Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кеңесбаев кеңістігі

26.10.2018 1869

Кеңесбаев кеңістігі

Кеңесбаев кеңістігі! Бір өкініштісі бұл сөзді Тәкеңе бағыттап тірі күнінде айта алмадық. Не әдеби ортадан, не замандасынан бір ауыз жылы сөз естімей, шығармашылық күйзеліс, ішкі әлемінің арпалысы сияқты өнер адамының табиғатына сай психологиялық ахуалды бастан өткеріп, “Жаса, дұшпан сорына!” деп ақын Қасым айтқандай жан-жақтан анталағандарға тек әдемі жазу, тосын ой айтуымен күресіп жүріп, бес күндік жалған өмірден белгілі қаламгер, көрнекті прозашы Талғат аға Кеңесбаев та өтті. Кеше, 25 қазан күні саржалдық қаралы ағайын жазушының мәйітін Жер-Ананың қойнына тапсырды. Өмірдің ақ таңын атырған лирик-прозашы Ұлы бесінін көре алмай, қапияда жұртымен қоштасып кете барды... Артында пенде ретінде құрған берекелі отбасы: жан-жары, аяулы қыздары қалды. Ал, жазушы һәм шығармашылық адамы ретінде фәни ғұмырында баспа бетін көріп, тасқа басылған кітаптары, газет-журналға жарияланған әңгіме, новеллалары... қалып отыр. Иә, солай... Дегенмен, Оның жазу үстелінің тартпасында аяқталмай қалған тарихи роман, нешелеген әңгіме мен повесть жоспар-нобайы Анасынан айырылған сәбидей күй кешті. Жүрдек-қалам қасіретті жүрек дертінің уысында кетті. Өкінішті-ақ...

Талғат Кеңесбаев – қазіргі қазақ прозасындағы есімі жұртқа жақсы таныс, өте танымал жазушылардың сапындағы қаламгер. Тәкеңнің шығармашылығы кейінгі кезде Қазақстанның шекарасынан шығып, сонау Түркия – Анадолы жұртына жетті. Орыс тіліне аударылған шығармалары Мәскеу өтті. Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты ағайынның да сүйікті жазушысына айналды. Қырғыздың қазіргі танымал жазушысы, аудармашы Айдарбек бәйка Сармантаевпен шығармашылық тығыз қарым-қатынас орнатып, бір емес, әлденеше рет Манастың Отанына барып, оқырмандарымен кездесті. Қырғыз тілінде жарияланған кітабының тұсаукесеріне қатысты.

Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың 80 жылдары келген талантты топтың бірі осы – Кеңесбаев болатын. Кеңесбаевтың қысқа да, нұсқа жазатынына кербез, талғампаз Орағамыз, әйгілі Оралхан Бөкеев сүйсініп, бүгінгі әдебиеттің ардақтысы, жазушы-ғалым Тұрсынбай Жұртбайға қарап: “Мына баланы сақтаңдар. Үлкен прозаик болады!” деген екен. Уағында “Француз әтірінің иісі” жарияланып, Талғат Кеңесбаевтың есімі жастар әдебиетінің даңқын көтерген-ді. Бұны кезекті бір әдеби жыл қорытындысында Мұхтар абыз Мағауин атап өтіпті. Жастар әдебиеті демекші, Талғат Кеңесбаев – аз жазатын, аз жазса да саз жазатын қаламгер еді. Көлемге аса жоқ еді. Оның шығармашылығының өзегі – қазіргі қоғам, өзіміздің замандастарымыз еді. Шағын ғана әңгімеге аһар-шаһар проблеманы сыйғызып жіберетін магиясы бар-тұғын.

Кеңесбаев кеңістігін танытқан һәм болашақта да даңқын биікке көтеретін шығармалары – “Француз әтірінің иісі”, “Гауһар”, “Ұлу жылы”, “Ақ марқа” повестері. Бұлар классикалық шығармаға айналған, уақыт жылжыған сайын жаңа ұрпақ – жас буынмен үндесіп, оқыла беретін нағыз жаңашыл хикаяттар. Жазушының оң жамбасына келетін жанры – әңгіме. Оның кез келген әңгімесін қараңызшы, тез оқылады, сосын әрі жып-жинақы, әрі жүрек ауыртып, көңіл толғандырар мәселелер шаш-етектен. Ал, оның тіл көркемдігі де қызық еді. Мәселен, “Күнді түн жұтты. Ай қашып, жұлым-жұлым қара кебін ішін кезіп кетті. Тоқтамайды толған ай. Нені іздейді? Жұлдыздарды ма? Тұнық түнгі аспанды ма? Жоқ әлде...” (“Қанден” әңгімесінен). Міне, осылай табиғаттың суретін өлеңсөзбенен жырлайтын. Соны теңеу. Көркемдік-поэтикалық арнасы мүлде бөлек. Оның шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлерімен бірге салтанат құрып, өзің де алуан түрлі тағдырдың ортасына отырар ең.

Талғат ағаны жақсы танып, араласқалы бері Оның өзін тек шығармашылық жұмысқа арнаған білетінмін. Бұрындары қызмет істеді ме, жоқ па, ол жағын білмедім. Өзінен де сұраған емеспін. Үйінде отырып, көңіл айдыны лайланса, аулаға шығып, көршілерімен сөйлесіп я есік алдындағы ойын балаларымен әңгімелесіп не болмаса ары өткен, бері өткен адамдарға таңырқап қарап, болашақ кейіпкерін я жазылар шығармасына сюжет іздеп, көше жағалап кететін. Байқаған боларсыз, оның шығармаларында қала өмірі де, дала қазағының тіршілігі де, ауылдағы қоңыр тірлік кешкен ағайынның да өмірі суреттелген-ді. Кез келген кейіпкері бізге жыға таныс, өзіміз күнде көріп жүрген адамдар болатын. Суреткердің бір ерекшелігі – адам жанына (кейіпкер), оның мінезіне, иірімінің қалтарыс-бұлтарысына зер сала үңіледі. Мысалға жүгінейік: “Үлгеруім керек”. Ертістің жон арқасы көкпеңбек. Құс қанатындай сусылдап ағып барады. Езуі ақ көбік. Аяғыма балдыр жабысты. Тіземнен суды кешіп бардым. Қатты ағын теңселтіп жіберді. Басым айналды. “Аман бол, Ертісімнің алтын балығы”. Алақанымдағы балық шолп етіп суға түсті... Балағымнан су сорғалап, жағаға шықтым.

– Папа, неге жібердің суға, балалардың бәріне алтын балығым бар деп айттым. Енді мені өтірікші дейді ғой, - иығы селк-селк етті.

– Ұлым-ау, ұлым... ” (“Қасқалдақтың қаны” әңгімесінен). Бір шағын отбасының тіршілігі арқау болған осынау шағын әңгімеде нендей проблемалар көтеріліп, кейіпкердің іс-әрекеті немесе әке мен баланың диалогы арасынан фон болып, жалт-жұлт етіп тұр емес пе? Оның әрбір шығармасын зер салып оқысаңыз, әр кейіпкердің жан-дүниесінен я болмаса қала көрінісінен аш-жалаңаш қоғамның өзін көресіз. Айнадан өзіңізді қалай көрсеңіз, бұл шығармалардан да мылқау, керең, саңырау қазақты көресіз. Тіршілігі ауыр, бейнет-тауқыметі мол. Тағы бір әңгімесі “Үйірін табар ма екен?”, осы шағын әңгімесінде романға арқау болар сюжет бар. Бірақ әдеби шеберлігі шыңдалған жазушы осы қысқа ғана шығармасымен ақ әлемдік проблеманы қысқа ғана қайыра салған екен. Қараңызшы, “Енді-енді босаға жұлдыз төмендеп, айналайын Күн-Ана көтерілерде шығыстан, қытай жақтан жарылыс үні шығатын болды”. Бұл тек Семей жұртының қан жұтқан проблемасы емес, жалпы адамзаттың басына төнген қатер еді. Сарыарқаның құлжасы Шыңғыстау бауырындағы алапат жарылыс тек фон ғана болып отыр. “Сенде тудым, сенде өлсем арманым не, Шыңғыстау. Бәрін де сеземін, бәрін де білемін. Дегелең жақтан қарақұйын көтерілген кезде омыртқаңды опырып, жұлыныңды суырардай қиналасың қаранарым..!”

Т. Кеңесбаев социалогиялық бағытта көп дүние жазды. Социалогиялық проза үлгілерінде отбасы конфликті, өмірден баз кешкен адамның жай-күйі, өмірден өз орнын таба алмаған жанның қасіреті, жетім мен жесір трагедиясы, адамдық һәм адалдық... бәрі қамтылды. Болашақта бұларды әдебиетшілер зерттеу нысанына алса, социалингвистикалық зерттеулерге таптырмас дерек болар еді.

Ал, соңғы жылдардағы жазушының шығармашылығы, оның бағыты мүлде басқа арнаға ойысты. Бұны жазушы шығармашылығының екінші өрлеу кезеңі десе де болады. Тарихи тақырып. Бұны да игеріп әкетті. Қазақтың сайын даласы қолында шоқпары бар, қоқаңдаған келімсектердің кесірінен жұлым-жұлымы шықты. Алтайымыз пышақпен кескендей екіге жарылып, арғы беті қара қытайдың тарапында қалды. Алтайдың арғы бетіндегі қандастарымыздың отарлау саясаты кезіндегі жадағай тұрмысы, Зуқадай батырдың “Алаш!” деп ұран салып, соңынан қалың қол ертіп, көтеріске шығуы, азаппен аяқталған тақсіретті тағдыры Кеңесбаевтың шығармашылығы арқау болды. Ноқтаға басы сыймаған Зуқадай ердің өмірін суреткер көзімен өрбітіп, жаңа қаһарман бейнесін сомдады. Бұл – Талғаттың тарихи тақырыптағы алғашқы көлемді дүниесі еді. Тәуелсіздік идеясы мен ұлттық сананы қалыптастыратын “Қараңғы түннің жұлдызы” (Зуқа батыр Сәбитұлы) хикаяты Батыр бабаның мерейтойына арналған әдеби байқауда бас жүлдені иеленді. Сосын... сосын Кеңесбаевтың тарихи тақырыпқа деген құлшынысы оянып, алаштықтар заманына деген аңсары ауды. Біздің тарихшы досымыз, белгілі жас алаштанушы-ғалым Еркін Ерланұлымен сағаттап отырып мәслихат құрып, тарихи дәріс тыңдады. Әдебиетші Заңғар Кәрімханның кеңесіне жүгеніп Алаш әдебиетімен танысты. Суретші, Алаш галереясымен ұлтын рухтандырған талантты Алмас Сырғабаевқа өтініш айтып, Ике Әділұлының портретін салып, Оны (портретті) құшақтап, ұлы рух алып үлкен роман жазуға дайындалып жүр еді...

Ойда-жоқта жүрегі шаншып, өкпесі қырнап, ауа жетпей құлап қалыпты. Көшеден ары-бері өткен қайырымсыз адамдар маскүнем біреу деп аялдап, халін сұрамай өте берген. Үйде қызы уайымдап, әкесін іздеп шарқ ұрады... Ақырында көшеден тауып, ауруханаға жеткізеді. Инсульт. Қасіретті дерт, ауыр соққыны екінші рет қабылдаса да ерлік танытып, дертке мойынсұнбай қарсыласады. Бір айдай дерт пен өлім арасында күресіп, біресе дертті жеңіп, беті бері қарайды. Енді бірде дерт демдеп, тынысы тарылады. Осылай итжығыс халде қажырлық танытып, жүрегіне салмақ түсірген қайран да, қайран жазушының жаны таңға тақау үзіліп кетті... Бейопа өмір!

Оның “Түнде ұшқан қаршыға” (Ике Әділұлы) повесті романға сұранып ақ тұрған шығарма еді. Композициясын құрып, қайыра қарап шығамын деген. Бірақ оны көруге жазбапты. “Ойшоғыр” повестінде қазақтың Алтынбектей асқар ұлы (Алтынбек Сәрсенбаев), Дидаштай эстет жазушысы (Дидахмет Әшімханұлы) т.б. белгілі тұлғаларымыз суреттеліп еді. Сол “Ойшоғырды” да романға айналдырамын деп отырған...

“ – Cенің осы кабинеттен шықпағаныңнан қорқамын. Сенесің бе, қорқамын. Күндіз-түні темекіңді бұрқылдатып осы жерде отырасың. Бейне тас мүсін сияқтысың. Үндемейсің. Күлмейсің. Өз бетіңше телміріп отырасың да қоясың... бұл не өзі... Адам бір мезгіл өз шаңырағын да ойлау керек қой...” Осылай деп еді ғой кейіпкерің Маздақ. Осы Маздақтың сөзі Өзіңе қаратып айтылған сияқты ма, қалай өзі?

Өмірден Талғат аға өтті дегенді естігенде, қандай халде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын… Содан бері “Ертіс пен өмір жылап ағып жатыр… Жылап…”. Қайран аға, бақұл болыңыз!

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Эссе, талғат кеңесбаев
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар