Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы II

10.07.2017 3628

Қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы II

(Жазушылардың коллекциялары)

Қазіргідей виртуалды әлемде ақын-жазушыларымыз шығармашылығын әлеуметтік желіге жариялап, «лайк» жинаумен әуре болып жүрсе, әйгілі қаламгерлер өз заманында-ақ пайдалы коллекцияларын жасап үлгерген. Қаламгерлердің әуестікпен жинаған заттары бүгін мұражайларында экспонат болып сақталып тұр. Бұл – белгілі тұлғаларды жаңа қырынан танытып, оқырмандарына одан әрі жақындата түсудің қарапайым әрі креативті жолы десек те болғандай. Ендеше, бүгін сіздердің назарларыңызға әйгілі қаламгерлердің коллекцияларын ұсынамыз.

ВЛАДИМИР НАБОКОВТЫҢ КӨБЕЛЕКТЕРІ

Қаламгердің көбелектерге қызығушылығы жай ғана әуестік емес, ғылыми маңызы бар дүние болған. Көбелектер туралы жазған мақаласы ағылшындық ғылыми журналдағы алғашқы жарияланымы еді. Оның көбелектердің бір түрінің эволюциясы туралы теориясы ғалымдар тарапынан мақұлданған болатын. Владимир Набоков қайтыс болғаннан кейін жары Вера Набокова қаламгердің коллекциясынан көбелектің 4324 данасын Лозанна университетінің мұражайына сыйға тартқан.

ВСЕВОЛОД ИВАНОВТЫҢ САҒАТТАРЫ

Жазушы әлемнің қай түкпіріне барса да өзінің коллекциясын сағаттардың жаңа түрлеріне толықтырып отыруды жадынан шығарған емес. Оның коллекциясында түрлі-түсті су сағаттар, күн сағаттар, маятникті сағаттар, көкегі бар қабырға сағаттар, т.б. болған екен. Всеволод Ивановтың жұбайы өзінің естеліктерінде жазушының гонорарының көп бөлігі сағат сатып алуға кеткендігін жазған болатын.

МИХАИЛ БУЛГАКОВТЫҢ БИЛЕТТЕРІ

Михаил Булгаков өзі көрген барлық спектакльдің билеттерін сақтаған. Әлбетте, логикаға салып қарағанда, жазушының бар өмірі дерлік театрмен тығыз байланыста болғандығын ұмытпағанымыз жөн.

ВАЛЕНТИН КАТАЕВТЫҢ БАС КИІМДЕРІ

Катаевтың коллекциясында жиырмасыншы жылдардағы алғашқы орыс жүргізушілерінің, ұшқыштардың, панасыздардың, сондай-ақ, танымал әртістер мен қаламгерлердің, суретшілер мен музыканттардың бас киімдері сақталған. Жазушы өзінің коллекциясындағы әрбір экспонат жайлы ғажайып тарихи оқиғаларды майын тамызып тұрып айтып отыратын болған.

ИВАН ТУРГЕНЕВТІҢ ШАХМАТТАРЫ

Атақты жазушы өзінің «Несчастная» атты автобиографиялық әңгімесінде: «Ерте жастан шахматпен әуестендім. Теориясын білмесем де, нашар ойыншы болмадым», - деп жазған болатын. Тургенев жақсы ойыншы ғана емес, 19-ғасырдың үздік шахматшысы ретінде танылды. Жазушының коллекциясында шахмат фигураларының он төрт дана жиынтығы болған.

НИКОЛАЙ НЕКРАСОВТЫҢ ҚАРУ-ЖАРАҚТАРЫ

Некрасовтың коллекциясында аңшылыққа арналған мылтықтардың 64 түрі болған. Қаламгер күнделікті қаланың тіршілігінен шаршағанда, үнемі аңға шығып отырған екен. Оның қала сыртындағы аңшылыққа арналған үйі алғашқы мұражайы болып есептеледі. Ол туралы «Охотничий домик Н.А. Некрасова» атты фильм де түсірілген.

ГЕРБЕРТ УЭЛЛСТІҢ ҚАЛАЙЫ СОЛДАТТАРЫ

Жазушы қалайы солдаттарды ерекше ынтызарлықпен жинаған. Оның үйі ол дәуірде кез келген ұл бала армандаған серіппелі ойыншық мылтықтар, арнайы үстелде орналасқан солдаттар, ағаш снарядтар, тағы сол секілді ойыншықтарға толы болатын. Бірде әйгілі қаламгер сол шақтардағы танымал сөз зергері Джером К. Джером досымен таңғы ас ішіп болып, қызығушылықпен кішкентай солдаттарды көздеп атып ойнайды. Кейін бұл оқиға жазушының «Маленькие войны» деген кітабын шығаруға себеп болды.

ФРАНЧЕСКО ПЕТРАРКАНЫҢ МОНЕТАЛАРЫ

Петрарканың есімі тарихтағы алғашқы нумизмат ретінде жиі аталады. Оның антикалық монеталар коллекциясы өте кең болған деседі. Мұнысы үшін Петрарка шіркеу тарапынан талқылауға түсіп, қысым көрген. Алайда, Рим Папасы Бонифаций VIII өзі де монеталар жинап бастағаннан кейін ақынды қуғындау тоқтатылып, Нумизматика ілімі әлемге кеңінен тарай бастайды.

ЕВГЕНИЙ ПЕТРОВТЫҢ КОНВЕРТТЕРІ

Петров қала, көше, үй, пәтер, адресаттың есімі мен тегіне дейін ойдан шығарып, белгісіз мекен-жайға хат жолдап отырған. Ай өткен соң хаттары шетелдік түрлі-түсті маркалармен әшекейленіп жазушының өзіне қайта оралады екен. Евгений Петров сондай конверттерден коллекция жасаған. Бірде оның жер бетінде жоқ адреске жолданған хатына фотосурет салынған жауап хат келеді. Бұл бір үлкен тарих еді. 2012 жылы басты рөлді америкалық актер Кевин Спейси ойнаған қаламгер туралы «Конверт» атты қысқаметражды көркем фильм түсірілді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: қызығушылығы, жазушылар, ақын, коллекционер
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар