Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ырысбек Дәбей. Қадыр-қасиет жыры

13.11.2018 946

Ырысбек Дәбей. Қадыр-қасиет жыры

Тоқтарәлі Таңжарықтың пьесасын оқыдым. Песаға жүк болған дүние – әлеуметтік процесс (миграция) тудырған қайшылықтар. Шығармадағы әлеуметтік және философиялық терең мазмұн беріп сомдаған образдар, абсурдтық картиналар үйлесім тапқан.

Пьесаны бірнеше қайталап оқығанда христиандардың, мұсылмандардың, үнділердің қасиетті кітаптарында кездесетін сюжеті ұқсас аңыз бірден есіме оралды. Құдайсыз қоғамнан зардап шеккен бір топ жас жігіт қаладан қашып шығып, үңгір паналайды. Оларға бір ит ергені айтылады. Оқиға үшінші ғасырда Рим империясы кезінде болған делінеді. Осы сюжет Қасиетті Құран Кәрімнің он сегізінші «Кәхф» (үңгір) сүресінде бар. Олардың 309 жыл ұйықтап оянғаны айтылады. «Ұйықтаған жеті кісі» деп келетін христиандық баяндау бойынша олардың нақты саны көрсетіледі. «Махабхаратада» да Қытмир атты ит ерткен жеті кісінің үңгір паналаған оқиғасы кездеседі.

Қош, сонымен ұйқыдан оянып, қарындары ашқанын сезген олар араларындағы бір жігітке ақша беріп, қалаға барып азық сатып әкелуге жұмсайды. Үш ғасыр бұрынғы ақшамен (экспонат) базарға келген кісіні көргендер оны императордың алдына апарады. Ол патшаға үңгірге жасырынып, ұйықтағандарын айтады. Жігіттің сөзіне таң қалған патша жасауылдарын ертіп, үңгірді көруге келеді. Үңгірге жеткенде ертіп келген жігіт ғайып болады. Олар үңгір ішінде шашылған сүйектерді ғана көреді...

Пьесадағы әлдеқашан о дүниелік болған үш кейіпкердің «тірілуі» сол ескі заман естелігіндегідей нанымды, шынайы өрілген. Хикаядағы тірілу немесе ояну қандай құбылыс? Дененің тірілуі ме, сананың оянуы ма? Әркім оны өзінше түсінер. Аса бір аяулы адамдарға деген кейінгілердің құрметі миф тудыратын құбылыс күні бүгінге дейін бар. Бұл пьеса да белгілі бір кеңістікте өмір сүрген жандарға деген кейінгінің құрметі тудырған поэтикалық панорама. Қадір-қасиет жыры.

Ескі үйдің терезесінен ішке үңілгенде кейіпкерлер көретін әртүрлі экспонаттар – әлгі заманы өтіп кеткен, үш ғасыр бұрынғы ақшаны ойыңа салады. Бірақ ескіні еске түсіруші элементтердің (тұтас шығарманың) «сенемін, түсіну үшін» деген орта ғасырлық схоластар ұғымына түк қатысы жоқ, теоцентризмге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Үй ішіндегі экспонаттарға Жолаушы мен Дос аса мән бермейді. Ол заттарды көрсетуші мен көрушінің таным-түйсігіндегі кереғарлық нені меңзейді? Өзгермейтін кітап пен сағат ше?.. Шығарма осындай символдық ишараларға тола.

Шығармадағы еске алу арқылы ғана айтылған қара ит те қызық «кейіпкер». Орхан Памук «Менің атым Қызыл» романында үңгірдегілерге серік болған итке тоқталады. Пенде баласының тұрақсыз, тұрлаусыз мінезін, төңкеріліп кете беретін түсінігін ит баласының бүінгі тұқымының наразылығы арқылы есіне салады. «Дұшпанын итке теңейтін бопты адамдар. Біз туралы жаман өсекті мысық таратқан болуы мүмкін. Әйтпесе біз туралы қасиетті кітапта жазылғанын білесіңдер» деп келетін жолдар бар романда. Пьесадағы қартайып, тісі түсіп қаңғып өлген қара ит менің есіме аталмыш хикаяны салған көрнекі «кейіпкер».

Пьеса есте жоқ ескі замандағы классиканы еске түсірсін-ақ. Бұл не сонда? Таласбек Әсемқұлов марқұмға жүгінбесек, мұны түсіндіру де қиын. «Интертекст» атты мақаласында Таласбек марқұм бұл құблысты өте жан-жақтылы түсіндіреді. «Интертекстуальділік – қандай да болмасын тестің өзін қоршаған семиотикалық ортамен байланысын түсіндіретін постмодернистік текстологияның термині... Текст өзіне дейінгі және өзімен қатар тұрған текстермен диалогқа түседі. Гадамер айтады «қандай да болмасын сөздің мағынасы оның өзінде ғана емес, сондай-ақ, ол (сөз) өзіне дейінгі айтылған сөзге және әлі айтылмаған сөзге сілтеме жасайды. Сондай болғанда ғана сөз өзінің шын мағынасына жетеді» деп. Постмодернизмде текстің өз артында тұрған таңбалық фонмен матаса байланысқа түсуі мағына тудырудың алғы шарты болып табылады. Ролан Барт «текст дегеніміз өзінің шыққан тегін ұмытқан көптеген текстің бір-бірімен астасуы» дейді. Аталған (интертекстуальділік) постмодернистік концепсияның басты ұғымы – палимпсест. Палимпсест – көне жазу, көне сурет өнерінде көп пайдаланған технология. Бұрынғы сурет, көне графика қағаздың орнына арнайы өңделген пергамент деп аталатын теріні пайдаланған. Міне, кейбір жағдайларда (оның себебі өте көп) бұрынғы сурет, яки бұрынғы жазуды үстінен бір қабат арнайы желіммен сылап тастап, желімнің үстіне жаңа текст жазады, немесе жаңа сурет салады. Кейде палимпсест бір-бірімен қабаттасқан жиырма-отыз суреттен немесе жазудан тұруы мүмкін. Француз әдебиеттанушысы Жерар Женеттің айтуынша, кез-келген текст – палимпсест: қандай да болмасын текст бұрыннан бар текстердің үстіне жазылады. Бұрынғы текстердің семантикасы соңғы жазылған текстің мағынасының астынан сәуле шашып, көрініп тұрады...»

Тоқтарәлінің өзі де бір өлеңінде:


...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,


Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?


Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,


Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген - деп толғайды.

«Үлкейген һәм кішірген жазулардың» не екенін осыбір дүниелерден кейін сезінгендей боласың. Бұл пьесада автордың интеллектісі рентген сәулесіндей қай «теріні» түйреп өткенін жоғарыда айттық. Ең бастысы автордың «үңгірге» кіргені емес, үңгірден шыққаны қуантады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: тоқтарәлі таңжарық, ырысбек дәбей, драматургия, кәхф
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар