Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қара өлеңнің алдыңғы екі тармағы мағынасыз ба?

25.10.2020 594

Қара өлеңнің алдыңғы екі тармағы мағынасыз ба?

Қара өлең хақында айтылатын әңгіменің ауаны алыс, көкжиегі кең. Ақын халықпыз, өлеңшіл жұртпыз дегенмен де, жан дүниемізбен біте қайнасқан қара өлеңнің хикіметін әлі күнге толық аша алған жоқпыз. Бүгінгі өзінше бет алысын нықтаған, өзіндік сорабымен тарихы бар әдебиеттану ғылымы да, қара өлеңді қойдай өргізіп жүрміз дейтін шайырлар елі де, қара өлеңнің болмысын, табиғатын, ішкі ирімдері мен мазмұндық күрделілігін әлі толық ашып бере алмай отыр. Сонымен қабат, қара өлең туралы екіұдай пікір, даулы әңгіме әлі де толастай қойған жоқ. Соның бір ұшығы қара өлеңнің алдыңғы екі тармағының жадағай, тіпті мағынасыз болып келетін тұстары төңірегінде өрбиді. Бұл көбіне бүгінгі қазақ жанының, өз табиғатынан, өз тамырынан алыстап кеткендігінің салдары болса керек. Әйтпесе, «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлеңді соншалық қор тұтудың еш негізі жоқ. Осы орайда, белгілі әдебиеттанушы, аудармашы, қара өлең айналасында аса сапалы, құнды ғылыми зерттеу алып барған ғалым Әзімхан Тішанұлының «Қара өлеңнің елеңі» атты көлемді ғылыми мақаласы негізінде өздеріңізбен ой бөлісіп, қалың оқырман қауымның көкейінде жүрген сауалдардың бір бөлігіне жауап іздеп көрсек деген ниеттеміз. Әйтсе, сөздің тиегін ғалымның өзіне береміз. Бұл ғылыми еңбек өткен ғасырдың соңын ала жазылғандықтан, кейбір пікірлері жаттанды көрінуі мүмкін. Дегенмен өлеңтану мен өлең табиғатын игеруге талпынып жүрген шәкірттер үшін табылмас құрал, айнымас темірқазық болып саналар деген үміттеміз.

Шырылдап жерге түскенде жөргегіне орап алғаннан ба екен, әйтеу, қара өлең десе қарайған халықтың төбесі көрінгендей, делебесі қозып, құлағы елеңдеп кететіні бар. Бұл бір психикалық күй, қара өлеңді еміп өскен қаймана қазақ баласының бәріне ортақ ерекшелік болуы керек. Сондай дүбірдің бірі біздің де құлағымызға шалынып, осы бір шағын жазбамызды қолға алуға ниеттендіріп отыр. Қазақ ауыз әдебиетін зерттеген бір еңбек: «Өлең-жырларды мазмұнына негізделіп жіктеу ойға қонымды, қара өлеңнің алдыңғы екі тармағы көбіне мағынасыз, сондықтан да оны формасына қарай атаған жөн» деп егіннің майсасын сұйылтқандай, қара өлеңді жанр қатарынан жұлып тастай жаздапты. Онсызда қара өлең десе «ішкен асын жерге қоятын» басым, бұл дүбірге шыдап отыра алмадым. Содан, басқасын білмесек те, жөргегіне орап алған қара өлеңнің ескілігін білмегеніміз құдайға шет болғандық болар деген оймен «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы» деген мақала жазып, қара өлеңнің халықпен бірге жасасып келе жатқан жасампаз жанр екенін атап өткен едік. Содан бері, қара өлеңмен оқтын-оқтын мұңдасып қалып жүрміз. Міне енді, сол әдетімізге салып, қара өлеңмен қайыра мұңдасып отырмыз: «Халқыммен неше мың жылдар бірге жасасып келіп бүгінге жеткенде, айналдырған төрт мүшемнің екеуінен айрылып, өзім тудырған өлең-жырдың зекеті болып шығып қалсам, өз жұртыма көзге түрткі болғанның керегі жоқ-ау. Күні кеше қолымнан есейтіп, соңымнан жағалаған рубайдың алдында не бетімді айтамын. Қарайған қазақтың жан әлемінің жұпарына айналған басымның қадырын, Абайдан басқа ешкім білмегені ме?!» - деп қатты толқыды. Көңілге болмаса бетімнен отым шықты.

Рас-ау, қара таудай қара өлеңнің, осы бір халық тумысына біткен, қазақ ауыз әдебиеті жанрларының қатарынан екшеліп қалуы қалай? Ат қисық па, ертоқым қисық па дегендей мәселе «мағынасыз» қара өлеңде ме? Жаман айтпай жақсы жоқ, мін қара өлеңнің өзінде болып жүрмесін.бұрынғының билері бір даудың басын ұстағанда, әуелі өз жағын арылтып алады екен.сол секілді, әуелі сөз ілінген қара өлеңнің өзін қағуылдап көрейікші. Қара өлеңнің «алдыңғы екі тармағы көбіне мағынасыз келеді». қара өлең расында солай ма?

Әрине, қара өлеңнің халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ескілікті дүние екені хақ. Халқымыз қанша жас жасаса, ол да сонша жас жасады. Осы тұрғыдан келгенде, қара өлеңде есте жоқ ескі замандардың ізі жоқ деуге келмейді. Және бұл байырғы іздерді қапелімде түсіне кетуіміз де екіталай. Өйткені, ол нәрселер талай заманның алдындағы дүниелер. Ондағы әлем әлдеқашан қарасын өшірген, тек қара өлең ғана тірі. Олай болса, су аяғы құрдым делік сонау алыс заманалардан сақталып келе жатқан сол іздердің сыры тіпті де тегін емес. Қара өлең өз бойына тегін нәрселерді әсте сақтамайды. Сондықтан, жолымыз болып сондай іздерге кезіге қалған тұста, оны мағынасыздыққа балағаннан көрі, ғанибет көргеніміз абзал. Осы тұрғыдан келгенде өз басым қара өлеңнің басынан құс ұшырмаймын. Құс ұшырғанды қойып, осы бір классикалық мұрамыздың қандай уақыт, қандай орын, қандай жағыдайда айтылғанына қарай, әлгі сөзге ілінген алдыңғы екі тармақтағы «мағынасыздықтың» өзге жұртта кездеспейтін, өзгеше бір келісіммен, жарасыммен құлпыра түскенін байқаймын. Өте-мөте айтыстарда бір түрлі драмалық қасиет қалыптастырып, көз алдыда қиыр кеңістіктің өзінен аумаған сақына декоранциясындай көсіліп, оқырман қиялын әрқиянға шарықтатады.

Әйтседе, мынандай бір жайытты ескеруде теріс болмас па екен, біреудің ішіне біреу кіріп шықпайды ғой. Кейбір қара өлеңдердің аударыла бермейтініне қарап, онда мағына жоқ деген жеңіл қортындыны желдіртіп жүре берудің жосыны қаншалықты. Сондықтан да бір халықтың мұрасы аударумен өлшенбейтінін жақсы білмек керек. Шынын қуғанда мейлі қара өлең, мейлі мақал-мател, мейлі бейнелі сөз, мейлі образ болсын, егер ол туған халқының болмысына дарыған, бірге жасасқан дүние болса, мұндай дүниелердің кей жағыдайда аударыла бермейтіні рас. Мәселен қытай халқының «Айдаһар секірді, самұрық шақырды» деген бейнелі сөзінің, біздіңше еш мағынасы жоқ. Бірақ, ол өз халқының ұғымында «тілінің майы тамған» дейтін әйбет мател. Сол тәріздің біздің «аттың жалы, түйенің қомы» дейтін сөзіміз де, қытайлар үшін әдепкі сөз ғана. Мұның себебі, сол халықтардың сөзге олақтығы немесе өзгеден пәс тұруынан емес, дүние танымындағы ойлау тәсілі мен образды ойлау жүйесіндегі ұлттық ерекшеліктерінде. Белинскидың «орыс ән-өлеңдері орыс жан дүниесіне келгенде дүлей әсер тудырады. Ал басқа елдердің адамына қарат ешбір рөл атқармайды және басқа еш тілге аударылмайды» деген пікірі осы жайіттен туса керек-ті.

Сонымен, қазақ қара өлеңінің «алдыңғы екі тармағы көбінде мағынасыз келеді» деген тұжырым, мейлі қандай жағыдайда айтылса да, жаңсағырақ айтылған деп қараймыз. Көңілде әлде бір күдік қалмауы үшін, қара өлеңді жіліктеп талдап көрелік. «Айтайын айт дегенде әри-айдай, білейін қайдан сені бойдай талай». Қара өлеңнің бұл екі тармағыең ескіден келе жатқан тармақ болуы керек. Көлденең көзге бәлендей мағынасы жоқ болып көрінуі де мүмкін. Бірақ біздің туған халқымызда осы тармақтармен ауызданбайтыны болмайды. Былай қарағанда дініміздің «биссімілласы» секілді. Өлең айтқан қазақтың аузына алдымен осы екі тармақ оралады. Өзгеге «мағынасыз» көрінген осы екі тармақтың қасиеті не де?

Біздің ойымызша, екі тармақтан тұратын осы өлеңнің кемінде үш қасиеті бар. Бірінші образ, әри қыз – айдай сұлу, ал бойдай қыз қатардағы талай-талай қыздардың бірі. Мұнан қара өлеңнің әу бастан образға құрылғанын, өзіндік эстетикалық талғам, өзіндік образдар жүйесін жасай келгенін, «әри-айдай мен бойдай-қалай» қазақ өлеңіндегі сол образдардың алғашқы уызы екенін көруге болады. Екінші, диалектика. Өлеңнің бар-жоғы екі тармақ болса да, осы екі тармақтың өзінде де өлең әри мен бойдайдың ара қатысына, құбылысты ашудың айтыстық негізіне құрылады. Бұдан дүниенің жаратылыстық сырын ерте аңғара бастаған халқымыздың эстетикалық қаруы қара өлеңін де әу баста қарама-қайшылықты ашудың, айтысып ақиқатқа жетудің диалектикасына құрғанын көруге болады. Үшіншісі, әуезділігі. Яғни нота. Қара өлең әрі өлең әрі ән. Ерте кезден бастап қара өлең мен ән парықталмаған. Күні бүгінге дейін ән айт деудің орнына, өлең айт дей береді. Мұның өзі қара өлең мен музыканың ірге бөле алмайтын табиғатына тән ерекшелігі деуге болады. Сонау ғұн, үйсін дәуірінен бері қарай ән дәстүрін сақтаған қара өлеңнің бұл қасиеті, қазір венгр халқы мен қазақ әндерінің сабақтастығы негізінде, ғылым саласында қаралып жүр. Бұл айтқандарымыз мағынасыз деген атқа қалған қара өлеңнің алдыңғы екі тармағы жөніндегі ойлар. Енді төрт мүшесі түгел қара өлеңнің мазмұнын қарастырып көрелік.

«Қара тау кейде қарлы, кейде қарсыз,

Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.

Дарияның жарға соққан толқынындай,

Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз».

Әділіне жүгінсек, бұл бір ауыз қара өлеңнің көрікті келбетіне көз ғана сүрінбейді, сезіне алса көңіл ойына ақыл да сүрінеді. Дағдаңқырап айтсақ: бірінші, көз алдымыз ен дүние, кесек сурет, сом образ. Көз ұшында қара тау және оның бір мезеттік кеңістік қалпы ғана емес, ақ мамыққа оранған қысы да, жасыл желек жамылған жазы да бар. Өмір өркешіндегі ер жігіттің көз көріп тұрған бір мезеттік кеңістік қалпы ғана емес, кейде малды, кейде малсыз барша өмір – қарекеті. Мұнан тыс, дарияның буырқана жарға соққан ақ бұйра жал толқыны, тұла бойды алып ұшқан асау сезім – кеңістік, уақыт, жан-дүние бәрі-бәрі бір өрісте жамырайды. Былайша айтқанда, материялық қозғалыс өзінің бүкіл өмір сүріу формасымен шашау шықпай тұтас тұр. Қай жұрттың болсын бір ауыз өлеңнен мұндай шалқар дүниені шалқыта алуы кем кезігеді. Қазіргі көркем әдебиеттің ең үздік туындыларынан мұндай кесек сурет, сом образ табыла қоюы екіталай. Екінші, тұла бойды шымырлатқан лирика, өзінің кіршіксіз махаббатын әйгілеген өмірдің жазын да, қысын да, баршылығы мен таршылығын да көріп тұр, бәріне белін буып тұр. Бірақ, ғашығына өз еркін еріксіз таңбақ емес. Сонда да, тұла бойын билеген пәк махаббаттың төрелігіне оның өзін шақырады. «Еркін тасқын билеген толқындай жарыңа еріксіз соғылып тұрмын, айыбым болса кешір» дейді. Осыдан артық іриясыз сыр болар ма? Үшіншісі, тұла бойы тұнған философия. Үздіксіз қозғалыс. Үздіксіз даму жайындағы дүние өз жүрісінен танбақ емес: «Қара тау кейде қарлы, кейде қарсыз, ер жігіт кейде малды, кейде малсыз» - өсудің, өшудің бұл диалектикалық заңдылығы ешқашан аяқталмақ емес. Және мұндай диалектика түзу сызық бойында емес, аса күрделі, қым-қуыт, құбылыс пен бытысқан жағыдайда жылжып барады. Бұлардың алдында адам сезімі бейне бір дарияның асау толқыны секілді. Оған ерік берілсе бас – тауға да, тасқада соғылып, арсыздық туылады. Сол себепті, бойды сезімге емес, ақылға жеңдіру керек. Осы екі бірдей өмір заңдылығы бір ауыз қара өлеңнен қара көрсетуі қандай ғажап!

Негізінде лирика мен философия екі таудың бұғысы тәріздес. Алдыңғысы сезімге, соңғысы ақылға байырқалайды. Егер лирика мен философияны бір нәрсеге баласақ, ұғымдық тұрғыдан үлкен жаңылыс болар еді. Бірақ біз сөз етіп отырған, осы бір шумақ қара өлеңде әрі лириканың әрі философияның қуаты бірдей дарығанын аңғару қиын емес. Осындай ұлан-байтақ дүниені, тарының қауызындай ғана төрт ауыз қара өлеңге сыйдыру, тек қазақтың классикалық қара өлеңіне ғана тән болған мінасып. Басқа жұрттан қосар атпен іздесең де таба алмассың.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар