Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық Шамахайұлы. Қалекеңнің құдағиы

24.05.2019 947

Қуандық Шамахайұлы. Қалекеңнің құдағиы

(әңгіме)

- Жігіттер! Қалекеңнің құдағиы келе жатыр. Қане, бәріміз дәлізге шығайық! – деп, қалжыңбас Өміртай палатадағы бес-алты емделушіні орындарынан тік тұрғызды.

- Қойшы-ей, Өміртай! Отыра беріңдер, жігіттер! О, несі-ей! – деп, Қалекең ыңғайсызданып, қипақтап қалды.

Палатадағылар шынымен де бір-бірлеп шыға бастағанда, дәлізде Айман құдағиының сылқ-сылқ күліп, біреулермен сәлемдесіп жатқан даусы естілді. Қалекеңді қажап, ойынды қыздырып отырған құрдасы Сейсен де шахматты тастай салып, шығуға бет алды.

- Ойынды аяқтап тастайық та, не болды? – деген Қалекеңе ол:

- Құдағиың кетсін. Сосын, жалғастырамыз – деді де, зып беріп шығып кетті.

Палатада сопиып жалғыз қалды. Есік ашыла берісімен-ақ құдағиының даусын құбылта сәлемдескен даусымен қоса бұраң қағып былқылдаған сұлбасы да көрінді.

- Құда, денсаулығыңыз жақсы ма? – деп, жақындап келіп төнген Айман Қалекеңнің қолын қысып, өзінің бетін алға қарай жақындата түсті. Аузына қарай тақап тұрып, әдейлеп ұсынған бетті сүю керек болған соң ғана Қалекең ернін тигізген болды.

Ал, Айман құдағи құдасының бетін ұзағырақ иіскеп тұрып, шөп еткізгенде, қанша жерден талайды көрген ересек жігіт ағасы болса да Қалекең қарадай қысылып, бозбалаша ұялып, екі беті ду етті. Мұны палатада бірге емделіп жатқан жігіттердің көрмегендері абырой болды. Қылжақбас Өміртай тағы да ана жолғыдай әжуа етіп, мазасын алар еді. Олардың шығып кеткендері оңды болғанын айтсаңшы.

- Құда, сізге қойдың жас етінен сорпа жасап және мәнті пісіріп әкелдім. Бәрін өз қолыммен дайындадым. Қанеки, ыдысыңызды әкеліңіз! – деп, сызылта үн қатқан Айман тамақ құюға кірісті.

Қалекең оның құйып берген дәмді асын тұщына жей отырып:

- Құдағи тамағыңыз өте дәмді екен. Алла разы болсын, сізге! – деп, сыпайылап қана алғысын білдірді.

Отызға енді ғана келгенде өмірлік серігінен айырылған, оншақты жылдан астам уақыт жесірліктің тауқыметін бір кісідей тартып келе жатқан Айман ұлы үйленгенде келініне бір, құдасына екі разы болған еді. Келін түскенде қай ана қуанбасын. Ал, құдасын көргенде Айманның жұдырықтай жүрегі атша тулап, іші бауыры езіліп кете жаздағанына өзі де әлі күнге дейін таңғалады. Мінезді орнықты маңғаз жігіт ағасы бүкіл болмысымен Айманның жан дүниесін жаулап алғандай көрінді. Қалекең оған ер азаматтың төресіндей көзіне жылы ұшырап, оттай басылғанының сырын әлі күнге дейін түсінбей-ақ қойды.

Тойда да, құда күту дастарханда да Қалекеңнің қасынан бір елі ұзағысы келмей әлде бірдемені сылтауыратып, түйісіп, жақындап қалуға, жанаса кетуге ұмытылғандай кейіп танытқан оғаштау қылығын байқаған келіні ақырын жымиып, ұлы қырынан қысылып, қипақтап қалған жайы бар.

Ал, Қалекеңнің бәйбішесі аса қырағылықпен бәрін аңғарса да, сырттай мән бермеген сыңай танытқан. Сонда да, арасында жұрттың көзін ала бере Қалекеңді ыммен-ақ ықтырып қойды. Әйелінің қас-қабағына қарап-ақ бәрін айтқызбай түсінетін Қалекең салмақты-салиқалы қалпын сақтап, құдағыйына да, былайғы жұртқа да сыр бермеді.

Ал, өткен аптада қалаға келіп емханаға жатқаны құдағи үшін тәуір ермек болған түрі бар. Дертінің мазалап бара жатқан ештеңесі жоқ. Ойнамалы бронхит дей ме, бірдеме. Жатып емделіп, екпе ектірмесе асқынып кетеді деген соң осы ауруханаға келіп жатқан ғой.

Бір палатада өзі қатарлас бірнеше ер азамат бар. Сейсен секілді құрдастарымен шахмат ойнайды, арасында емхананың ауласына шығып күн шуақта дуылдасып отырады. Әр тақырыптың басын бір шалып, әңгіме-дүкен құрады, әйтеуір айналадағы қауыммен қалжыңдасып, қауқылдасып жатқаны.

Кейде палатаны бастарына көтеріп қарқылдап күлісіп, медбикелерден ескерту де алып жатады. Бірақ, оған бола тынышталып жатқан ерлер жоқ. Сәл үнсіздіктен қайтадан шуылдасып ала жөнеледі.

Соңғы кезде күн құрғатпай келетін Айман құдағидың қылықтарын айтып, Қалекеңді әжуалауды бәрі ермекке айналдырып алған. Әсіресе, Өміртай деген аласа бойлы арық қара жігіт Айманның жүріс-тұрысы мен әр қимыл-қылығын, дауысы мен сөз саптауына шейін айнытпай салып, бәрін күлкіге қарқ қылады. Құдды бір пародияшыл әртіс секілді. Бүгін де міне, құдағиы мен екеуін оңаша қалдыру үшін әдейі бәрін ертіп тысқа шығып кетті.

Қазір Айман кетіп, бәрі палатаға жиналған соң Өміртайдың тағы да бір өнер көрсетері анық. Әйтеуір, міндетті түрде қылжақтап, күлдіретін бірдеме табады ол жігіт.

Тамақтанып болған соң құдағиына тағы да алғысын жаудырған Қалекең өзінен өзі біртүрлі ыңғайсызданып, айтарға сөз таппағандай кеңкілдеп күле берді. Осы құдағиымен оңаша отырып та көрмеген. Онымен жалғыз қалса бірдеме бүлдіріп алатындай өзінен өзі қысылатыны тағы бар. Неге бүйте беретінін өзі де білмейді.

- Қалеке-ау, сіздің осы күлкіңіз үйге барған соң да көз алдыма елестеп, тіпті, сағынып кетемін. Ғажап адамсыз ғой, құда! – деп, Айман көзін аударып-төңкеріп сыңқ-сыңқ күледі.

- О, не дегеніңіз... – дегеннен өзге сөз аузына түспеген Қалекең тағы да кеңкілдеп күліп қана құтылады.

- Құда, арқаңызға массаж жасап берейін бе? – деп, Айман орнынан тұрғанда, Қалекең одан бетер сасып қалды.

- Жо-жоқ, құдағи! Керек емес, отырыңыз! Әңгіме айтыңыз! – деп, зорға құтылды.

- Әңгімеге келер болсақ, қызыңыз өзіңізге тартқан. Бір қарағанда момын болғанымен, пысық, шаруаға епті, жұмысынан келе салып, бәріне үлгереді. Аллаға тәуба деп қуанып отырамын.

- Анасының тәрбиесі ғой...шүкір...

- Қыз бала әкеге тартады дейді ғой. Құдағиға емес, тура өзіңізге тартқан.

- Мейлі, аман болсын. Қызым жыламай жүрсе, мен бақыттымын.

- Әрине, құда. Оған еш алаң болмаңыз. Мен тұрғанда қызыңыздың басынан құс ұшпайды.

- Бәрекелді, құдағи.

- Құда, жуатын киім-кешектеріңіз болса ала кетейін.

- Жоға, ол не дегеніңіз. Бәйбішем келгенде беріп жіберермін.

- Ала кетейін. Ауылдан құдағидың келгенін күтіп жүресіз бе?

Осылай бой бермеген құдағиы Қалекеңнің бір жейдесі мен мәйкесін тартып алғандай болып, пакетіне салып алды.

Біртіндеп палатадағы жігіттер бірінен соң бірі келе бастады. Құдағидың айтары таусылды ма, әлде, емделушілердің бәрі ер азаматтар, олардың ортасында жалғыз өзі отыра беруден қысылды ма, кетуге ыңғайланды.

Қалекең құдағиын шығарып салуға тысқа шықты.

- Құдағи-ау, сізге кір-қоңымды жуғызғаным ыңғайсыз болды-ау.

- Қалеке, сіздей құдамның киімін жуу мен үшін бақыт қой. Оның несіне қысыласыз? Ертең сізге қандай тамақ әкелейін?

- Еш әуре болмаңыз, құдағи! Емхананың тамағы да жетіп жатыр. Оның сыртында осындағы інім мен келінім ертең келеміз деген.

- Жарайды, онда арғы күні келемін. Киіміңізді жуып ала келермін.

- Әуреленетін болдыңыз-ау!

- Ешқанадай әуресі жоқ.

- Десе де...

- Ал, құда! Арғы күні кездескенше! – деді де, Айман әй-шайға қарамастан, Қалекенің тура ернінен шөп еткізіп сүйіп кеп алды. Сөйтті де, сылқ-сылқ күліп тартып отырды...

Айман үйіне көңілді оралды. Келіні мен ұлына:

- Құданың көңілін сұрап қайттым. Денсаулығы жақсы. Тамаққа тәбеті де жақсарып қалған екен – деді де, әндете жүріп, киімін ауыстырды да:

- Құданың кірлеген киімдерін ала келдім.

- Ваннаға қоя салыңыз. Кір машинаға өзім саламын ғой – деген келініне:

- Ойбай, келінжан! Машинаға жолата көрме! Жан дегенде жалғыз құдамның киімін өзім қолмен жуамын. Сен жолама, өзім! – деп, аяқ астынан бәйек бола қалды.

Келіні әдеттегісінше жымиып, ұлы тыржыңдап, бірдеме демекке оқталды да, келіншегі әлде бір ишара жасағандай болған соң үнсіз қалды.

Іңірде, Айман үлкендеу шараға құйылған суға құдасының жейдесі мен мәйкесін салып алып сипалап жуа бастады. Кір жуып отыр дегеннен гөрі кішкентай сәбиін шомылдырған жас анаға көбірек ұқсайтын секілді. Ондайда киім жуған адам сабындап алып, мыжып-мыжып сартылдатып отыратын секілді еді. Ал, Айман әлгі жейде мен мәйкені тұп-тура баладай мәпелеп, ерекше аялап отырғандай көрінеді. Бір жерін ауыртып алмайын деген кісіше еппен ғана сылап-сипайды... Ыңылдап отырған әні де әуені мұңлылау лирикалық халық әні. Арасында терең күрсінгенде екі көзіне жас толып кеткені жақындап қараған адамға анық аңғарылғандай еді.

Кір жуу «рәсімі» мұнымен де біткен жоқ. Жейде мен мәйкені жыртылып кетпесінші дегендей-ақ ақырын ғана сығып, қойды да, шарадағы суды айырбастап, қайтадан салып қойды.

- Мына кірге жоламаңдар-ей, ертең өзім жуамын! – деп, келініне қарата ескерту жасады да бөлмесіне қарай аяңдады.

Айтқанындай-ақ шынымен де ертеңінде әлгі сүйікті шаруасын тағы да жалғастырды. Тек ыңылдаған әні ғана өзгерді демесең, әрекеті баяғы сол күйі. Ақыры, көп мәпелеген киімдерді жуып бітірді-ау. Енді, оны сілкіп жайғанда да балконның ең мәртебелі орнын таңдап, ілді. Сосын, қайта-қайта қарап, сипалап-сипалап қойды да:

- Мынаған жоламаңдар, кешке өзім үтіктеймін! – деп, келініне қарата тағы бір ескерту жасап қоюды ұмытпады.

Кешкісін Айман құдасының жейдесі мен мәйкесін үтіктеу шаруасын бастап кетті. Үтіктің қызу реттегішін қайта-қайта тексеріп, суының бар-жоғын мұқият бақылап алып, арлы-берлі жүргізе бастады. Жейдені ақырын ғана жаймалап, әне жер, міне жеріндегі іркулерінің өзін алақанымен жазғанда жас нәрестенің шашын сипағандай бар ынтасымен өбектеп жатқандай көрінеді. Үтіктің өзін қатты басса күйдіріп алатындай асқан ептілікпен арлы-берлі сырғытқанда қолы ғана емес, бүкіл денесі ырғалып билеп тұрғандай.

Үтіктеп біткен соң оны асқан мұқияттылықпен бар өнерін салып, әспеттеп отырып бүктеді де, пакетке салып, өз төсегінің басында тұрған тумбочканың үстіне қойды.

- Ертең емханаға барарымда мұны ұмытып кетпейін, есіме салып қойыңдаршы! – деп, келініне ескертіп қойды. Онсыз да ұмытпайтынын және сол жейде мен мәйкені апаруды сылтау етіп баратынын өзі де іштей өте жақсы біліп тұрса да, солай деп монтанзи үн қатты.

Ертеңінде түскі үзіліске Айман үйіне келмеді. Кейде қызметтес құрбыларымен бірге дәмханада түстенетін әдеті бар. Үйде ұлы мен келіні шай ішіп отырған. Біреу қоңырау басты. Келіні барып есік ашып еді, әкесі мен шешесі келіп тұр.

- Папа, сіз емханадан шығып қойдыңыз ба? – деп, келіншегінің даусы жарқын шыққанын естіген күйеубаласы асүйден шығып, ата-енесімен амандасты.

- Бүгін таңертең дәрігер тексеріп көріп, анализдеріңіз дұрыс екен, бүгін шыға беріңіз деген соң шешеңді шақыртқанмын. Қазір көлік келеді. Осы үйдің мекенжайын бергенбіз. Ауылға кетеміз. Сендерге хабарласа шығайық деп келдік – деді, Қалекең.

- Көке, неге асықтыңыз! Қонып-жатыңыздар! Ертең өзім-ақ жеткізіп саламын ғой – деген күйеубаласының сөзіне олар құлақ аспады. Бір-екі кесе шай ішкенше, көліктері де келіп қалды. Екеуі асығыс қоштасып, жолға шығып кетті.

Кештетіп үйіне келген Айман бұл жаңалықты естігенде қабағы қарс түйіліп, қатты мұңайып қалды. Түскі асқа үйіне келмегеніне өкінген сыңайы байқалады.

- Құдағиға айтпадыңдар ма? Қонып кетпеді ме? Жол алыс қой.

- Айттық қой, апа! Бізді тыңдай ма? Даяр көлікпен жетіп алайық десіп, бір кесе шай ішті ме, ішпеді ме, кетті ғой – деді, келіні.

- Құдағи қашан да сөйтіп, от алады да жүреді екен. Ауылға асығатындай не бар екен? Қалаға бір рет келгенде, жақын-жұрағат жандар құдасының үйіне бір-екі күн аунап-қунап жатпас па? Жарайды. Құданы қалайша тез шығара қойды екен, емхана? Дұрыстап емдеді ме екен, өздері?

- Дәрігері көріп, шыға берсеңіз болады деп кеше айтыпты ғой.

- Мейлі, сауықса болды ғой. Бастысы, аман-сау болсын!

- Айтқаныңыз келсін, апа! – деп, келіні оған тамақ құйып ұсынды.

Айманның асқа да онша тәбеті жоқ секілді. Көңілінде әлде бір мұң бардай терең бір күрсініп алды да:

- Кәнеки, шай құйшы! – деді.

Шай үстінде келінімен де, ұлымен жөнді ашылып, әңгімелесе қоймады. Күндегідей немересін де аймалап сүймеді, еркелетіп алдына да алмады. Тұнжырап отырып, шай ішті де бөлмесіне қарай кетті.

Бөлмесіне кіргенде әлгі жейде мен мәйке салынған пакеттің орнында тұрғаны көзіне оттай басылды. Балаша қуанып кеткен Айман:

- Әй, келінжан-ау! Папаңның мен жуып қойған киімдерін бермегенсің бе? – деп, сұрады.

- Ойбу, апа! Тіпті, есімде жоқ. Қалып қойған екен ғой.

- Иә, қалып қойыпты. Жарайды, ештеңе етпейді. Ертең сенбі екен ғой, ауылға өзім апарып беремін! – дегенде, үнінде беймәлім бір қуаныш пен шаттықтың лебі байқалды.

Айманның лезде көңілі көтеріліп, ыңылдата әндетіп келіп:

- Қане, сары ұлды әкелші! Бүгін тіпті, иіскеген де жоқпын! – деп, немересін көтеріп алып, шөпілдете сүйді.

Оның қас-қағым сәтте күрт өзгеріп, көңілдене қалғанын көрген келіні төмен қарап, ақырын ғана жымиғанын көрген Айманның ұлы әдеттегісінше, қипақтап біртүрлі болып қалды.

2019.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(3)

Пікірлер

Абай

28.05.2019 12:06
Психологиялық жақсы әңгіме, реальный. Қуандық күшеніп жазатын жазушы емес. Талантты, жеңіл, әсерлі жазады.

ZHADIRA

28.05.2019 12:12
Настороение көтеретін әңгіме. Құдағи қылықты ма, әлде, құдаға іштей қызықты ма? Жесір қалған әйелдің өзіне мәлім азғантай қуанышы. Біреуге ене, біреуге әже болғанымен бәрібір әйел. Автор басқа жұрт бойлай алмас сыры мен сезімі бар әйел затының жан дүниесін жеткізеді. Сәттілік сізге!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар