Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ыбырайдың ізімен»

24.08.2021 891

«Ыбырайдың ізімен»

Нұр-Сұлтан – Қостанай велошеруі

Барша қазақ баласын оқу-білімге шақырып, өзі оқулық жазып, тұңғыш мектеп ашқан ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринның биыл 180 жылдық мерейтойы. Көштен қалып бара жатқан еліміздің жастарын қатарға қосамын деп бүкіл ғұмырын сарп етті. Тыңнан түрен салып, көпке үлгі болды. Ел болашағы жастарға тәлім-тәрбие беру арқылы тұтас ұлтты тәрбиелеуге болатынын, тек солай ғана жарқын болашаққа қадам басарымызға сенім білдіріп, үлкен үміт артты. Ыбырай ашқан мектептер байтақ даламыздағы мөлдір бұлақтай болды. Білімге сусаған жастарға рухани нәр беріп, бойына қуат, жанына шуақ құйды. Білім берудің жаңаша үлгісін әкелді. Қаламымен де, қайратымен де халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаны зерттеп-зерделеу бүгінгі әрбір ұрпақтың қасиетті парызы.

Әдеби педагогикалық мұрасы ұрпақ тәриесінде маңызды рөл атқаратын Ыбырай Алтынсарин балалар әдебиетінің атасы саналады. Ұлы ұстазы: «Өз Отанымыздың пайдасына қолдан келгенше қызмет ету – әрқайсымыздың борышымыз!» деп, елі үшін аянбай еңбек етті.

Халқымызды азаттыққа жетелеп, ең алғашқы қазақ зиялыларын қалыптастырып, күреске дайындаған - Ыбырай мектебі. Оның жемісі – Алаш қозғалысы. Алаш арыстарының дені осы мектептен білім алды. Жасынан «Қазақ хрестоматиясын" жастанып өскендер. Соның арқасында қазақтың азаттығы үшін күресіп, мемлекетіміздің негізін қалыптастырды.

1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлына Әлихан Бөкейханның жазған бір хатында «Ыбырай жөнінде өзіңнің жазғаның жақсы болар еді» - деп ерекше тоқталып өтеді. Ұлылар арсындағы үндестік деген осы болса керек.

Ғафу Қайырбековтің бір сөзінде: «Кезінде, ұлы Петр өз қолымен кеме жасау арқылы Европаға қалай жол ашқан болса, Ыбырай да мектептер ашу арқылы қазақ даласына білім мен мәдениеттің қақпасын ашты. Сол заманында–ақ, қазақ халқының болашағы тек мектептерде, оқуда, өнер, білімде екенін айқын сезіне білді» - деп бағалаған екен.

Қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлин өз еңбектерінде Ыбырай Алтынсаринның өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқаталады.

«Ыбырай өз үйінде және жақын достарына қонаққа барғанда анда-санда аздап домбыра тартып, ән салуды жақсы көрген. 80-ші жылдарда Қостанай, Торғай маңына да тарай бастаған Ақансері өлеңдерін, олардың ішінде, әсіресе «Маңмаңкерді» жақсы көріп, көбіне осы өлеңді айтатын болған. Ыбырайдың 60-шы жылдардан бастап ақындар мен күйшілерді қасына ертіп, өзіне үйір ұстау әдеті кейінгі тұста ұлғаймаса, азаймайды. Ақындар мен әншілер Ыбырай үйінің қашан да арылмас, ажырамас қонағы болады. 80-ші жылдарда Ыбырайдың қасына көп еріп ән салған адамдардың бірі, Ыбырайдан 10-15 жастай кіші Байкенженің Аманжолы деген жігіт.

Ыбырай қазақ арасында жүргенде замандастарының одан ерекше байқап, жоғары бағалаған өзгешеліктерінің бірі оның таза қазақ тілінде сөйлеуі, тілді сол кездегі молдалар тәрізді араб, парсының діни сөздерімен, немесе орысша оқыған, тәрбие алған адам боп, орыс сөздерімен де араластырмай, халық тілінде, қоспасыз сөйлеуі. Ыбырайды көзі тірісінде танып, бағалай бастаған азғантай қазақ жастары ағартушының еңбектерінде өзекті орын алған ұлт тілін таза сақтау мақсатын оның өмірдегі мінез-құлқынан да, өзгелермен кездескендегі сөйлесу мәдениетінен де көріп, оған ерекше тәнті болады. Сонымен қатар Ыбырай әсіресе оқып жүрген жастарға ұлт тілін қадірлеу, қамқорлау, оның тазалығы мен бүтіндігі үшін күресу, еңбек ету сол ұлтқа, халыққа қызмет етудің алғышарты, әліппесі боп табылатынын әрдайым түсіндіре, таныта жүрген. Ананың тілін сүйіп, оны өзіне мақтаныш ете білмеген, ол үшін еңбек білмеген адам, халқын да сүйе алмайды, ал оған көрсете алмайтыны өз-өзінен түсінікті деп ойлаған.

Қарамағындағы мұғалімдерді баласындай немесе жақын да жанашыр туысындай көріп, оларға әрбір ірілі-ұсақты жайлардың тұсында ақыл-кеңес беруді өз өмірінің негізгі міндетіндей түсінген Ыбырай әрбір мұғалімнің қуанышы мен ренішін де қалтқысыз бөліседі.

Бір ғажабы – Ыбырай қанша қуғын көрсе де, қандай қорлыққа ұшыраса да, ағарту саласындағы жұмысына бір салқындық жасамайды, енжарлық білдірмейді, оның үлкен мәселесіне де, кіші мәселесіне де баз-баяғы шынайы шабыт, зор қайрат-жігер, ыстық ықласпен кіріседі. Осының өзінен ағартушының өз ісі мен оған билеуші қауымның қатынасын бір-бірімен шағыстыруға, біріне ренжіп, екіншісіне салғыртсуға болмайтын екі дүние деп танып, айыра қарағанын аңғару қиын емес.

«Ұсақ халықтарға білім беру ісіне қарсылық ертеден-ақ бар еді, бірақ сол барған сайын өрбіп, енді әр тараптан, әр мазмұнды айыптаулармен, жаулықпен ұласып барады. Мені ұсақ халыққа білім берудің бірден-бір тірегі деп санап, өлгенімді асыға күтіп жүрген адамдар бар» деп жазды ол өмірінің соңғы күндерінде.

Ыбырайдың қазақ халқының алдындағы еңбегін адамзат санасында сәби дәуірден сақталып келе жатқан аңыз геройы – Прометей ерлігімен салыстыруға болады. Прометей аспаннан от әкеліп, адам баласына жылылық пен жарық берсе, Ыбырай сонау заманда туған халқының арасына алғашқы білім шамын әкеп жағып, оны жарық дүниеге қарай бастады, осы жолда бар өмірін түгелдей сарп етті, Абайдай «соқтықпалы, соқпақты жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысты». Сондықтан оның өмірі мен ісінде бір дұрыс қадам жасаудан мың теріс қадам жасау мүмкіндігі мол болады. Соған қарамастан, ол халқы үшін баға жетпес істер жасады. Бірақ жалпы ағартушыларға тән қайшылықтар мен кемшіліктерден алыс кете алған жоқ.

Бұған ең алдымен қазақ қоғамының сол кездегі жалпы дәрежесі, мәдени-экономикалық мешеулігі кінәлі еді. Ыбырай өзінің халық ағарту, мәдениет, әдебиет, тіл са-ласында мүлдем жаңа бағыт туғызып, негізін қалаған аз еңбегімен халқының тарихында, мәдениетінде, санасында өзіне ұсынса қол жеткізгісіз ескерктіш жасап қалдырды. Әділін айтсақ, Ыбырай – халқымыздың шын мәніндегі тұңғыш институты. Оның өшпес идеялары тек өзінен кейінгі ондаған жылдарда ғана толық жүзеге асып, өлмес, өшпес сипат алды. Ыбырайдың есімі де, еңбегі де туған халқымызбен бірге алдыңғы сапта мәңгі өмір сүре береді, күресе береді.

Өмір есігін аттаған сәби шағынан бастап ол халықтың сөз өнерін, жетелі сөзді тәңірдей тұтынып, қадірлейді, сөздің күші мен құдіретін көре, сезіне өседі. Әкесі Алтынсарыдан ерте айрылып, атасы Балғожаның қолында тәрбиеленіп, ержетеді. Балғожа Жаңбыршыұлы XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әйгілі казақ билерінің бірі. Би болғанда ол ескінің сойылын соғып, етегіне жармасқан, жаңалық атаулыға қарсы шығып, қасарысқан қарадүрсін би емес, өмірдің, қоғамның даму ағымын терең түсініп, соның ыңғайына орай бұрыла білген, одан өзі мен өз табының мүддесіне лайық қорытынды жасай білген ойлы, тапқыр би.

Балғожа қазақтың арғы-бергі сөз өнерін, мәдениетін терең біліп, оның асыл байлығын көңіліне түйіп, көкірегіне жинаған және сол сөз өнерін өзінің ұзақ жылғы би, билік қызметінде, тәжірибесінде бірден-бір құрал етіп тұтынған адам. Ол шешен де тапқыр, ақылды, ойлы би ретінде көптің құрметіне бөленіпті. Балғожа айтып, тындырыпты деген неше түрлі билік шешімдерді, даулы үлкен істердің түйіндерін орыс ғалымдарының еңбектерінен жиі кездестіреміз. XIX ғасырдағы көрнекті шығыстанушы ғалымдардың бірі В.В. Григорьев Балғожаны, Н.И. Ильминскийдің айтуына қарағанда, айрықша бағалаған. Бұл бағалау оның қолында үлкен билік тізгіні болғандықтан ғана емес, жеке басындағы көптеген қасиеттеріне де байланысты еді. Шешен де өткір, қазақтың тарихы мен кейінгі өмірін, ауыз әдебиеті мен этнографиясын жақсы білген, орыс, қазақ тілдерінде бірдей алғыр, ұтымды сөйлеген Балғожа Григорьев үшін жай әңгімешіл қарт қана емес, қазақ өмірі мен өнерінің жанды шежіресіндей қымбат та қадірлі болғанға ұқсайды. Петербургтың көп ғалымдары Шоқанның әкесі Шыңғыстан қазақ тарихы мен мәдениетіне, әдебиетіне байланысты көптеген қызықты деректер жинатып алдырса, Григорьев те Балғожамен сыйлас, қадірлес жылдарында одан қазақ өміріне байланысты аз мәлімет алмаған. Ал Н.И. Ильминский болса, ол Балғожаны көрмесе де, Григорьев арқылы жақсы біліп, өте жоғары бағалайды. Балғожа шешендігіне, халықтың сөз байлығын жетік білуіне қоса, өлең де шығарған. Оның бірнеше өлеңі халық жадында сақталып, біздің дәуірімізге жетті.

Сөйтіп, Ыбырай қазақ қауымында, оның, әсіресе, ел тізгінін ұстаған Балғожа сияқты үлкен биінің әлеуметтік ортасында дүниеге келіп, қоғамда, өмірде көп тірліктің түйіні, тетігі сөз арқылы жүзеге асып отырғанын қаршадайынан көзімен көріп, көңілімен ұғына есейеді. Ол осы сөздің орнын тауып, орнықты оймен айтылып, ел мен ердің тағдырын дұрыс шешкен, сол жолдан тайып, теріс кеткен тұстарына да сан рет куә болады. Мұның қайсысы да болашақ ағартушының дүниетанымына әсерін тигізбей қалған жоқ. Ыбырайдың бала жігіт кезінде түйген негізгі түйіні – қазақ сөз өнерінің күші мен құдіреті, көркемдігі мен байлығы болды. Осы бай мұрадан ол өмір бойы үйренеді, үлгі алады. 1857 жылы Орынбордағы қазақ балалары үшін ашылған мектепті алғашқы бітіргендердің бірі Ыбырай күз айларында Тобыл бойындағы туған ауылына, атасының қолына келеді. Балғожамен еріп жүріп, ел көреді, жер көреді, ерді, елді аузына қаратар сөз өнерін үйренуге ұмтылады, билік пен шешендіктің ескі жөн-жоралғысымен, жазусыз заңдарымен, тәртібімен танысады, атасының ел ішіндегі жеңіл-желпі тапсырмаларын қазақ жолымен шешуге қатынасады. Ыбырайдың сөз қадірін терең түсініп, оны үлкен өнер дәрежесінде тануы мен бағалауында және тікелей тәжірибе жүзінде қолданып, іске асыра бастауында осы бір қысқа кезең (1857 –1859) шешуші рөл атқарады.1859 жылдың көктемінде сүйікті атасы қайтыс боп, көп қиындықты бастан кешіріп, маусым-шілде айларында оның басына үй тұрғызып, адамдық, азаматтык, перзенттік міндетін атқарысымен, тамыз айында Орынборға қызметке ауысқан Ыбырай артта қимас ағайын жұртымен бірге, халқы, оның бай көркем сөз өнері қалғанын жақсы сезінеді. Елден, жерден қанша алысқа кетсе де, халқымен, оның әдебиет, мәдениетімен, тарихымен ажырамас, алы-стамас бірлігін сонда түсініп, кешікпей сол ортаға кайта ораларын болжағандай сезіммен аттанады.1859 жылдың күзінен 1860 жылдың май айына дейін Орынборда әртүрлі қызметтерде (облыстық басқармада) болған Ыбырай туған, өскен ортасынан, оның тұрмысы мен өзіндік мәдениетінен біраз алыстап, өзге бір ортаға кезігеді. Ол В.В. Григорьев пен Н.И.Ильминский сияқты сол заманның көрнекті шығыстанушыларының ортасы еді. Василий Васильевич Григорьев туралы біздің заманымыздағы ресми еңбектерде оның өмірі мен кызметі негізінен патша өкіметінің шет аймақтарды отарлау саясатын жүргізуші өкілі ретінде бағаланады. Бұл дұрыс. Алайда, шығысты зерттеуші белгілі ғалымның – Петербург университетінің профессоры В.В. Григорьевтің жалпы шығыс, оның ішінде Россиялық шығыс жөніндегі зерттеулері патша үкіметінің отарлаушылық саясатының тар шеңберінде қалып қойған жоқ. Оның кейбір еңбектері әлі күнге дейін маңызын жоймай келеді.

Ыбырайдың орысша, европаша терең білім алуына, өз бетімен қажымай-талмай білімін көтеруіне В.В. Григорьевпен катар зор еңбек сіңірген адам – Николай Иванович Ильминский (1822 –1891). Қазан университетінің профессоры, шығыстың белгілі зерттеушісі, миссионер Н.И. Ильминский 1858 –1861 жылдары Орынбор Шекара комиссиясында тілмаш боп қызмет істей жүріп, казақ тілі мен этнографиясын, фольклорын көп зерттеді. Олардың ішінен 1862 жылы ол жариялаған «Ер Тарғын» жыры – қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптардың бірі және қазақ фольклорының алғаш баспа бетін көруі боп табылады. Сондай-ақ 1862 жылы Н.И. Ильминский «Қазақ тілін өздігінен оқып үйренушілерге көмекші құрал» атты кітапшасын жариялады. Бұл да біздің ана тілімізді зерттеу мен оның өзіндік грамматикасын жасаудағы тырнақалды еңбек. Әйгілі миссионердің қызметі бүтіндей алғанда патшаның отарлаушылық саясатына бағынғанымен, оның қазақ фольклоры мен тілі жөніндегі еңбегі, ең маңыздысы – Ыбырайға жасаған әкелік қамқорлығы оның есімін қашан да зор ілтипатпен атауымызды қажет етеді.

Н.И. Ильминский мен Ыбырайдың достығы бірге қызметтес болу кезеңімен тынған жоқ. Осы тұста басталған олардың жылы қарым-қатынасы отыз жыл бойы, яғни Ыбырай кайтыс болғанға дейін, тіпті онан кейін де риясыз созылды. Сөйтіп, екі-ақ жыл бірге қызметтес болған бұл екі адам жас шамалары мен білім дәрежесінің және саяси сенімдерінің әртүрлілігіне қарамастан өмір бойы достасып өтті. Ыбырай өз басы үшін ғылым-білім үйренуде ғана емес, халық ағарту жұмысының киын-қыстау кездерінің қайсысында да Н.И.Ильминскиймен хат арқылы хабарласып, оның ақыл-кеңесін, көмегін алып отырды. Тіпті мектептер мен училищелер ашу ісінде де, кітаптарын жазу мен жариялауда да оның беделі мен жәрдемін пайдаланғаны мәлім. Ол екеуінің арасындағы хат жазысу отыз жыл бойы үзілген жоқ. Ыбырайдың бұл хаттары оның ұлы еңбегін танып білуге өлшеусіз зор көмегін тигізіп келгені өз алдына, сонымен бірге халқымыздың рухани өсу жолындағы өте-мөте бағалы мұра болып та-былады.Н.И.Ильминский – Россия шығысындағы көп халықтардың белгілі адамдарымен танысып, достасқан ғалым. Оның Шоқан Уәлихановпен жақын қарым-қатынаста болғаны да соңғы жылдарда анықталды. Татардың көптеген мәдени қайраткерлері Н. И.Ильминскиймен ұзақ уақыт бойы достық байланысын үзбеген. Осы ретте Н.И. Ильминскийдің татар ғалымдарына қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді таныстырып, олардың достасуына себепкер болуы өте қызғылықты жай. Татардың ХIХ ғасырдағы белгілі ағартушысы, ғалымы Хұсайын Фаизханов 1860 жылы Орынборға келген сапарында Н.И.Ильминский арқылы Ыбыраймен достасып, өле-өлгенше оның өмірі мен қызметіне алыста жүріп-ақ үнемі назар аударып отырды.Н.И.Ильминский Ыбырай өлгеннен кейін де араларында ұзақ жыл бойы жалғасқан шынайы достыққа адал қызмет етті. Өзінің жасы келіп қартайғанына, жұмысының көптігіне және денсаулығының нашарлығына қарамастан ол Ыбырайдың хаттары мен іс қағаздарын, көптеген өзге хабарларын Орынбор, Торғай облыстары бойынша жалықпай іздеп, белгілі адамдарға хат жазу арқылы сұрастырып, табу мен жинаудың негізінде 1891 жылы Қазанда “Алтынсарин туралы естеліктер” кітабын шығарды және өзі сол жылы қайтыс болды. Бүгінде ұлы ағартушымызды танып, білу ісінде бұл кітаптың тигізген пайдасы өлшеусіз зор.

Ыбырай ел ішінде оқу, ағарту ісін жолға қою, қалың жұртты өнер-білімге тарту шараларымен шұғылданып жүргенде халық өмірімен мүлде қоян-қолтық араласып, оның тұрмыс жағдайын, мұң-мұқтажын, аса ділгер боп отырған мәселелерін тереңдей зерттеп білуге бүкіл күш-жігерін, ықылас-ниетін жұмсайды. Мұнсыз халықты да, оның арғы-бергі өмірімен де, қажеттілігін де жеткілікті танып, білу, әсіресе, сол тарапта күресу мен белгілі іс тындыру мүмкін еместігін жете аңғарады. Бұл орайда екі түрлі жайды атап айту қажет. Ол қазақтың ауыз әдебиетін таза көркемдік дүниесі тұрғысынан ғана бағалап, қадірлеп, қастерлеп қойған жоқ, одан халық жүріп өткен ұзақ өмір жолының ақиқат іздерін, шындық көріністерін, тарих тереңінен өзімен бірге әкеле жатқан мұңы мен зарын, алдағы күнге деген арман-тілектерін көруге тырысты.

Ыбырай Торғай бойына келісімен ел өміріне белсенді араласады, күндіз-түні қалың көпшіліктің, бұқараның арасында болады. Ағартушылық идеяларын халық арасында жая түсу үшін, халықты қайткенде өнер-білімге, озық мәдениетке тарта түсу үшін, өзінің өмірімен де, өнегесімен де, мінез-құлқымен де жұртқа әсер етуді, сөйтіп оларды өзінің соңынан ертуді көздейді.

Ыбырай халықтың әні мен күйін, жыры мен аңыз-әңгімесін сүйіп тыңдаумен қатар, әнші, күйші, жыршы, әңгімеші кәрі құлақ ақсақалдарды зор құрмет тұтады. Олардың бірсыпырасын ел аралаған тұстарда қасына ертіп жүрсе, біразына өзі іздеп барып, тыңдайды, аса қажет деп тапқан жыр, өлең үлгілерін хатқа түсіріп алады. Оның қасында жүріп ән салып, өлең шығарған, жыр айтқан белгілі адамдардың өзі бірнешеу. Олар: Нұржан, Сейтахмет т.б.

Сондай-ақ, Ыбырай 1860 жылдан бастап Т.Сейдалинмен танысып, одан көп нәрсе үйренеді. Жас жағынан да, білім жағынан да одан біраз егде, тәжірибелі Сейдалиндер қазақтың арғы-бергі тарихы мен тұрмысын, этнографиясы мен фольклорын көп жинап, зерттеді, жариялады. Олар осы саладағы еңбектерімен жаңа өсіп келе жатқан, бар тілегі балғын жігіт Ыбырайға да көп ұстаздық жасады.

Сөйтіп, Торғай өңіріне, сол арқылы жалпы дала өміріне білім шырағын жағуды арман етіп келген Ыбырайдың ендігі өмірі түгелімен қайнаған халық тірлігінің ортасында өтеді. Ол халық тұрмысының ауырлығы мен азабын, аздаған қызығы мен мол қасіретін көзімен көріп, көңілге түйеді. Қызығы дегенде, ән мен күй, өлең, жыр, қысса-хикаяларын халықтың өзімен бірге тыңдап, емін-еркін сусындайды, сол арқылы ел өмірінің тереңіндегі сырларды ұғына, біле түсуге ұмтылады. Осылайша ол халықтың бай көркемдік мұрасы – ауыз әдебиетінен, бір жағынан, өз бетімен, өзі үшін, өзіне қажеттіліктен үнемі үйреніп, өмірлік, өнерлік тағылым алса, екінші жағынан, Орынбор, Қазандағы достарына, олардың шығыс фи-лилогиясы саласындағы еңбектеріне материал жинап, жіберу тұрғысынан айрықша көңіл бөледі, зерттеушілік, жинаушылық мақсатта назар аударады.

1862 жылы «Ер Тарғын» жырының жеке кітап боп басылып шығуы жас фольклористің өміріне ерекше әсерін тигізеді. Қазақ жырының, қазақ сөзінің кітап бетінен көрінуі Ыбырайға өзгеше күш-қуат қосып, оны алдағы үлкен үміттерге қарай қанаттандыра, құлшынуы мен құмарын арттыра түседі.

Қазақ эпосының тұңғыш рет жарық көруі Ыбырайға көп ой салды, ауыз әдебиеті саласындағы ізденулеріне нақты жол көрсетті, сенімін арттырды.Ыбырайдың фольклор мен этнография тарапындағы талап-ниеттерінің ғылыми бағыт-бағдар алып, лайықты нәтижелерге жетуіне көп септігін, көмегін тигізген шаралардың бірі – географиялық қоғамның Орынбор бөлімшесінің ашылуы. Ыбырайдың этнографиялық еңбектерінің бағалылығы, аталған мәселелер бойынша халықтың көне за-маннан келе жатқан әдет-ғұрыптарын бүге-шігесіне дейін қамтып, кеңінен көрсетуінде ғана емес, сонымен бірге кейбір жайлардың сыртында тұрған, шығу төркінінде жатқан әлеуметтік негіздерін де ашып көрсетуінде еді.

Елордамызда бірінші қыркүйек қарсаңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына және Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының 100 жылдығына, сондай-ақ еліміздегі барлық ұстаздар қауымына арнаған веломарафон бастау алды».

«Нұр-Сұлтан – Қостанай» велошеруі 23 тамыз күні, дүйсенбіде, таңертеңгі сағат 9:00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойындағы Ыбырай Алтынсаринге орнатылған тақтатас жанынан басталды.

Бір ерекшелігі қатысушылардың барлығы – әуесқой велошабандоздар. Мамандықтары да әртүрлі. Мұғалім, журналист, зейнеткер. Веломарафоншылар мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізге ала отырып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын және Ыбырай атамыздың 180 жылдығын насихаттауға азаматтық үлес қосқысы келеді. Бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірін, әлемнің біршама елдерін аралаған велошабандоздар қаламыздан ерекше рухпен аттанды.

Ашық аспан астында өтетін көп күндік велошеру елдегі, аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты енгізілген санитарлық талаптар қатаң сақтала отырып, өткізіледі.

Іс-шараның бірнеше мақсаты бар:

1) Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірін, бай мұрасын және ізбасарларының еңбегін өзіміз тану және танытуға, насихаттауға атсалысу;

2) Қалың жұртшылықты, әсіресе жастарды саламатты өмір салтын ұстануға үндеу;

3) Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіну және сезіндіру, елді, жерді сүюді, патриотизмді насихаттау;

4) Қоршаған ортаны қорғауға, айналаны, табиғатты аялауға үндеу.

Веломарафонның ұзақтығы – 750 (жеті жүз елу) шақырым. Бір бағытқа (Нұр-Сұлтан > Қостанай) ғана жасалады және 6 күнге созылмақ.

Велотоп Қостанай қаласына жеткен соң, осы қаланың іргесіндегі Ыбырай Алтынсарин кесенесіне барып ұстаз рухына дұға бағыштауды, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейімен танысуды және Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке баруды жоспарлап отыр.

ВЕЛОТОП 5 АДАМНАН ТҰРАДЫ:

1. Ернат Мелсұлы, бастамашы (инициатор), ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы. «Хабар 24» телеарнасында шетелдік шолушы. Журналист. Нұр-Сұлтан тұрғыны. 2018 жылы 500 шақырымдық «Астана-Ақтоғай», 2019 жылы 208 шақырымдық «Қарағанды-Жаңаарқа», 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына арнап 1088 шақырымдық «Нұр-Сұлтан – Жидебай» велошерулерін ұйымдастырған. 1982 жылы туған.

2. Қайрат Ырғызбаев, Нұр-Сұлтан тұрғыны, зейнеткер, ҰКҚ запастағы подполковнигі, пенсионер, «Қостанай велоқауымдастығының» мүшесі. 2019 жылы бүкіл қазақ жерін аралап, 7 мыңнан астам шақырымды артта қалдырған (осы тізімдегі Эрнст Баймұхамбетов екеуі). 1964 жылы туған.

3. Түгелбек Қасымов, Алматы тұрғыны, зейнеткер, ардагер-ұстаз, зейнеткер, 76 жастағы ақсақал «Атом қаруына жол жоқ!» деген ұранмен 2016 жылы Жапонияға белесебетпен барған. Ол жалпы 40 елді белесебетпен аралап шыққан. 1945 жылы туған.

4. Эрнст Баймұхамбетов, Нұр-Сұлтан тұрғыны, ҚР Президентінің Күзет Қызметінің (қазіргі – ҚР Мемлекеттік Күзет қызметінің) отставкадағы полковнигі, зейнеткер. 2019 жылы бүкіл қазақ жерін аралап, 7 мыңнан астам шақырымды артта қалдырған (осы тізімдегі Қайрат Ырғызбаев екеуі). 1955 жылы туған.

5. Қазыбек Бекеев, Нұр-Сұлтан тұрғыны, инженер болып жұмыс істеген, зейнеткер. Бұған дейін «Петропавл-Алматы» бағытында 1800 шақырымды белесебетпен 104 сағатта жүріп өткен. 1954 жылы туған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Қазақстан30, #ыбырайалтынсарин
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар