Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Йети (Қар адамы)

07.04.2019 935

Йети (Қар адамы)

(Әңгіме)

Хан Тәңірі шыңына шыққан Ресейлік антропологтар тобы тау қойнауындағы ықтасынға жайғасты. Ішінде егде тартқан профессорлары мен жас ғылыми қызметкерлері де бар жасақталған құрам: «Қар адамын көрдік» деген жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша зерттеуге келген еді. Ауа райының тымырсық, желсіз болып тұрғандығын пайдаланып, жас қызметкер Қайрат өзінің жапондық үлгідегі қымбат бейнетаспасымен төңіректі шолып тұрған еді.

Ол бір кезде көзі шарасынан шыға жүгіріп келіп, басшысына таудың теріскей жағын көрсетіп, бірдеме деп сыбырлап жатты. Кейін белгілі болғандай, Қайрат бейнетаспаға үш мың метрлік биіктікте тікесінен жүретін адам тәріздес жануарды түсіріп алыпты. Мақұлықтың денесін түгел қап-қара түк басқан ба, әлде аң терісін жамылып алған ба, әйтеуір не болса да еңгезердей адам сияқты біреу шың басындағы ақ қарда алшаңдай басып кетіп барады. Жолды бұрыннан білетіндей, еш жерге омбыламай емін-еркін кетіп бара жұмбақ жанды бейнетаспа екі-үш шақырым жерден онша тұнық түсіре алмапты. Ол соқпақтарды жақсы білетіндігі соншалық тура қатқақ жермен ғана аздап бүкірейіп жүріп бара жатты. Жақындатып көрсе бұлдырап онша анық шықпаған екен.

Дереу жиналған топ тауға қарай көтеріліп, гуманоидтың соңынан аттанды. Тау-тасты қанша кезсе де, шаршаған экспедициялық топ ешқандай дерек таппай артқа қайтуға мәжбүр болды. «Бірдеңе таптым ба» деп үміттенген Қайрат ұнжырғасы түсіп, базаға жеткенше бірдеңені ойлаумен болды.

Альпинистер базасына келіп мұрттай ұшқан Қайратты ертеңінде:

«Экспедиция бастығы Василий Толмачев бейнетаспаңмен бірге шақырып жатыр» деген дауыс бірақ оятты. Кабинетке келсе Василий Иванович өзінің сүйікті тағамы жұмыртқасы мен кофе ішіп отыр екен.

- Ооо, сенсацияның иесі, кел төрлет, шай ішесің бе, әлде кофе ме? - деп қарсы алды.

- Жоқ, әшейін шай болса болды.

- Жақсы онда. Москвада қатты қызығушылық туындап жатыр сенің бейнетаспаңа. Шетелден ұят болып қалмас үшін нақтылығын тексеру үшін таспаны зерттейміз дейді. Қазір ол туралы (гуманоид) көп монтаждар мен жасанды түсірілімдер қаптап кеткен жоқ па?!

- Тексерсін, оған қарсылығым жоқ, Васлилий Иванович.

- Е, жақсы онда. Менен соны сұрап таң атпай звондап жатыр. Москвада таң ерте атпаушы ма еді. Солар ұйқы бермеді ендеше.

- Саған айтайын дегенім, Қайрат елуінші жылдардың аяғында Совет өкіметінің басшысы Никита Хрущевты да осы тақырып қызықтырып, үкіметтік деңгейде қолға алынған екен. Бірақ ол кезде Памир тауына шыққан ғалымдар ештеңе таппай, тек жаңа өсімдіктер мен жануарлардың үлгісі мен Қар адамының іздерінің сұлбасын ғана әкелген екен. Тіпті сонау көне кезден бастап осы «реликті гоминоид» көп халықты толғандырған сыңайлы. Орыс тілінде (снежный человек) Қар адамы Европа мен Америка тілінде Бигфут (үлкен аяқ) немес Сасквоч. Скандинав елдерінде Йети (ең көп тараған атауы). Ал Ресейдің Орал тауын мекендейтін Мансия халқы Менк деп атап кетіпті. Түрік тілдес халықтар арасында яғни мына сенің ұлттарыңда «Албасты» ал Кавказ халықтары арасында «Алмасты» деп аталған екен.

- Рас айтасыз, Василий Иванович. Бала күнімізде кейде апамыз ұрысқанда «албасты бассын сені» деген сөзді анша-мұнша айтып қалушы еді, сол көнеден қалған Бигфуттың аты екен-ау сірә! Тегін аңыз болмады ғой бұл.

- Иә, ары қарай тыңда. 1959 жылы сол Орал тауы маңайында тауға шығып әйгілі Дятловтың альпинистер тобы бір түнде мерт болып, жұмбақ күйінде қалған еді. Сол Орал тауының етегіндегі Ушма елді мекенінде тұратын халықтар тіпті сол қар адамына табынатындай көрінді сол Менкке. Тереңірек зерттей келе қайтыс болған Дятлов тобының арасындағы кейбірінің түн ішінде тілдері көмекейімен қосып жұлынған болып шыққан. Ал шетел ғалымдарының ортақ тұжымдары мен болжауларына қараса албастың керек десең бұғыны зор күшінің арқасында мойнын бұрап өлтіріп, тілін жеп кеткен кездері жиі кездескен екен тарихта. Сол 2000 жылғы оқиғадан соң шетелдік басылымдар мен криптозоологтар ақпарат құралдарында «Бигфут, Менк, Сасквоч Қазақстанда бар екен»-деп таласа жарысып жазып жатты. Біздің экспедициялық топ қаражаттың жоқтығынан уақытша тоқтатылған болатын, - деп тоқтады Василий Толмачев.

Бүгін сол Хан Тәңірі шыңы күн нұрына ерекше боялып, тамаша реңге енген. Жан-жағындағы тауларға мәртебесі асқақтап төбеден қарайтын тау шыңы жылдың әр кезінде ерекше құбылады. Тянь-Шань тауларының арасында мен мұндалап орналасқан жеті шақырымдық биіктіктегі бұл шың әлем туристерінің қызығушылығын жыл өткен сайын тудыруда. Оның етегіндегі мұзбен құрсанған «Налчек» атты таулық базаға жетудің өзі оңай еместі. Жол жоқтың қасы. Тау шыңына апаратын жол шатқал қойнауларының арасында ерекше жасырынған. Дегенмен, өз мақсаттарына жету үшін альпинистердің ішінен жаяулап баратындары да табылуда. Әйтсе де оған дейін бес шақырым жолсызбен жүріп өту керек. Ал шыңға шығу үшін күштің бәрі сарқылып қалады, энергияның бәрін осы жолға жұмсауға тура келеді. Сонда да жыл санап Хан Тәңірі шыңына шығуға құмартқан туристер мен альпинистер түрлі елдерден қайта-қайта тапсырыс беруде.

Бүгін де осындай мақсатпен бір топ альпинистер жолға жиналғанды. Олар алдымен тау етегіндегі базаға жетіп алу үшін жеңіл автокөлікпен екі елдің шекарасын бөліп жатқан Қарқара өзенінің бойындағы Қазақ-Қырғыз шекарасына келді. Санжар бастаған әлемнің он елінен келген альпинистер тобы Алматыдан ерекше көңілденіп, ауа райы қолайлы болады деген соң ынтамен шыққан еді.

Қарқара өзенінің оң жақ жағалауындағы төменгі альпинистер лагеріне жеткен соң туристер жүктерін буып-түйіп тікұшақты күтті. Туристердің көбісі шың етегіндегі Налчек солтүстік базасына жету үшін және жоспарларын тезірек іске асыру мақсатында тікұшақ жалдауға мәжбүр болатын. Сондықтан олар ауа райын, жергілікті жерді тамашалап біраз жатты.

Бір апта климатқа бейімделуден соң жоғарыдағы тау шаңғы базасына МИ-8 тікұшағымен отыз минутта жеткен он елдің өкілдері шатырларын тігіп, тау қойнауының ылғалсыз ауасына бейімделе бастады. Германияның Лейпциг қаласынан келген Ганс өзінің музыкаларын тыңдап демалса, Австралиялық турист қыз Линда күннің аз уақытқа ғана шыққан сәулесін пайдаланып, қыздырынуда. Мұндай шет ел адамдарын тауға алып шығудың талайын көрген Санжар барлықтарын бір-бірлеп бақылап отыр. Ішінен ойлап та қояды: «Шіркін, осылар да ерігеді екен, үйлерінде бала-шағаларының қасында жатпай ма екен»-деп. Өзі де әйелі екеуінің жас кезде үйленген сәттері есіне түсіп сағына қиялға шомып кетті.

Бір уақытта шала орысшасын айтып қайта-қайта келген соң Америкалық Девис атты жас жігітке керек-жарақтарын тексеруді үйретті. Жапониядан келген Ямагута спутникті телефонмен бала-шағасына өз тілінде хабарласып жатты. Тау ауасына бейімделу жоспар бойынша екі аптаны алады. Туристерге онша кедергі келтірмей Санжар өзі де тынығып алуға тырысты.

Осы альпинистік кәсіпті қала мектебіндегі күнделікті дәріс беретін бір тектес дене шынықтыру сабағынан жалыққан соң бастап кеткен еді. Соңғы кездері жұбайымен де дәм-тұздары жараспай көп ұрысып-керісетін болды. Миын тынықтыру үшін де апталап тауда жүріп қайту да Санжарға өте бір өзіндік пайдасын тигізуде. Әйелі соңғы кезде телефонмен көп сөйлесіп, бітпейтін кездесулері таусылмай жүрді. Оның өз бастығымен әуей болып жүргенін де естігенде, бұл қызғанып, үйі шу-шырқаннан соңғы кездері арылмай кетіп еді. Оның үстіне әйел адаммен салғыласу Санжардың табиғатында жоқ қасиет болатын. Содан, әйеліне қатты көңілі қалып үйіне апталап барғысы келмей жүрді. Оңаша жатып ойланатын, қамығатын жерді аңсап тұратынды шығарды. Ал альпинистік кәсіп өзіне және жүріп-тұрысына дәл келіп, осылай жүру ұнайтын болғандықтан біраз жылдан бері осы әуесқой альпинистерді тасумен айналысуға шығып кеткен еді. Ақшасы да көңілге қонымды болып тұр. Ал өткенде «Осы жылғы соңғы экспедиция болсын»- деп қысқа қарай шыңға шығуды тоқтатпақшы еді. Тапсырыс берушілер қолқалап қоймаған соң жолға аттанған ды. Өйткені қыркүйек айы келген соң ауа райы тау басында жиі бұзылып, қолайсыздықтар тудыруы мүмкін еді. Онымен қоймай мына командадағы адамдар жақсы баға ұсынып тұрып алған соң осы сапарға шыққан.

Таңертең шыңға шығатындар бір-бірін дауыстап оятып, жинала бастады. Ауа райын болжаушылар бүгін тыныш болады деп күтсе де батыс жақ аспан ерекше қара бұлттанып тұрды. Әйтсе де, шетелдіктер уақыттарының санаулы екендіктерін алға қойып тұрып алған соң амал қалмады шықпасқа. Санжар өзімен бірге Хан Тәңірі шыңының күнгей жағына шығуға жиналғандарды бір қарап шықты. Баратын жолдың өзі он алты күнді алады. Ал, қайту одан азырақ уақыт. Әрине бәрі дұрыс болып жатса.

Өзі бастаған топтың ішінде Ресейден келген екі ғашық жастар бар екен. Бір-бірінен бір елі қалмай келе жатқан жұптардың аты Арсен мен Анель болатын. Екеуі жеке қалса болды мүмкіндіктерін қалт жібермей аймаласа кетеді. Оларға Санжар бірнеше рет ескерту де жасады. Тауда аса қырағылық сақтап, жан-жағына жіті қарап жүру керек. Онсыз тез арада арандап қалу қаупі бар еді.

Хан тәңірі қызыл түске боянып, кейде ағарып кетеді. Күннің түскен сәулесіне қарай мың құбылып тұратын жеті мың метрде орналасқан осы тау шыңы талай сырлар мен тарихты өз қойнында жасырып қалып жатыр-ау. Егер осы тауларды сөйлетсе небір ғалымдар бас қатырған сырларды жайып салар еді ма? Осы талайды қызықтырған тауды қырғыз ағайындар күн батар кездегі реңіне қарап «Қан Тау» деп те атап кеткен екен.

Олар үш мың метрдей көтерілген кезде ауа-райы бұрқасындата бастады. Күн райын болжайтындар дегенмен де аяқ асты циклон көтерілсе қауіп бар-ау дегендері тура келе жатқандай.

Қар бұрқасын болып кетті. Жол көрінуден қалды. Мұндай оқысты күтпеген альпинистер үрейлене бастады. Адамдар бір-бірімен арқан арқылы байланысып, алдағы жан сақтайтын үңгірге жетіп алуға тырысуда. Мұхит деңгейінен биіктеген сайын ауа құрғап, тыныс алу қиындай түседі. Алып жүруге өте ауыр тіршілік нәрі-су тез таусылады мұнда. Тек қарды ерітіп ішкеннен басқа амал қалмайды. Оның өзі уақытты алады. Бет терілер құрғақтықтан жарылып, кебе бастайды. Бірінші биік шатқалды бағындыру да оңайға соқпай тұр. Бәрі де алғаш шыққан адамдар болғандықтан тәжірибе жоқтың қасы. Тек интернеттен ғана көріп, дайындалғандары болмаса ешкім де мардымды қадам жасап жатқандары білінбейді. Ганстың күші сарқылып, аяғының ауырлағанын айта береді. Ол медициналық тексеруден өткен кезде бұрындары ревматизммен ауырғанын жасырып қалған екен. Енді сол аяғы қатты суықта сыр бере бастаған ды. Оны сүйемелдеп келе жатқандар да әбден болдырған сыңайлы. Үңгірге жетуге небәрі үш жүз метрдей қалса да жол қысқарар емес. Сол үңгірде от жағатын орын, жылы қалқа және базамен сөйлесетіндей рациямен де емін-еркін байланыс ұстайтын еді.

Кенет таудан қатты қар көшкіні жылжи бастады. Айғайға басқан ол адамдарын түгендей жөнелді. Сегіз адамы қасында болып екі адамы көрінбей жатыр. Тексере келсе екі ғашық Арсен мен Анель жоқ болып шықты. Жүрегі аттай тулаған ол арт жағына қараса қар көшкіні жақын келіп қалған екен. Жан ұшыра олар жүгіре жөнелді. Кеш бата жан сақтайтын үңгірге келіп жеткен олар соңдарынан Арсен мен Анельдің жоқ болғанына әбден көздері жетеді. Базамен байланыс жасаған оған: «Екі адамды қайтсең де табасың, әйтпесе сотталасың, түрмеде шірисің»- деп база бастығы айғайға басты. Түнімен гүрілдеген жел мен суықта түнеп шыққан олар таң ата тау жаққа қарап айғайлағанмен ешкім жауап қатпады. Ауа райының мұндай тосын сый көрсеткеніне таңырқаған әуесқой альпинистер екі адамдарынан айырылған соң, жоғары шығуға қорқып қалған сыңайлы.

Санжар қалған сегіз альпинистерін тау етегіне, базаға жақындатып түсіріп тастап, артқа қарай өзі іздеп шығуға бел байлайды. Оларды базадан келген жол көрсеткіш жарты жолдан күтіп алып кеткен соң Санжар жарақтарын түгендеп алып демалмастан жоғарыға шығып кетеді. Біраз көтерілген ол қар көшкіні болған жерге де жақындап қалады. Айғайлап дауыстайын десе қар көшіп кетуі мүмкін. Не болса да омбылап іздеп келеді. Әуеге тік ұшақтар да көтеріліп, іздеу жұмыстары жүріп жатты. Бірақ нәтиже жоқ.

Бір күн бойы сайды шарлаған ол әбден титықтап, шаршап үңгірге келеді. Ойы сан саққа жүгірген ол «Шет ел адамдарын өлтіріп алғаны үшін мені соттауы мүмкін»-деген күдік басын шарлап, әбден дал болады. Бірге жүрген екі ғашық жұптың қылықтары көз алдына келген ол не істерін білмей аҺ ұрды. Екінші күні қайта шығып іздейді. Қаншама қарды күреп, ұңғылайды. Күн де ұясына батып бара жатты. Күннің ұясы дейтіндей тау ішінде кеш ерте түсіп, арқан бойындай төмендегенде-ақ қараңғы батып кетеді. Ол бүгін тағы да жоғалғандарды таппадым деп ұнжырғасы түсе берді. Уақыт өткен сайын оларды тірі табу мүмкіндігі де азая бастайды. Осылай ойланып келе жатқанда кенет, сайдың қалтарыс жағынан бірдеңе қар астынан қызара бастағандай болады. Жан ұшырып жақындап келген ол Арсен мен Анельді тауып алады. Екеуі де сұлық жатыр. Тіршілік белгілері білінбейді. Аударып қараса екеуі де жан тапсырған екен. Біреуінің үстін түн ішінде аң келіп тырналағаны анық байқалады. Екеуі де әбден қиналып, көшкін жүріп өтіп, қар астынан әрең шығып жан тапсырған сыңайлы. Қатты қобалжыған Санжар өліктердің бастарын құшақтап алып өкіріп жылап қоя береді.

Екеуіне де қолдан шана жасап, жолға дайындайды. Бәрі дайын болған соң жасаған шанаға тиеп алып еңіске қарай құлдырай жөнелді. Базаға бір-екі шақырым қалғанда баруға жауапкершіліктен қорыққан Санжар шет елдік адамдарды таспен көміп, үстілеріне белгі орнатады. Базаға қайтуға жүрегі дауаламай тұрған ол мәйіттер туралы хабар береді де рацияны тасқа бір ұрып сындырып, тауға қарай шығып кетеді. Тоқсаныншы жылдары жастықпен жүріп сотталғаны бар еді екі-үш жылдай. Толығырақ екі жыл сегіз ай. Біреулерге қосылып адам бопсалауға қатысып, жазасын алып шыққанды. Содан бері түрменің қарасын көргісі келмейтін. Өмірбаянында сотталған деген дағы бар оны өкімет аямайтынын ол жақсы білетін еді. Оның үстіне мұны бұрынғы кезін жасырып жұмысқа алған адамдарды да қарабет қылғысы келмеді. Санжардың көз алдына мерт болған қос ғашықтар қайта-қайта елестеп, жанын қоярға жер таппады. Өрімдей жас жігіт пен қыздың ыңырсып қиналған дауыстары таудың гүрілімен құлағына келгендей мазасын кетіре берді. Қатты қорқып стресс алған ол база жаққа қарай-қарай тауды бетке алды. Әйтсе де елге оралуға дәті шыдамай тек қана жоғары өрлеумен болды, өрлеумен болды. Ақыры ол қайтадан адам аяғы баса алмайтын таудың биік жеріне шығып алудан басқа амалы қалмады.

Сол кеткеннен Санжар мол кетеді. Оны тікұшақпен іздеп, парақшалар да таратады. Сотталмайтынын, жаза қолданбайтынын айтып үндеу де жариялайды. Ол болса қарасын да көрсетпейді. Санжарды бір жылдай іздеген соң амал жоқ өлдіге санап, Қазақстан мемлекеті осы оқиғаны жылы жауып қояды. Бала-шағасына да солай деп айтып, альпинист әріптестері үйіне кіріп көңіл айтып шығады.

Ал Санжар тауды кезіп көп жүреді. Осы бір таудың қасиетті және киелі екенін дінге онша сенбесе де ол сезетін. Қандай жағдай болса да өз жанын, тәнін осы тау не қылса да қорғап қалатынына сенімді еді. Тауға қарап тұрып: -«О, қасиетті Хан Тәңірі, мен саған келіп, баурайыңда өмір сүргім келеді. Мені бауырыңа баса көр»-деп сайды жаңғырта жалбарынды. Оның бұл айтқанына амалсыз көнген қатал әкедей аспан жарқ-жұрқ етіп найзағай атылды.

Санжар сол жердің бір тағысындай сіңісіп кете барды. Күндер өткен сайын ол аздап тауға да бейімделе бастады. Өзінің үйреншікті қонып кететін үңгіріне келіп біраз паналап, альпинистер келетін маусымда таудың ең қиын шатқалдарына қарай тасаланып кетіп қалады. Өзіне ыңғайлап жоғары адам аяғы баспайтын аюдан қалған үңгірге жансақтап, паналайтын үй-жай жасап алған еді. Биікке үш мың метр шыққан соң-ақ аңдар жоқтың қасы болады екен. Биіктеген сайын тыныс алу қиындап, архар мен маралдарға жайылу да оңайға соқпайтын сыңайлы. Тек қар барысы ғана өте сақ қимылдап қылаң беріп тұрады. Міне сол аң ғана ең биікке қаперсіз шығып кеткен архар мен маралдарды ұстап жейді. Оның үстіне ең семіздері мен күйлілері ғана осындай биіктікке көтеріліп шыға алады екен. Санжар да сол қар барысы сияқты күн кеше бастады десек те болады. Аң таптырмайтын кезде суыр, тышқандарды да аулап жеуге машықтанып алды. Моңғол халқының деликатес ретінде суыр етін ішіне қызған тас салып пісіретін әдісті де есіне түсіріп көрді. Сонда сырты толықтай ұйытылып пісіп, іш жағы қып-қызыл қылып салған таспен былбырап тұрып пісіп шығатын еді. Мұны ол Ерден деген моңғол жігітімен өткен жылы шыңға шыққан кезінде үйренген еді. Келе-келе дәмді қылып суыр еттерін де қақтап алатын болды. Аңның сұрпы етін өзінің қарнына іш майымен толықтай сыйғызып, үстіне от жағып басқа жерге кете беретін ді. Бір-екі күннен соң әлгі жерді қазып алғанда сірнесі де дайын тұратын еді. Бұл тамақ түрін де ол бала кезінде «Барымташылар осылай істейтін еді»-деп айтатын ақсақалдардың әңгімелерінен талай естіген еді. Яғни ұрлыққа бара жатқанда бір қойды сойып, қарнына іш майымен бірге қосып салады екен де жерге көміп, үстіне көжелерін қаперсіз пісіріп отыра береді екен. Сосын, өздері ары қарай жылқы айдап келуге кете барады. Ал қайтар жолда суыт жүргендіктен, түнде от жағуға болмайтындықтан дайын тамақты қазып алып жей береді екен.

Осылай өзінің аспаздық өнерін де шыңдап, тауда өмір сүре берді. Күндерде табиғатымызда тым сирек кездесетін еліміздің символы қар барысын да бірнеше рет шыңға жақын жерлерден кездестірді. Күшіктерін ертіп, сайды жағалап бара жатқан аңдарға қарап ерекше тамсанды. Осы бір тамаша көріністерді тек өзі ғана тамашалап тұрғанына сенбестей жан-жағына қарап-қарап қояды. Келе-келе өзін тіпті осы бір таудың ажырамас бөлігіндей сезіне бастады. Кейде өзін бір Робинзон Крузоға да теңейтін кезі болды. Тек бір қарама-қайшылық онда Робинзон еліне жете алмай дал болса, Санжар өз елінен қашып тасалана күнелтуде еді.

Сөйтіп жүріп тау ешкісін атқан Санжар жараланған аңды қуалаймын деп оңбай құлап түседі. Бес метрдей биіктіктен құлаған ол миы шайқалып қатты жарақат алады. Есі кіресілі-шығасылы, қабағы жарылып онысы үлкен тыртық болып біткен соң түрі адам танымастай өзгереді. Басы жиі ауыра беретін ол кейде есі ауысып қайдан келгенін кім екенін де білмей қалатын күйге жетеді. Кей-кезде тіпті тау етегіндегі қаланың жарықтарына қарап айғайлап ұлып та алатын кезі болатын еді. Санжар әбден жабайыланып нағыз тау тағысына айналып бара жаттты. Тау етегінде отырған малшылар сол кезде «біссімілләларын» айтып бір қорқып алатын ды. Қандай аңның дауысы екенін де білмей кейде дауласып жататын олар. Санжар тіпті жабайы аңдар тұзаққа түспей ашыққан кезінде тау етегіндегі малшылардың ешкі-шібіштерін де көтеріп кететін кездері болған. Үстіне теріден күпі киген еңгезердей мақұлықты көрген малшылар кейде байқап қалып артынан оқ ататынды. Сосын елге әрине «Қар адамын көрдік»-деген қауесет газет пен телевидения және ғаламторға көптеп тарап жатты.

Арада екі-үш жылдай өткен соң әр жердің ақпарат құралдарынан –«Хан тәңірі тауының жоғары жағынан қар адамы пайда болыпты, малдарды ұрлап әкетеді екен»- деген әңгімелер айтыла бастайды. Бұл оқиға криптозоологтарды елең еткізіп, қызығушылықтар туа бастайды. Ал бұл күнде басынан оңбай жарақат алған Санжар елге қайтуды ойламақ тұрмақ есі кіресі-шығасылы әбден жабайы күйге енген еді. Үстіндегі киімдерінің бәрі тозығы жетіп, бас аяғы толықтай теріден шоқпыт тігіп кие бастайды. Өзінің бойы еңгезердей жүз тоқсан сантиметрдей болғандықтан қорбиған тері киіммен тіпті зор көрінетін болды.

Бір күні күздің жайма-шуақ күндерінде өзіне таныс әуенді естіп тауды паналай етекке жақындаса бір топ саяхатшылар шатырларын тігіп, музыканы қатты қосып қойып демалып жатыр екен. Қарны әбден ашып, адамдар жейтін тағамдарды сағынып кеткен ол ел жатқанша аңдып шатқалда жатады. Кеш бата инстинкті түрде бәрі ұйқыға кеткен кезде жолдорбаларының аузындағы түйіншектерін ағытып, консервілер мен жолға арналған тамақтарды бір жолдорбаға сиғызып алып жымқырып кетеді.

Таңетеңгісін тұрған олар аң дейін десе ештеңені жыртпай жолдорбалардың аузын ақырын ашып, керек заттарын басқасына еппен салып алып кеткен құбыжыққа қатты таңырқасты. Әйелдер жағы қорқып, қайтуға бел байлайды. Адам аяғына ұқсас ізді көріп олар жылдың осындай күз уақытында жалаң аяқ жүретін кім болды екен деп те таңырқасты. Ақыры сол қар адамы- «Малшылар көрген, яғни, Албасты болуы әбден мүмкін»- деп шуласты олар.

Саяхатшылардың да әртүрлісі болады емес па. Сондайлардың бірі демалып жатып, тау шатқалында мергенсініп қалбырларды атып, арақ ішіп маңайдың тыныштығын бұза берген соң оларды қатты қорқытып та қояды. Өзінің аумағын сарып белгілейтін аңдар құсап бөтендерді жақтырмай бұрқылдап жүреді кейде. Тіпті түн ішінде келіп автокөліктерін бүлдіріп, ескерту жасап та отырды. Ал ұнамағандарын неше түрлі әдістерімен қорқытып, үйлеріне тым-тырақай қайтарып та жіберген кездері болды.

Бір күні Санжар қар барысының ұясының маңайына өте жақын барып қойды ма екен үстіне тура шатқалдан қар барысының үлкен ұрғашысы тап береді. Кеудесіне найзадай қадалған өткір тырнақтары ауыртып барады. Әрең дегенде жерге аяғын нықтаған ол мойнынан қылқындырып өзінен әрі лақтырып үлгереді. Бір уақытта барыстың балалары да үңгірден қыңсылап шыға бастаған соң қатты айбаттанып тұрған барыс та жуаси бастайды. Оның қасына келген баласы «Ол адам бізге тиіскен жоқ» дегендей шешесінің мойнына асылып бірдеңе деп жатты. Жарасын ауырсынған ол ақсаңдап үңгіріне бет алды. Санжардың әрбір күні осылай жан берісіп, алысу үшін өтіп жатты. Қауіп қатерге толы тынымсыз күндер осылай жылжып өте берді. Тағылармен алысқан Санжар да тағылана бастаған еді. Еңгезердей денесімен қоректі көбірек қажет етіп ашығатын күндері де жиі болып тұратын еді.

Сондай күндердің бірінде малшының қызы бес жасар Айша әке-шешесінің үйінде қаперсіз ойнап жүрген еді. Ата-анасы үйде от жағып жүрген ымырт кез болатын. Өзінің қыс ішінде ерте туған қошақанын сипалап қора жақта жүрген ол қойлардың қатты үркіп, ешкінің бажылдаған дауысын естиді. Ешкі туып қалды ма деп қораға жетіп барған Айша еңгезердей құбыжықтың ешкіні қолтықтап алып бара жатқанын көріп тілден айырылып қалады. Ол болса адымдай басып, Айшаға жақындап келіп, «қорықпа мен саған тимеймін»-деп күбірлеп басынан аттап өтіп, әрі қарай тау шатқалына қарай еңкеңдей жүгіре жөнеледі. Тіпті жабайы аңдай аққаладан секірмей сықырлата есікті ашып шығып кеткенін артынан біліп жатты. Алқына жүгіріп келген әкесі қызының ләм-мим деп айта алмай тұрған сұп-сұр түрін көріп құшақтап алады. Қызының аман екеніне көзі жеткен ол тау жаққа қарап бей-берекет мылтығын бірнеше рет атып-атып жібереді. Бірақ артынан қар адамының «қорықпа мен саған тимеймін»-деген сөзін Айшаның сандырақтаған сөзі ма деп ешкім онша мән беріп, сене қоймайды. Тек шет елден келген мамандар ғана суретке іздерді түсіріп Айшадан нақтылап сұрап жатты.

Санжар мекен еткен тау маңайының бәрі шу-шырқан болып алысқа естіліп жатты. Халыққа және малдарға көп кеселін тигізе бастаған соң тау тағысын қолға түсіру мақсатында Ресей, Қазақ және Қырғыз елінен арнайы тәжірибелі альпинист, Қазақстанның спорт шебері-Василий Толмачев пен бірнеше жас ғалымдар бастаған ғылыми экспедициялық топ жарақталады. Олар үш мың метрлік биіктікке шейін көтеріліп, Қар адамын аңдумен болды. Тіпті биолог мамандар да ерекше қызығушылық танытып, оны ұстаса одан тұқым алуға болатындығын алға тартты. Оның генындағы талшықтармен будандасса ерекше мықты керемет ауруларға төзімді адам тұқымын таратуға болатын еді дегенді айтты. Сондықтан, не болса да басқа ел алдымызды орап кетпей тұрғанда қолға түсіру керек деген жоспар құрылады.

Үкіметтен арнайы жасақталған сайдың тасындай өңшең спортшы жігіттер ол жүреді-ау деген жерлерге қақпан құрып, тұзақтар байлайды. Бірақ оның бір де біреуіне Санжар түспей қақпандарды жауып, немесе талқандап кетіп отырды. Кей кезде тұзақты өздеріне қарсы жолдарына құрып қойып, өздері арандайтын болды. Интеллекті өте жоғары тау тағысы бұлардың бір жақтан қызығушылықтарын тудырса екіншіден үрейлендіре түсті. Кейін бара-бара бұл енді іздеуші отрядтың әбден ызаларына тие бастайды. Болмаса енді атып алсақ та тәубе деген байламға келеді олар.

Бүгін де сондай іздеуші отрядтың сай етегіне демалуға тоқтаған кезі болатын. Василий Толмачев жігіттеріне керек жарақтарын жайғап, тынығуға рұқсат береді. Неше күн суыт жүрген жігіттер біраз белдерін жазып, тынығуға кірісіп кетеді. Ішінде жүрген жас спортшы Қайрат елдерді бір қорқыту үшін кешкі ымырт кезінде тері тонын теріс айналдырып киіп дәрет алатын жаққа барып жасырына қояды. Түзге шыққан Василийдің өзі ербең етіп алдынан жүгіріп өткен құбыжықты көріп жалпасынан түспесі бар ма. Қалған жігіттер қыран топан. Тұтығып қорқып кеткен Василий Иванович:

- Мен сені мына дротикпен атып тастасам қайтер едің?- деп айғайға басты.

- Андағы дәріңіз маған онша әсер ете қоймас,-деп Қайрат та бой бермейді.

- Сен білмейсің ғой мына дәрі сендей екі өгізді құлатып салады.

- Мені Василий Иванович өгізге теңегеніңіз қалай? Мен әлі жаспын ғой, бір бұқадай жаным бар,-деп жігіттерді бір мәз қылды Қайрат.

- Болды қойыңдар қарқылдағандарыңды. Ертең ауыр күн болады. Тағы да жоғары өрлейміз,-деп Василий Толмачев бәріне жатуға бұйрық беріп, қуланшақ Қайратты жаза ретінде күзетке қойды.

Тынымсыз іздену мен табандылықтың арқасында Толмачевтың тобы ымырт кезінде кезекті аңға шығып келе жатқан Санжарды ақыры қоршауға алады. «Қолдарына түссем ұстап алып, мен өлтіріп алған шет-ел адамдары үшін жазалайды, түрмеге қамайды» деген ғана ақпарат миында қалып қойған Санжар бар дауысымен айғайлап қоршаудан қашып шықпақ болады. Арқасына қадалып жатқан дротиктердің де уыты тарап, денесі дел-сал ауыр күйге түсіп барады. «Ақыры қолға түстім-ау» деп өкірген Санжардың дауысы сайды жаңғыртты. Қасына жақындап қалған адамның қолындағы кезенген мылтығын көрген ол бар күшін сала ышқынып қолын бірақ сермегенде әлгі адамның бетінен қан бұрқ ете қалады. Соңынан мылтық кезенген адамның есін жиған соң «Жабайы, тағы нағыз адамға ұқсайды, ол адам сияқты» дегеніне тағы да ешкім онша сеніңкіремеді сол кезде. «Адам сондай алып күшке қалай ие болады, сонша дәріге қалай уланбай аман-есен қашып кетеді» деп дал болды экспедиция. Санжар сол секіргеннен терең құзға қарай құлай жөнелді. Қар адамын қолға түсіреміз деген топ сол бетінде тау тағысынан тағы да айырылып қалады. Жараланған адамның маңдайынан терең ойық жараның ізі қалады. Тырнағы аюдай болып өсіп, ерекше күшке ие тау тағысының қайратына барлығы артынан тәнті болды. Үлкен екі өгізді ұрып-жығатын дәрінің уыты еш дарымаған Албастының күшінің қаншалықты зор екеніне көздері жетіп, арнайы топ амалсыз артқа қайтуға мәжбүр болады.

Санжар болса оңбай құлаған терең тау шатқалында ыңыранып бірнеше күн жатады. Аяғы шытынаған болса керек. Есін біраз жинаған соң тірсегін тобылғыдан жаңқа кесіп алып, серейтіп байлап алады. Үңгіріне жетіп алған ол, әбден әлденгенше өзі қақтап дайындаған тышқан-суыр еттерін талғажау етіп әл жинайды.

Адамдардан әбден зәрезап болған оның жоспары одан да жоғары адам аяғы тіпті сирек жететін жерге қарай қашу болып тұр еді. Түн ішінде ол жардың басына ақсаңдай шығып, жабайы аңдай өз әдетіне басып қалаға қарай ұзаақ ұлыды. Қаланың үстінен қалың түтін арылмай оттары жарқылдап жатты. Ол ұлыған сайын сай-сүйекті сырқырататын дауысы тау етегіндегі адам еститін жерге шейін күңіреніп, қатты жаңғырып тұрды. Ал аңыз қылып айтатын қар адамы сол күйінде барша жұртқа, әлем халқына жұмбақ болып қала берді, қала берді.

Роллан Ораз-хан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Айтжамал Мұқашқызы

14.04.2019 20:00
Әсерлі.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар