Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Келіс Рахымжанов. Ол өзінің өмірін көркем шығармаларымен өрнектеп жазып кеткен

22.07.2019 1107

Келіс Рахымжанов. Ол өзінің өмірін көркем шығармаларымен өрнектеп жазып кеткен

Жазушы Рақымжан Отарбаевпен «Жалын» журналында таныстық. Ол мені жұмысқа қабылдады. Мұнысы қызық болды. Алғаш танысқан күніміз де сол болатын. 1992 жылдың жаз айы еді. Ауылда мұғалім болып жүріп Алматыға келгем. Мұғалімнің демалысы ұзақ. Оқытушылыққа біраз үйреніп те қалғам. Ауылды қимасам да қалаға кеткім келді. Соны айтып ем, Рақаңның көзі жана кетті.

– Мен сені жұмысқа алам, – деді.

– Қалай, – дедім сенбей.

– Давай арыз жаз, – деді.

Маған бас редактор Мұхтар Шахановтың атына арыз жаздырып алды да, оған қол қойдырып, ертеңінде приказ шығартып, ешбір кабинетке де кіргізбей бөлім редакторы етіп шығарды. Мына жерге отырасың деп бос столды көрсетті.

Рақаңның мінезі қызық еді. Саусақтарымен шашын бұрап, бірдеңе ойлап отыратын. Арада 28 жыл өтсе де со күні танымайтын, бір көрген адамға таныса салып сенім көрсетуіне не түрткі болғанын ешқашан сұраған емеспін. Өзім іштей ойладым, бұ адам менің бірдеңемді оқып ұнатқан-ау деп. Бұл туралы да ол ешқашан жақ ашқан емес. Одан бірер жыл бұрын менің бірер әңгімем осы журналға шыққан. Сол әңгімеден алған әсері ме екен. Оның сырын ұға алмадым, тіпті кейін талай кезіккен кезде де сұрамаппын. Қазір ойлаймын Рақаңның сол қылығы мәрттігі-ау деп. Ол маған ішкі бір түйсікпен сенген сияқты. Мен де сол сенімнен шығуға тырыстым. Оның газет-журналда, радиода, әдебиет төңірегінде қызмет істеген тәжірибесі көп еді де, мен оның қасында нағыз сарыауыз балапан сияқты осыған Рақаң не дейді деп қарап отыратын аузына салып бергенді шайнайтын, тікбақай біреу едім. Рақаң анау-мынауға ішін бере қоймайтын. Ондай мінез менде де бар.

Көп ұзамай оның іштей екіге жарылған адам екенін тани бастадым. Мен де сондай жағдай болатын. Біздің таным-түсінігіміз бір бөлек те, өмірдегі қалыптасқан ахуал біздің ойымыздағыдан мүлде басқаша еді. Бұрын Рақаңды суреті арқылы білсем енді жақынырақ тани бастадым. Махамбет туралы роман деп әдебиет газетіне үзіндісі шыққан. Кітабы қолыма тиген емес. Әлгі жерде Рақаңа мақтау айтып ұнай қалатын да сиқым жоқ еді. Кісі мақтауға шорқақ ем. Тіпті ісім түсіп барған адамыма да бірер ауыз комплимент айтып, көтермелеп, жазғанын мақтап көзге түсе кету менде кемшін еді. Бәрі көңілде сайрап тұрса да іште тоқ ит аштан бұралып өлетін үндеместің өзі екем. Рақаң сондай екенсің деген жоқ. Оған менің осы тұрқым жарап жатқан сияқты. Өзінің де кедір-бұдыр, ойқы-шойқы қылықтарын жасырып жатпайтын. Оған кеңкілдей күліп бірінші өзі жариялап алады. Журналға жиі келіп жүретін ақын Есенғали Раушанов: "Осы Рақымжанды көрсем күлкім келеді. Тіпті көрмек түгілі есіме түссе күлем", – дейтін. Ештеңе демесем де бұл сонда нені меңзеп тұр, екеуінің арасында бір қызық оқиғалар болған-ау деп қоя салғам. Бірде өзіміз қатарластар туралы сөз болғанда: "Бірдеңеге жеткен тек Есенғали ғана. О байғұстың да шашы түсіп қалды", – деп қиналғаны бар. Сол уақта Есенғали журналда редактор, кәдімгідей жас бастық.

Рақымжан сыртқа сыпа көрінгенімен әр нәрсені өзінің атымен айтып қалатын. Ол айнала адамдар туралы шын ойын іште жасырып ұстайтын. Біреуді ұнатпаса оны жасыруға тырысып, жасыруға болмай бара жатса шорт кесіп, нағыз бейнесін тоқ еткізіп суреттеп қоя салатын. Осы мінезі оның көптеген шағын әңгімелерінде көрініп тұрады. Оның бойында басқаларда бола бермейтін ой еркіндігі бар. Кейде бас редактор Мұхтар Шахановпен де қалжыңдап ойнай беретін. Мұқаң ондайда тұтығып қалып, Рақаңды орнына қойғысы келіп, шыр-пыр болып бірдеңелер айтса інісі оған айыл жимай одан сайын күлкілі жайттарды сөйлеп, әбден рақаттанушы еді. Орынбасар Мереке Құлкеновпен де арасы әртүрлі болды. Бірде жап-жақсы әңгімелесіп отырса, бірде апталап кабинетіне кірмей орағытып жүретін. Көңілденсе: "Мереке жақсы бастық", – дер еді. Әңгімелері қалай деп сұраған емеспін. Әйтеуір жерлес болса да екеуінің арасы қыл өтпестей бола қоймаушы еді.

Күнде жұмысқа келе жатсам алдымнан сатирик жазушы Сайымжан Еркебаев кезігетін. Жасы үлкен адам болған соң сәлем беремін. Ол сәлемімді жақсы қабылдап, қызғылт өңі күлімдей қалып:

– Қайда істейсің? – деп сұрайды.

– «Жалын» журналында, – деймін.

– Әлгі «кобра» қайда? – дейді.

– Ол кім? – деп өзінен сұраймын.

– Мереке, – дейді ойын сабақтап, – Сен байқа, ол "кобра" жұтып қоймасын. Ана Рақымжанды жұтып қойып, қорыта алмай қайта шығарып тастаған, – дейді күліп.

Алғашында бұл қалжыңның мағынасына түсіне алмай бұл кісі болса олардан жасы үлкен, айтып тұрған сөзі мірдің оғындай. Оның мәнін біреуден сұрайын десем сөз шығарғандай болам ба деп біразға дейін үндемей жүрдім. Сайымжан ағам жиі жолығады. Айтатыны әлгі сөз. Кобра қайда деген сұрақ. Бір күні шыдамай кетіп Рақымжаннан сұрадым. Солай да солай Сайымжан деген өстіп сұрайды, Мереке сізді жұтты дейді онысы несі деп. Рақаң мұны естігенде көзі ежірейіп тікшие қалды: "Ой, Сайымжан Мерекемен нағашы-жиен боп ойнағаны ғой", – деді дауысын күжірейтіп.

Жоны күжірейіп біраз отырып, өзінің Мұхтар Шаханов Мәскеуге кеткенде еркінірек жүремін деп жұмыстан шығып қалғанын, Мұқаң Мәскеуден келген соң іздеп тауып, қайта жұмысқа алғанын әңгімелеп бергені бар.

– Рақымжанды жұта алмады, – деді деймісің, – Айтқышын қара-ай, жазушы ғой. Сатирик деген сондай болады әне. Оның сондай тарихы бар. Со жолы жұмыстан шығам деп инфарк алғам. Мұқаң мені іздеткенде әлдебір аурухананың дәлізінде, мына пақырың жұмыстан лақтырып тасталған күйінде бар мен жоқтың арасында жатқан.

Рақаң сөздеріне көп мағына сыйғызатын. Ол үшін өзіне ұнамаған әлдебір адамның қылығын айту қиынның қиыны еді. Өзінің де кейбір оғаш қылықтар жіберіп алғанына да көңілі толмай соны ажуа ғып сөйлеп отыратын. Оның сол кездегі бейнесі әлдебір қылығы үшін сөгіс естіп, оны әп сәтте ұмытып кетіп, әлгі қылығына өзі күліп отыратын тентек баланың кейпіне ұқсаушы еді.

Рақаңды адам ретінде түсінгенде мен оның ірі мінезі, не істесе шын ойымен беріле кірісіп кететін ынта-пейілі, ақ көңілі, көңілі түскен адамға қамқор бола білетін кісілігі үшін сыйлайтындай едім. Келесі жылдың көктемінде М.Шаханов қырғыз еліне елші болып кетті де Рақаң да сол жаққа қызметке ауысты. Мен көп ұзамай, тағы бір жарты жылдан соң қазақ радиосына қызметке бардым. Біздің достығымыз сол арадан қыл өтпеген тату күйінде, еш өкініш-кіршіксіз таза қалпында сақталды. Опера театрында өткен жазушылардың сиезінде жақын отырып қалған екенбіз. Арада 10-15 жыл өтіп кеткен. Рахаң: "Келіс, қал қалай? "Жалындағы" кезді ұмытқан жоқсың ба? Ұмытпа оны", – деді.

Рақаңның кезіндегі ерекшелікке көз салсақ ол уақыт бізді қатты сынаған екен. Біз ескіше жазуға болмайтын, жаңаша бірдеңе жасау қиын кезде қалам ұстадық. Бірдеңе тындырсақ дедік. Басымызды сол арман біріктірді. Сол кездің топшылдығы, әдебиетке келіп алған журналистік ағымдардың шынайы әдебиетке тигізген кері әсері талай басқа соққы болып тиген еді. Рақымжан біздің толқынның ең талантты өкілінің бірі еді. Ол өзінің өмірін көркем шығармаларымен өрнектеп жазып кеткен тамаша жазушы.

19.07.2019


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар