Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қырық тиынның хикаясы

14.08.2020 656

Қырық тиынның хикаясы

Шәмшінің туған жері ықылым заманда Фараб деп аталатын. Бас мүфти Әбсаттар қажы шейх Дербісәлінің ғылыми тұжырымына сүйенсек – Фараб шаһарында Әбу Нәсір әл-Фарабиден бастап отыздан астам ойшыл Фарабилер туған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Фараб шаһарының атауы Отырар боп өзгерген. Отырар төңірегіндегі Қаракөншек, Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Шөлтөбе, Құйрықтөбе, Бұзықтөбе, Қостөбе, Дүртөбе, Қарауылтөбе, Көкмардан, Рабат, Байылдыр, Шытты, Тектұрмас, Жетімқыр, Оқсыз, Сүткент секілді үйіндісі ғана қалған төбешіктің бәрі кезінде керемет қалашық болғаны тарихтан мәлім.

Отырардың іргесімен ағып, Сырға құятын Арыс өзенінің сағасындағы Сарықамыста композитор ағамыз Шәмші Қалдаяқовтың кіндігі 1930 жылы 15 тамыз күні кесілген. Болашақ вальс королі, Әнұранның әйгілі авторы Шәкеңнің балалық шағы Отырар өңірінде өткен. Сол кездегі елді мекеннің ескі атауын естен шығарып, әр ауыл Сталинабад, Молотов, Ворошилов, Кагонович, Ильич, Коммунизм деген секілді көз көрмеген «көсемдердің» аттарымен аталатын. Жаңадан құрылған ауданның аты әуелі – Шәуілдір, одан кейін Қызылқұм болды. Еліміз егемендік алғаннан кейін байрағымыз желбіреп, байтақ мекеннің баяғы мың жылдық атауы қайта оралды. Қазір – Отырар ауданы!

Шәмші ағамыз өмірден озар шағында «Отырардағы той» деген ән жазды. Ең соңғы әнін туған жеріне арнаған композиторда арман бар ма?! Ал бүкіл халық оң қолын жүрегіне қойып, ынты-шынтымен шырқайтын «Менің Қазақстаным» – жарты ғасырдан соң Әнұранға айналды. Міне, ұлы композитордың бақыты!

2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтердің қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов маған Шәмші Қалдаяқов жөнінде кітап жазуға ұсыныс жасады. «Көтере алмайтын шоқпарды беліме қыстырып қайтем» деп ойладым да, бірден бас тарттым.

– Неге? – деді Серік Әбікенұлы.

– Мен жөргекте жүргенде, Шәмші аға жер-көкте жүрген. Жиырма жас үлкен!

– Әңгіме жаста ма?

– Әңгіме жаста емес, баста. Біріншіден, мен Шәкеңмен бір ауылда өссем де, о кісімен етене араласқан емеспін. Жастық шақтың жалын тартып, студент көздерінде пәтерде бірге тұрған академик Өмірзақ Айтбайұлы, композитор-жазушы Илья Жақан, ақын Сабырхан Асан, жазушы Еркінбай Әлімқұл ағаларымыз Шәмшінің ұңғыл-шұңғылын жетік біледі. Сол кісілерге қолқа салыңыз.

– Қазіргі қаламгерлеріміз баяғы заманның батырлары туралы қалыңдығы кере қарыс роман жазғанда бабаларының көзін көрді дейсің бе?

– Шәмшінің көзін көргендер ой толғамаса, көркем дүние шындыққа жанаса қоймайды. Ондай шығарма ойдан құрастырылған қиял-ғажайып ертегінің бір нұсқасы болады да қояды, Секе. Мен одан да Шәкеңнің нотаға түскен әндерін жинайын. Дәмдес-тұздас, сырлас болған замандастарының пікірі мен естелігін қағазға түсірейін. Латиф Хамиди секілді ағаларына жазған хаттарын іздестірейін. Әндерінен басқа ауызекі айтқан әзіл-қалжыңдары бір төбе. Өз жанынан шығарған өлеңдері де бар. Соларды жүйелейін. Сосын Шәмші туралы жұрттың жазған мақалалары әр баспасөзде әр мерзімде жарияланған. Ұлттық кітапханаға барып, солардың тізімін жасайын. Міне, бұл – нақты тірлік. Әйтпесе, Шәкең жас шағында сыған қызына ғашық болыпты деп бір романды сүйкей салу қиын шаруа емес. Одан гөрі шындыққа бейімделген шығармамен айналысқан дұрыс-ау...

Сөйтіп, әкіммен келісімге келдім де, жоспарымды реттестіріп, 2002 жылы «Шіркін, Шәмші!» деген 18 баспа табақ таралым 5 мың дана кітапты Тараз тойына тарту еттім.

– Сен Шәмшімен кездестің бе? – деді Серік Әбікенұлы.

– Кездестім. Студент кезімде бетпе-бет бірінші рет көрдім. Мен он тоғыздамын, Шәкең отыз тоғызда. Қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсованың әкесі Жанпейіс Қарақұсов ағай «КПСС тарихынан» лекция оқитын. Орысша, қазақшасы бірдей, аса сауатты ұстаз еді. Кейде лекциясының орнына ақын-жазушыларды ертіп әкеліп, қызықты кездесулер ұйымдастыратын. Күллі студент жан-жақтан қозыдай жамырап, сан алуан сауал тастаймыз. Ол кезде атақты ақын-жазушыны тірідей көру – біз үшін үлкен мәртебе. Сондай бір кезеңде Жанпейіс ағай Шәмші Қалдаяқовпен кездесу өткізді.

– Ағай, туған жеріңізді айтыңызшы? – деді тіл мен жағына сүйенген Өмірәлі курстасымыз.

– М... мен негізі Сарықамыста туғам! – деді. Сәл-пәл тұтығыңқырап сөйлейді екен.

– Сарықамыс қайда?

– Ш... Шәуілдірдің маңайында.

– Шәуілдір қайда, ағай? – деп Өмірәлі тықақтап қоймады.

– Арыс өзенінің жағасында.

– Ал Арыс өзені қайда?

– Ш... Шымкенттің ар жағында.

– Шымкент ше?

– Арыстың бер жағында.

Шәмші ағаның жібектей есілген жауабына бәріміз ду күлдік. Кейін «КазГУ қайда?» деп сұрағандарға «Главпочтаның жанында» дейміз. Ал «Главпочта қайда?» десе, «КазГУ-дің қасында» деп Шәмші ағаның желісі- мен желдіртетін болдық. Арада көп уақыт өткен жоқ. Түсте сабақтан шығып келе жатсам, Ленин ескерткішінің түбінде Мұқағали Мақатев екеуі сөйлесіп тұр екен. Жүгіріп барып сәлем бердім.

– Әй, сары бала, – деді Мұқағали аға, – анау фотограф орысты бері алып кел. Суретке түсейік, сен бала тарихта қаласың. «Менен өткен дарын жоқ!» деп кеудемізге нан пісіп жүрген кез. «Ойпырм-ай, Мұқағали аға менің тарихта қалатындай талантымды байқаған екен-ау!» деп іштей тасыдым.

Ленин ескерткішінің маңында мойнына фотоаппаратын асып алған орыс шалмен сөйлессем, суретке түсудің бағасы 1 сом 80 тиын екен. Қалтамды қақсам – 1 сом 40 тиын ғана бар, 40 тиын жетпейді. Енді не істеймін? Әрі-бері жалынсам, көнбейді. Көнбейтін де жөні бар, өйткені ол кездегі базардың нарқы бойынша 40 тиынға екі қойдың басын сатып алуға болатын. Мойным салбырап, ағаларыма қайтып келдім.

– Не болды? – деді Мұқаң.

– Фотоға түсуге 40 тиыным жетпей қалды, – дедім күмілжіп. Шәмші аға сәл жымиып:

– Онда жететін жерге барайық! – деді «Кооператор» жақты иегімен нұсқап. Опера театрының алдында «Кооператор» деген дүкенде қызыл шарапты стаканға құйып сататын. Сонда келдік, 200 грамм бір стакан вино 40 тиын екен. Қысылатын не бар, фотоға жетпеген 1 сом 40 тиыным шүкір, шарап алуға жетіп-ақ тұр.

...Қазір соған өкінем! Ішім удай ашиды. Шіркін-ай, сонда 1 сом 80 тиыным болғанда ғой, екі ағаммен суретке түсіп, тарихта қалатын ем.

Бұйырмаған дүние!

Көпен Әмірбек

"Сөйле десең, сөйлейін" кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Шәмші Қалдаяқов
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар