған жоқ. Анда-санда телефон шалып тұрушы еді. Соңғы кезде онысы да сиреп барады. Құдайдың рақатын қызымнан көріп отырмын. Бар көз қуанышым жалғыз қызым ғана. Жаман жиенім мен қызым барда өлмеспін.

-Күйеубалаңыз ше?

-Ондай жоқ, бізде!

-Сонда қалай?

-Қалай дейтіндей несі бар? Қызым ана Тимурды өзі үшін тауып алған.

Ауылдың кемпірі бұл сөздің мәнін ұқпай қалғанын, аузы ашылып, таңдана қарағанын бірден аңғарған қалалық кемпір әңгімесін ары қарай жалғастырды:

-Қызым оқу бітірген соң мемлекеттік қызметке тұрды. Азаннан кешке дейін жұмыс-жұмыс деп, қызмет бабымен жүрді. Таң сәріде кетеді, түн ауғанда келеді. Кейде сенбі, жексенбі күндері де жұмыстан бас алмай отырғаны. Неге бұлай өліп-талып ұйқы-күлкісіз жұмысқа берілетінін өзім де ұқпайтынмын. Сөйтсем, карьера қуу деген бірдемесі бар екен ғой.

-Онысы не пәле тағы?

-Қызметі өсіп, бастық болу дегені ғой.

-Е, құдай-ай! Әйел адамға керек пе, сол? Атам қазақ «байтал шауып бәйге алмайды» деп кеткен жоқ па еді.

-Көрші-ау, ол заман баяғыда өтіп кетті ғой. Сонымен не керек, қызметі өсті, тұрмысымыз жақсарды. Бірақ, қызым қатарластарынан қалып, отырып қалды. Сіз айтқандай бұрынғылардың айтып кеткен «отырған қыз орнын табады» деген сөзі әдірем қалған секілді ғой. Таппайды екен, орнын. Оның үстіне орысша оқыған, қазақшадан жұрдайлығы да тұрмысқа шығуына тұсау болды-ау деймін. Біздің заманда баланы орысша оқытпасаң өрге баспайды дейтін еді ғой, өзің білесің. Қазақы тәрбиеден алшақ, қалада туып-өскен, мәнсабы жоғары, мінезі тік қызға қандай жігіт сөйлесер дейсің. Таныс-біліс ауылдастар бар, алыс-жақын құда-құдандалы жекжат-жұрағаттар бар, біреулермен таныстырып та көрдік. Жайбасар, можантопай, жарлы-жабықайларын қызым өзі қаламады. Жібі түзулері танысқаннан кейін-ақ ат ізін салмай өздері аулақ кетті. Сонымен не керек, жасы отыздың жуан ортасынан асқанда отбасылы, балалы-шағалы өзімен қызметтес бір еркекпен көңіл жарастырып жүргенін, содан өзі үшін бала тауып алмақшы екенін айтты.

-Астапыралла, онысы несі, некесіз, қатыны бар еркектен, ойнастан ба?

-Иә, иә. Несін сұрайсың! Оған қызым өзі солай қалады. Қазір қалада жібі түзу бай табу оңай емес! Өзің ойлашы! Өзімен жас шамасы қатарластарының бәрі бас құрап кетті. Қатыны өлген шал-шауқан тауып тисе тиер еді. Бірақ, оның да әуіресі көп қой. Олардың артында қалған бала-шағасы, келіні тағы бірдемелері болады. Уылжып тұрған жас қыз емес. Барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кетуі де неғайбыл. Ал, алпыс ата, қырық жездесі жоқ біреу табылғанның өзінде ондайлардың кім болып шығатынын қайдан білесің? Қазір неше түрлі алаяқ айлакерлер, маскүнемдер, кері жалқау масылдар, құмар ойынның соңына түскендер көп. Қызымның шақшадай басын шарадай қылатын сан түрлі пәлелерден аулақ жүргені абзал емес пе?! Оның үстіне мен бармын, жалғыз анамды қайда тастаймын деп те ойлаған шығар-ау. Ақыры, соқа басы қашанғы сопиып жүрсін. Сөйтіп, амалы құрығаннан ана Тимканы дүниеге әкелді. Басында мен де ел-жұрттың алдында қара бет болдық деп, біраз мөңкіп-тулағанмын. Енді, ойласам бір есептен дұрыс та болған секілді. Қазір қызметінен тыс жалғыз алданышы осы бала. Онсыз қиын ғой, расында.

-Ал, жиеніңіз әкесінің кім екенін біле ме?

-Жоқ. Білмейді.

-Неге?

-Тимур туғаннан кейін әлгі еркек отбасымен шетелге шығып кетті. Сонысы да оңды болды, пәтшағардың. Егер мұнда болғанда неше түрлі кикілжің туып, қызымның басы қататын еді. Солай қарасын батырғанына өзім де іштей қуанамын. Қызымның табысы мол. Әжептәуір бір басқарманың білдей бастығы. Жалғыз шикі өкпені өсіруге шама-шарқы артығымен жетеді ғой. Оның үстіне өкіметтің әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке белгілеп қойғаны да оңды болды. Көңілі қызметке бөлініп, жалғызсырамайды. Әйтпесе үйге сыю қиын ғой.

-О, не дегеніңіз, көрші-ау! Әйелдердің зейнетке кеш шығатыны мұғалім, дәрігер, ауыр жұмыс істейтін әйелдерге қиын болды ғой. Жер ортасынан асқанша жұмысқа жегілу қанша қырық жанды болса да оңай емес қой.

-Е, онысын қайдан білейін. Мен үшін қызым елу жасында зейнетке шығып кетіп, үйге қамалмаса болды. Соны ойлағанда түн ұйқым төрт бөлінетін. Ол мына қызметсіз бір күн де өмір сүре алмайды. Енді, өзінің айтуына қарағанда, жоғарғы қызметтегі әйелдердің бәрі зейнеткерлікке шыққан соң да сол мекемелерінде қала беретін көрінеді. Қайсы бірі депутат болып жүр. Қалада қызметі болмаса оларға қиын ғой. Төрт қабырға күзетіп қашанғы отырады? Жынданып кететін шығар.

-Ол жағы да бар екен-ау. Шынымен де, сиыр сауып, май шайқаймын, көкөніс егіп, арам шөп жұламын дейтін емес. Бұл қалаң да іш пыстыратын пәле ғой.

-Соны айтамын. Жас кезіндегідей емес. Қазір қызымның лауазымы жоғары болған соң жұмысы әжептәуір жеңілдеген.

-Сонда қалай? Қызметі жоғарылаған сайын жауапкершілігі артпай ма, жұмысы одан ары ауырлай түспей ме екен? – деп, осы тұста бағанадан бері шай құйып үнсіз отырған Мұқанның келіншегі әңгімеге араласты.

-Ой, қызым-ай! Алғашында мен де дәл сен секілді ойлағанмын. Түн ортасында келетін еді ғой, жай қызметкер кезінде. Енді, бастық болғаннан кейін қона жатып еңбектенетін шығар деп қатты алаңдағанмын. Сөйтсем, керісінше екен.

-Қалай сонда, апа? – деді, жас келіншек көзін бақырайтып.

-Мына мемлекеттік қызметте бар ғой, сенің мәнсабың көтерілген сайын істейтін шаруаң одан ары жеңілдеп, алатын еңбекақың өсе түседі екен.

-Қойыңызшы, апа! Олай болмайтын секілді.

-Құй сен, құй сенбе, шынымен солай екен. Сен бастық болған соң барлық шаруаны төменгілерге артып қояды екенсің де, өзің тек қана бақылап, даяр қағазға қол қойып отыра береді екенсің.

-Шынымен де, көрші, сіз қызыңызбен бірге сол қызмет орнына барып жүрген жоқсыз ғой. Дәл олай емес шығар, қайдан білесіз? – деп, Мұқанның енесі де күмән келтірді.

-Мән-жайды қызымнан естимін және көріп те жүрмін. Бастық болғалы қызым әлде бір жиналыс бірдеме болып қалмаса, таңертең ұйқысын әбден қандырып, асықпай шай-суанын ішкен соң сағат он жарымда ғана шопырын шақырады. Бұрын үй бетін көрмейтін. Бас көтертпейтін жұмысбастылықтан еңсесі түсіп, кеңседен ұзап шыға алмайтын еді. Енді, үнемі түскі асқа келеді. Тамақтанып алған соң екі сағат ұйықтап тынығады. Сағат үштен төртке қарай кеткенде қызметтік көлігі келіп алып кетеді. Ал, сенбі, жексенбі күндері қонаққа, тойларға барады. Қолы қалт етсе, спорт клубтар, сән салондары, бассейн, сауна дейсің бе, демалып тынығатын орындардың бәрін түгендеп шығады ғой. Бұрынғыдай бас алмай қиналып, қағаз кеміріп отыратын заманы өтіп кеткен сияқты. Бастық болудың рақатын бір кісідей көріп-ақ жүр ғой...

-Е, ол да жөн шығар. Бірақ, қасында байы болғанға не жетсін. Отыз ұлың болғанша...

Әңгіме осы жерге келгенде, балалары улап-шулап, сырттан Мұқан да кірді. Тимур олармен бірге қыдырып келген еді:

-Әжеке, домой! – деп, ол кіре сала көрші кемпірді сүйреледі.

Қонақжай шаңыраққа алғыс айтып, батасын берген көрші:

-Ал, келінжан! Мамаңмен бірге өздерің де ертең кешке біздің үйде қонақ болыңдар! – деп арнайы шақырып, жиенін ертіп шығып кетті.

Көршінің үйіне Мұқаннан басқалары барып қонақ болып қайтты. Келесі күні көрші тағы да келіп, кешкі асты біздің үйден іш деп, Мұқанның енесін ертіп кеткен. Әңгіме-дүкен құрып ұзақ отырды-ау деймін, жатарда бірақ келді.

Мұқан қарттарды таныстырып, тіл табыстырғанына мәз. Енді, бір апта болатын шығар деп ойлаған. Бірақ, енесі екі күннен кейін жеткізіп сал деп болмады. Ауыл мен қала арасы елу-ақ шақырым жер. Жұмыстан кейін енесін ауылға жеткізуге жолға шықты. Жол-жөнекей әңгіме арасында:

-Біздің көрші апамен әжептәуір әңгімеңіз жарасқан секілді едіңіз. Неге жата тұрмадыңыз? – деп, Мұқан енесін сөзге тартты.

-Әңгімеміз жарасып та қарық болғанымыз шамалы. Біртүрлі адам секілді көрінді. Тым мақтаншақ па, әлде, сана-салтымыз бөлек пе, көңілдегідей болмады. Өзінің және қызының бір-бір темір сейфі болады екен. Әркім бағалы заттарын, жиған-терген бума-бума ақшаларын сонысында сақтайды екен. Өзінің сейфін ашып көрсетіп қояды, маған. Керек еді, соның ақшасы мен алтын-жабысы...

-Неге? Біздің көрші апа қазақы кісі ғой.

-Қазақша сөйлегенімен, нағыз қаланың адамы басқа болады екен.

-Сізді екі рет қонақ қылды. Сыйлағаны ғой, ол кісінің.

-Сыйлағаны бар болсын. Соңғы барғанымда, қайдағы бір опадалап па, бірдемелерін жайып салып, сатып ал деп әлек салды. Ауылға апарып сондағы әйелдерге сатып, өткізіп бер деп қолқа салғанын қайтерсің. Енді, жетпегені сол еді. Екі жастың біріне келгенде, алыпсатар болып жүрейін бе?

-А, онысы желілік маркетинг деген нәрсе ғой. Қалада онымен айналысатындар көп. Көбінесе, тұрмысы нашар, жалақылары төмен әйелдер айналысатын шаруа ғой. Бірақ, көрші апаның қызы бастық. Өзінің де жиған-тергені көп болса керек. Не жетпей барады екен, ол кісіге?

-Әл-ауқаты мықты, бай адаммын дегенді меңзеп мақтанып та алды ғой. Сонда да, жұмыртқадан жүн қырқуға құмартатын жан ба деп қалдым.

-Онысын білмейді екенбіз.

-Бізге сол ауылымыздан артығы жоқ екен. Қаланың адамдары біртүрлі болып кетеді екен ғой. Жақын тартып тұрғандай болып көрінгенімен ішкі бақай есебі де болатын секілді. Е, не дейін, сендерге жайлы болып тұрса болды ғой. Кең тыныстап демала да алмайтын секілді бола бересің. Айналадағы машинаның шуы да бас айналдырып жіберетіндей көрінеді. Біз ескінің адамдарымыз ғой. Бәлкім, «иттің ішіне сары май жақпайды» дегеннің кері шығар.

-Қалаға ауылдағы үйлерін сатып келіп жатқан қариялар да көп қой. Үйреніп кететін секілді көрінеді.

-Мен үйрене алмаспын. Ауылым аман болсын. Қол қусырып отырып таң атқызып, күн батыру деген ақылыма қонбайды. Ал, көрші апаларың сол жан тыныштығын мақтаныш етіп қоймайды ғой, түге. Бізді бір тозақта жүргендей-ақ көреді. Олай емес қой, ауылдың да өз қызығы өзінде...

Мұқанның енесі ауылға кеткен соң екі күннен кейін көрші апа есік қағып тұр:

-Кіріңіз апа, төрлетіңіз!

-Енең үйде ме?

-Жоқ. Ол кісі екі күн бұрын ауылына кетіп қалған.

-Қап әттеген-ай-ә!

-Не болды, апа?

-Бір ыңғайсыз жағдай боп тұрғаны...

-Айтыңыз, не болғанын...

-Енең соңғы келгеннен кейін ақшам жоғалып...

-Қандай ақша?

-Былай ғой. Киім ілгіштегі куртқамның қалтасында 100 мың теңге болған. Соны бүгін алайын деп қарасам жоқ. Енеңнен басқа біздің үйге келген бөтен адам ...

-Апа, сонда сіз менің енемді ұрлық жасады дегелі тұрғаннан саумысыз?

-Енді, дәл солай деп те тұрған жоқпын. Бірақ...

-Үйіңізде екі бірдей берік құлыбы бар темір сейфтер тұрғанда соншама көп ақшаны куртканың қалтасына салып есіктің көзіне қоятыныңызды қалай түсінуге болады?

-Сен біздің үйде сейф барын қайдан білесің?

-Мен жеті қабырғаның ар жағындағыны көріп қоятыным бар. Көзім сондай өткір! Сосын, тағы адамдардың ішкі ойларын да оқып тастайтыным тағы бар. Жазықсыз адамға жала жапқанша, «енді, сендермен жақын араласпаймын, бір-бірімізден аулақ жүрісейік» деп турасын неге айтпайсыз?!

-Ойбай, көтек! Мына бала не дейді?

-Не естісеңіз, айтып тұрғаным сол. Дәл төбеден түстім бе? Үш күннен кейін ақшаңыз жоғалады, оны үйіңізге кіріп, шыққан ауылдың жазықсыз адамынан көресіз. Полиция шақырыңыз, тексертіңіз! Іс қозғатыңыз!

-Жоға, мен ол кісі алды деп те тұрған жоқпын ғой...жай әншейін мән-жайды білуге... жарайды...құрысыншы...бір жерге қойып ұмытқан шығармын...енеңе, келінге ештеңе деймей-ақ қой, құрысын.

Мұқанның көршісі кілт бұрылып, өз пәтеріне қарай зытты. Мұқан терең бір күрсініп, терезеден сыртқа көз тастады. Аулада Әли мен Тимур еш алаңыз асыр салып ойнап жүр.

2019.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: қУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ
(4)

Пікірлер

Жаке

06.02.2019 13:21
Әйелдердің пенсия жасын 63 жас етіп заңмен бекіткенінің сырын осы әңгімеден түсініп, ойланып қалдым.

ЖҰМАМҰРАТ ШӘМШІ

06.02.2019 13:44
Тамаша керемет суреттепсіз, Қуеке.

ЖҰМАМҰРАТ ШӘМШІ

06.02.2019 13:45
Өте керемет суреттепсіз, Қуеке тамаша қаламыңыз мұқалмаңыз.

Сейілхан

06.02.2019 20:43
Өмірден алынған, әрі тілі де жатық жазылған әңгіме. Өкініштісі, шынында кездесіп қалатын кейіпкерлер.

Балшекер

07.02.2019 17:30
Әңгіме маған қатты ұнады, тірі сурет жасапсыз! Қаламыңыз талмасын, аға!

Areke

15.02.2019 12:25
Мұнда дәл менің көршімді жазыпты.

Make

05.03.2019 12:16
Qari qyzdar problasyn jaqsy bietin jazushy eken.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар