Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Қансонарда бүркітші шығады аңға»

20.10.2020 870

«Қансонарда бүркітші шығады аңға»

Менің бабам пұшпақ тымақ, қасқыр ішік киіп өткен. Менің арғы әжем бағзы бір замандарда, қараша күзде сыңсу айтып, сосын, келін болып оң аяқпен қарашаңырақтың босағасын аттағанда, көк пүлішпен тысталған түлкі ішігі иығынан сусып жерге түсіпті. Ұлы даланың жадыраң жаз, қырбақ қысында әкемнің әкесінің әкесі – ұлы атамның күміс жүген, «қошай» ер салып мінген кербестісінің тұяқ ізі қалмаған тау-тас жоқ. Менің ұлы атам жетпістен асқан қарт бүркітші еді...

«АСПАНДА» ТУЫП, АДАММЕН БІРГЕ ҚАРТАЙАР

Түз қыранын қолға түсіру әдістері. Бүркіт бір суырдың етін толық жеген соң (қоян болса да осылай) жемсау (құстың жұмыршағын жемсау дейді) сыртқа шығып, томпайып үлкейеді. Мұндай кезде қуаласа да ұшып кете алмайды, алғашқы ұшқан жерінен төмендей-төмендей келіп, аузын ашып жатып қалады. Осындай алғаш ұша жөнелгенде жел болса, жер биік болса, бірер рет саңғып жіберсе (құстың үлкен дәретке отыруын саңғу дейді) ұстатпай аспандап кетеді. Сонымен аузын ашып жатып қалған бүркіттің сыртынан бірдеңе жаба салып, екі аяғының жіліншігінен сырт жағынан құшақтай ұстап, орып, сыртынан жіппен байлап, қолтыққа қысып жүре береді. Тормен де ұстайды. Кендірді киіз үйдің керегесіне ұқсатып, ұзындығын 8-10 метр, биіктігін 2-2,5 метрдей етіп тоқиды. Бір тор көздің (бір қабырғаның) арасы 15-20 см. артық болуға болмайды. Одан үлкен болса ішіне қонған бүркіт тесігінен шығып кетеді. Тор әзір болған соң оншақты жерге шыбық шаншып, оған торды іліп, дөңгелектеп құрады. Екі босағасына өткізілген арнайы баумен байлап, құс алып ұшып кетпеске арқандайды. Іргесін кішілеу таспен бастырады. Бұл жел ашып, ұшырып, жығып тастамау үшін керек. Тордың ішіне құзғын байлайды да, алдына жем тастайды. Құзғынды көріп, жемін тартып алу үшін, болмаса сол құзғынды жеу үшін түскен бүркіт торға оралып қалып, қолға түседі. Бүркіт пен құзғын өш дейді. себебі, түнде қонақтап отырған бүркіттің басын құзғын қиып кететін жағдай болатын көрінеді. Бүркіт қонақ тасқа, таудың ең биігіне күн батып, қараңғылық түсе келіп қонып, мойнын артына қайырып ұйықтайды. Оның мойны сегіз рет бұрағанша ауырмайды. Бүркіт ұстаған аңды жедел айырып алу үшін мойнын бұрайды. Сонда тоғызыншы рет бұрағанда шыр етіп қоя бере салады.

Енді бір әдіс – ұядағы балапанды алады. Оны жемдеп, өскен соң баулып, түлкіге салады. Мұндай балапан үнемі пыштақтап құлақты сасытады. Әмбе итке, малға түседі. Адамға түсетіні де болады. Ал ұшып жүргенде ұстаған бүркітті түз құсы дейді. Бұл аңнан басқаға түспейді. Сондықтан, ұядағы балапанды аңдып жүріп, ұшырып жіберіп барып, түскен жерінен ұстаса, түз құсы есебінде болады. Ұшуға еркін жетілмеген, оның үстіне ұшқан соң қақпайлап биіктетіп жіберетін енесі болмаған балапан ұшқан жерінен төмендеп тау етегіне барып қонып қалады да, қайта ұша алмайды. Егер осы қонып қалған жерінен ұстап алмай, қалдырып кетсе, енесі жем тасып, сол жерде асырап жүреді...

ҚҰС ЖОҒАЛТҚАН КӨККЕ ҚАРАЙДЫ

Қандай бүркіт болмасын наурыздан салуды тоқтатады. Неге десеңіз бұл кезде біріншіден, күн жылынады да бүркіт қашып кетуі жиі болады. Екіншіден, бұл кезде түлкі үйігеді де үсті сідік сасып кетеді. Сондықтан текті бүркіт иісінен жиіркеніп ұстамайды.

Бұл кезде бүркіт әдейі қашпаса да жел көтеріп, басқа бағытқа аударып кететіндіктен алыстап таудан-тау асып құсты иесі дер кезінде қуып жете алмай адасып қалады. Қыста да мұндай жайлар болады. Бұл кезде – көбінесе түлкіні алыстан – бірінші таудың басында тұрып, екінші бір таудың бір тұсында жүрген түлкіге кеткен бүркіттен адасып қалады да бүркіт жоғалып кетеді. Жаз бен жазғытұрым бүркітті байлап қойған жерінде байлауы үзіліп немесе шешіліп дегендей әттеген-айлармен құсынан айырылып қалып жүретіндер болады. Құсынан айырылғаннан кейін «Ат жоғалтқан жерге қарайды, құс жоғалтқан көкке қарайды» дегендей шырға сүйретіп, көкке қарап алақтап, екі етегі далақтап, атың қара тер болып қиналып жүргенің. Шырға деген қоянды басып, кеудесін (көбінде басын) терісінде қалдырып сойып, қатырып немесе кептіріп, ұзын бау тағып әзірлеген шақыру. Аспанда ұшып жүрген бүркіт оны биіктен көріп, шырғаны қоян екен деп түседі. Сонда ұстап алады. Бүркіт 300 км. жердегіні көреді деседі. Әйтпесе адам үнемі аспанға қарап кегжиіп жүре алмайды ғой. Оның үстіне онша алысқа көзі жете бермейтіні тағы бар.

БАПТАУ МЕН БАУ АШУ

Құсты күзде қазан айынан бастап қайыра бастайды. Бұл мынандай: Жаздай семіз ет жеп (суыр, қоян) семірген бүркіт асаусып қалады. Сондықтан оны сылап-сипап жуасытып,адам өзіне үйір болғызады. Мұнымен қатар аттан да үрікпей ат үстінде тұрғанда да қолға келіп қонуы қажет. Семіз бүркіт түлкіге түспейді. Оны қоя берсе, қашып кеткеннің көкесі сонда болады. Мұндай мүмкіндік бермеу үшін жуасыта жүріп, күніне бір рет қанын шайып, ақ жем болған ет беру, жұмыршағына қоя салу, кейде қызыл етке ақ қант сеуіп беру арқылы арықтатады және қарнын аштырады. Бүркіт тегінде қарны ашқандықтан түлкіні ұстап жеу үшін түседі. Әйтпесе, иеме түлкі ішік кигізейін деп ойламайды. Бастабында құлқынынан болып ұсталған мақұлық, ақырына дейін құлқынның құлы болып өтеді.

Құсты арықтатып қайырып жүрген кезде қанатын сүзіп тастайды. Сүзу дегеніміз – қанатының ұзын бірнеше шалғысын ұшқанда жазылмайтын етіп, қосақтап буып тастау. Мұндай бүркіт өздігінен қайта ұшып, аспандап кете алмайды, ұзап ұша алмайды. Әбден қолға үйреніп, жуасып, бау ашқаннан кейін шешіп тастауға болады. Бау ашу дегеніміз алғаш рет түлкі ұстауы.

Қайырып жүрген бүркітке шыжым тағады. Шыжым түйенің жүнінен ескен, ұзындығы қырық құлаш жіңішке жіп. Бүркітті қолға алып жүрген кезде шумақтап, бір ұшын ілгектеп қолға іліп жүреді. Ұшқанда ілгегінен тартып қалса жазылып кетеді. Оны түйе жүнінен есетін себебі – түйе жүні жеңіл болады. Қолға жаңа үйреніп жүрген бүркіт қонған жерінен ұстатпай, шоршақтап қашуы ықтимал. Мұндай кезде шырғаның ұшынан ұстап аласыз. Бұл қашаған аттың шылбырын сүйретіп қойғанмен бірдей. Екі жіліншігіне аяқ бау тағады. Аяқ баудың алақанын (жіліншікке байланатын жері) киізбен астарлап, былғарыдан тігеді. Үш елідей жалпақ болады. Киіз әрі жылы, әрі жіліншікті қажамайды, қарымайды. Бүркітке томаға кигізеді. Томаға кимесе жуасымайды,тыныш отырмай ұшамын деп талпына береді.

Бүркітті әуелі шақыруға үйретеді. Шақыру – қызыл ет. Оны көрсетіп «Кә, кә!» деп шақырғанда, соны жеймін деп қолға қонады. Мұнда оны әуелі аузына тигізіп, қолды сәл жоғарылатса, тырнағымен ұстаймын деп шоршып қолға қонады. Сосын етті біртіндеп алыстата береді. Әуелі жаяу, біртіндеп ат үстінен үйретеді. Әбден үйренген құс шақыруға алыстан, аспанда ұшып жүрген кезінде келетін болады. Бұдан кейін шырғаға үйретеді. Шырға не екені жоғарыда айтылды. Шырғаға түсіп үйренген соң қоянға ұшырады. Ол үшін әуелі тірі қоянды ұстап әкеліп, соны ұстатып үйретеді. Сосын тосыннан қашқан қоянға жібереді.

Жүн-жұрқа немесе жұмырлап жонылған бір сүйемдей ағашты аузына салып жібереді. Бұл жұмыршағына батып, қарнын ашырып, арықтатады. Бірнеше күннен кейін лоқсып өзі түсіріп тастайды. Қоясы түскен соң жұмыршағы қарайып, ас тілеп, түлкіге түседі. Бірден түлкіге түсіп, бау ашқан құстың күйін (бабын) бұзбай, сол қалпында болдыру дұрыс. Әйтпесе, бүлініп қалып, түлкі алмай қояды.

БҮРКІТТІҢ «ЖАСАУЫ»

Бүркітшінің ішін киізбен астарлап, шүберекпен қаптап бау таққан дорбасы болады. Оны жем қалта дейді. Киіз ішіне салған бүркітке шоқытатын, шақыратын ет қатып қалмау үшін қажет. Бауы белбеуге өткізіп алғанда жанбастың басында тұратындай етіп тағылады. Бүркітті оң қолға қондырып алып жүргендіктен жемдорба сол жақ жанға байланады. Ол – ішіндегі жемді сол қолмен алуға қолайлы. Басы айыр ағашты ықшамдап жонып, балдақ жасайды. Балдақтың домалақ ұшын тесіп, бау тағып ердің алдыңғы оң жақ қапталына қанжығаға қысқа етіп байлайды. Ортасынан бау тағып, ердің алдыңғы қасынан байлайды. Бұл балдақ бос тұрған кезінде салбырап кетпес үшін қажет. Балдақтың биіктігі қол жоғары да емес, төмен де емес шынтақ дәл деңгейде көтерілетіндей болады. Бүркіт қолдың басына ғана қонып отыруы үшін қол басы сәл жоғары тұру қажет. Егер қол басы төмен болса, бүркіт биік тұрған иығыңа қарай жылжи береді де, ақырында басыңа қонып, «Қақпанды құра алмаған қасасын алдырадының» кебін киесіз.

Бүркіттің тұяғы өтіп кетпеуі үшін, сондай-ақ, қол тоңбау үшін қолға биялай (қолқап) киеді. Ол серкенің жон терісінен немесе құлжа терісінен тігіледі. Иі жақсы қанған болуы шарт. Биялайдың ауызы шынтақтан келіп тұрады. Бас бармағы бөлек шығарылады. Ішінен киіз биялайды қабаттап киеді. Бүркітті қолға қондырғаннан кейін аяқ бауынан ұстап отырады. Қолға қондырып алып, атқа мінерде бүркіт қонған оң қолыңды аттың сауырына, яғни, ердің артына салып, сосын сол қолыңызбен ерден, аттың жалынан тартып көтеріле бере бүркіт алған қолыңызды көтересіз. Қандай бір қажеттілік туып, ат үстінде бүркіт ұстаған қолыңды босатып алу талап етілсе, бүркітті биялаймен бірге сермеп лақтырып жіберсеңіз, далпылдап барып өзі жерге қона қалады. Жемге шақырған кезде аттың биік жағынан келетін етіп орайластырады. Аяқ аласа жағынан келсе қолға секіріп қона алмай аттың бауырына түсіп жазым болуы ықтимал.

ҚАНСОНАРДА...

«Бүркітші тау басында, қағушы ойда» деп Абай айтқандай, қағушы тауды төмендеп балақтап, жасырынып жатқан түлкіні үркітіп шығаратыны, бұл кезде бүркітші томаға тартып, түлкіні еркін көретін ең биік тұрғыда тұратыны. ...Жүгірген аңның желке тұсынан суылдай жеткен бүркіттің түлкіні бүріп түсетіні белгілі. Бірақ, саятшылық мұнымен бітпейді. Қағушыдан бұрын жеткен бүркітші, ә дегенде түлкінің аузына қамшысының сабын тығып жібереді. Бұл бүркіттің аяғын шайнатпауға қажет. Бүркіт түлкіні әуелі санынан (таңы) көтере ұстайды. Осы кезде түлкі ыр етіп тістемек болып бұрылғанда екінші аяғын басынан салады. Сосын барынша екі жаққа керіле созылған аяқтарын күшпен жинап алады. Сонда артқа қарай шалқалай қайқаң ете түскен түлкінің белі үзіліп кететін көрінеді. Бұл енді, әккі, тәжірибелі бүркіттің айласы. Түлкіні айырып алу үшін артқы не алдыңғы аяғын (сол сәтте қай қолайлы тұрғанын) іреп сойып, қызыл етін шығарады да бүркіттің аузына тосып шақырады. Бір-екі шоқығаннан кейін сәл көтеріп алыстатса бүркіт түлкі ұстаған аяғын босатады да қолға қонады. Түлкінің сан, қолын сойып жұмыс шығармай-ақ, жем дорбада әзір жүрген жемді беруге де болады.

Аңшылардың, соның ішінде бүркітшілердің бұлтармас заңы – алған түлкіні жасы кіші болса да, қағушыға байлайды. Тек алдыңғы екі пұшпағын өзі алады. Қағушы бірнешеу болса, ең үлкеніне немесе бұрын түлкі байланбағанына береді. Түлкі байланған адам тағы бір күні түлкі қағып беріп, кезегін атқаруға тиіс.

Көрнекі сурет ғаламтор желісінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар