Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Исраил Сапарбай. Ұшпалы-қонбалы сезім, аумалы-төкпелі махаббат

28.05.2019 1370

Исраил Сапарбай. Ұшпалы-қонбалы сезім, аумалы-төкпелі махаббат

(Сергей Есенин мен Айседора Дункан арасындағы ұлы махаббат хақында)

Екі тағдыр. Емін-еркін ен жайлап емес, көктемнің ақпа-төкпе нөпір нөсеріндей едел-жедел өте шыққан екі өмір... Ұшпалы-қонбалы сезім мен аумалы-төкпелі екеуара махаббаттың ғұмыры бар болғаны екі жылдың ар жақ-бер жағынан аспапты. Тағдырдың таңдауы ма, Тәңірдің қалауы ма, кім білсін, тар жол, тайғақ кешулі тіршілікте аз болсын, көп болсын, екеуінің ащылы-тұщылы дәм-тұзы бірге жарасыпты. Әйтпегенде, Изадора қайда, Есенин қайда?.. Бір Құрылықтың екі шетінде... Алла шебердің шендессіз, шексіз құдіреті деген осы! Екеуіне де Тәңір ие өлшеусіз, мөлшерсіз рух сыйлапты. Жер басып жүрген әр пенденің өзіне лайықты несібесі бар. Тауық екеш тауық та несібесін тақырдан емес, тарыдан табады. Ал рухтың...жөні бір басқа. Аты мен заты бір жүректен табылып, бір кеудеден жай алып дегендей, ғасырлармен алмасып, мәңгілікпен жалғасып жатады. Оның айшықты бір мысалы – ақын Сергей Есенин мен биші Айседора Дункан. Екеуі де жаңашыл. Қадыр ағамыз айтпақшы, «Күн келбетті, Ай мүсінді» ақындар жыртылып-айрылғанымен, орыс өлеңінде ең алдымен Пушкин, екінші кезекте Есенин айтылатынын екінің бірі мойындайды. Можантопайлар өзі білсін, мойыны жуан мықтыларды мойындату да құдай құптаған құдіреттің бір нышаны. Бар болғаны отыз жастың оймақтай ғана соңғы онжылдығы беделінде Есенин адамзаттың алтын әріпті рухани қазынасына ойып тұрып өз атын жазып кетті. Иә, жирен шашты, алтын басты ақын баланың алды-артына қалдырып кеткен өнегесі осы. Оны өмірі дейсіз бе, өлеңі дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Рухқа қызмет еткен адам ғана елдің есінде, жалпының жадында қалады!

Есенинге қарағанда Дунканның өмірі де, өнері де аз-кем ауыр һәм аянышты. Кім білсін, «қыздың жолы жіңішке» болғандықтан ба?.. Ақынның ауызына Алла сөз салды. Ал би өнері, оның үстіне ол би төркінінен асып-тасып төңкерісшіл сипат алса!.. Әп дегеннен кім қабылдай қойсын?! «Ең алдымен сөз болған...» дейді Алла тараптан түскен төрт кітапта. Мақлұқат иелері болмаса, адамзат қауымы түп-түгелімен тіл арқылы табысып, сөз арқылы ұғынысады. Ал бидің жолы... біле білсек, қыздың жолынан да жіңішке екен! Әлемге аты мәшһүр Айседораның да оны мойындамасқа лажы қалмады. Бірақ мойыған жоқ, көп пендеден мойыны озық қалпында тарихта қалды. «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» дейді Абай. Айседораның «сөзі» – әлемдік өредегі әуен-сазбен әспеттелген Би! Оның тілі де, сөзі де, ділі де Алла тағала жаратқан дүйім дүниенің тұла бойында! «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл...» Талма тұстан тамыршыдай тағы да тап басып тұр ұлы Абай! Махаббат өлшемді өміріңіздің құны болса, ғашықтық оның құлы. Құдайға құлша қызмет еткендер ғана өмірдің құнын білсе керек-ті. Ол үшін жүз жасау арзу да емес, арман да емес. Әңгіме, аз болсын, көп болсын, өмірдің мағынасында, өтміштің мазмұнында. «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» (тағы да Абай). Танымы бар кісіге жақсыдан тағылым аз болмайды. Жақсыны көру де, білу де жақсылыққа талпынудың алғышарты.

...Біздің де игі жақсыларға деген ниетіміз осы еді...

***

Айседора Ресейге гастрольдік сапармен төрт рет келіп кетті. Алғашқы үшеуінен гөрі соңғы жолсапары әлдеқайда мазмұнды әрі жемісті деп айтуға негіз бар. Тумысынан ожданды, опалы жанның күре тамырында тынымсыздық, өжет өрлік, күрескерлік қасиеттері о бастан тулап ағып жататын. Ресейдегі қазан төңкерісі сол күрескер рухқа қайта қамшы салғандай ерекше әсер етті. Айседора тоң-торыс жатқан аймақтан төңкеріс болған жаққа асықты. Бұл жолғы сапар 1921 жылға тура келді. Мақсаты – революцияшыл орыс жұртын өз көзімен көріп, көне Құрылықта баянды бола қоймаған арман, мақсатын жасампаз жаңа қоғам үрдісінде жүзеге асыру. Көнесі құрдымға құлап, жаңасы жасампаздыққа бет алған Кеңес үкіметінің алғашқы қадамы, шынында да, адымын апыл-тапыл басқан бала кейпін аңғартатын. Жаһанкезбе бишінің бұл сапары, айтса айтқандай, өнімді, өрісті болғаны рас. Мәскеу мен Петроградта болды. Нарком Луначарскийдің өзі қарсы алып, әйгілі театр жаңашылы Станиславскиймен достасты, басқа да орыс өнері мен рухының басықасында жүрген зиялы қауымның ілкі алды өкілдерімен жүздесті. Бәрінен де ерегі мен бізге керегі Есенинмен тағдыр қосып танысуы, табысуы, некелесуі... Мына парадоксты қараңыз: әдеттегі ырымшыл Айседора бұл жолы да емші көріпкел кейуананың алдына барып жол сапары жайында жоралғы сұрапты. Кейуана өз кезегінде сапарының ауырлау бірақ ойдағыдай болатынын айта келе некеге тұрып елге екеу болып оралатынын ескертеді. Басқа басқа, Дунканның басын шайқап бұған таңғалмасына шарасы қалмайды. Некені әу бастан нақ олай көріп, ноқтаға басы симай жүрген жан бұл «жаңалықты» көңіліне де, бейіліне де аса жақын ала қоймайды.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар