Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Камал Әлпейісова. Қыл үстіндегі екеу

14.04.2020 4501

Камал Әлпейісова. Қыл үстіндегі екеу

(әңгіме)

Ара-тұра таулы-төбелі, шоқ тоғайлы жерлер кезігіп қалса да, негізінен, ойлы-қырлы жазық даламен ырғатыла, шайқатыла екі тәулікке дейін жүріп, терезелерін майлы топырақ басқан вагондарды пыс-пыс етіп сүйреп келе жатқан паровоз Астана вокзалына келгенде «жеттім бе?» дегендей, «у-уфф!» деп ентігін басып, доңғалақтары сықырлап, шиқылдап, сырғып барып, тоқтады-ау әйтеуір. Вагонның қапырық ауасынан тезірек құтылғысы келіп, бірін бірі баса-көктеп есікке ұмтылғандардың ішінде адамдардың әй-шәйға қаратпай ала жөнелген иіріміне тап болған арықша балаң жігіт пен оны білегінен тас қып ұстап алған келіншек жөңкілген топтан әупірімдеп әзер сытылып шықты.

«Такси... такси...» деп алдын орағытқан бірінші адаммен келісіп, екеуі ауруханаға қарай жол тартты. Неге екені белгісіз, Талғат оны «қабырғалары сары түске боялған, әр жерде сылағы түскен екі қабатты үй болар» деп, көз алдына елестетіп келеді.

Такси көшелермен бұралаңдап біраз жүрген соң, даңғыл жол бойында тұрған бірнеше қабатты ақшаңқан ғимараттың алдына тоқтап, жүргізуші «келдік!» дегенде, аурухананың сыртқы көрінісі өзі ойлағандай еместігіне қуанып кетті. «Әдемі екен!» деді медбике келіншекке бір, жүргізушіге бір қарап. Күрсіне дем алған әйел ештеңе демеді, жүргізуші ғимараттың жоғары жағындағы жазуға бір қарап қойып, ыңғайсыздана жымиды. Талғат та көзін жоғары көтеріп, «Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» деген сөздерді оқыды.

Иә, жолдама хатта тап осылай жазылған. Жазып берген дәрігер де, ере келген медбике де, тіпті, бұларды діттеген жеріне жеткізіп салғанымен, әлдебір ыңғайсыздану сезімімен көзін ала қашып, жер шұқылап қалған таксиші де айта алмаған мекеменің атауы мұны шошытқан жоқ. Себебі, диагнозын білгелі бері бұл орталық туралы интернеттегі барлық ақпаратты қазбалап оқып, өзі де осында келіп емделсе, сауығып кететіндей... бір үміт кеудесін жылытатын. Содан да осы орталыққа келуге ынтық болды.

Бірақ, мұнда екінің бірі жете алмайтынын білген жоқ-ты. Бұл түсінбейтін әлдебір ережелер, ақылға сыймайтын тәртіп бар екенін қайдан білсін?! Қанша уақыт бойы сол тәртіптің тұтқыны болып, «барсам, жазылып кетем-ау» деген жеріне әбден кештетіп, ауруы асқынғанда жетті Талғат...

Сөйте тұра, қуанатын ештеңе жоқ болса да, тасбақа аяңды жолаушылар поезының қаншама қолайсыздықтарына көндігіп, ара-тұра әлдебір ішкі ойларынан бұған көрсетпей көз жасын сығып келе жатқан медбикенің көңіліне сенім ұялатайын деді ме, не өзін аяй қараған таксишіге сыр бермейін деді ме, Талғат айналасына күлімсірей қарады.

Былайғы жұрт атын атамауға тырысатын ауруға шалдыққалы бері дәрігерден дәрігерге ауысып, нешетүрлі ем-домды қабылдап жүргенде сырқаты жанына қанша батса да, балаң жігіт өз сезіміне ие боп, кейде тіпті, тап осылайша жұртқа күлімсіреп қарауға, көңілді болып көрінуге тырысатын әдет тапты. Тек ара-тұра, еті қашып, шынтағы шодырайған, білезігі бір-ақ уыс болып қалған қолына, тарамыстанған саусақтарына қарағанда тынысы тарылып, көңілі босайтын. Қайта-қайта ұйып, сырқырап, сүйектерінің ішінен әлдебір өткір пышақпен қырғыштап жатқандай жанын қоярға жер тапқызбай ауыратын қолына, сыйдиған саусақтарына ұзақ қарап, олардың осыдан бірер жыл бұрын көз ілеспей ойнақтап, көзі көріп, құлағы еститін жан біткенді арбайтын ғажайып әуендер туғызғанына өзі де сенбеуге айналды.

Талғат домбырашы еді.

Қалада, облыста өтетін домбырашылар байқауларына, мерекелік концерттерге үзбей қатысып, күй тартуда өзінің ерекше мәнерімен көзге ерте іліккен оны, соңғы байқауға қатысушылар арасынан көрмегендеріне бастапқыда күй сүйер қауым да, қазылар да таң қалысқан. Әне шығар, міне шығар деп, алаңдап, күткен де. Бірақ, үміттері ақтала қоймады. Оның үстіне, киелі өнерді ұстанған өрімдей жастар небір төкпе, адуынды, жаймашуақ, ойнақы күйлерді бірінен бірі асыра орындап, көрерменнің де, қазылардың да көңілдеріндегі алаңдаушылықты ұмыттырып жібергендей.

Ал бұл кезде Талғат байқау өтіп жатқан қаланың ауруханасында жатқан болатын. «Жаман ауру» – обырдың бір түріне шалдыққан оған жарты ай бұрын осында ота жасалған еді. Өз сырқатының қаншалықты ауыр екендігіне бойламаған бала наркоздан оянған күннің ертеңіне: «Тез тәуір болып кетсем, байқауға қатыса аламын ғой?» деген сұрағымен емдеуші дәрігерін таң қалдырды. Қанды шеңгеліне іліккен талайдың арманын күл-талқан етіп, талайдың өмірін түп-тамырымен қиған аурумен ширек ғасыр бір жығылып, бір жығып, белдесіп келе жатқан дәрігер тамағына бірдеңе кептеліп тұрып қалғандай, қинала жұтынды. «Байғұс бала-ай!» деп ойлады сосын іштей...

Сөйте тұра, мұндай науқастарды емдей жүріп, олардың жасалған емшараны көтеруде де, өзін ұстауында да сан түрлі жайды көріп, түрлі оқиғаны басынан кешкен дәрігер бала жігіттің сұрағына іштей қуанып та қалды. Талғаттың бәсекелі сайысқа қатысуды мақсат еткен құлшынысына, алға қойған жоспарының өміршеңдігіне риза болған ол мейірлене жымиып: «Әрине, қатысасың. Бұл жолы болмаса, күш жинап, келесі байқаудың бас жүлдесін аласың!» деген-ді.

Бірақ, көп ұзамай-ақ екеуі де көк дөнен көңіл жеткен бәйгеге балаң жігіттің жетуі оңай болмасын ұқты. Аты жаман сырқат пен бозбаланың арпалысы бір өршіп, бір саябырсып, тым ұзаққа созылды. Бір мезет «қалыпқа келді-ау» деп, қуатты, күшті дәрілермен емдеу шараларын оңалту бағытына бұрмақ болғанда, аяр ауру тағы бас көтеріп, әлекке салды.

Дәрігерлер де әбден зерттеп, обырмен шайқаста әккіленіп алған сияқты: ең алдымен ауруды өршітпей, тұншықтыруға ұмтылады. Кейде, басқа науқастар емді көтере алмай, естерінен танып, қатты қиналып жатқанда, тістене шыдап, ауруға берілмей, өзін ұстауға тырысатын Талғатқа қарап, өзара күбірлесіп, жас жігіттің мұқалмас рухы болғанына шүкіршілік етіп қоятындары бар. Бір алға басып, бір артқа шегінген шайқаста осы уақытқа дейін ауруға дес бермей келе жатуларына Талғаттың өмірге ынтызарлығының, жақсылыққа сенімінің әсері мол екені рас еді.

Осылайша, беті бері қарады ма деп жүргенде аурудың өкпеге шапқаны анықталып, облыстағы мамандар әрі біліктіліктері жоғары, әрі қазіргі заманғы тиімділігі зор аппараттармен жабдықталған деп, орталық онкология институтына жіберді. Бұған осы уақыт ішінде өзін баласындай көріп кеткен емдеуші дәрігерінің еңбегі көп сіңгенін Талғат жақсы біледі. Сол үшін керекті қағаздарды жинап, зыр жүгіріп жүрген дәрігеріне іші-бауыры елжірей қарап жатып, кейде: «әкем осылай жүгіріп жүрсе ғой...» деп ойлайтынын қайтерсің?!

Жолдаманы қолына ұстатып тұрып дәрігер ағайы Орталықтағы білікті мамандардың небір ғажайып нәтижеге қол жеткізіп жүргендерін айтып, бала жігітті жігерлендіріп қойды. Қоштасарда көзі жасаурап, бауырына басқан оған Талғат риза кейіппен күлімсірей қарады.

Бұл жолы да сол баяғы әдетімен күлімсіреді. Аурухана төсегіне таңылған ұзақ күндерде өзі сияқты науқастармен араласа жүріп, мамандардан сұрай жүріп, ауруының қаншалықты қатерлі екенін біліп алған Талғат бұл үшін шыр-пыры шығып жүрген дәрігерінің көңілі үшін жымиып еді.

...Талғат жатқызған палатаның терезесі «Нұр-Астана» мешіті жаққа шығады екен. Алтындатылған күмбездері күн көзіне шағылысқан мешіт анадайдан көз тартып, қызықтырып, шақырып тұрғандай болады кейде. Бұрындары мұндай әдемі мешітті көрмеген. Барғысы-ақ келді. Бірақ, аурухана тәртібі қатты. Келген күні-ақ сағат емес, минутына дейін есептелген емдеу кестесі жасалып, қарқынды емшара курсы басталып кеткен-тін.

Алғашында күніне бес мезгіл шақырылатын азанды елең-құлаң қылмайтын. Бірақ, көп ұзамай-ақ, күй әлемінде тербетіліп өскен бала жігіт Астана аспанында қалықтаған «Ал-лла-аа-ах әкбар!» деген әуенді тіркестің жүрегін ерекше дірілдететінін байқады. Келе-келе азан айтушылардың мақамдары әртүрлі екенін байқап, азанның бастапқы жолдарынан-ақ олардың дауыстарын ажырата бастады. Тіпті бір күні өзінің де оларға қосыла айта алатынына таң қалды. Азаншының әуезді үні оның әсем сазға құштар жанын тербеп, аспан астында қалықтайтын азан бір кездері саусақтары перне бойлап жорғалап, төгілдіріп домбыра тартқан мерейлі шағын, көкірегінен күмбірлеп күй төгілетін ғажайып әлемін аңсататын болды. Домбырасын сағынды.

...Бір күні кешке науқастар демалатын бөлменің қасынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін құлағы шалғандай болды. Қалт тұра қалды. Тыңқ-тыңқ етіп шыққан дыбыстан жүрегі сыздап кетті: домбыра бұған шағымданып, өксіп-өксіп жылап жатқандай көрінді. Қаймана қазаққа бәрі бірдей болғанымен, бұл бала күнінен серігіне айналған аспаптың үні әртүрлі болатынын білетін. Ол бірде алақайлап, қуанып әуендетсе, бірде еркелеп, сырласуға шақырып, тіл қатады. Ашуланып, қаһарланып сөйлейтін кезі де бар. Ал, мына үн... біреу ренжіткен баладай... тыңқ-тыңқ етіп жылап жатыр... Талғат тоқтай қалып, бөлмеге бас сұқты.

Кішкентай бала домбыраны алдына кесе көлденең қойып алып, ішектерін тартқылап, сабалап ойнап отыр екен. Қасиетті аспаптың ойыншық болғанына жүрегі шым ете қалған Талғат бөлмеге асыға кірді. Балақайға сол жерде жатқан кішкентай машинаны ұстатып, домбыраны қолына алды...

Шанағынан сипап, баланың қолында ойыншық боп жүрсе де тиегінің жоғалмағанына таңданып, орнына сырғытқанда, жүрегі дүрсілдеп, құлағы шыңылдап кетті. Қолына домбыра тигендегі әдетімен құлағын бұрап, күйін келтіре бастады.

Тартпағалы қай заман... қолы кәдімгідей шығып қалыпты. Оның үстіне химиялық емнен кейін саусақтары ісініп кеткен, икемге оңайшылықпен келер емес. Ине сұғып жатқандай, перне басқан саусақтары тыз-тыз етеді. Оң қолы да әр қағыс сайын ток соққандай көзінің отын шығарады. Бірақ тәні қиналса да, жаны рахатқа кенелгендей... Қиналса да, домбыра тартуын жалғастыра берді. Палатасына көтеріңкі көңіл күймен оралған ол көптен бері алғаш рет тез ұйықтап кетті.

Сол күннен бастап, дәрігерлер мен қызметкерлер үйлеріне қайтып, науқастар кешкі ем-домнан кейін палаталарына тарағанда, Талғат демалыс бөлмесіне келіп, домбыра тартуды әдетке айналдырды. Бөлменің шамын жақпайды. Терезеден енген көше жарығымен алакөлеңке болып тұрған бөлме әлдебір құпияны бүркемелеп тұрғандай жұмбақ әсер қалдырады екен. Оның үстіне, жарықты қоспаса, ешкімнің назары аумайтынын да ойлап қойды.

Домбырасының құлақ күйін ұзақ келтіреді. Әркімнің қолында бір жүріп, балалардың ойыншығы болған домбыраның құлағы да тез босап кете беретін, шанағына түскен сызаттан үні таза шықпай, ызылдап тұратыны тағы бар. Бірақ басқа амал жоқ, ойламаған жерден домбыралы болғанына қуанған ол, құлақ күйін келтіріп, ақырындап шерте бастайтын.

Көкірегінде сайрап тұрғасын білетін күйлерін бірден тартып кететіндей көрінген. Қателесіпті. Өзі бұрын тартатын төкпе күйлерге шамасы мүлде келмеді. Саусақтары бұрынғыдай жорғаламай, пернелерді жатырқап қалғандай шалынып, кібіртіктей беретініне күйініп кетті. Келесі күні орташа күрделіліктегі күйлердің біреуін орындағысы келген – бұл жолы да қары талып, саусақтары ұйып, тез шаршап қалды. Шамасын байқаған соң үшінші күні қағыстары жеңілдеу деп «Келіншек» пен «Қос алқаны» ойнай бастады. Алғаш мектеп-интернат оркестріне қосқанда ұстаздары осы күйлерден бастап үйретіп еді...

Күй сарыны оны алыста қалған ауылына, қаратабан достарының ортасына ала жөнелді. Сағынса соларды сағынады. Басқа сағынар ешкімі де жоқ. Жанына жақындаса ащы судың иісі мүңкіп тұратын әкесінің бейнесі еміс-еміс есінде. Шешесі мен бұны күн құрғатпай ұрып-соғып, қыстың көзі қырауда далаға қуып шығатын.

«Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дегеннен аса алмаған анасы оған арақ ішуді қойдыртам деп жүріп, өзі де бірге іше бастады. Содан... әкесінен де асып түсті, арақ ішпесе тұра алмайтын күйге жетті. Стақанын тартып алуға тырысатын мұны «Қайдан ғана туып едім сен тумай туа шөккірді?» деп қарғайтынын... қалай ұмытсын? Сөйтіп жүргенде, балаға қамқорлық жасайтын орган екеуін ата-ана құқығынан айырып, бұл балалар үйінен бір-ақ шықты...

Осының бәрі есіне түскенде көңілі босап, кеңсірігі ашыды. Ернін жымқырып, дыбысын шығармауға тырысқан Талғат домбырамен «Дариға-дәуренді» баяу шертіп, өзі әуенге сай ырғатылып, ыңылдай қосылды.

Аққу-қаз әуелейді қалықтаған

Қайтейін, қанатым жоқ қалып барам...

Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,

Жылатып жалғыз қалай алып қалам?..

Дариға-дәурен!

- Бұл сондай мұңды ән... Оны айтпаңызшы!.. - деген дауыс естілгенде селк ете қалды.

- Бұл кім? – деді сасқанынан.

Енді ғана байқады: есіктің жақтауына сүйеніп кішкентай ғана қыз тұр екен. Дәлізден түскен жарық оның көлеңкесін зорайтып көрсеткенімен, үрпиген шашы мен қалқиған құлағына қарап солай деп ойлады. Талғат бойын жиып ала қойды. «Шамды жақпағаным қандай жақсы болған, - деп ойлады ол.

- Дардай боп жылап отырғанымды көрсе ұят-ты. Бәлкім, байқамаған шығар...»

- Келе ғой, - деді ол кішкентай қызға жылы сөйлеп. – Егер саған бұл ұнамаса, басқа, көңілді әуен ойнап берейін.

Қыз бала кібіртіктеп тұрыңқырап, батылсыздау бір қадам жасады. Сосын баяу басып Талғаттың қасына келді.

- Сіз шамды неге жақпайсыз, қараңғыдан қорықпайсыз ба? – деді сыбырлай сөйлеп.

Талғат оның неге кірмей тұрғанын түсіне қойды, барып шамды жағып, кішкентай қызға күлімдей қарады. Шам жарығы түскен соң оның тіпті де кішкентай қыз емес, өзіне жетеғабыл жасөспірім екенін байқады. Қысқа қиылған шашы, қылдырықтай мойыны, өңінің бозарыңқылығы жасөспірім қонақтың да осында жатқан басқа балалар сияқты тағдыр сынына ұшырағанын айтқызбай білдіріп тұрды. Бейтаныс қыз аяғын ілбіп басып, сол жердегі диванға отыра беріп, күрсінді. Талғатқа ол бүкшіип отырған кішкентай кемпірге ұқсап кетті.

Жалпы, бұнда жатқан балалардың бәрі де кіп-кішкентай шал-кемпірлер сияқты болатын. Асыр салып ойнап жүретін жаста олардың тұнжырап, қабақтары ашылмай, көздері кіртиіп, жасаурап, аяқтарын ілби басып кетіп бара жатқанын көргенде Талғат өз жайын ұмытып, соларды қатты аяйтын. Әлдебір ем-дом жасату үшін балалар бөлімі арқылы өту керек болса, медбикеге ертемен, балалар ұйқысынан оянбай тұрып жасаңызшы деп жалынатыны да сондықтан. Ал кішкентайлар ересек балалар жатқан қабатқа келе бермейтін. Сондықтан, кішкентай қызды көргенде іштей таң қалды.

- Мен сіздің домбыра тартқаныңызды естіп қалдым, - деді қыз бала Талғаттың ішкі ойын сезгендей. - Кеше де келіп есіктің сыртында тұрып тыңдағам...

- А-а-а, қалай, ұнады ма?

- Аха... Тек бүгінгі... «Дариға-дәурен»... маған ұнамайды...

Қыз баланың әннің атауын айтқанына тағы таңырқады.

- Оны менің папам айтатын... бұрын... – деді бұған жас толы жанарымен қарап. – Қазір... мас болғанда айтады. Жылайды сосын...

«О, Алла, - деді Талғат іштей күңіреніп, - о, Алла, неге біздің әкелеріміз арақ ішкенді жақсы көреді, осы?»

Иығы қушиып, үп етсе ұшып кетердей боп тұрған кіп-кішкентай қызды іші езіле аяп кетті. Оны жұбатардай бір жылы сөз айтқысы келіп:

- Қане, өзіңе ұнайтын әнді айтшы. Мен сүйемелдеп ойнайын, - деді. Қыз бала бұған ойлана қарап сәл тұрды да, баяу ғана әндете бастады: Жер-жаһанға тараған Жиып сәуле-жарығын Күн беттеді ұйқыға - Сен де ұйықта, жарығым...

Ұйқы келіп көзіңе Маужырайсың, бұзығым. Балбыраған жүзіңе Ай қарайды қызығып...

Даусы үзіліп кетердей нәзік болса да, әнді нақышына келтіре, ынты-шынтысымен беріле айтқан қызға сүйсіне қарап отырған Талғат екінші шумақта домбыра үніне өзі де ыңылдай қосылды. Әнді айтқан кезде қыздың көзі жасаурап, аяқтай бергенде көз жасы мөлт-мөлт ете қалғанын байқаған бозбала, оны жігерлендіріп қоймақ болып:

- Е-ей, әнші балапан, даусың қандай жақсы. Әртістен кем айтпайсың...

- Атың кім өзіңнің? – деді.

- Шынар...

- Ал мен – Талғатпын.

- Ән айтуды қайдан үйрендің? Музыка мектебіне барасың ба?

Шынар төмен қарап, басын шайқады.

- Менің ата-анам әнші... болатын... Кішкентай кезімде күнде ұйқыға жатарда анам осы әнді айтып беретін... Жол апатынан қаза тапты...

Талғаттың жүрегі шым ете қалды. Не дерін білмеді. Бар болғаны:

- Қаласаң, осы әнді күнде кешке бірге айтып тұрайық, - деді.

Шынар бұл айнып қала ма дегендей, тез-тез басын изеді...

Сол күннен бастап екеуі демалыс бөлмесінде кездесуді әдетке айналдырды. Көп ұзамай-ақ бұл жай түнгі медбикелерге, одан соң емдеуші дәрігерлеріне, тіпті бөлім меңгерушісіне де белгілі болды. Бірақ төбесінен қанды қылыш төніп тұрғанын елең-құлаң қылмай, әңгіме айтып, сықылықтап күлетін, домбыраға қосылып ән айтатын екеудің сырласуына шектеу қоюға ешқайсының дәті бармады. Тіпті, түнгі медбикелер ұзын дәлізбен келе жатқанда демалыс бөлмесінің қасында аялдап, Талғаттың кейде шат-шадыман қуанышқа, кейде өкініш пен өксікке толып, үздіккен күйлерін есіктің сыртында тұрып тыңдайтын. Күйші бозбала мен жасөспірім қыз туралы әңгіме құлағына жеткен бас дәрігер кезекші медбикені тап сол жерде жолықтырды.

Басшысын көріп, тұрған орнынан ыршып түскен медбикеге «үндеме!» деп сұқ саусағын ерніне басып белгі берген бас дәрігер есіктің ар жағынан жетіп жатқан әуенге құлағын түрді. Жас күйшінің орындауында домбырадан төгілген жүрек сыздатар ауыр қайғыны, нала мен күйінішті жан-тәнімен анық сезінгені сонша, денесі түршігіп кетті... Көңілі босағанын абдырап, қылпылдап тұрған медбикеге көрсетпеу үшін, кері бұрылды да тез-тез басып кете барды.

Келесі күні таңертеңгілік жоспарлау жиынында әріптестеріне: «Емделіп жатқан балаларды өмір сүруге талпындыратын жайдың барлығын қолдау керек», - деді. Отырғандар нақтылайтын сұрақ қойған жоқ, әңгіме кім туралы екенін бәрі де айтпай түсінді. Өткен түнде бас дәрігердің кезекші медбикені қай жерде кездестіргенінен хабардар бөлім меңгерушісі төмен қарап, жымиды. Шындығында, алғашқыда медбикелерді демалыс бөлмесіне жақын жерден іздеу керектігіне ашу шақыратын өзі де көп ұзамай-ақ періште жүрек екеуге ауруын ұмыттырып, өмір сүруге, сүюге еліттіретін күй құдіретіне арбалған.

Күн өткен сайын бір-бірін тереңірек танып, бір-біріне бауыр баса түскен екеудің әңгімесі таусылмайтын. Бірақ екеуі де өз аурулары туралы тіс жармайтын. Жалпы, мұнда жатқандар үшін ең ауыр тақырып – өз диагноздары туралы әңгімелеу. Себебі, барлығы да өзінікіндей диагнозбен түсіп, емделгендердің құлантаза жазылып кеткендері бірен-саран ғана екенін естіген. Сондықтан, әрқайсысы солармен болғандай әлдебір ғажайыптан үміт етіп, күн кешетін.

Екеуі бір-бірінің отбасылары туралы да көп әңгімелесе қойған жоқ. Таныстықтары басталғанда Талғат қысқа ғана «балалар үйіненмін» деген. Шынардың ішіндегі мұң-шерін ақтаратын жанды кездестірмей, ішінен тынып жүргені байқалды, бұған біраз әңгіме айтты. Тату-тәтті отбасындағы жалғыз бала екен. Ештеңеден таршылық көрмей өсіпті. Әттең, анасы кенет қаза тапқан. Сосын әкесі екінші қайтара үйленген.

Шынардың бұдан кейінгі өмірі тура Күлше қыз туралы ертегі кейіпкеріне ұқсайтынына Талғат таң қалды. Құйттай қызға өгей шеше күн көрсетпей, үйден кетірудің неше түрлі амалын жасайды. Ұрып-соғады, ауыр жұмысқа салады, тамақтан қысады... Шынар мұрны пышылдап, көзін алақанымен сүртіп қойып, айтып отыр, айтып отыр...

Азапты күндерін еске алу жанына қанша батса да, ол сөзін тыңдайтын адамның табылғанына қуанатын сыңайлы. Көрген қорлығын, жеген таяғын Талғатқа тізбелеп айтып, әбден шағынды. Бірақ, баланың нәзік жүйкесі көпке шыдамады: тағы бір күні әкесінің әйелімен жанжалдасып қалғанын, сосын арақ ішіп алып, «Дариға дәуренді» айтып, аңырап жылағанын еске алғанда өзі де жылап қоя берген. Талғат қызды әзер жұбатты. Содан кейін отбасы туралы тақырыпты екеуі де айналып өтетін болған.

Бірте-бірте Талғаттың еті қашқан боп-боз саусақтары икемге келіп, өзіне жанары жаудырап қарап отыратын Шынарға күн сайын үш, кейде тіпті төрт күй тартып беретін болған. Арасында күйшілер, күйдің түрлері туралы қызық әңгімелер айтады. Бірде шертпе күй мен төкпе күй туралы әңгімесін аяқтай бере: «Мына домбырада күйді нақышына келтіре орындау қиын. Кейін саған өз домбыраммен тартып беремін», - деген. Шынар ойына әлдене түсіп кеткендей жанары жалт ете қалып, бұған басын бір жағына қисайтып, ойлана қарады. Сосын «Ертең саған бірдеңе айтам», деді күлімдеп.

Бірақ ертесіне Шынар демалыс бөлмесіне келмеді. Біраз күткеннен кейін Талғат ақырындап олар жататын қабатқа түсті. Постта отыратын медбикенің өзіне бір жағынан аяй, бір жағынан қызыға қарағанына таңданған бозбала дәлізді бойлап, түпкі палатаға қарай беттей берген. «Шынар түнде жан сақтау бөліміне түсті» деді медбике ақырын ғана. Талғат қалт тұра қалды. «Қалай?»

Мұның үнсіз сұрақ тұнған көзіне қараудан тайсақтап, медбике үстелдің үстін жинастырған болды. «Әкесіне хабарлағанбыз. Қарқынды ем жасау бөлімінің дәлізінде отыр» деді баяу үнмен.

Талғат не дерін білмеді. «Сен палатаңа бара ғой. Мен... қажет болсаң... барып айтам ғой...» деді медбике үзіп-үзіп.

Талғат түні бойы ұйықтай алмады. Әрбір тықырды тыңдап, өткен-кеткен адамның қараңдаған көлеңкесінен шошып, әбден мазасы кетті. Медбике келіп «Шынар қайтыс болды» деп айтатындай уайымдап, басы айналып, жүрегі қысылды. Бірнеше мәрте ауа жетпей алқынып, булыға жөтелді. Алғашында құрғақ жөтел қысып еді, таң алдында қақырық пайда болды. Түкіріп тастағанда көзі түсіп кеткен – қара қошқыл қан аралас екен...

Көзін алмай қарап, қатты да қалды: интернеттен мұндай жай туралы оқыған – аурудың асқынғанын білдіретін белгі еді ол. Бірақ, қорқып, шошымады. Ойында тек Шынар еді. «Аман қалса екен», деп тіледі ол. «О, жасаған Алла, Шынарды аман сақтай гөр! Байғұс мына өмірден не көрді?»

Мешіт жақтан созыла айтылған «Ал-лаа-ах әкбаа-аар!» деген дауыс естілді. Талғат әдетінше қосыла қайталады: «Ал-лаа-ах әк-баа-аар! Лә-иллаһа ил - ал-лаах, Мұхам-мед расул Ал-лаах...»

Күбірлеп, азаншымен бірге қайталап отырып, көзі ілініп кетіпті. Сырт етіп ашылған есіктің дыбысынан шошып оянды. Басын көтергенде ұйқылы-ояу бұған күлімдей қарап тұрған төменгі қабаттағы медбикені көрді. «Шынар есін жиды ғой!»

Орнынан атып тұрған Талғат медбикені құшақтай алды.

Медбике есікке бұрылып, біреуге «кіріңіз» деді. Бөлмеге кірген орташа бойлы, мұртты кісінің қолында домбыра бар екен, бұған қарай бір-екі аттап, ләм деместен аспапты ұсынды: «Шынар сізге бер деп өтінді...»

Талғат бұл кісінің Шынардың әкесі екенін айтпай түсінді. Мұң толған жанарын кенерелеп тұрған жасты көргенде өз тамағына да өксік тығылды. Жалтақтап медбикеге бір, ол кісіге бір қарап: «Шынар қалай?» - деді бәсең үнмен.

- Ол түнде-ақ есін жиған. Бірден сені сұрады. Сосын, домбыра даусын естігісі келетінін айтты да қайта ұйықтап кетті. Ағай түннің бір уағы болғанына қарамастан, үйдегі анасының домбырасын әкеп, ақырындап ойнап еді... біздің ерке қыз көзін ашты! – деді медбике жарқылдай сөйлеп.

- Мына домбыраны қызым бүгін сізге сыйлағысы келген екен... - деді Шынардың әкесі даусы дірілдей сөйлеп.

Домбыраны қолына алған Талғат медбикеге қиыла қарады:

- Шынарға баруыма бола ма?

- Әрине. Жүре ғой, - деп алдыға түсті медбике.

Қарқынды ем жасау бөлмесінде Шынар жалғыз жатыр екен. Талғат бұған қуанып қалды. Яғни, бұл палатада адамның аз болуы ем алып жатқан балалардың жағдайлары қалыпты екенін білдіретіндіктен, қуанды.

- Ал мен ауырып қалдым, - деді Шынар әлсіз үнмен.

- Ештеңе етпейді. Жазылып кетесің...

- Сен күнде келіп домбыра тартып отырсаң, жазыламын...

- Тартамын. Қасыңнан кетпей тартып отырамын...

Екі баланың сөздерін тыңдап тұрған үлкендер көздеріне жас алып, Шынардың әкесі ауыр күрсінді. Медбике аспаптарды тексерген болып түртінектей бастады.

- Бұл жерде көп тұруға болмайды...

Есіктен кірген бөлім медбикесі бәсең үнмен ескерту жасады.

Аурухана дәлізімен келе жатып, Талғат Шынардың әкесіне жалтақтай қарады: «Ағай, көлікпен жүрсеңіз мені мешітке апарып келесіз бе?» «Апарайын, апарайын».

Келгелі бері мұнаралары «мен мұндалап» көз арбаған, ол аздай, таңғы азанымен өн бойын шымырлатып, өзіне ынтық еткен аппақ шағаладай, еңселі, күмбезді ғимаратқа жүрегі дүрсілдей енген екеу бар білгендерін айтып, Жаратқанға жалбарынумен болды... Мешіттен шығып бара жатып Талғат өзінің бойы жеңілдеп қалғанын сезінді. Палатасының терезесінен күнде көз тігетін күмбезді ғимаратқа бұрылып, ризашылықпен басын иді.

Шынарды өз палатасына шығарғанға дейін қыздың әкесі Талғатты мешітке апарып тұрды. Бір жанды елжірей жақсы көретін екеу іштерінен егіліп, өздерін, бастарындағы пенделік мәселелерді ұмытып ұлы Жаратушыдан тек сол жанға өмір тілеумен болды...

Пәк сезімдері ауруханада аңызға айналып, тіпті бас дәрігердің өзі «науқастың жағдайы жақсаруына әсер ететін барлық шараны қолдану керек» деген соң, Шынарға жасалатын ем кестесінде де ерекше бір шараға жол берілді. Мұнда Талғат қалаған уақытында келіп күй тартатын. Аурухананың кейбір қызметкерлері, тіпті кейбір науқастар да сол кезде палата маңынан табылудың неше түрлі жолдарын ойластыратын еді.

Бір күні Талғат ерекше күй тартты. Қос ішектен төгілген әуен біресе булыға өксіп, біресе сыңси жылап, адамның сөзбен айтып жеткізе алмайтын сырын, мұңын әр кеудеге құйып жатты. Бұрын ешкім естімеген жаңа әуен бастапқыда тыңдаған жанды сары уайымға салып, жүректерін сыздата ауыртты. Айналшықтап жүрген медбикелер алғашқы махаббат сезімін бастан кешкен періште жүректердің өкініш пен өксікке толы үздіккен үнін ұққандай...

Қолдан келер шара жоқ, үнсіз ғана көз жастарын сығып алып күрсіністі...

Ышқынып, суға кетіп бара жатқан адамның тал қармағаны сияқты жанталасқан суретті көз алдыңа әкелетін әуен күйшінің бет-әлпетін де өзгертіп жібергендей. Өңі құбылып, ернін жымқырып, қабағын түйген Талғат енді бір сәтте домбыра қағысын баяулатып, бірте-бірте тыңдаушының жүрек қылын шертіп, кеуделеріне мейірім шуағын төгетін назды әуенге ауысып барып тоқтады.

Сәл үнсіздіктен кейін, сірә, Шынар өтінген болар, күйді басынан бастап қайта тартты.

Бұл жолы күй соңын құбылтып, мүлде басқаша тартты. Жаңағы мұңлы әуенді алмастырған мейірімді, қуанышты ырғақ бұлақ суының сылдырындай, сәбидің шат күлкісіндей ойнақылыққа ауысып, бөлме ішінде шуақты күй қалықтады. Көгілдір аспан астында бір нүкте боп ілініп тұрған бозторғайдың шықылықтағаны бар еді бұл әуенде. Жалаңаяқ құм кешкен балалардың алаңсыз күлкілерін естіп, көк шалғынды алқапта қаптай өскен дала гүлдерінің жұпар иісін сезгендей болатынсың...

Сол – сол-ақ екен, аурухана ішін күннің шашақтала төгілген сәулесі жап-жарық етіп, құлпыртып жібергендей айнала нұрланып сала берді. Арқа жерінің ерке самалы дәліз-дәлізді қуалап, желпіп өткендей, жұрттың тынысы кеңіп, жаңа ғана жүздері қуақы тартқан медбикелер енді ойнақы әуеннің ырғағымен билей басып, өз бөлімдеріне қарай кетіп бара жатты.

Кешқұрым, «кішкентай ғашықтардың» тілекшісі, жебеушісі болып жүрген медбике Талғатқа оның бүгін тартқан күйін бұрын естімегені туралы айтып, сыр суыртпақтады. «Ол өзі де бүгін бірінші рет тартылды, апай, - деді Талғат күлімсіреп. – Өзімнің күйім... Атын «Талшын» деп қойдым.

- Талшын?

- Иә. ТАЛғат және ШЫНар дегенім ғой...

...Арада біраз уақыт өтті. Талғат пен Шынар екеуі де тәуір болып, ауруларынан құлантаза жазылып шықты. Ғасыр дерті деп, атын тура атауға да қорқатын аурудан екеуінің қалайша жазылып шыққаны дос-жаран, туыс-туғанды ғана емес, сол саланың кәнігі мамандарын да таң-тамаша қалдырып, ғажайып жазылу сыры әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отыр.

- Cендер ауруды қалай жеңдіңдер? - деп сұраушылар да аз емес. Ондайда екеуі иықтарын қомдап, бір-біріне қарап күлімсірейді. «Оны біздің махаббатымыз жеңді» дейді іштерінен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар