Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Көкшенің елі – Еркештің елі

07.11.2019 800

Көкшенің елі – Еркештің елі

Көкшетауды анасындай аялап, жан-тәнімен сүйіп, табиғатына тамсанып, өзінің шығармашылығына арқау етіп, қаншама өлеңдер жазған ақын Еркеш Ибраһим өз заманының алдына қара салмас жүйрігі болатын. Көкшетау Еркешке сарқылмас шабыт берді. Көкшетауды Еркештей ешкім жырлаған жоқ. Тіпті сол кездің өзінде де «Көкшенің елі – Еркештің елі» деген қос ұғым қатар айтылып та жүрді. Себебі, Көкшенің көгілдір тауларын, жасыл желек бауларын, сылдырап аққан бұлағы мен қамыс-құрағын, айдын шалқар көлдері мен асу-асу белдерін, ырысты даласы мен еңбекқор баласын сөзбен өрнектеп жырына қоса білді.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі Еркеш Ебікенов Ибраһим 1930 жылы 7 қарашада Ақмола облысы Балқашын ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Еркебұлан екен. Ата-анасынан ерте айырылып, Атбасардағы панасыз балаларды оқытатын мектеп-интернатта тәрбиеленіп, ер жетеді. Етінің тірілігінің арқасында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға аттанып, 1955 жылы журналистика мамандығы бойынша білім алып шығады. Студенттік жылдарының өзінде-ақ алғашқы өлеңдерімен жарқ етіп, көріне бастады. Газет бетінде жарық көрген «Қол шана» атты өлеңі сөз зергерлерінің, поэзия майталмандарының назарына бірден ілігеді. Ол өлеңінің қалай дүниеге келгені туралы Еркештің өзі: «Бірде сырғанақ теуіп жүрген көп баланың бірінің зулап бара жатқан шанасының аударылғанын, баланың құлаған жерде жатып қалғанын, шананың алысқа ұзап кеткенін көзім щалды. Мені де балалық шақтың қол шанасы аударып тастап кеткенін сезіндім. Аударып кетер алда тағы талай қол шаналар тұрғанын көз алдыма елестеттім. Өлең сол сезімнен, сол ойдан туды», - деген болатын.

Ақын атақ іздемеді, астана жағаламады. Алматыдағы оқуын аяқтай сала, Көкшетауға ат басын бұрды. Туған жерге деген сағынышы әсем қала Алматыға да сәл кідірткен жоқ. Еркештің Көкшетауға келуі әдебиет сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық болды. Әдбиетке енді қадам басқан жас өрендердің бойына жаңа бір серпін пайда болып, шабыт сыйлады. «Көкшетау правдасы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасқан Еркеш арада көп уақыт өтпей сол бөлімнің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Көкшетауға келген жылдан бастап жас таланттарды іздеп тауып, шығармашылықтарының шындалуына септігін тигізді. Атап айтатын болсақ, Нұрмияш Көбенов, Құдыкен Ибраимов, Сарбас Ақтаевтардың шығармашылық жолдарының дамуына Еркештің өзіндік қосқан үлесі бар. Жастардың жазған туындыларын газет бетіне жариялап отырды. Талантты ақынның арқасында әдеби кездесулер өткізу және жас талапкерлердің шығармаларын талқылау дағдыға айналды. «Көкшетау правдасы» газетіне арнайы «Әдебиет бетін» шығарып, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын көпшілікке насихаттап отырды. Әр сөз, әр пікірді аңдып отыратын сол замандағы цензура бар кезде де әдебиет бетін жиі-жиі шығартып, дегенін істетті. Еркештің қажыр-қайраты мен табанды еңбегінің арқасында «Көкшетау правдасы» әдебиет сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын, сүйікті газетіне айналды.

Бұдан кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Көкшетау облысы бойынша, бірнеше жыл Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болды. «Соцаиалистік Қазақстанды» тарату мәселесімен белсенді түрде айналысады. Экономикасы мықты дамыған совхоздарға барып, жете алмағанына хат жазып баспасөзге жазылуды жоғары деңгейге жеткізеді. Соның бір дәлелі «Елтай» атты совхозға жете алмаса да партия комитетін басқаратын Сейілхан Исаев деген азаматқа хат жазады. Сейілхан хатты оқи сала Еркеш ағасынан қатты қысылып, жауап ретінде қазағы бар ауылдарды өзі аралап, іске қызу кіріседі. Сол жылы «Соцалистік Қазақстанның» «Елтай» совхозы бойынша таралымы жоғары деңгейде болады. Оған «Союзпечатьтың» берген мәліметі далел. «Тың өлкесі» газетінің меншікті тілшісі болып жүрген кезде де «Социалистік Қазақстанның» бір санын жібермей қарап жүретін. Сүйікті басылымы болды. Менің «Социалистік Қазақстаным» деп меншіктей сөйлейтін.

Журналистика саласында атқарған қыруар еңбегі, Еркештің мерейін үстем етті. Еткен еңбегі мен қылған қызметі ақталып, 1972 жылы СССР Журналистер сыйлығының лауреаты атанды. Осылайша Еркеш Көкшетауда жүріп-ақ, ақындық қырынан, журналистика жағынан барлығын мойындатады.

Еркеш Ибраһим талантты ақын, журналист және шебер суретші болған адам. Облыстық газетте жарық көрген «Кітап жорығы» атты өлеңмен жазылған репортажы өзі салған суреттермен безендірілген. Бұл журналистика саласындағы жақсы жаңалық болып, оқырман қауым жылы қабылдады. Басқа да журналистер мен жергілікті тілшілер әрі қарай дамытып әкетті. Еркеш салған суреттер жайлы журналист Баймұрат Азнабайұлы былай деген болатын: «Ерекең салған сайқымазақ суреттерге оқырмандар тамсана, таңдана қарайтын. Ол суреттер арқылы суретші өз ортамызда кездесетін былық-шылықтарды мазақ ететін, сынайтын».

1966 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық «Қазақ совет поэзиясының антологиясы» жыр сүйер қауымның қолынан тастамайтын сүйікті кітабы болды. Қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш шығып отырған антологияға атақты ғалым, филология ғылымдарының докторы М. Қаратаев «Жыр арнасы» деген тақырыппен үлкен алғы сөз жазады. Сондықтан бұл кітапқа ақынның ақыны деп бағаланған автордың ғана өлеңдері енген болатын. Антологияға Еркештің оннан астам өлеңдері ақынның суретімен және шағын аннотациясымен бірге берілген. М. Қаратаев кітаптың алғы сөзінде: «Соңғы он жылдың ішінде әдебиетімізге үш толқын жас ақындар ұрпағы келіп орнығыпты. Солардың ішінен көз тартар талантымен танылған көрнектілерін ғана айтсақ, алдынғы толқында Ізтай Мәмбетовты, Ғафу Қайырбековты, Аманжол Шамкеновты, Еркеш Ибраһимді ... атар едік», - деп жазған болатын.

Еркештің алғашқы жыр жинағы 1958 жылы «Қарлығаш» деген атпен жарық көрген болатын. Бұл жинағына жылы лебіздер жаңбырдай жауған еді. Артынан ақынның «Жас қанат» (1958), «Көкшетау көріністері» (1960), «Өмір өлмейді» (1963), «Жұлдызды жылдар» (1968), «Көктем күлкісі» (1974), «Махаббат теңізі» (1977), «Теміртау толғауы» (1978), Таңдамалы. 2 томдық (1980), «Самғау» (1984), «Алау» (1985) жинақтары басылып шықты. 1969 жылы Ирина Озерованың аудармасымен орыс тілінде «Звездные горы» атты жыр кітабы жарық көрді. Жалпы, Еркеш ақын артына 18 кітап қалдырды.

Ақынның өндіріс тақырыбына жазған «Аңыз аға», «Оттың тууы», «Алау» атты поэмалары қазақ поэзиясына қосылған тың құбылыс болып танылды. Ал «Шайтанкөл», «Көсемтас», «Сарыадыр», «Ағады, Нұра, ағады» тәрізді басқа да өлеңдері арқылы Арқаның тылсым табиғатын, тарихи мекендерін сипаттайды. Еркеш ақынның қаламынан көпшіліктің көңілінен шыққан бірнеше поэма, дастандар да жазылды. «Гәкку» деп аталатын дастаннан бастап, ақынның эпикалық кесек туындылары «Бір келіншек», «Жас қазақ», «Өмір өлмейді», «Қызыл генералдар» атты т.б поэмалары оқырман қауымға жол тартты.

Еркештің жүйрік қаламынан көптеген шоқтығы биік туындылар дүниеге келгенімен Сарбас Ақтаевтың айтуы бойынша, төртінші атасы Кенжебай ноян жайлы дастан жазуды армандапты. Алайда арманы орындалмай қалды. Кенжебай ноян Наурызбай батырды екі рет ажалдан аман алып қалған атышулы, жүрек жұтқан оққағары болған екен.

Еркеш ақын Көкшетауда Пролетар дейтін, қазіргі Ақан сері көшесіндегі 35-ші үйдің бір бөлмесінде тұрды. Өте қонақжай болғандығы соншалық, бір бөлмелі үйінен қонақ арылмаған екен. Сәбит Мұқановтың өзі жары Марияммен келіп қонақ болыпты. Еркешке бата беріп, мынадай тілек жазып қалдырған:

Жанымдай жақсы көретін,

Құрметті інім Еркешім.

Өркендей берсін өнерің,

Биіктей берсін өркешің!

Еркеш Ибраһимның мәрттік істері де бүгінгі таңда ел аузында сақталған. 1978 жылы көкшелік атақты сазгер, айтыскер ақын Мұса Асайыновтың «Аңщы аңызы» атты ауыр жинағын құрастырып, баспадан шығарған. Осылайша Мұса мұраларын ұрпаққа қалдыру жолында үлкен еңбек сіңірген.

Еркеш сонымен қатар адам жанын терең түсініп, демеу білдіріп отырған. Қазақ ән өнерінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың жан дүниесі күйзеліске түсіп жүрген кезде, қолұшын беріп, талантты жоғалтып алудан аман сақтап қалған Еркеш Ибраһим болатын. Бұл жөнінде Шәмші бір досына: «Мен Көкшетауға кетіп барамын. Таза ауа, сырласар жандар керек. Көкшелік ақын, аяулы досым Еркеш Ибраһим шақырады. Бурабайға кел дейді. Көкшетауды көрмегеннің көкірек көзі кем дегенді естуші едім, мұның орнын толтырмай болмас», - деп айтқан екен. Ел ішінде Еркеш пен Шәмшінің естен кетпес ән кештері, кездесу кештері ұйымдастырылады. Сондай күннің бірінде Еркеш қолқалап бір ән күтеді. Осылайша әнін Шәмші, сөзін Еркеш жазып Көкшетауға арналған сәтті ән шығады.

Еркеш пен Шәмшінің тағы бір әні ол «Шынарым» деп аталады. Бұл ән қазіргі таңда қазақ эстрадаларында орындалып та жүреді. «Музарт» тобының орындауындағы ән ел көңілінен шығып, жоғары бағасын алған.

Сонымен қатар Еркеш Ибраһим сөзін жазған әндердің бірігейі «Көкшетау» деп аталады. Әні Кәрім Ілиясовтікі. Еркеш ақынның Қарағандыдан келген үшбу хатымен шығарылған келген өлең сөздеріне шығарылған ән болатын. Көкшетауға деген сағынышпен жазылған өлеңіне досы Кәрім ән шығарады.

«Өзің боп нәзігім де, дөкейімде,

Көкшетау сен жүресің көкейімде.

Сағынған осы қазір сәттерімде,

Шіркін-ай самалым боп жүрейін бе...»

Еліне, жұртына жақын болған азамат 1986 жылы 56 жасында қайтыс болды. Еркештің қазасы барлығына ауыр тиеді. Дәм-тұзы таусылмаса артына әлі де мол мұралар қалдырары сөзсіз еді. Еркештің қазасына қайғырып, жоқтаулар да шығып жатты. Соның бірі Еркеш ақынның шәкірттерінің бірі, журналист Елубай Жәкеновтың «Еркешті жоқтау» деген толғауы болатын. Ол жоқтауды автордың өтініші бойынша домбырамен термелетіп Жұмабай Есекеев айтып жүрді. Сол терменің бастапқы екі шумағы былай болып келеді:

Уа, дариға заман-ай!

Жақсы екен ғой жалғанда,

Ақындардың аманы-ай.

Еркеші жоқ Көкшетау-

Серкесі жоқ отардай.

Ол өткелі өмірден,

Жыр маторы қызбайды,

Шабыттанып, от алмай.

Уа, дариға заман-ай!

Жақсы екен ғой жалғанда,

Ақындардың аманы-ай.

Кедей емес ақынға –

Көкшетау бай, Отан бай.

Ол өткелі өмірден

Есімі еске алынып,

Аты қалды-ау аталмай...

Сыршыл ақын отты өлеңдері арқылы қазақ поэзиясына өзіндік із қалдырып кетті. Еркеш – қазақ елін, жерін қалтқысыз сүйіп, тау түгілі тасына дейін жырға қосты. Туған жердің қасиетін, сұлулығын өлеңіне арқау етті. Еркеш өлеңдерінен оның Көкшетауына деген ыстық махаббатын, сүйіспеншілігі мен сағынышын көре аламыз. Ұмытуға келмейтін Еркештей есіл ақынды алдағы уақытта «ұмыттыққа» барғызбауымыз қажет. Өнегесі мен шығармашылығы жөнінде әлі де кеңінен сөз қозғап, ақын мұрасының дәріптелуіне үлес қосуымыз керек.

Ерден НҰРАХМЕТ,

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік

университетінің 3-курс студенті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар