Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Қазақконцерт» Италияда өнер көрсетті

16.05.2017 3156

«Қазақконцерт» Италияда өнер көрсетті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерге сәйкес, еліміздің рухани құндылықтары мен мәдениетіміздің озық үлгілерін насихаттау, сондай-ақ ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында мәдени байланыстарды дамыту мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК әртістері Италия халқына Ұлы дала әуендерін таныстырды.

Қазақстан Республикасының Италия мемлекетіндегі Мәдениет күндері аясында «Қазақконцерт» ұжымының өнерпаздары халқымыздың асыл мұрасы, дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнерін шетелдіктерге танытып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Қазақ өнері – бүгінде замана сүзгісінен өтіп, рухани жәдігерлердің ішінде халқымыздың асқақ рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімі мен махаббатын, іңкәр ықыласын танытатын құндылықтардың бірі.

Италия Республикасының Лекко және Эзино-Ларио қалаларында өткен гастрольдер шетелдік көрерменнің қазақ ұлттық өнеріне деген ерекше ықыласын көрсетті. Лекко қаласындағы «Teatro Societa» мен Эзино-Лариодағы «Teatro Comunale» концерттік залдары - Италиядағы танымал ғимараттардың бірі. Ұлы дала музыкасы мұндағы адамдарға таңғажайып естіледі.

«Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, күйді нақышына келтіріп орындаған фольклорлық ансамбльдің әртістері ұлттық аспаптар арқылы музыканың әр түрін ұсынды. Дәстүрлі домбыра, қасиетті қылқобыз, жетіген мен сазсырнай үндері Азамат Жылтыркөзов, Айзада Капонова, Ерлан Рысқали, Гүлмира Тапай, Батыржан Смаков пен Дәурен Оразбековтердің алтын дауыстарымен астасып жатты.

Бағдарлама қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінің сан алуандығы мен орасан зор байлығын барынша паш ету мақсатымен құрылды. Концертке «Көңіл ашар», «Бабалар сазы» атты прологы түркі әлемінің ерекше атмосферасын қалыптастырды. «Қазақконцерт» фольклорлық-этнографиялық ансамблі орындаған қазақ халық әуендерін тыңдау арқылы көрермендер сонау алыс тарихқа көз жүгіртіп, өздерін сол көне дәуірлердің куәгерлері ретінде сезіне алды. Сонымен қатар итальяндық көрермен қазақ ұлттық аспаптарының әуендерін тыңдап, олармен танысуға керемет мүмкіндікке ие болды. Аян Омаров пен Ақерке Тәжібаева көне екі ішекті, ыспaлы музыкалық аспап қылқобызда Ә.Қазақбаевтың «Тілеп сарыны» күйін орындаса, Секен Тұрысбек, домбырашылар тобы кеш қонақтарын танымал музыкалық туындыларды домбырада орындаумен қуантты.

Концертте өзге көне қазақ ұлттық аспаптарға да орын болды: көне көп ішекті шертпелі аспабы жетігеннің үні баршаны таңғалдырды. Талғамы биік көрерменді тамсандырғаны – атақты италиялық туындылардың қазақтың музыкалық аспаптарымен орындалуы. К.Монтевердидің атақты «Si dolce el tormento» туындысын қылқобыз бен жетіген аспаптарымен орындаған Батыржан Смаков, Аян Омаров пен Венера Табыс тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Ал академиялық бағыттағы керемет әншілер Халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова мен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов өз өнерін көрермендерге сыйлай отырып, қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар итальяндық вокалдық музыка жауһарларын орындады.

Қазақстандық әртістер шетелдегі концерттерімен еліміздің, бай, көптүрлі мәдениетіміздің, ұлттық өнеріміздің бірегейлігінің танымалдығын арттырып келеді. Бұл өнер көрсету де екі дос мемлекеттің арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар