Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қобданың қаракері

27.11.2018 1626

Қобданың қаракері

«Тұяғының ұшқыны ұланғайыр жалын боп,

Қаламымның ұшында жалы өртенген жылқылар!»

Сөз жоқ, шын ақынның қиял көкжиегіне хақ тәңір, бәдізшілердей бедерлеп бере салған бояуы кетпес, буы кеппес рухты сөз. Бұл далалық қиялдың сұлулықты сүйіп барып қана тыным табар шексіз еркіндігі. Сұраған ақынның ой линзасынан ғажайып сәулеленген мың бояулы мұнтаз өлең.

Тегінде, өлең осылай болмақ лазым еді. Осылай болмақ дегенде, біз нені меңзедік. Әрине, мұнда айшықтап, ашалап айтатын бірнеше жайт бар.

Поэзия – сезімнің жанры. Ол ең әуелі, жүректі тербетеді. Көңілді шалқытады. Нарқызыл намысыңды жүзіңде ойнатып, тамырдағы қаныңды телегейдейдей таыстады. Мұның бәрі сезімнің, жүректің еншісіндегі құбылыстар. Демек, өлең – сезімнің еншісіне тәуелді. Қайсыбір сұрапыл ақынды мысалға алып қарасаңыз да, оның сорғалаған мөлдір жырының өзегі – сезім. М. Мақатаевтың ұлылығы – поэзиясындағы мөлдір сезімнің әсершілдігінде. Мағжанды, Қасымды, Тұманбайды алыңыз, жүректерге сәуле құяр ұлы сезім бар. Сұраған ақынның поэзиясындағы ең басты фактор – ұлы сезім. Қоңыр таулардың аңғарынан лап етіп кеуде қағар саумал жел секілді тынысыңды ашып, бой сергітер ғажап сезімге бөлейтін Сұраған Ахметұлы жыры, сөзсіз, ұлы сезімнің туындысы. Ол осы ұлы сезіммен әрбір оқырман жүрегінде бүр жарып, өзінше гүлдеп, шексіз болашаққа жапырақ жайып, ғұмырлана бермек.

Бізше, поэзия – сан түрлі өнерден өзіне қажетті енші алған. Әлде, өзге өнер салалары өзіне қажетті элементтерді поэзиядан алды ма екен? Жалпы, өнер атаулыға ортақ қасиеттер бар. Мысалы, поэзияның музыкалылығы. Мүмкін, ырғақтылығы деген жөн бе? Бұл о баста, музыкаға тән қасиет. Поэзияның ырғақтылығы – кем болса болмайтын қасиет. Ырғақты, музыкалы поэзия оқушысын сезімге бөлейді. Ақынның жырында бұл қасиет басым. Сондықтан да, оның поэзиясы оқырманын сезім айдынында тербетіп, қалқытып, рахаттандырып отырады.

Поэзияның өзге өнер саласынан алған еншілерінің бірі – бейзаж. Бейнелеу өнерінің соны жанры. Сұлулық атаулы ұлы табиғат алдында бас иеді. Өйткені, хақ тәңірдей ұлы суретші жаратқан әсем табиғат – күллі сұлулық атаулының қайнары болса керек. Ұлы поэзияңыз да, бейнелеу мен музыкаңыз да, жалпы, көркемөнеріңіздің қайнар бұлағы – табиғат ана екені даусыз. Ал, поэзияны соны бояуымен соқталы ете түсетін, ол – ақынның суреткерлікті қаншалықты меңгергеніне байланысты. Сұраған Рахметұлы поэзиясы, бұл тұрғыдан қарағанда да, асқақ, биік.

Көңілімнің жыртығын жамап-жасқап жылы ұйық,

Жел бетімнен иіскейді, көлеңкемен қымтап ап.

Қайқаң басқан жайтаң жаз – жас арудай жымиып,

Райхан сеңгір аспанда мұнар аунап, бұлт абат.

Сөлсіз құрақ ұшынан өңсіз шырақ сөнген бе?!

Ақ пейіл күн тұнжырар қайтқан құстың зарынан.

Жапырақпен қоштасып жаздың иісін көмгенде,

Қабырғасы тыржыңдап нар бұталар арыған?!

Баспаса деп тілейді-е-е-е... Баяғыдай қырғын қар,

Биіктердің зілінен ығып келген жазғы үндер,

Киіктердің көзінде болмашы бір кірбің бар...

Тозған сағат секілді тоқырап тұр аз күндер...

Ұлы суреткерлік бар. Ақын көз алдына шет-шегі жоқ кенеп тартады. Қиял қаламын ой қазанына малып алып, сурет салады. Сұраған ақын өте ыждағатты, байсалды, шебер суреткер. Ол қиялдың түкпірінен мұнарланып көрінген әрбір тіркесті ой һәм сөз микроскобымен жақындата, айқындата түседі де, ұлттық бояулармен шебер әрлейді. Нәтижесінде, көз алдыңызға композиция ішіндегі шексіздік, шексіздікке құлаш ұрған коппозициясы бар – поэзия ғұмыр есігін ашады. Ақын кең тынысайды. Өйткені, мұндай азапты жұмыспен ақын ғана айналысады. Ақындар жауға жалаңтөс шапқан баяғының серілеріндей, ұлт өнері алдында белгілі бір жауапкершілікке ие секілді көрінеді. Сол жауапкершілікті оларға ешкім жүктеп жатпасада, ұлы өнердің ерікті құлы екенін себепсіз сезінетіндігі, өз алдына бір қызық дүние.

«Өнер алды – қызыл тіл» дейді дала данышпандары. Мірдің оғындай нысанасына дөп тиген ұтқыр сөз. Сөзбен өрілген сұлулық қана ойды көркемдейді, жандүниені кәусармен суарады. Әдебиет – ар ілімі. Ол адамзат ар-ұятының сақсышы. Олай болатын болса, әдебиетшілер – адам жанының танометрі. Адам жаны сұлулыққа құштарлығымен, ізгілікке ұмтылғыштығымен бірге, жауыздық, зұлымдыққа да әуес. Әсіресе, бүгінгідей сырқат қоғамда адам жанының жоғарғы һәм төменгі қысымын өлшеп отыратын танометрлер аса қажет. Адамның ұлы жанын зерттеу, оның ұңғыш-шұңғылына үңілу, күнгейі мен теріскейін тектеу – әдебиетші қауымның зор міндеті. Осы жолда аянбай танометрлік қызмет атқару әдебиетке шын берілген қас талантқа тән қасиет.

Сөз құдіреті – әлемді құтқарушы ұлы күш. Адамзатты азып-тозудан құтқарады. Демек, адамзаттан құралған әлеміңіз, сөз құдіретіне тәуелді. Киелі сөз арғымағының жалына жармасып, құлағында ойнап, кіл өнердің құлақкесті құлы боп жүрген біздің әдебиетшілерде, адамзаттық процеске үлес қосушылар деуге толық негіз бар. Мұқағалиша айтқанда:

«Менің де жасампаздық бар өнерім,

Будан жасап бидайдан тары егемін.

Қазан миым бәрінде қайнатады,

Дара қойып қазақтың қара өлеңін».

Киелі сөз өнерін ұлттық болмыстың бояуымен әрлеп, ұлттық танымның таразысымен өлшеп, талғамы биік оқырман талқысына салып жүрген ақын Сұраған Рахметұлы бұл күнде, асқарлы алпыстың биігінде. Ол сөз өнеріне, адам жанының ізгіліктенуіне қосқан үлесі үшін өз бағасын, о баста алып қойған. Қара ормандай халық алдында, Ол – тұлға. Оның поэзия әлеміндегі есімі - қарт Қобдадай қастерлі.

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ,

ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #сұрағанрахметұлы, #қобда
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар