Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақтың қайраткер Фаризасы

19.06.2021 1108

Қазақтың қайраткер Фаризасы

«Әдебиет порталы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қаламгер – қайраткер» атты мақалалар сериясын жариялап келе жатыр. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде еліміздің басқару, заң шығару билігіне атсалысқан қаламгерлердің өмір жолына, атқарған мемлекеттік қызметтеріне шолу жасау – аталған серия бойынша жарияланатын мақалалардың басты ұстанымы. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алғаш жариялануынан бастап, аяғынан нық тұруына атсалысқан қаламгер қайраткерлердің қатарында қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің екі реткі шақырылымының депутаты Фариза Оңғарсынова.

"Поэзия падишасы" атанған көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Новобогат (қазіргі Исатай) ауданына қарасты Манаш атты ауылда, он баланың кенжесі болып дүниеге келеді. Әкесі Оңғарсын Иманғалиев (1895-1940) – өз заманының оқыған, білімді азаматы болыпты (1-сурет). Өңірде балық шаруашылығын алғаш ұйымдастырушы болған Оңғарсын Иманғалиев Фариза ақынның бір жасында қайтыс болады.

Анасы – Халима Бекейқызы (1900-1976) – төте арабша сауатты кісі екен (2-сурет). Әкеден жетім қалған балаларын жастайынан оқу-білімге құштар қылып, қатарынан қалмай өсуі үшін тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Ақынның балалық шағына тап келген Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың қасіретті жылдары барша совет халықына оңай тиген жоқ. «Бәрі де майданға!» - деп ұрандатқан соғыс уақыты және соғыс аяқталғаннан кейінгі бірде аш, бірде тоқ жүдеу тіршілік жас жеткіншектерді еңбекке ерте араластырып, ерте есейтіп жібергендей еді. Ана баурында осы қиыншылықтарды бір кісідей көріп, шыңдалып, төзімділік пен қайсарлықты жанға серік етіп өскен Фариза ақынның ғұмыр бойына жазған туындыларында осы бір мінез қалпы мәңгілік көрініс тапты деуге болады.

Қыз болып ойнамадым қуыршақпен,

Ерке еді мінезім де қыңырсоқтау.

Тайқитын дөкей деген балалар да,

«Бұл шатақ шығарады ұрынсақ», – деп, -

деген өлең жолдарында ақынның балалық шағы, өжеттік, қайсарлық қалпы айқын танылып тұрғандай. Ес білген шағынан анасынан қисса-дастандарды тыңдап өседі. Кейіннен өзі де «Қобыланды батыр» бастаған біршама эпикалық туындыларды жатқа айтатын болады. Ақын Фариза Оңғарсынованың поэзияға деген құштарлығын оятуға халықтық фольклор да әсер еткені анық. Табиғаттан берілген дарынын шыңдауға әсер еткен болар. Сабаққа кірмей тұрып хат танып сауатын ашқан соң кітап таңғажайып әлеміне бас қояды. Қазақ, орыс, әлем әдебиеті туындыларын көп оқып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлең жаза бастайды.

Орта мектептегі оқуын үздік тәмамдаған соң облыс орталығы Гурьев қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Анасы қызының бойындағы талантын ұштап, шығармашылықпен шұғылдануын қалағандықтан, филология факультетіне түсіп, 1961 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығымен бітіреді. Алғашқы еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастайды. Балықшы, Еркін қала, «Октябрьдің қырық жылдығы атындағы» ауылдардағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен таныла біліп, аз уақытта қатардағы мұғалімнен мектеп директорлығына дейін көтеріледі. Мектептің қарбалас тірілігінен қолы қалт еткенде шығармашылықпен шұғылданады. Бір айта кетерлігі, советтік кезеңде мектепте тек қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес өзге де пәндерден сабақ берген мұғалімдер шығармашылықпен шұғылданып, олардың арасынан күллі қазаққа танымал көптеген ақындар, жазушылар шықты.

Фариза Оңғарсынованың тұңғыш өлеңдер топтамасы 1958 жылы республикалық басылым бетінде жарық көреді. 1966 жылы алғашқы жыр жинағы «Сандуғаш» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Осы жылдан бастап Фариза Оңғарсынова шығармашылық жолға біржола бетбұрыс жасау үшін педагогикалық қызметтен қол үзіп, журналистік жолды таңдайды. Бірақ бұл балалар өмірінен, педагогикалық тәрбие әлемінен біржола қол үзушлік емес еді. Болашақта балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық басылымдарды басқарған кезеңде мектепте өткізген жылдар өзінің септігін тигізгені анық. Сөйтіп ақын, ұстаз Фариза Оңғарсынова 1966 жылдан Гурьев облыстық әкімшілік пен партияның органы «Коммунистік еңбек» газеті редакциясының «Партия тұрмысы» бөліміне жұмысқа орналасып, журналистік қызметін бастайды (3-сурет).

«Халықтың көзі мен құлағы» аталған ақпарат саласы – қашан да біліктілікті, жылдамдық пен батылдықты сүйеді. Еңбек жолында дәл осы қасиеттерді басшылыққа алған журналист Фариза Оңғарсынова өнімді, белсенді әрі табанды қызмет істейді. 1968-1970 жылдары Қазақстан Қазақстан комсомолының бас газеті «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») Гурьев, Ақтөбе, Орал өңірлері бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарады. Ондаған мың данамен тарайтын, республикадағы ең беделді газеттегі журналистік қызметі барысында журналист Фариза Оңғарсынова өзінің кез келген мәселені батыл көтеріп, жеріне жеткізе жазатын шыншылдығымен ерекшеленеді. Осы жылдары жеке шығармашылық жолында көп ізденіс жасайды, қазақ әдебиетіндегі дара ақындық қолтаңбасын да қалыптастырып, тыңнан түрен салуға ұмтылады. Бұл тұста алдыңғы буын қатарындаға Мәриям Хакімжановадан өзге, талантымен танылған ақын қыздардың қатары да сирек болатын. Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетіндегі ақын қыздар поэзиясы көшін алға жылжытуға елеулі еңбек сіңірді. Ақынның қазақ қызына тән ұяңдыққа толы, ұлттық бояуы қанық, әрі сонымен қатар өршілдік пен оттылық маздаған ойлы да мазмұнды лирикалық жырлары өлкелік, республикалық басылымдарда жиі жариялана бастайды. Осылайша қазақтың шалқа әдеби әлеміне Фариза Оңғарсынова атты ақын қыздың есімі етене таныс болады (4-сурет). Осы тұста ақын шағын лирикалық өлеңдермен қатар, көлемді эпикалық туындылар жаза бастайды. Қаламынан қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған айтулы туындылары: көлемді поэмалары туады 1969 жылы «Жазушы» баспасында ақынның «Маңғыстау маржандары» атты жыр жинағы жарық көреді.

1970 жылдан бастап үлкен әдеби ортамен қоян-қолтық араласу үшін Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласына қоныс аударады. Осы жылы Қазақстан пионерлерінің қазақ тіліндегі бас басылымы «Қазақстан пионері» газетінің редакторы болып қызметке кіріседі. Шығармашылық жолында өнімді жұмыс жасайды. «Жазушы» баспасынан 1973 жылы «Асау толқын», 1974 жылы «Көгершіндерім» өлеңдер жинағы, 1975 жылы «Биіктік» очерктер топтамасы, 1976 жылы «Біздің Кәмшат» прозалық туындысы, «Жалын» баспасынан 1979 жылы «Сенің махаббатың», 1983 жылы «Сұхбат», 1985 жылы «Дауа» атты өлеңдер жинағы, 1987 жылы таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көреді. Сондай-ақ жазушының 2004 жылы шығармаларының он томдығы, 2015 жылы Астана (Нұр-Сұлтан) қаласындағы «Сардар» баспа үйінен шығармаларының он екі томдық тоық жинағы жарық көреді. Фариза Оңғарсынованың туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Фариза Оңғарсынованың «Жалын» баспасынан орыс тілінде 1978 жылы «Нежность», «1980 жылы «Полдневный жар» жинақтары жарық көріп отандық оқырмандарға жол тартады. Шығармашылығы Кеңес Одағы мемлекетінің ортақ қарым-қатынас тілі орысшаға аударылуы – қаламгердің көлемді ауқымда танылуына мүмкіндік беретін. Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «Тревоги», 1980 жылы «Советский писатель» баспасынан «Озарение», 1984 жылы «Художественная литература» баспасынан «Алмазный клинок», 1985 жылы «Молодая гвардия» баспасынан «Ожидание солнца» өлең жинақтары жарық көріп, одақтас он бес республикадағы қалың оқырман ақын туындыларымен таныс болады.

Фариза Оңғарсынова қызмет жасаған 1970-1978 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің мазмұндық сапасы жақсарып, қызықты да оқылымды басылым ретінде республика мен одан тысқары өлкелерге таралымды болуына зор үлес қосып, еңбек сіңіреді. Газеттің тиражы 230 мыңға дейін жетуі – қажырлы еңбек пен ізденістің жемісі еді.

1978 жылы жиырма жыл үзілістен соң қайтадан жарық көрген республикалық «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторлығына шақырылып, осы басылым ұжымын 1996 жылға дейін басқарады. Қазақстан пионерлерінің журналы тәуелсіздік алған 1991 жылы «Ақжелкен» деп аталған журнал қазіргі күні де тәуелсіз мемлекетіміздің жас ұландарының басылымы ретінде жарық көріп келеді.

Фариза Оңғарсынова жырлары – халық іздеп жүріп, сүйсіне оқитын, тұтастай бір дәуір оқырмандары жатқа оқитын жырларға айналды. Ақын өлеңдеріне жазылған тамаша әндер өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бергі кезеңде әлденеше буынның рухани сазды жан азығы ретінде шырқалып келе жатыр. «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін 1984 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Журналистік, жазушылық шығармашылықтан өзге, халық қалаулысы ретінде елге қызмет етті. Фариза Оңғарсынова ҚР Парламент Мәжілісінің 1, 2 шақырылымдарының депутаты ретінде 1996-2004 жылдар арасында мемлекетіміздің ең жоғарғы заң шығару билігінде халыққа қызмет етті. Жаңадан қалыптасып келе жатқан жас мемлекетке қажетті заңдарды әзірлеуге, бекітуге қатысты.

Фариза Оңғарсынова ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қазақ тілінде екі заң жобасын жасады. Оның біреуі, жоғарыда атап өткеніміздей «Ана мен баланы» қорғау туралы заң деп аталса, екіншісі «Баланың құқығы» деп аталды. Бұл заңдардың әзірленуі, қабылдануы, кедергіге ұшырау туралы қайраткер тұлғаның өзі кезінде журналист Л.К.Шашкоға берген сұхбатында былай деген екен: «...Поэтикалық жан дүниеме қарамастан, мен дәлме-дәлдікті сүйетін адаммын. Менде – немістік дәлдік. Мен үшін кейде адамдардың: «Фариза сен онда не тындырдың?» - деп айтатыны ыңғайсыздық тудырады. Мен екі заң жаздым. Мұндай заңдар Қазақстан тарихында бұрын болған емес. Бірінші Заң: «Баланың құқықтары туралы әрең дегенде өтті. Президент қол қойды, өткен жылдан бері әрекет жүзінде. Екіншісі: «Аналар мен балаларды қорғау туралы» – бұл өтпеді. Мен бұл заң бойынша екі жарым жыл бойы жұмыс істеген болатынмын. Бірақ Қаржы министрлігінің есептеуінше, ол заңды жүзеге асыру үшін жылына 7,5 миллиард теңге бөлініп отыруы қажет екен. Бұл көп деді. Жақсы, ондай болса кезең-кезеңмен енгізейік: үш жарымын – осы жылы, қалғанын – кейінірек. Біздің экономикамыз жақсы дамып келе жатқан жоқ па? Өзінің болашағы үшін қамқорлық жасамайтын болса, балалардың, аналардың есебінен үнемдейтін ол қандай мемлекет?» Қайда да болсын тіліп тұрып турасын айтатын ақын осылай деп ашына айтқан екен. Жоғарыда атап өткеніміздей, 10 тарау, 53 баптан тұратын «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР № 345 заңы 2002 жылы 8 тамызда қабылданып, қазіргі күнге дейін, өзгертулер мен толықтырулар арқылы халыққа қызмет етіп келе жатыр. Расымен де Қазақстан парламентаризмі тарихында Фариза Оңғарсынова әзірлеп ұсынған «Бала құқықтары туралы», Әкім Ысқақ әзірлеп ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары ғана қазақ тілінде дайындалып, бекітілген екен. Жоғарыда аталған сұхбатта Фариза Оңғарсынова өзінің және өзімен қатарлас, тұрғылас әйелзаты депутаттардың заң шығару қызметіндегі қабілет-қарымына қатысты: «Парламентте ерлерден гөрі әйелдер көбірек кәсіби жұмыс істейді. Олар іс-қызметте барынша жауапты да ұқыпты ғой», - деген екен. Бұл да өмірден алынған пайым-қорытынды екені сөзсіз.

Ана мен бала құқығын қорғаумен қатар, шығармашыл қауымның да қамын ойлап, ел астанасының атына заты сай нағыз рухания орталығына айналуын ойлаған қоғам қайраткері былай дейді: «...Мен осында қоныс аударып шын жүегімммен қуаныштымын. Бірақ қазіргі күнге дейін шығармашылық атмосфераны қалыптастыра алмай жүрміз. Жұрттың басын қосатын орталық жоқ. Мен парламентке Астанада ақындар, жазушылар, суретшілер кездесу жасайтын әрі дәмханасы бар, түрлі залдар жұмыс істейтін Шығармашылық үйін салу жөнінде ұсыныспен шыққан болатынмын. ...Өзіңнің жаңа шығармаңды талқылайын десең, мұндай орын жоқ. Астана тек әкімшілік орталық қана емес қой, астана мәдени орталыққа да айналуы керек емес пе? Оның өз бет-бейнесі болуы керек. Тек архитектуралық қана емес, адами бейнесі болуы керек. Мен оптимиспін: бүгін салынған дүние ғасырларға мұра болып қалатынына сенемін.» Бүгінгі отыз жылдық белесте тұрып, кешегіге ой жүгіртіп, көз салар болсақ, ақынның оптимистік армандары толық болмаса да біршама орындалғанына көз жеткізуге болады.

Шығармашыл ғұмырында өндіре еңбек етіп, халқының рухани қазынасына мол мұра қалдырған қазақтың ақын қызы, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова 2014 жылдың 23 қаңтарында пәниден бақиға озды. Елорданың маңындағы Қабанбай аулы жанындағы Ұлттық пантеонға жерленді. Қабырғалы қаламгер, қайраткер тұлғаның қазасына халқы қайғырды. Сол күннен бастап Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы, адами қалпы, өнегелі істері туралы өткен шақпен айтыла бастағаны да пәнидің ақиқаты. Барша қазақтың Фаризасы болған тұлғаның өмірден өтуіне байланысты бас газет «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған небір марғасқалардың азасөздерді ақын-ғұмырдың алуан қырларын қысқаша мәтінге сыйдырған жиынтығы, тұтас бір халықтың риясыз махаббаты, қимастық сезімінің белгісі деуге болады. «Өтіп бара жатқан дәурен-ай десеңізші. Фариза екеуміз бір жылдың, бір айдың төлі едік (4-сурет). Әдебиетке бірге келіп, жарыса жазып едік. Оның жазғандарына өз жазғанымнан бетер қуанушы едім. Алған асуларына, шыққан шыңдарына еріксіз сүйсініп, ерекше тамсанатынмын.

Шынында да, ол тал бойында бір міні жоқ ұлы ақын еді. Сондықтан да оның туындылары жарық көрген бойда қалың оқырман қауымның жүрегіне жол табатын. Үлкен де, кіші де, әйел де, еркек те бірдей қадірлеп, төбелеріне көтеретін. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаңыз да оны өз перзентіндей аялап, әлпештейтін. Ол ел арасында ақылман Абайдай, алдаспан Махамбеттей, айтқыр Қасымдай, ақиық Мұқағалидай айрықша қастерленетін. Нағыз бүкілхалықтық махаббатқа ие еді. Жұрт оны алмастай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көретін». Бұл – Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайдың сөзі.

Мен енді кетем кезіп Сарыарқаны

Даланың қызды ардақтар кезін іздеп! –

деп өзі жазғанындай, қазақ даласының кіндік қаласында, Есіл-Нұра бойында мәңгілік тыныс тапқан ақын қызын, қайраткер қаламгерін Сарыарқасы ғана емес, төрт төңірек, сегіз тарабы: кіндік қаны тамған Атыраудан алтын Алтайға дейінгі алаштың ұланғайыр даласы ардақтайды, еске алады. Жанға жақын, жүрекке жылы жырларымен сусындайды. Жас ұрпақ үшін жазып ұсынған заңының игілігіне бөленеді. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды», - демекші, еліне сіңірген еңбек ешқашан ұмытылмайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #фаризаоңғарсынова
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар