Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақстаннан Qazaqstanga дейін

08.02.2022 1310

Қазақстаннан Qazaqstanga дейін

9 ақпан – еліміз тарихындағы айтулы оқиғаларға толы күн. Атап айтқанда, 1925 жылы дәл осы күні Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіп келген. Сондай-ақ 1935 жылы 9 ақпанда Ұзақбай Құлымбетов басқарған Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитеті Төралқасы республикадағы негізгі ұлттың атауын орыс тілінде «казахи», республиканың атауын «Казахстан» деп атау жөнінде қаулы қабылданған екен. Сонымен қоса, 9 ақпан – қазақтың аса көрнекті ақыны, аудармашы, драматург Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осы орайда ұлтымыздың, мемлекетіміздің атауы «қазақ», «Қазақстан» деп аталу тарихына қатысты шолу жасауды жөн көрдік.

«Қазақ» атауының қашан пайда болғаны жөнінде пікірлер, талас-тартыстар көп. Көне жазбаларда кездесетін «қазақ» атауына орай жеті-сегіз түрлі нұсқа айтылады. Солардың ішінде ең көкейге қонымдысы – «қазақ» атауының еркін, ауа көшіп барушы деген мағыналардан іздеу қажеттігі туралы пікірлер. Қазақ халқының қалыптасуына монғол шапқыншылығы үлкен әсер еткені анық. ХІІІ ғасырда түркі-монғол тайпаларының басын қосып қуатты көшпелі мемлекет құрған Шыңғыс хан Хорезм жорығынан қайтып келе жатып, Құланбасыда аялдап өткізген құрылтайда алып империясын ұлдарына бөліп бергені белгілі. Үлкен ұлы Жошыға тиген Ертіс пен Еділге дейінгі жерлер – қазіргі Қазақстанның аумағы. Шыңғыс ханмен бірге келген және Ертіс пен Еділге дейінгі ұланғайыр даланы мекендеген тайпалар – бүгінгі қазақ халқын қалыптастырғаны, айбарлы Алтын орданың кіндік жұрты болғаны ақиқат. Осы орайда 1824 жылы құрылған Жошы ұлысы – ол заманда дербес ұлт ретінде аталмаса да, аталған датаны дәйекке ала отырып, 2024 жылы қазақ мемлекеттілігінің 800 жылдығын кең көлемде атап өтуге толық негіз бар.

15-ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс ұрпақтары билеген көп хандықтың бірі Әбілхайырдың иелігінен бөліне көшіп Шу мен Қозыбасы, Созаққа тұрақтаған Керей мен Жәнібек хандардың бұл әрекеті – «қазақ шығу» еді. Қазақ шығу – еркіндікке шығу, бөлініп кету, кезбелік құру мағыналарын беретінін ескерсек, оңтүстіктегі отырықшы қалалы өлкені тастап құла түзге бет түзеген көшпелі жұрт – қазақ емей немене? Бұл қауымның алғашында «өзбек-қазақ», кейіннен «қазақ» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Тарихта Алтын орда аталған ұлыстың негізін құраған «тоқсан екі баулы өзбек» деп аталған жұрттың ішіндегі отыз бес ру қазіргі қазақта бар екен. Яғни, бұл рулар – кезінде бөліне көшіп «қазақ шығып», замандар өткенде бүгінгі қара орман жұртымызды құраушылар. Біздің бала кезімізде, Түркияны үлкендер «қазақ орын» деп атайтыны есімізде. Бұл ұғымның жұқанасы қазіргі күні қазақ санасында қалды ма, ол белгісіз. Шынымен де, Түркияны қалыптастырушылар да кезінде Ұлы Даладан қазақ шыққандардың ұрпағы ғой.

Алтын орда құрамындағы рулар мен тайпалар түрлі тарихи жағдайларға байланысты бір-бірінен бөлініп-жарылып, ірге ажыратты, кейбірі бүгіндері дербес ұлтқа айналды. Қазақтағы рулар солардың да құрамында бар, қазақ фольклорында аты аталатын көптеген ірілі-ұсақты туындылардың, сол туындылардағы тұлғалардың біразы қазіргі бауырлас халықтарға ортақ қаһарман болып саналады. Мысалы, Ақсақ Темір, Едіге, Ер Тарғын т.б. тұрғысында осыны айтуға болады. Туыстас жұрттардың Қазақ хандығына қосылып санын молайтуы мен бөлініп көшуі сонау ХҮ ғасырдан бастап, ХҮІІІ ғасырдың соңына дейін, яғни Абылай хан заманында да үздіксіз жалғасып отырған. Осы бөлінулер мен қосылулардың біразының ізі қазақ фольклоры мен музыкасында ап-айқын сайрап жатыр. Бауырлас, тіпті кезінде бір халық болған қазақ пен ноғайдың қасекі дұшпанның кесірінен, ағайын ішіндегі алауыздығынан екі тарап болуына қатысты «Қазақ пен ноғайдың айырылысуы», «Ноғайлының босқыны» т.б. күйлер мен:

Орманбет би өлгенде,

Он сан ноғай айырылды.

Қазақ сартқа қайырылды,

Ну сан күңіренді, қайғырды, -

сияқты жылау жырлар сол бір тар заманның шерлі тарихынан сыр аңдатады. Қазақ хандығы ыдырап, Ресей патшалығының қоластына қараған тұстан бастап, бодандық бұғауындағы ұлтымыздың байырғы тарихи атауына дейін негізсіз өзгеріске ұшырағанын көреміз. Бір ұлттың әрқилы аталып, соның ішінде өз ішінде белгілі болған атаудан мүлде басқа атаумен дүниежүзілік тарихқа мағлұм болатын жағдайлар әлемдік мысалда өте көп. Сол сияқты, қазақ ұлты да екі ғасыр бойы әлде шын, әлде жорта жаңылыстың кесірінен өзінің төл атауымен емес, туыстас басқа бір халықтың атын еріксіз иеленіп, тарихта құжатталып жүруге мәжбүр болды. Яғни, қазақ халқы ХҮІІІ ғасырдың ортасынан бастап, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін орыс деректерінде, осыған сәйкес еуропалық, дүниежүзілік анықтама, дерекнамада, әдеби, құжаттық туындыларда қайсақ, қырғыз, қырғыз-қайсақ болып аталып, бұрмаланып жазылып келді. Мұның өзі - халқымыздың одан арғы тарихынан қол үзіп қалуына белгілі бір деңгейде "септескендігін" де жоққа шығаруға болмайды.

Тарихқа көз жүгіртсек, бұл үрдіс дәл 1734 жылдан басталған екен. Осы жылы Әбілқайыр ханның баласы Ералы сұлтан бастаған Кіші жүз қазақтары делегациясы Санкт-Петербург қаласына барады. Осы делегация туралы шұғыл таныстыру материалын дайындау барысында «Санкт-Петербургские ведомости» газетінің тілшілері голландиялық көпес, картограф Николас Витзеннің «Солтүстік және шығыс Тартарияға сапар» атты кітабындағы енисей қырғыздарының (қазіргі хакастар) тұрмыс-салты, шаруашылығы т.б. туралы баяндалған деректерді олардың алыс туыстары қазақтар жайындағы мәліметтер ретінде жаңылыс пайдаланып, басылым бетінде жариялап жібереді. Осыдан бастап Еділ мен Ертіс ортасын ен жайлаған байырғы ірі халықтың атауы «қырғыз», "қырғыз-қайсақ» аталып кете барады. Бұған біріншіден, шынымен де сонау еуропалық Петербургте жатқан орыс журналистері үшін қазақ пен қырғыздың айырмашылығы шамалы болғандығы, яғни Орал тауынан арғы беттегі халықтар туралы ақпараттық түсініктің аз болуы себеп болса керек. Екіншіден, көптеген ғалымдар, зерттеушілер бұл жаңсақтықты көзге шұқып түсіндіріп жатуына қарамастан, етек алып кетуіне патшалық үкіметтің іс-қағаз жүйесі шын мүдделі де болған болуы мүмкін. Себебі, еуропалық Ресейдің оңтүстік бөлігі мен қазіргі Украина жерінде ХҮ-ХҮІ ғасырларда пайда болып «козак» немесе «казак» аталған әскери әлеуметтік топтардан ажыртау үшін осындай қадамға барды деуге болады. Дөң мен Қобан арасында еркін өмір сүрген азатшыл қауымның «казак» атауы да түркінің «өз ортасынан бөлініп шыққан» немесе «еркін адам» деген ұғымды білдіретін сөзі болатын. Яғни, мағыналық тұрғыда да, тарих сахнасына шығып келуі тұрғысында да қазақ пен казактың тағдыры – біршама ұқсас. Казактар ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардан бастап Ресей патшалығына қызмет ете бастады. Қазақтар «қазақ-орыс» деп атаған, түбі славян мен түркі аралас, кейін келе барынша орыстанған әскери сословиелік қауымнан құжат жүзінде ажырату үшін оларды «казак», қазақтарды «киргиз», қазақтың көршісі қырғыздарды «бурут» немесе «қара қырғыз» деп белгілеп келді. Кезінде Шоқан Уәлиханов сияқты ұлт зиялыларынан бастап бұл қателікті ескертіп түзетуге тырысқанымен, қағаз жүзінде тіпті мүмкін болмапты. Сол еркісіз екпіннің ықпалымен ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің алғашқы оқулығы 1879 жылы «Киргизская хрестоматия» деген атпен жарық көріпті. Патшалық Ресей билігі тұсында «құдай салды, біз көндікпен» жүрген қазақтың ХХ ғасырда нығая түсіп үлкен шоғырға айналған интеллигенциясы ендігі жерде бұл атауды өзгертуге күш салды.

ХХ ғасырдың басына, яғни Қазан төңкерісіне дейін Ресейдің азиялық беттегі бірнеше губерниясының аумағына бытырай бөлінген қазақ жерлері В.И.Ленин билеген Кеңес үкіметінің тұсында, ұлт зиялыларының табанды күш-жігері арқасында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы аумағына біріктірілді. Бұл – тарихи тұрғыда үлкен жетістік еді және Кеңес Одағы құлаған кезде қазіргі тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының құрылуына негіз болды. Ұлтымыздың, ұлттық мемлекеттік құрылымның шынайы атауын ресми қалпына келтіру - күн тәртібіне қойыла бастады. Бұл істі назарға алып, тиянақты түрде орындап шығуда 1922 жылы қараша айында РСФСР, Қырғыз (Қазақ) АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып сайланған қазақтың біртуар азаматы Сәкен Сейфуллиннің күш-жігері ерекше болды.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 15 ақпандағы санында Сәкен Сейфуллин «Манап Шамиль» деген бүркеншік атпен жазған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласында былай деп тарихи ащы шындықты атап көрсетеді: ««Бүгінге шейін қазақты орыстар киргиз деп келеді, орыс патшасының төрелері, жасауылдарды қазақты бір түрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде бір түрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын... Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты Палкан, киргиздан да жамансың!» - дейтін... Қазақты қорқытқан көзін алартып, тісін қайрап: «У-у, у, киргиз!» деп ызбарланып айтатын. Басқа жұрттан бұрын өзімізді-өзіміз «киргиз» дейміз. Бұл біздің әлсіздігімізді көрсетеді... Қазақстанның орталық хүкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығаруы керек. Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік!» Қолында билік, жазған қағазында пәрмен бар Үкімет басшысының бұл ұсынысын қазақтың өзге де ұлт қайратерлері бірден іліп әкетіп қолдап кетуінің арқасында 1925 жылы өткен Кеңестердің 5-съезінде Қырғыз КСР-і Қазақ КСР-іне, мұндағы негізгі ұлт атауы қырғыздан қазаққа алмастырылып, 191 жыл бойғы жаңсақтық қалпына келтірілді. Сәкен Сейфуллиннің бұдан өзге бір мықтылығы – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, кеңсе тіліне айналдыруға күш салуы. 1923 жылы 22 қарашада Қырғыз (Қазақ) КСР-і Орталық Атқару комитеті арнайы декрет қабылдап, нәтижесінде 1924 жылдың 1-шілдесінен бастап кеңсе істері қазақ тілінде жүріле бастаған.

Бұл кезеңде әліпби мәселесі де қызып тұрған еді. Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасы негізінде түзген 24 әріпті қазақ әліпбиі 1924 жылы Орынборда қырғыз-қазақ зиялыларының құрылтайында мақұлданды. Осы тұста жазуды пайдалану тұрғысында «арабшыл», кириллшіл», «латыншыл» деген үш бағыт болғанын көреміз. Бірақ, қалай болғанда да, Ахаң түзген әліпби дыбыстары осы үш бағытқа да негіз болғаны анық. Қазақ әліпбиі 1929 жылы латынға, 1940 жылы Кеңес Одағының ортақ әліпбиі кириллицаға көшірілді. Әліпби ауысумен бірге тілдің қат-қабат құрылысы, тіпті ойлау жүйесі мен бет-пішін де өзгеретініне бүгінгі жағдай куә.

1935 жылы 9 ақпан күні қазақ ұлтының атауын орысша «казах» деп жазу күні бүгінге дейін мызғымай келе жатыр. Кейінгі жылдары қазақ әліпбиін кириллшеден латын жазуына көшіру туралы айтылып, қадамдар жасала бастады. Осыған орай ұлтымыздың, еліміздің әр тілдегі атауын латынша дұрыс жазып транскрипциялау күн тәртібіндегі іске айналды. Мысалы, күні бүгінге дейін қолданылып келген «Kazakhstan» деген жазылым – сол баяғы 1935 жылғы орысша «Казахстанның» тікелей дүбәра транслитерациясы. Бұдан былайғы жерде «Qazaqstan» нұсқасына көшетіндігіміз – осы бағыттағы сәтті қадам болып отыр. Бейжіңде өтіп жатқан 22 қысқы Олимпиада ойындарына барған қазақстандық құрама алғаш рет мемлекет атауының «Qazaqstan» транскрипциясымен белгіленген спорттық формасымен қатысуда.

Осыдан алты жыл бұрын, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы лауазымды қызметінде жүргенде қазіргі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның халықаралық аренадағы атауын QAZAQSTAN деп жазу турасында: «Ағылшын тілінде QAZAQSTAN еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек», - деген болатын. Қазіргі күні «Q» трендке айналды. Дұрыс қой, тек келешекте «казахтан» құтыламыз деп жүргенде, «qazaq qyzy» деген сөзді «киәзәк кизи» деп оқитын ұрпаққа тап болмасақ болғаны. 1920 жылдан 1991 жылға дейін ресми атауы Қазақ (Кеңестік Социалистік) Республикасы болып келген мемлекетіміздің ендігі жерде «станнан» сыпайы түрде қоштаса отырып, кешегі күнгі төл атауымен қайта қауышатын күн де алыс емес болар және ол да тәуелсіздігімізді айшықтап, айбынын асырудың бір белесі, қалың қазақтың қалауы. Тәуелсіздіктің алғашқы екі он жылдығымен салыстырғанда, бұған толық мүмкіндіктің негізі қаланды. Қазақ халқының еліміздегі пайыздық үлесі жетпістен асты, аға, орта буынмен салыстырғанда ой-санасы бодандық, кембағалдықтан ада, азат ойлы жас буын қалыптасу үстінде. Тек кері тартып тұрған – ұлт мәселесі жөнінде осыдан бір ғасыр бұрын Сәкен Сейфуллин қазақтан шыққан басшыларға қойған мына диагноз: «Ынтасыз, көңілсіз іске сансыз бөгет, сансыз уайым табуға болады. Бірақ себептің ең үлкені – іс басындағы адамдардың бұл іске шындап кіріскен ниеттерінің жоқтығы, ынталарының жоқтығы. ...біздің қазақ коммунистері қазақ тілі туралы қатты кірісуден: «біреу «ұлтшыл» деп айтады...» деп бой тартады». Қазақ коммунист басшылардың азат ұрпақтарына шындап кірісер ниет, табанды қажыр мен ынта тілейік те, бұл істе... Қазақ атауы, қазақ елі мәңгілік болғай!

(Мақалаға пайдаланылған фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар