Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кемел ағаны кеңінен тани түстік

05.12.2019 676

Кемел ағаны кеңінен тани түстік

Ұзақ жылдар теле­жур­на­листика саласында еңбек етіп, соның қыр-сырын жетік меңгеріп, мәнді, мағыналы туындыларымен көптің көңілінен шығып жүрген талантты інім, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Махат Садықтың майдангер жазушы Кемел Тоқаев жөнінде түсірген деректі фильмін көріп терең ойға қалдым. Уақыт алыстаған сайын таудай тұлғалардың сан тарау қырлары, жарқын келбеті жарқырап ашыла түседі екен. Кеше ғана Жазушылар одағында бірге қызмет еткен Кемел ағаны толық танып білмеген екенбіз. Қысқа өмірде адам жанын зерттеп, түсіну кейде тіптен мүмкін емес сияқты. Бір қарағанда өте қарапайым, шыншыл, көп ашыла бермейтін ағаның тауқыметті тағдыры, ішкі жан азабы, ғұмырлық философиясы өте тереңде көрінеді... Біз Кемел Тоқаевты шебер журналист, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған қабырғалы қаламгер ретінде таныдық.

«Ер – елдің қорғаны, намыс – ердің қорғаны» - дейді дана халқымыз. Көненің көзі, әкесі Тоқаның артында қалған жалғыз тұяғы, жазушы Кемел Тоқаев шынында да кесек тұлға еді. Өмір дариясына салған қайығын аласұрған тағдыр толқыны асықтай иіріп, оңды – солды қанша лақтырса да жанын таза, жүрегін жылы, арын биік ұстай білген азамат. Өзінің ауыр да, қасіретті өмір жолында қаламына сүйеніп өтті. Шығармаларына тұтас ұлттың тағдырын арқау етті. Өйткені, ұлттың басына төнген қасірет елін сүйген кез-келген азаматты айналып өтпесі белгілі. 1932-жылдардағы ашаршылық Тоқаевтың да айналасын көктей орып, тып- типыл отап кеткен. Зұлмат жылдар жас Кемелге жетімдік зарын барынша тарттырады. Ағасы Қасым екеуі Түркістандағы балалар үйін пана тұтады. Жығылған үстіне жұдырық дегендей соғыс қасында қалған жалғыз сүйеніші Қасымнан да айырады. Қасым майдан төрінде ерлікпен қаза табады. Ағасының ізімен майданға аттанған Кемелдің өзі де қанқұйлы соғыстың бел ортасында жүріп, талай ерлік көрсетіп, ауыр жараланады. Майданнан оралған соң да қоғамдық қызметке белсенді араласып, әдебиет әлемінің киелі есігін еркін ашып кіреді. Махат осынау күрделі тағдырды арқалаған кесек тұлғаны шеберлікпен жарты сағаттық фильмге сыйғыза білген. Аз сөзбен, көп ойландырады. Кемел ағаның кеңістігін Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Қазақстанның халық жазушылары: Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұршайықов, Еңбек ардагері, жазушының замандасы Баймырза Дәуренбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази, Философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қоғабай Сәрсекеев сынды белгілі тұлғалардың пікірлері арқылы жарқырата ашқан.

Жазушының өмір жолындағы айқын іздері «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы», «Ұядан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Тасқын» тағы басқа шығармаларында сайрап жатыр. Өз бетінше білім алып, өмірдің талай қиын-қыстау өткелінен өткен Кемелдей кең тынысты қаламгердің шытырман оқиғаларға толы, шұрайлы тілді шырайлы келбетті шығармалары күн өткен сайын жас ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелей беретіні сөзсіз.

Әсілі детектив жанрындағы шиеленісті шығарманы жазу үшін қырандай қырағылық, қасқырдай қайсарлық, шынайы шеберлік қажет. Қайсар қаламгердің кітаптарын қайта қолға алғанда, сұрапыл соғыстың ішінде жанында бірге жүргендей күй кешесің, өзімен қайта тілдесесің.

Соғыс көріп, балалық шағы жетімдік пен жоқшылықта өткен қатал тағдыр Кемел ағаның сағын сындыра алмады. Керісінше, төске салған шарболаттай шыңдап шығарды. Жанына ауыр жара салса да асыл мұратынан тайдыра алмады. Отан үшін адал перзент, отбасы үшін аяулы жар, ұрпақ үшін үлгілі әке бола білген үлкен жүректі жайсаң ағаның өмір жолы артында үрім-бұтағы барда, қара ормандай қазақ халқы барда жылдармен бірге жалғаса бермек...

Осындай парасаты биік тұлғаның нарқын асырып, парқын білер Махаттай талантты бауырға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұлтының азаттығы жолында күрескен ардагер ағалардың азаматтық қасиеті, асқақ абыройы кейінгі інілеріне жұғысты болғай!

Несіпбек Айтұлы

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар