Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Хамза Есенжанов. Жар

08.06.2019 459

Хамза Есенжанов. Жар

Кеше ғана. Күні кеше.

Орман уілі әлі құлақта тұр. Қалың ағашты қақ жарып сырғып жатқан Чулым сыбдыры да ап-айқын естіледі. Тіпті қабағы жазылмайтын сол бір жердің қоңыр күні де көз алдында: аспаны сұр, жері ылғал — дымқылға бөккен ну қапырық зілдей боп иығыңнан басып тұрғандай. Мұның бәрінен де аяулы жардың мұңды жүзі көзге айқынырақ елестейді. «Қасірет бұлты бір адам басына неге төне береді» дегізеді...

О бір кезде: бес мұғалім бір күні, бір сағатта мектебімізбен қоштасып қалдық. Олардың бірі — ағылшын тілінің профессоры, бірі — физика доценті, бірі — ботаник, бірі — география мұғалімі, бесіншісі мен едім. «Бәсе!» дедік те қойдық. Арғы жағы белгілі ғой. Бесеуіміздің ендігі көз тігетініміз тек дәрігерлер мен инженерлер. Олар қайда жүрсе де «өлмейтін» жұмысын істеумен келеді. Күндемесек те ішімізден: «Шіркін-ай!» деп қоямыз. Ондағымыз «өзінен-өзі үріккен заманда ұстаздық қой нысанаға алдымен ілігетін»— дегендік.

Ит тұмсығы өтпейтін Тайга төріндегі аядай ауданда бос жүру қандай қиын. Өзіңді қайда қоярға білмейсің. «Жер бетіне сыймайсың». Бесенеден белгілі адамсың, бала екеш бала да: «Анау!» дегендей қолын шошайтады бізге қарап. Мұндайда: суға кеткен тал қармар — уақытты ұттыратын тек қармақ. Дүниеде қармақ салудан асқан рақат не бар! Жан-жүйеңнің тынысы тарылмайтын жер жалғыз-ақ өзен жағасы. Оның үстіне түбіндегі қиыршығы көрініп жататын тап-таза ағын су болса! Ондай судың балығы да өзгеше келеді: сұлудың қасындай қиылған қара көз бен сызылған қызыл қанат үйір-үйірімен жосып бара жатады, тастаған қармақты қалай қауып кеткенін байқамай да қаласың! Ал ағынға қарсы жүріп барып, ойнаққа кері сырғанаған шоқыра қандай жақсы, керме қармақтың қойдан қоңыр жемі ғой! Жем демекші, шұқыған жеріңнен шұбатылып шығатын қызыл құртты шаншып жіберіп, тал құрыққа таққан қармағыңды қадағалайсың да тұрасың. Ешкімнің сенде, сенің ешкімде шаруаң жоқ. Тек қалтқың қылт етсе қозғаласың. Бірақ қабағыңды шытпайсың. Жүзіңе сәби шырай жүгіреді, екі көзің тоңқалаң асып қайта шығып, су бетімен жорғалай жылжыған қалтқыда! Өмір тауқыметі ойдан шығып кетеді. Рақат! Қармақ салған — рақат! «Иә» балық қаба ма?» деген таныс дауыс қана жалт қаратады. Бұл, көбінесе ауруханадан үйге қайтар алдында, іргедегі су жағасын бір торып кететін дәрігер жолдасың болып шығады.

Бүгін де:

— Жетер енді, шаршадың ғой,— деген сол екен.

— Сабыр ет, үндеме,— дедім мен оған, қалтқыдан көзімді алмастан.— Шабайын деп тұр...

— Сенің инженеріңе кіріп шығайық.

— Иә, онда не бар?

— Бейшара! «Сізді ауруханаға саламын» деп едім, ол: «София Яхиевна, бірер күн сабыр етіңіз, бүгін әйелім келмекші еді,— деді. Әйелінің келгеніне құтты болсын айтып шығайық.

Мойнымды енді ғана бұрдым — әйелім жүзінде әлдекімді мүсіркеген аяныш шырай байқалды.

— Жақсы, кіріп шығайық. Бәрібір, күн ақ жауындатып тұр: Бүгін балық та селсоқ.

Өзеннің сол жағасына анталай өскен қалың талдың танымалы түбіне қармағымды тасалай салдым да, әйеліме еріп жүре бердім. Бірақ инженердің үйіне жеткенше ауызға елеулі әңгіме түсе қоймады, сірә, дәрігер инженердің сырқатын сөз еткісі келмеген шығар. Ал мен оның алыстағы жары келу қарсаңында ауыр дертке душар болғанына налыдым — әлденеге көңілім ұйтқып, не бір жаман ойларға кете бердім. Бір кез Михаил Ивановичтің (инженердің аты осындай еді) бірінші кездескен күннен бастап айтқан сөздерін ойыма түсірдім. Сол күндегі бет әлібін көз алдыма келтіруге тырыстым. Өңін, жүрісін, мінезін талдадым. Бұрын Красноярскіде кездескенбіз. Бәріміз бір ауданға жөнелткен топтың ішінде кеткенбіз. Ондағы екеудің орысы — Михаил Иванович еді де, қазағы — Ақтөбенің Жұмағалиы еді: Кәдімгі Жұмекең шал. Жұмекең сыдырым сақалды арық адам да, Михаил Иванович жұқа өңді, қызыл шырайлы. Көзге түсетін баскейіптерінің бірі: екі көзі ұясынан шығып кетердей, сыртқа тепкен кісі. Баста бұл бейнесі көзге оғаш көрінсе де, келе-келе үйреніп кеткенбіз. Тіпті оны елемейтін де едік. Ақырын ұтымды сөйлейтін, көп нәрсені жете білетін, әсіресе қала тарихына судай — оның өткені мен болашағын көз алдына елестете әңгімелейтін инженерді. Міне, менің үйіне келе жатқан таныс адамым, тіпті сырлас Михаил Ивановичымның сырт пішіні осы. Бір жағынан оның көптен көрмеген, айтып аузынан тастамайтын, жұма сайын жіберген тамағынан таттырып тұратын жолдасының келгені қуантса, әйелімнің оны сырқатты жан, ауруханаға салмақшымын» дегені көңілге үрей сала береді. «Байғұс жаңа ғана жарымен бірге тұрып, үй болып, ошақ басының шағын қуанышына қосылып шаттанатын, үзілмейтін үмітті бір жүріп, бірге күтетін, енді міне қауіпті сырқатқа кездесіп...» деп қоям келе жатып. Мұны да біреулер естімесін дегендей, ішімнен ғана ойлаймын.

Үлкен жолдан аулақ жатқан ну орман ішіндегі бұл селоның үйлері біріне-бірі егіз қозыдай ұқсас: теп-тегіс бөренеден салған, бәрі де шаршы келген, күн мен жауын жеп қара түтінденіп кетсе де, сабан төбелісі жоқ дерлік, бәрі де қарағай қиықты үйлер. Қақпалары да жә тақта, жә жұмыр ағаштан, қора-қопсылары да ағаштан. Дуалдары да сондай. Тіпті бау-бақшаларының қоршаулары да не шарбақ, не талдан тізбектеген, бейне бір ши ұстап қойған сияқты. Тегіс ағаш — мол байлық ішінде тұрғаны көзге бірден шалынады. Деревнялардың жол бойын қуалап салынатыны сияқты, бұл селен өзен бойын қуалай өскен — кез келген қора түкпірі суға тіреліп жатады. Бақшаға нәр беруге өзінен өзі-ақ тіленіп тұр.

Өзгелердей иті бар, қара-құрасы мол үй емес, Михаил Ивановичтің пәтері ұл-қызын ел қорғауға берген жетім кемпірдің кішкене ағаш үйі еді. Қайың отын мол болғандықтан өте жылы. Күн көзі кемтар болса да, айнала терезелі, жарығы жеткілікті, жайлы пәтер болатын. Инженер жаңа ғана келген жұбайымен шүйіркелесіп отырса керек. Пижама киген күйі бізге есік ашты да, қуанышты үнмен пеш жанында отырған жұбайына бұрылып:

— Таня, достар келді. Мына жігіт менің сапарлас және тағдырлас жолдасым, өзі әдебиетші — сенің коллегаң. Ал, София Яхиевна дәрігер, менің дәрігерім,— деп таныстыра бастады.

Таня бізге қарсы жүрді. Әрине, мәпелеген ері үшін Таня аты қалмаса да, әйел бір қыдыру жасқа келген, елуге иек сүйеген ерінен төрт-бес жас қана кіші болуы керек. Бірақ әлі өңін бермеген. Қоңырқай шашының самай тұстарын қырау шалса да, көруге аса көркем жан екен. Әжімсіз, өте келісті біткен аққұба бетін қой көздері әдейі әшекейлеп қойғандай көрінеді. Жинақты дене, сұлу мұрын, биязы ерін — орыс халқының Еділ бойындағы көркем қыздарының бейнесін көз алдыңа алып келеді. Самара мен Саратовта жиі көріп жүрген таныс жандардай екен. Өзі де сол өлкенің қызы болып шықты. Мұны кейін біліп, жас кездегі ертегідей естен кетпейтін сұлу Саратовты көп әңгімелейтін болғанбыз.

Сөйтіп, алыстағы ауданда тағы бір дос семья есігін ашқандай болды. «Сенің коллегаң» деген сөзге мен өзгеше елең ете қалдым. «Жә әдебиет мұғалімі, жә жазушы болды ғой, әй сірә мұғалім шығар...» дегенге тіреле бердім. Өйткені жүз реңінің аса мейірімділігі, өлшеп-пішулі жүріс қимылы, шашаусыз сөз жинақтылығы, тіпті үнінің ырғағы құлаққа айқын шалынатыны — көп жыл бойы көркем сөзді уағыздаған ұстаз мінезіне лайық көрініп кетті.

— Жоғары шығыңыздар! Менің атым Андреева Татьяна Михайловна,— деп қолын ұсынды әйел:

Жоғарысы, төмені жоқ кішкене үйдің ішіндегі стол жанында тұрған орындыққа тізе бүгісімен Михаил Иванович:

— Қазір мен сіздерге шай ысытамын,— деп жалма-жан стол үстінен сырлы қоңыр шайнекті алып пешке қарай ұмтылды.— Бүгін біздің үйде кішкене той. Танянің келу тойы. Шай ішеміз. Саратов тағамын татамыз, әңгімелесеміз.

— Рақмет!

— Рақмет!— дестік біз қосарлана сөйлеп.— Біз шайға қарамаймыз. Амандасып қана шығуға келдік.

— Жоқ отырасыз, мен тез ысытамын шайды.

Біздің отыру-отырмауымызды әбден анықтамастан, жолдан келген әйел де ерінің ісіне араласа кетті.

— Миша, шайды өзім ысытамын. Сен отыр да жолдастарыңмен бол. Үй-ішіндегі ұсақ жұмыстан сені енді мүлде босатамын.

— Жоқ, Таня құдай үшін қозғалма. Сен жолдан келдің, шаршап келдің сонша жерден,— деп еді ері, әйел оған көнбеді.

— Жоқ, Миша, мен мүлде шаршағаным жоқ. Саяхат жасағандай, дүниенің жер-жерін аралап, көңілім ашылып келді. Шексіз қуаныштамын.

— Танюша болмайды. Ең болмаса бүгінше қозғалма. Міне, шайды қойып та болдым.

— Жоқ, Миша! Онда екеуміз бөлісеміз. Сен балықтың қабыршағын арши бер, мен картошка тазартайын.

— Жоқ, Таня, екеуін де өзім істеймін.

Ұзақ жылдар бойы еріксіз сарғайып, жоғалтқан бақытын қайта тапқан бұл жанашыр жұбайлардың жүздерінде шаттық нұры лапылдап тұрғандай еді. Оның үстіне біріне-бірі үй ішінде де жанын пида етерлік ізетті мінездері елден бөлек әсер етті. Екеуінің қуанышын өз қуанышымыздай көріп кеттік, тәтті минуттарын бізге бөлуге қимадық. Тізе бүккен орнымыздан қалай түрегелгенімізді де білмей қалдық.

— Әуре болмаңыз!

— Біз отырмаймыз.

— Екеуміз де қызметтеміз, дей салдық.

Менің қармақ салудан өзге кәсібім қалмағаны да естен шығып кетті.

Дәрігерім бұл халді байқап қалды білем, тез кетуді басқаша дәлелдеді.

— Амандасып, келгеніңізге құтты болсын айтып шығу үшін екі-үш минутке ғана кірдік. Жұмысым бастан асып жатыр. Ғапу етіңіз. Және еліміздің салтынша: шеттен келген дос-жаранға үй-жайды көрсету біздің борышымыз,— деді.

Екеуміз бас иіп шығып кеттік.

Үш күннен кейін Михаил Ивановичті жақсылап емдеу үшін ауруханаға салды. Сырқатының ауыр екенін әбден сезем — бірақ: «Қалай болар екен?» деген сұрақ көмейге тіреле береді, сыртқа шығарғым келмейді. Жауап қандай болар! Оның үстіне көпке жаймайтын дәрігерлік сырды ашу жолдасыма да қиын ғой. Үйде де, өзен басында да Михаил Ивановичтың сол қиын-қыстау кезеңде дем бергені есімнен кетпейді. Оның, жаңылмасам, бірінші сөзі сенімнен басталды. Ол Красноярскіде:

— Саспа, ағайын, жақсылықтың бәрі алда,— деген-ді.

Бұл сенімін ол миға құя берді. Келе-келе: «Саспа ағайын, кеңшілік алда» деген мақал болып кетті. Қабағың қаттырақ шытылған кезде де, тіпті шахмат үстінде ойланып қалған шақта да «саспа, ағайын...» дейміз. «Қазір талай жыл бөлек тұрып, төсек суынып, көңіл мұздап, күте-күте жан мен тән қоса сарғайған ауыр кезең артта қалды» — дегенде:

— Апыр-ай, асыл азамат ардақты жарымен бір жұмада бірге тұра алмай сырқаттанып қалды-ау,— дедім.

Үнімнен мұңды дыбыс еріксіз естілді білем, жолдасым бетіме жалт қарады. Бірақ үндемеді, үйге келгенде қолынан тастамайтын «Мед. архивына» қайтадан үңіле түсті.

Мен тағы да:

— Қаны азаюдың мәнісі неден екенін медицина көптен біледі дейсіңдер. Оны қалпына түсіру де ғылымның қолынан келетін шығар,— дедім, сұрақтан гөрі сенген үнмен.

Әйелім тура жауап бермей:

— Бұл ауданға қан мен пенициллин де мол жеткізілмейді. Крайздрав біздің телеграммамызға «ауа райының ауырлығынан самолет ұшпай тұр» деп хабарлады,— деді.

Бірнеше күн өтті. Күн санап науқас инженердің хәлі де ауырлай түсті. Ал, сол үлкен қайғының үстіне алыстан келген аяулы жардың басына көлденең тағы да бір қасірет килікті. Бұл бәрінен де ауыр тиді. Бірақ әйел мұны ауруханадағы еріне айтпастан, алдымен бізге келді.

Татьяна Михайловнаның әлденеге мұңайған пішінін көріп:

— Уайымдамаңыз, Михаил Ивановичке қанды үзбей құйып жатқан көрінеді. Дәрігер бүгін тәуір деп келді,— деп жұбата түстім, «ерінің сырқатына мұңайып тұр ғой» деп ойлап.

— Жұбатуыңызға көп рақмет. Менің... менің...— деп әйел сөз таппай іркілді де, күрсініп: — менің түсім бұзылып келгені басқа себептен. Адам ойына келмейтін ауыр сөзден, аса ауыр сөзден,— деді.

Мұңды пішінмен күрсініп алғанына үні сай шықпады: жұмсақ лебізінен іштей бір қатаң дыбыс естілді. «Не болып қалды?» деген ой: «Сұра!» деп дігірлесе де, мұқшай түсуді мақұл көрмей, сөзді тағы да ерінің аман-есен жазылуына бұрдым.

— Жабыққан кезде Михаил Иванович бізге дем беріп: «Саспа, ағайын! Жақсылықтың бәрі алда» деп жұбатушы еді. Сол айтқан жақсы күндер сөз жоқ — алда болуға тиіс. Сіздің аман-есен келгеніңіз де көптен күткен зор жақсылықтың бірі.

— Мұның бәрі де дұрыс қой, адам үмітпен өмір сүреді. Сол көп үміт күткен жанның бірі Михаил Иванович. Қазірде: «Жазыламын, Таня» деп жатыр. Ал? ауыр сөз басқа адамның аузынан шықты...

Әйел кідіріп қалды, ойын жинақтап, сөз саралағандай, аздап тамағын кенеді де, желкесіне түйген шашын жөндеді. «Ауыр сөз... дейді. Тағы не пәле кездесті бейшараларға?» — деп ойладым мен, мұның не екенін естігенше шыдамай.

...Өмірім елегізумен өткен жанмын ғой. Мишаны ауруханаға салған сағаттан бастап тағы да елеурей түстім. Бұрынғы елеуреу — бұрынғы жалғыздың мұның қасында ауызға алуға да жарамай қалды. Жамандық ой орала береді. Осынша ауыр кез бастан өтті-ау дегенде, Мишамен біржола қоштассам не болды, деп қалам өзіме-өзім. Мұндай нәрсені ойламайын десем де болмайды. Ауызы күйген үріп ішеді емес пе? Бәрі сол жамандық жайдың салдары. Сыртқа шығам. Сыртқа шықсам ауруханаға қараймын. Үйге кірсем терезеден көз алмаймын. Кейде есікке көз тігемін. Ондағым: сестра мен дәрігердің бірі келіп қалмас па екен дегенім. Өйткені, Мишаға не керек болса соны өзім тауып берейін, маған хабарлай көріңіз,— деп тілек еткемін. Бірақ күткенің келмейді, ойлаған ойың орындалмайды. Бәрі керісінше келеді ғой кейде...

— Сонда енді сізді...— деп сөзім соңын жұтып қалдым.

— Мен бәріне де көндім,— деді әйел.

Ол менің іркіп қалған сөзімді айтпай-ақ ұқты. Бірақ «бәріне де көндім» деген жауап тұла бойымды мұздатып жіберді. Айтуға басқа сөз таппай тағы да:

— Михаил Иванович те сауығар, оның «жақсылықтың бәрі алда» дегені де келер. Ол бос сөйлемейтін кісі,— дедім.

Бұл жұбанышыма ол болмашы ғана бас изеді. Мұнысы: «сөз жоқ, солай!» дейтін сенім емес еді.

Татьяна Михайловна кеткеннен кейін: «О, сорлы жар. Бақытсыз Татьяна!»— деймін ішімнен.

Ой ащы. Басқаға бұрамын. Татьяна Михайловнаның елжіреп суреттеген Еділіне кетем. Еділ үстіндегі шағаладай қалқыған ақ кемелер елестейді. Көз алдыңа дарқан өмір келеді. Керіліп жатқан жалпақ судың бейнесі мұнартады. Қос өңірі ен тоғай, шалғынды қырат, ну орман.

Орман іші сыңсып тұрған құс, сусылдап тұрған жапырақ, жүгірген аң, мөлдіреген жеміс. Сұлу сала — Еділ саласы. Көзге толымды, көңілге қонымды сала!

«Жағада Мишамен қол ұстасып жүгіріп — суға шолпып, құмға аунап өстік қой,— дейді Татьяна Михайловна ертегідей жас шағын еске түсіріп.— Пушкинді жаттап, Чернышевскийді оқып таныдық қой, өмір сұлулығын. Екеумізді келешекке жетектеген де сол ұлы — Еділ жағасы еді, ұлы жағаның әсем қалалары еді. Инжекер-архитектор атағын алған соң Ульяновскіге кетті Миша. Саратовтың институтын бітіргеннен кейін мен де кеттім, Мишаның соңынан. Ол көсем туып-өскен қаланы музейге айналдырамын деп арман етті. Сұлу үй, сұлу көше, сұлу фонтан, сұлу мүсін орнатамын деп жанын салды.

Бірақ...»

Ертеңіне Татьяна Михайловна келмеді. Ері ауруханаға түскеннен бері өз пәтерінде аз болатын, көбінесе аурухана жанында, қала берді біздікіне келіп әңгімемен көңіл сергітетін, бұл иман жүзді адамды біз жоқтай бастадық.

— Тағы бір қиындыққа душар болды ол кісі. Әйтпесе бір көрінер еді,— дедім мен әйеліме,— Михаил Иванович қалай?

Дәрігерім үндемеді.

— Татьяна Михайловнаға барып шықсақ қайтеді?

Жолдасым оған да жауап бермеді: «Бұл қалай — әлденеге ренжіп жүрме, болмаса жұмыстан шаршап қайтты ма?»

Тамақты тез-тез ішті де төсекке қарай жүрді.

— Ауырып қайтқан жоқсың ба? Неге баяу жүзің?

— Әлгі сорлы әйел... Татьяна Михайловна келіп кетті күндіз ауруханаға. Мен Михаил Ивановичке айтпаңыз,— дедім. Құдай — ерін, адам — ұстаздықты қимаған... сорлы әйелге...

Мен төмен қарадым — өз жолдасым алдында өзгенің қаталдығына араласқандай болдым. Бұл қаталдық қана емес... онан да зоры еді.

Көп ұзамай Михаил Иванович дүние салды. Қан сарқылудан қайтты.

Бірге жүрген қырық адам болып архитекторды жер қойнына бердік. Сөз сөйлеп, дәріптеп жерлеуге де болмады. Үйінде ғана, сорлы жарына жұбату айттық. Адам ауыр қасіреттен де өлі жандай болады. Татьяна Михайловна бейне бір құлпытас қалпында қалды — үнсіз, қимылсыз төсек үстінде отырған күйінде, жылжымай қалды. Ол жылаған да жоқ. Ақсұр тартқан бетте өмірінің бәрі жазылып тұрған сияқты еді. Кәдімгі құлпытастың бетіндегі жазудай айқын, бірақ өзі жансыз, құр тас тәрізді: ол күні де, келесі күні де сөйлеген жоқ. Біз де оның отырып қалған қалпын бұзбадық, бұзуға келісі де келмеді.

Бірнеше күн өткен соң ғана ол тілге келді.

— Екі сөзінің бірінде Таням, Танюшам, Татьянам деуші еді. Бұл маған бірінші күннен... бастап қойған аты еді. Ақын сөзімен қойған аты еді,— деді.

Иә. «Таня, Танюша, Татьяна моя!» Ақын сөзі!— Талай махаббатты мәпелерде, талай қасіретті жұбатарда айтылатын сөз...

Кешікпей Татьяна Михайловна Саратовына қайтып кетті.

Селодан шыға берісте жылға бар-ды. Жылға түбінде үш түп ақ сирақ қайың бар-ды. Бұл үшеуі етек-жеңі әлі ендей қоймаған жаңа зиратты көз ілмей күзетіп тұр. Көп заман мехнат шеккен, сүйікті елден, туған Еділден аулақта архитектор сол үш қайыңның күзетінде қалды.

Әкеге бала, ағаға іні қымбат. Әйелге жар қымбат. Бұл бәрінен де қымбат. Жары үшін әйел оққа да қарсы тұрады — аяқ жетпес алысқа да барады. Бірақ қара жерге амалы жоқ.

Татьяна Михайловна үш қайың тасасында қалып қойған бейітке қарайлай-қарайлай кетіп бара жатты. Өмір-үміт оны тоқтатпай жетектеп еді, енді алда не бар?..

Өмірде — жар қасіретті, әсіресе асыл жар.

Көктөбел, 1966 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Әдебиетші

08.06.2019 17:34
Әңгіме
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар