Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ислам Қосжан. Мен емеспін (өлеңдер)

20.10.2019 871

Ислам Қосжан. Мен емеспін (өлеңдер)

Талантты ақын Ислам Қосжанның жаңа туындыларын ұсынып отырмыз.

Мен емеспін

Өткен күнді қайткенде бөгемекпін!

Неге келдің балалық,

Неге кеттің?

Мына біреу ұқсайды көлеңкеме,

Мен дейді ғой,

Мен – деген,

Мен емеспін.

Бәрі жасыл болатын төңіректің,

Оралмасқа кеткені ебелек күн.

Күмбезі бар мешіттей,

Төсінде Ай,

Қараша үйде,

Мен деген мекен еттім.

Қараша үй. Балалық.

Керемет күн,

Мен өзіңе келеді ере кеткім!

Анам бар-ды... тербетіп бесігімді,

Маған енді айтпайды өлең ешкім.

Қасиетін,

Қадірін... елемеппін,

Тек ақтығын жүрекке өнеге еттім.

Өткенімді қараймын кітаптардан,

Тарауынан іздеймін көне беттің.

Жүргендеймін ішінде,

Көп егестің,

Рас болса, келгенім,

Елемес кім?!

Біреулерге ұқсастау болғаныммен,

Періште де емеспін,

Пері емеспін!

Қалғандаймын түсімде,

Бір елеспін,

Хабар сұрап жатпайды,

Менен ешкім.

Мына жүрген иілген сұрау белгі,

Мен дейді ғой,

Ол деген – Мен емеспін!

Мүктегі жазу

Кіріп алғасын кетер ме,

Құла таңдағы дүр арман?!

Маңғазданасың бекерге,

Пәниге бұл-жалған.

Күркіреп кеше келгенің,

Ұстатпай кеткен бір аттай.

Бір күншілік-күлгенің,

Найзағай!

Қайырылып артқа қаратпай,

(Бір шөкім бұлыт уыстай,)

Қайзамай!

Шаба салған қылыштай.

Өзі - елес,

Күлкісі дара.

Бақытты бопып өту емес,

Бақыт - күту ғана.

Бақыт сұрап жалғыздан, бақытын тосып әр күннің,

Тәнің мен жаның болдырып...

Пенделік жолға барғызған, бақытына жалтақтап әркімнің,

Бәрін қосқанда сол қызық.

Ұйқасын іздеп көктемнің,

Бұл күнге жеттік бақсыз да!..

Еске алса ертең өткен күн,

Бармыз ба, бәлкім, жоқпыз ба?!.

Пәнидің болса да бекері,

Жүресің жеткенше шамаң.

Содан...

Соң олар мүк басқан қабірге кідіріп өтеді,

Жатыр деп, осында “бақытты” Адам!

Көзқарас

Жұмақтың барын қайтесің...

Айтарын айтқасын, дау керек?!

Сұрақ өлімнің келетінін айтасың,

Жан алатын жаналғыштай әурелеп.

Адамның көзқарасы,

Уақытша құбылыс, ол-анық.

Өмір мен Өлім арасы,

Көрген нүктедей, кетер жоғалып.

Өмір-өшіп, жану,

Араласқан бал мен у,

Құйылған... кесе,

Әлһам су.

(Уақыт айтшы... сағат неше?)

Өлу деген – өмір емес,

Бәрін тастап, кетіп қалу!

Жұлдызды биікте

Биікте тұру ұнаған...

Төменнен көп қорқынышы.

Әрбір жұлдыз... бір адам...

Аққан кезі - тоқтаған дем, тынысы.

Біз білмейтін сұрақ толы,

Жұлдыздар да шер жүктеген...

Ұнатамыз бірақ оны,

Биіктікті ерлік көрген.

Сен аман бол, жоғары бол,

Сен жұлдызым - Алһам хат.

Дәм таусылса, ағамын сол,

Хақтан алған марапат.

Қысқа құйрық, бірі ұзын,

Ағады... аспан төсінен.

Сен аман бол, жұлдызым,

Менің ғажап көшірмем!..

Уақыт

Есіл уақыт –

Есіл үміт!

Есі шығып, есі кіріп, жағаласып жармасқан,

Жалғау-жалғау лентадай кесіп, үзіп, жалғасқан.

Несі қызық?!.

Мен бе қуған, ол қашқан,

Жолдар жатыр көңілінде мұң басқан.

Бір-бірімен өмірінде торғай, жылан арбасқан,

Алжасқан, деме.

Алыстайды күндегіден таңғы аспан,

Бұлттар анау қап-қара боп шаң басқан.

Қаңбақтай бір ұшып жүрген, қонбастан,

Адасқан, неге?..

Үйірінен шығып алып қаңғыған,

Не дегеде, не шығады ал, мұнан?!

Тағы сондай үйір шығар алдынан,

Аңдыған, деме.

Есір уақыт, алжыған неме!...

Аспанға хат

I

Армысың аспан?!

Хабар күтіп достан, сол... қарағым,

Мен енді доссыз қайдан жол табамын?!

Маңдайда іліп қойған картам тұрып,

Қалай да алаңдаумен жол қарадым.

Өмірі – өмір мына бақталастың,

Бір-бірін пенде болып алдай тұрмақ.

Қайнайды қазан болып қасқа басым,

Бәсін айт, өкініштің қандай қымбат?!

Қолынан келмегесін досты ұстау...

Тұрамыз болатынның бәрін күтіп.

Біздегі жүріс мынау асығыстау,

Қаламыз болмағанның шаңын жұтып.

Біз жақта сіздің жақты «үрім» дейді,

Ол жақта доссыз өткен күнің қалай?

Дос жоқта бар-жоғымыз білінбейді,

Тек... бәрі өтіп жатыр бұрынғыдай.

II

Жинақталмай шашырап,

жатқан қандай жол қарап,

қара жерге тамып жатыр жапырақ,

ағаштардың маңдайынан сорғалап,

күз келді.

Көк бояуы сары болып өзгерді,

осы тұс қой өзгертетін біздерді,

бір нәрселер азаяды... қосылып,

маған соны күз берді?!

Аспан кейін шегінеді қол жетпей,

берідегі бұлт моншақтың тізбегі,

ақ киізде қошқар мүйіз өрнектей,

салған оны күз демі.

Көктем еді... жүріп өткен жаңа із,

алыстапты өткен шақпен арамыз,

енді іздеп қайдан жылу табамыз,

білмесе екен қара күз?!

Күн батады салқын қаны, қызарып,

күндегіден айырмасы басқамыз,

ала алмаған өші бардай сазарып,

бұл несі екен, қасқа күз?!.

III

...Алқызыл түспенен,

Жидектер боялды.

Күз жайлы түспенен,

Жүрегім оянды...

М. Цветаева

Күз келіпті,

Зер төгіп... ол да сәні,

Жапырықтың ұмтылған жолға бәрі.

Аппақ қылып аспанды аппақ бұлттар,

Ескі бұлтты жел тырнап, бор жағады.

Дәл мендей ме,

Біреу сені іздер ме еді,

Күзде де бар махаббат?!

Қайда жүрсің әй, аспан күз келгелі?

Шашылады жапырақ,

Параттан соң көшедей, біз көргелі.

Еш кедергі болмаса, не істер еді?

Бірдеңені сезеді, біледі де...

Кейде күткен қонақтай кеш келеді.

Салмақ түсіп бұлттардың жүрегіне,

Жатып алып аспан да, түс көреді.

Елестетем,

Көңілде бір күдік тұр...

Қара бұлттан папақ киіп алған басты.

Жауар ма еді айқайлап, сілкініп бір,

Жасап алса қиялда қолдан бақсы.

Бәрі қызық!

Қанын ішіп масаның... шөлдегенде,

Көлденең бе келемін жарып, ұшып!

Жарайды енді көрелік сен де, мен де,

Аспан жолды кеспесе қара мысық,

Қайда барам жаумаса, көнбегенде,

Бұлттар жатыр тарыдай жаңа пісіп!..

Өмір һәм жалған

I

Өмір жалғанмен,

Бөлінбейді.

Жоқ болғанмен,

Бар,

Көрінбейді.

Шаттығың көп көрген,

Ошағы ән-жырдың.

Күркіреп өткен көктемнен,

Өткінші жаңбыр қалдырдың.

Асыққан әр күнің – жолаушы,

Бұрылып қаратпай.

Тырсылы тамшының санаулы,

Өткен сағаттай.

Шақырса баратын, өзі келмейтін,

Қонақтай.

Тамшыдай таматын,

Өмір, өлім – көрінбейтін,

Қос жолақтай!..

II

Құмартқанмен тағдырыңды білуге,

Өмір деген ең ұзынның қысқасы.

Құрылыстар көрінбейтін жүруде,

Әркім де өз өмірінің ұстасы.

Жан азабы көрінгенмен көңілде,

Келер күнің бір ісіңнің нұсқасы.

Кездейсоқтық болмайтындай өмірде,

Болатынның жоқ сияқты басқасы.

Бұлыңғырлау өміріңнің ертеңі,

Кім несімен мақтанбақ?!.

Бала күнгі көрген түсің ертегі,

Үлкедігің өтіп жатқан өткен шақ.

Балалықтың болса дейсің бәрі шын,

Қиял менен ертегінің ғажабы.

Жақындаса жақын болып алысың,

Алыстағың қуаныштың базары!

Келгенің шын, кеткендегі жол қалай,

Қанша жүріс келер күннен бұйырған?!

Өмір деген көрген түсің, ол солай,

Өлу деген, қою нүкте құйылған!..

Қайтып келмейтін нүкте

I

Хім...

Тілектер, аппақ кебінмен,

Іштегі топыраққа көмілген,

Жүрек те шаршаған шығар...

Жалтақтаған көңілден.

Қолда барын жоғалтқан,

Өз жанына шапқызып.

Уақыт та екі түрлі,

Он екі сағаттан...

Кемпірқосақтай жоқ сызық,

Бояуы жеті гүлді.

Өмірде жоқтай көп қызық,

Жан жоқтай жаныңды ұғатын,

Секілді...

Ашылып, жабылған есіктің,

Сықыры секілді,

Жан шығар, қоштаспай шығатын,

Таусылса нәсіп күн...

Керек жүкті жүктеген жандай,

Табыт – ақылға көнбейді.

Өмірде... күтпеген жағдай,

Сондықтан болар... қоштасқың келмейді.

II

( Жалғыздықтың ең жаманы – қимасыңнан айырылу.)

Мен көрдім ұзын қайың құлағанын...

... Жылы жүрек суыды, жара түсті,

Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік... (Абай

Деді де, қала бер... себебі,

Болған да керегі...

Кетті ол қоштаспай, иелеп бір төбені.

Қолымда шиырған тым ащы «Беламор,»

Тұқылы қалғанша шегемін.

Өмір де...

Ол мені шегеді, Құдайдың үкімі болғанша,

Ал менен не керек, ала бер,

Тек, білгім келеді,

Жамандар басқан қара жер,

Жақсыны неге көмеді?!

Жүргің келді бір жақтарда сенің, шын,

Қадам басып, биік-биік тауларша.

Мені алып не қылсын,

Сені күткен, Қособада жау болса?!

Шықтың тамуы

Қараша үй.

Жалған-дүр...

Ай - заманның өрнегі.

«Күн – көсемнің» ордені,

Суретте төрдегі.

Қозғалады баяу ғана түн демі,

Қарт қарайды Теңіз жаққа,

Сәл көтеріп іргелікті – іргені.

Шық тауында,

« Бетегелі белден боз,

Уағдалы еді, айтқан сөз »...

Уақытпенен жылжып аққан жалғыз үй,

Естіледі алабайдың үргені.

Шалдар айтса кешегіні,

Біледі.

Суын айғыр... теңіз кешіп,

Ақ тұманнан шығады, көк тұманға кіреді.

Теңіз бетте үйір жылқы жүр еді...

Рас шығар кім, біледі?!.

Осы шал ғой,

Аппақ таңды кірпігіне іледі,

Орындалса тілегі!

Түн. Шықтың келуі

Шартарап теңіз шамалы,

Зер шашақ тегіс жан-жағы.

Қанаты түннің талады,

Басады шықтың салмағы.

Қисыны келген қиыннан,

Бір тәтті және бір ащы.

Қылығы көркем, қиылған,

Тұманға аппақ ұласты?!

Қайралып өткір ептілік,

Суырған қанжар қынынан.

Айналып жүрсе көп күдік...

Құрметі артық, сыйынан.

Шық тұнып жерге тамады,

Моншақтай мөлдір ірі боп.

Қол былғап кетіп барады,

Қарайтын түнге бірі жоқ.

Кеудесі бырт-бырт сөгіліп,

Сәулесі сылқым себіліп.

Көңіл ғой тұрған төгіліп,

Өмір ғой тұрған егіліп!

Ұры

Аты жоқ өлең.

Бола ма?!.

Пенденің жайын сұрама,

Бақытым қайда бір үзім?!.

Жерге түс, бірақ, құлама,

Аспанда тұрған жұлдызым.

Бәрі де тұман, қиялдай,

Елес боп қалған көп күннен.

Жүрмесең болды сүйе алмай,

Сүйуді ұрлап кеттім мен.

Селдетіп тұрған жауын бір,

Шөлдетіп тұрған сезім бұл,

Кеудені ұрған дауыл жыр,

Пенделік десең –

Оны да енді... өзің біл.

***

Білмеген жанға бәрі де жұмбақ.

Тыңдадым таңда сыйқырлы ән.

Тұңғиық терең әріден жырлап,

Оятқан тәтті,

Ұйқымнан.

Күлкінің сөзін түсінбес ешкім,

Жұмбақ шығарсың мүмкін сен.

Мына әлемнің ішінде емеспін,

Бір күлсең.

Мәжнүн қылар тыңдаған жаңды,

Тыңдасам жалғыз шіркін мен.

Көрсетпей сенен ұрлаған әнді,

Ұрлаған әнді,

Күлкіңнен.

Айтылмай қалған сезім...

Келгенің...

(Әр көргенің шырын жыр!)

Сығылған құрттай, сығым бір.

Төбесі көкке жеткеннің,

Аржағы тағы бұлыңғыр.

Саналы жаның ұққандай,

Күткендей ұзақ жыл құсын.

Ауаны қарпып жұтқандай,

Бақыттың өзі – бір жұтым.

Кеткенің...

(Қажеті жоқтай өкпенің!..)

Қайнаған қара бұлттардай,

Тасырлатып өткенің.

Құлашың жетпей бақытқа,

Жоғалғанды сезіну.

Сезіну деген уақытша,

Мойындау, сосын жеңілу.

***


Өшірмей ыстық сезімді,

Алдыңа жанып келіп ем.

Айтайын деген сөзімді,

Айта алмай тұрмын еліктен?!

Қырларды кезіп осылай,

Кетейік дедім,

Жүр бірге.

Қас-қағым сәтті осын-ау,

Қимаймын неше күндерге.

Бұл менің айтпақ,

Ойым ғой,

Сен соны сезіп білдің бе?!

Үндемей кеттің,

Күлдің де!

II

Жай түскендей төбеңнен,

Сезімім отыр өкініп,

Қайтып көрмей жүрем мен!

Көнере жаздап, көгерген,

Көңілдің көзі көпірік.

Біздерді бөліп жіберген,

Өмірдің өзі – өтірік.

Сүйем деп айтқан бір жын ба,

Дос едік жүрген жұптасып?!

Сен кетіп қалдың тұрдың да,

Мен сасып қалдым шоқ басып.

III

Мынау енді...

Жүрек бірақ сезеді,

Кейбір ойға ақылың да сенеді.

Ойға батам сол жайлы,

Себебі...

Бұл өмірде кездейсоқтық болмайды.

Қараның іші ақ болса,

Ақтың іші қара еді...

Барлығын да жұп-жұбымен жұптаған.

Мен несіне ақталам!

Ұқсастық бар... ұқсастығы жоқ маған.

Дәмі тәтті ең алғашқы сүйгеннің,

Мұңның дәмін татып көр...

Міне сенің барлығыңа үйрендім,

Жоқтығыңды, сезінуге уақыт бер.

Ай, Оғланды

Қараңғы.

Қорқытқан адамды,

Кім еді жаңағы?!

Жарды жүр жағалап...

Айтсана, Оғланды! Оғланды!

Ол емес,

Есіктен сығалап кірмеген,

Бұл... қызық.

Көз алдым көп елес -

Мың сызық.

Жүректің жарығы кірлеген,

Жалғыздық келеді жол жүріп.

Кешігіп қалған-ау уақыттан,

Немесе бақыттан.

Жүректе тамшылар,

Жылаған кім дейсің?

Мен шығар...

Жүр дейсің кім елеп?!

Қарайды көзін ол алмастан,

Сұр кенеп.

Жылап тұр шаң басқан,

Сүгірет.

Ай, Оғланды, Оғланды...

Сенен де болсыншы бір медет!

Қасыңда Пір Бекет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар