Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Көркемдік көкжиегі

28.06.2021 841

Көркемдік көкжиегі

Жазушы шеберлігі тілден басталады. Тіл – жазушының басты құралы. Жазушы ойының тереңдігі, парасатының кемелдігі ең алдымен тілдік қуатынан аңғарылады. Кейде бір сөйлем бүкіл шығарманың психологиялық кілтіне айналады. Мәселен, Ғабит Мұсірепов «Қазақ солдаты» романын «зытып келем, зытып келем, артыма қарай-қарай зытам» деген сөйлеммен бастайды, әрі ары қарай оқырманды ойлантып, қызықтырып тарта жөнеледі. Міне, тілдің құдіреті, шеберліктің шексіз мүмкіндігі. Шеберлігі жеткен жазушы бір ғана сөйлемге өзінің бүкіл эстетикалық мұратын, философиялық ауқымды ойын сиғызады. Шын дарынды жазушы тілдің қалың қатпарына еркін бойлап, тіл бояуын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етене сезіне білетін талғампаз келеді. Көркем әдебиеттегі тілдің рөлі өзге факторларға қарағанда баса назарға алынуға тиіс. Тіл образсыз, бояусыз болса, ой жұтаң тартады. Тіл көркемдік құрылыс ғана емес, ең маңызды деталь. Былайша бейнелеп айтсақ, салып жатқан құрылыстың сапасыз, сынық, жарты кірпішпен қаланғаны жөн бе, әлде әсем өрнекті қышпен тұрғызылғаны дұрыс па? қайсысы шырайлы, берік болады? көркем әдебиетте, кестелі тілдің рөлі де әне сондай зор маңызға ие.

Көркем әдебиетте, образ – тек кейіпкердің тиіптік бейнесін ғана емес, бейнелі ойларды, автордың астарлы идеясын аңдататын қанатты тіркестерді, афоризмдерді көрсетеді. Жазушы Оразхан Ахметов тілінде қазақтың ауыз екі ертегілік тілінің ерекшелігі бар. Әсіресе, жазушының повесть, романдарының тілінен осындай сипаттарды табамыз. Қазақтың ауыз екі әңгімелеу жүйесін жақсы меңгерген. Жазушының тіл қолданысындағы өзіне тән яғни дара стильдік қолтаңбасы повестьтерінде айқын көрініс береді. Автор ойының орамдылығын, айшықтылығын асырып, жанды детальға айналдырып тұратын, әсіресе, жазушының тілдік ерекшелігін айқындай түсетін тұстары жетерлік.

Нақты дәйектермен сөйлесек, «Кәсіп таңдаған адам» повестінде «әжептауір нәп алды», «көрсе жырым шетік түсіріп, көрмесе ас ету ойым бар», «ізіне майқан салғыш қу сылдыр», «ат құлағы алдыға түсіп көрмеген», «өсе келе бөлтірік те топ бастар», «інісі қу ағашқа сүйеніш болған жас теректей демеп еді, жапырақ жайып желпілдеп кетті», «өз көңіліме өзім ақтық сап марқая түстім», «құмалағын іргеге тарпуыштап жасырған» секілді сөйлемдердегі жазушы жасаған фрозологиялық тіркестер – жазушының тілдік ерекшелігін даралай түсетін айқын белгі. Жазушы халықтың көркемдік ұғым-түсінігіне етене жақын құбылыстарды образды тіркеске айналдыру да, көзге алабөтен көрініп тұратын жарқылдақ айшықпен емес, сөйлем жүйесіне зердей тартып жымдастырып жібереді. «Жырым шетік» қазақ өміріне жақын, көпқолды ұғым. Ең, арысы кішкентай «жырым, шетікті» пайда көретін мінез-болмысты терең тани білетін жазушы тірі тіркеске айналдырған. Жазушы қаламынан туған төл тума тіркестердің мәнін ежіктеп езгілемесек те, аңғарлы жанға түсіну қиын емес.

«Бейнелі сөздердің, көркем баламалардың маңыздылығы әдеби шығарманың мазмұнын ашуға, ондағы айтылатын ойды әсерлі етіп жеткізуге қаншалықты себі тиетіндігімен өлшенеді»,- дейді ғалым Зәки Ахметов. Жазушы Оразхан Ахметов шығармаларында терең мағыналы, стильдік мәнге ие образды тіркестер, айшықты афоризмдер мол. Мәселе, оның молдығында емес, танымалы жазушылардың қайсысында кем дейсің қанатты тіркестер. Алайда, әр жазушы халықтық тілді қалай керекке жаратып, өз жасампаздығының өзегіне айналдырып, стильдік сипат бере алды. Бар гәп міне осында. Оразхан Ахметтің өзгеден берекшеленер бөгенайлы тұсы – байырғы халықтық ұғымдарды, дәстүрлі сипат алатын яғни этномәдени танымдарды шығарма тіліне сіңіріп жібертіндігі еді.

Жазушы Оразхан Ахметовтың тілдік қолданысындағы «стильдік бояулардың», әсіресе, повестьтерінде біршама мол орын алатындығын қадап айтамыз. Жоғарыда бір ғана «Кәсіп таңдаған адам» повестінде кездесетін авторлық фразалардың бірқаншасын мысал ретінде атадық. Мұнан өзге, жазушы қаламынан туған авторлық афоризмдер де аз емес. «Артқа жалтақтау амалсыздың ісі, алға ұмтылу қамал бұзардың ісі», «құрдымның ісі құйға батырады», «көл де толқиды, көлшік те толқиды», «өзімшілдің өгізі кимелегіш», «аласа ағаш желден қорықпас», т.б. көркемдік бояуы қалың, мол эстетикалық әсер, сәулет үстейтін қанатты ойлар жазушы стилін даралай түседі. Сонымен қатар, жазушы шығармаларынан «күлкіншіктей», «шықбайтал», «қырық найзалы қарақос», «енекөкірек» сияқты кейбір қалтарыста қалып, қолданудан шеттей бастаған көпке бейтаныс «жаңа» сөздер де ұшырасады. Халықтық ұғымдағы ескі сөздерді қолдану мен жаңа фразологиялық тіркестер тудыруынан жазушының қазақтың этнографиялық өміріне, шаруашылығына қанық екендігін байқаймыз. Мәселен, қыс басында төлдеген ұсақ мал тез қожырайды, тіпті, ақысыз дерлік болады. Қозы-лақ желінін бір түртіп қана өткені болмаса, енесінен тойдырарлық сүт шықпайды. Мұны қазақ малшылары «енекөкірек» деп атайды. Жазушы бұларды қанық білгендіктен де өз шығармаларында ойната қолданып, қайтадан жарқырата ұсынып отыр.

Көркем әдебиетте, жазушы кейде шығарманың стильдік бояуын қалыңдату үшін әдейі халықтық тілдің негізі бойынша сөз түрлендіруге немесе нормадан тыс орынды-орынысз ауытқуларға барады. Бірақ, бұл жайттер көбінесе жазушыны сәтті қадамға бастай бермейді. Оразхан Ахметтің «Аманат» романында осы жағдай кездеседі. Мәселен: «ұлап», «сүпілеп», «пәмдеп», «тапалап» деген сөздерді жиі қолданады. Әсіресе, «Аманат» романында «үпісі», «тапалады», «өшегісе» сөзі өте көп қайталанған. Қараңыз: «Аманат» романның 1-кытабында: «өшегісе тап берді», «өшегісе түседі», «өшегісе дауыс көтерді», «өшегісе ұмтылғанымен», «өшегісе кіжінді», «өшегісе тап берді», «өшегісе үрді», «өшегіскен», «өшегісе далбақтаумен келеді», «өшегістіре абалатып», «өшегісе қарап»; «үй ішінің үпісін алды», «үпілері ұшты», «үпісін ұшырды»; «қайта-қайта айтып тапалады», «тапалап айтты» осылай тізіп көрсетер болсақ, бұл сөздерді «Аманат» романының үш кітабынанда көп кездестіреміз. Бұлар әдеби тілдегі көп қолданылатын кәнігі сөздер емес, жазушының өзі жасаған немесе жергілікті ерекшелікке ие сөздер. Деседе, бір сөздің көп қайталауы шығарманың тілдік көркемдігіне әсерін тигізбей қалмайды. Шығарманың көркемдігін солғындататын да осындай елеусіз түйіндер екендігін ескерте кетеміз.

Көркем әдебиет образбен сөйлеп, астарлап жеткізумен келетіндігі, әр алуан көркемдік компоненттердің бірлігі арқылы іске асатындығы әмбеге аян. Жазушы шеберлігінің қырларын жан-жақты талдауға кірскенде, жазушының осы мәселелерді қалай бір жақтылы ете білгендігіне назар аударуға тура келеді. Образ-тиіп жасау – жазушы идеясын жеткізудегі маңызды құрал ғана емес, оның суреткерлік парасатын, шеберлік деңгейін пәш етуге толық мүмкіндік алатын құрамдас бөлек. Бір шығармада өмір шындығын жан-жақты көрсету, түгел қамту мүмкін емес. Алайда, жазушы солай істесем деген мұратының жетегімен өмір құбылысының мәнін танып, сараптай отырып, өз ойларын бірер адамның (кейіпкердің) басына жинақтап образ, ишарамен жеткізеді. Өмір шындығының белгілі бір тұсының әлеуметтік шындығын, әр алуан мінездегі адамдардың өміріне, тағдырына психологиялық барлау жасап, дараланған көркем образдарды, сараланған характерлерді сомдайды.

Жазушы шығармасының идеялық мазмұнын, көркемдік табысын дәп басып талдау үшін, сомдап отырған образ-характерлерді қалай жинақтап көрсете алғанына қараймыз. Шын мәніндегі дараланған характерді жасаудың белгілі бір заңдылығы болатындығын терең танып, оның сырын аша білу – шеберлікке жетудің бір жолы. Көркем әдебиетте, жазушы идеялық нысанасына орай әдеби мінездерді жинақтап даралайды. Әр алуан тұлғалардың ішінен негізгі деп таныған яғни идеяны жан-жақты көрнектілендіруге қызмет ететін характерлерді бірінші орынға шығарады. Әрине, жазушы үшін қайсы характерді яғни қандай мінездерді баса суреттеу тиіс екендігін түсіну қаншалықты қажет болса, сол мінездердің туу себептерін білудің, қоғамдық-әлеуметтік астарын ашудың мәнін терең тану да сондай қажет.

Классик жазушылар ең алдымен дара стильге ие характерлерді дүниеге әкелуімен де жұрт көңілінде сақталып қалды. Флобердің Бовари ханымы, Чеховтың Беликовы, Мопассанның Матрит ханымы, Мұхтар Әуезовтің Абайы, т.б. толып жатқан характырлер сол жазушының дара стилін, мол парасатын айғақтайтын тұлғаланған танымал образдар. Жазушы Оразхан Ахмет те өз хал-қадірінше өз тұсының өмір шындығының ортақ сипатын танытатын дара мінезді, дәуірлік ерекшелікке ие образ-характерлер жасауға зор талпыныс жасады. Оразхан Ахметтің «Рахымбай» әңгімесіндегі Рахымбай образы – стильдік сипатқа ие характер. «Тайқазан» шағылардың алды-артындағы қоғамдық жағдайдың нақты шындығын көрсеткен образ. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей заман ыңғайына бейімделе білген «ақылды» жан. Қоғамдық ауқымды сезгірлікпен бақылап, түсіне білген адам ретінде көрінеді шығармада. Іс жүзінде, Рахымбай – дәуір тудырған жинтық тұлға ғана емес, үлкен идеялық мақсат арқалаған, бір дәуірдің келбетінен, саяси-әлеуметтік ауқымынан көп хабар беретін кейіпкер.

Образ – идея құралы. Жазушы кейіпкер-характерлерді идеялық мақсатына сай жасақтайды. Осы мақсатта, жазушы Оразхан Ахметов сан-салалы көркемдік идеяны көтерген әралуан мінездегі образдарды көрнектілендірді. Автор «Атамұра» повестінде Танабек образын да едәуір сәтті бере алған. Бос мақтан үшін жанын салған траштық, даңғойлық, асқын өзімшілдік сынды адам бойындағы нашар мінез-қылықтарды кейде күлкілі оқиға, сатиралық тілмен шебер жеткізеді. Кейіпкер Танабек – оң-солын танымас саңлаусыздың бірі болса, ал, оның айналасындағы жандар да, әулиесінген ауыл бастығы Қалдыкөз де сол қатарда. Мақтан мен байлық үшін қара халықтың үлесін өзінікі, өкіметтікін өз меншігі санаған дүлейдің бірі. Повестьтегі көзге ілінер мелжемді оқиға – Танабектың «Әлін білмей әлек» болып траштанып мақтан іздеуі, жанын бәске қойып ет жеуі. Оның әкесі де мешкейліктен өлген, онда да мақтан үшін бәс тігіп, қоясы жарылып қоштасқан жарық дүниемен. Жазушының «Атамұра» деп ишаралап отырғаны осы бір мақтанқұмар сарамас мінездің арылмай баладан-балаға жалғасып келе жатқанын, тіпті, қанына өтіп, сүйегіне сіңіп өшпес қасіретке айналғандығын көрсетеді. Былай қарасаң, Танабек мешкей жан емес сияқты. Оны осы жолға итермелеген біріншіден, кедейліктің, жоқтықтың себебі болса, екіншіден, оның көрбілтелігі, даңық құмарлығы еді. Әйтпесе, қоянсүйек қушиған Танабекте бір қойдың етін оппақ түгіл, жарты күлшесін тауысар хал бар ма екен?! Әуелі амалсыздықтан, сосын, өзін шамалай білмейтін көркеуделік оны осы жолға «сүйреп» салған. Бұл повесть көтерген тақырыбы жағынан танымалы жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Мешкей» романымен үндес. «Мешкей» романында бас кейіпкер Алыпхан образы арқылы Қазақ елінің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарындағы халық тұрмысында орын тепкен жағдайлар, елдің ертеңіне сенбейтін құлдық құрсаудан әлі арыла алмаған танымдық жүйе, сондай-ақ, бар мақсатын ақша табуға арнаған адамдар бойындағы ашкөздік, тойымсыздық, озбырлық жат пиғылдарды суреттейді. Терең сатиралық астарға құрылған симовлдық мәнге ие образ Алыпхан тамақтан асқазаны жарылып өледі. Ал, Оразхан Ахмет повестіндегі бас кейіпкер Танабектің тағдыры да ұқсас көркемдік шешіммен соңына шығады. Шығарма темесі тырнақшаға алынып берілген. Автордың айтары, әрине, атақұмарлық, мешкейілік ешқашан мақтан тұтар мұра емес. Тек кейбір адамдар бойындағы жағымсыз қылықтар, мінездегі міндер ғана. Сондықтан, мұнан ғибырат алып, өз бойымыздағы кемшіліктерден арылайық, түзетейік деген идеяны аңғартады.

Жазушы Оразхан Ахметтің үлкен идеялық жүк арқалаған кейіпкерінің бірі – «Аманат» трилогиясындағы Асубай образы. Асубай біршама сәтті жасалған көркем образ. Шын мәнінде, Асубай дыраммалы қилы кезеңнің, бірін-бірі баққан, жала сауып аңдысқан сұрқай заманның сиқын көрсететін типтелген характер. Романда Асубай текті атаның баласы делінеді. Бірақ ол ата жолын қуған опалы жан болмай, айналасына жау боп тиіп, «апанына» қасқыр боп шапты, ақ жолдан адасты. Ендеше, ол бұл мінезді қайдан тапты? Не үшін барлық ақылы мен жігерін өз қандас бауырларына жала жауып, соларды қорлап мұқату жолына сарқыды? Әрине, бұл жазушының идеялық мұратынан туған характер болғандықтан, дәуірдің белгілі бір тұсының шындығын бір адамның басына жинақтап көрсетті, заман бойындағы келеңсіздіктерді Асубай бойына топтастырып тұлғалады.

Көркем образ – жазушының идеялық мұратынан туатыны белгілі. Алайда, әрдайым есте боларлық мәселе: Жазушының суреттеп отырғаны адам өмірі, кейіпкер дегеніміз де адам. Ал, адам тағдырын жазушы өз қалауы бойынша қалам ұшында ойнатып, қуыршаққа айналдыруға хақылы емес. Әрі кейіпкер тағдырын өзінің еркі бойынша шеше салмайды. Қайта, өзі суреттеп отырған қоғамдық жағдайдың шындығына сәйкес кейіпкерлер тағдыры шешім табады. Типтеудің жөні осы екен деп жазушы өзінің бүкіл мұратын бірер кейіпкердің мойына артып қоймауы тиіс. Сонымен бірге, жазушы кейіпкердің жетегінде кетіп қалмауы да керек. Ал, Оразхан Ахметтің «Аманат» романындағы Асубай образы мағыналы астарға ие характер екендігін аңғарамыз. Әсіресе, Асубайдың соңғы тағдыры ойландырады. Ол өлім ауызына тақалған тұста ғана тәубеге келіп, сол кешілмес күнасына өліммен жауап береді. Бұл жазушының көркемдік шешімі. Зұлымдық атаулы қашанда ізгіліктің алдында пәс, адамгершіліктің қасында қораш, қарабайыр дегенді айқын көрсетеді.

Шығарманың сәтті көркемдік шешіммен аяқталуы – жазушы парасатының куәсі. Әсіресе, жазушы басты орынға шығарып суреттеген, үлкен симовлдық сыры бар кейіпкер тағдырының шешімін бір жақтылы ету – жазушының парасат пайымын сынайтын қиын түйін. Оразхан Ахметті де көп кідіртіп, ойландырған да осы Асубайдың соңғы тағдыры болу керек. Мұндай жағдайлар көркем әдебиетте жиі кездеседі. Белгілі жазушы Оралхан Бөкейев «Атаукере» повестінде кейіпкер Еріктің тағдырының соңын қалай шешуге келгенде бір байламға келе алмайды. Сөйтіп, шығарма соңына шықпай көп кідіртеді. Сосын, Габриел Гарсия Мәркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы кейіпкер Ремедёстің аспанға ұшып кететін жерін оқығаннан кейін, Ерікті көкбас сонаға айналдырып жібергенін өз естелігінде жазады. Оразхан Ахмет өз кейіпкерінің соңғы тағдырын шығарманың көркемдік түйіні ретінде аяқтаған.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар