Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ғалым Жайлыбай. Қазыналы еді Қажекең...

20.09.2019 981

Ғалым Жайлыбай. Қазыналы еді Қажекең...

«Естелік – сөзден соғылған мүсін» деген екен. (М.Әуезов)

Орқашар баурайындағы бұлақтардан басталып, Тарбағатайдың сілем-сілемінен құлап ағып, Алакөлге құйып жатушы еді Еміл. Қазір жылап ағады. Атамекенге орала алмаған ұл секілді. Қайран Еміл, ескі жұрт...

Сол Емілдің жағасындағы шалғынды даладан шұрқыраған қалың жылқы жер қайыстырып суатқа құлап бара жатқандай елестей береді...

Қазақтың қабырғалы перзенті, үлкен ақыны, этнограф Қажытай Ілиясұлын соңғы сапарға аттандырғанымызға да, міне, біршама уақыт өтіпті.

Жалыным барып-барып сөнер мейлі,

Сонда да өзегімді өнер жейді.

Әттең-ай, өкінішім шашымнан көп,

Ер жігіт тіршілікте не көрмейді?!

Уа, дариға, жалған-ай!

Дүние сенен де өтер, менен де өтер,

Әуенім аққуды да елеңдетер.

Тақ пен бақ, жиған-терген жолда қалып,

Ән мен күй, кейінгіге өлең жетер – деп, Қажекеңнің өзі өксігі мен өкінішін есіне алғандай кейіпте, көз алдымызда мұнарланып барып, таудан асып кеткендей көрінеді.

Ақынның Кеңсайдағы қабіртасына қашалып жазылған осы әннің соңғы шумақтары біраз уақыт бойы ойымыздан кетпеді. Кейін ойлап қарасам, Қажекеңнің көрмеген қорлығы, кешпеген азабы жоқ екен-ау. Неге екені белгісіз, Қажекеңді ойласам, Емілге ентелеп құлаған қалың жылқы көз алдыма келеді. Сол жылқының артында, тоқымын жерге төсеп, ерін басына жастанып, Қажекең шынтақтап жатып алып, ыңылдап мына бір әнге салатын секілді:

Тағдыр құсы жазған мекен маңдайға,

Тарбағатай шырқап салар ән қайда?

Самалыңнан жұпар исі аңқиды,

Таңқурайдың дәмі келіп таңдайға.

Туған жерім,

Құзырыңа,

Қызығыңа,

Табындым.

Төсіңде өскен

Бала күнді,

Самалыңды сағындым.

Ойға батып ара-кідік көз жұмсам,

Елестейді қызыл изен, боз жусан.

Түсірем бе бәз-қалпыңды

қаз-қалпыңды, қағазға,

Өмірбақи өлең ойлап, сөз қусам...

Ән жаңғырып, Емілдің ерке толқындарымен ілесе ағып, біресе қиқулап көтерілген құстардың қанатынан мамырлап, қазақ даласына төгіліп, біресе ұялшақ қыздың жанарындай жеткен тұсынан үркіп ұшып, қайыра әуелеп, қайыра құлдилап, жылқы соңындағы жетім құлынның бауырына тығылып, енді бірде жер бауырлап барып жусан мен изеннің жел қозғаған басына қонып, дір-дір етіп тұратындай. Сол әуенге елтіген мына тіршілік бір сәтке сілтідей тынып, қайыра даурығып, азан да қазан болардай.

Иә, менің көңілімдегі Қажытай Ілиясұлы өлген жоқ. Ол өзінің өмір бойы жырлаған Еміліне оралды. Күн құланиектеніп Тарбағатайдан көтерілген сәтте, күн салып тұрып, шетсіз-шексіз ұланғайыр далаға қарап тұратындай. Алдындағы мың жылқының әрбірінің түрі мен түсін нақ айырып, «қазақтың тарихы – жылқының тарихы, жылқының тарихы – қазақтың тарихы» деп күбірлейтіндей көрінеді. Қажекең Тарбағатай бауырында әлі күнге жылқы бағып жүргендей елестейді. Бір шоқының үстіне шығып алып:

Сәріден қолда құс қырындап,

Сақалын тарайды мұнар бұлт.

Қарт жанын тартады құрулап,

Бойдағы аңшылық, құмарлық.

Астында жарау ат, тоқ бүйір,

Бөктерге тартты тік қыстақтан,

Болса да бет алды көп шиыр,

Таниды-ау, тың ізді тіс қаққан!..

Жөнелді бір сәтте құйғытып,

Көз жазып шыжымды бүркіттен.

Қараймын жаныма күй бітіп,

Қылпына нүктедей бір түрткен!.. – деп, жырлап тұрғандай.

Осы жылқы жайы, атбегілік, саятшылық турасындағы әңгімелер бізді етене жақындастырды. Кез бола қалса, жылқы жайын айтушы еді. Менің де жастығым жылқы айдап өтті. Кісі сөйлесем десе әр нәрсенің басын шалар әңгіме көп қой, алайда Қажекеңнің қозғар тақырыбы ерекше еді. Бір сәт бұл тымырсық қаладан табиғатқа кетіп, түпкі тамырымызға оралып, көңіл жасартып алушы едік. «Шұбырған түйелі көш сағым ойнап, Түсімнен шықпай қойды-ау ауыл-аймақ» деп, өзі жырлайтындай, ел жайлы, жер жайлы айтушы еді. Көшпенді қазақтың қараша үйінде дүниеге келіп, тумысынан түз көріп өскен, тау көріп өскен Қажекең ұсақ-түйек әңгімеден сөз ауылын аулақ қондырып отыратын. Кісіге ұнамды серілігі де бар-тын.

Жалпы, Қажытай Ілиясұлы жылқы мінезді жан еді. Болмыс-бітімі, таң асырылғандай тұлпардай кербез ұстайтын түр-тұлғасы, дегдарлығы, кісі баласын алаламайтын ақеділ, ақжарма көңілі, қағілездігі мен қырағылығы, шамына тисе шырт ететін тік мінезділігі, ойын ірікпей айтатын оттылығы, бәрі-бәрі дала падишасы – жылқыға келетін.

Кейде Жазушылар одағының бір бұрышында бір топ жасты жиып алып, жастарды қыран-топан күлкіге батырып, өзі де соған мәз болып, қазақша, татарша, ұйғырша, енді бірде қытай тілінде өлең оқып немесе әндетіп тұрғанын көретінмін.

Шіркін, ол кісінің көңілі ғана емес, жүрегі де қартаймай кеткендей. Кеңестік және қытайлық саяси режимдерді басынан өткеріп, оның кісіні жанынан түңілтер небір қитұрқы қулық-сұмдығын көріп, жүрегін шер, табанын шөңге тіліп, ел айырылғанда еңіреп, етегі жасқа толған осы ақынның бүгінгі азат заманның албырт жастарымен бірге, өз отанында, өз үйінде әзілдесіп тұрғаны көңілді неге толқытпасын. Толқытқан.

Әзілді айтса, Қажекең айтсын дейтіндей жағдайы бар еді. Ел аузына ерте іліккен пародияларының жадында қалған тұсына шейін жатқа оқып беретін. Соның Абайшалап жазған бірі жинағында жүр екен.

Өлең – соның нан шайы, сөз самасы,

Ұрттап шайқап төгетін ез баласы.

Тілге шөгір, жүрекке кірі тиіп,

Теп-тегіс ығыр болды айналасы.

Бөтен оймен былғанса сөз арасы,

Түсінбей тойтыңдайды бейшарасы.

Қоқымнан қолақпандай том жасады,

Жымпиған, жылпыңдаған бір парасы...

... «Таңдама», топтамасы, баттамасы,

Өтпегенмен, өтеді тапқан асы.

Тартсаңыз таразыға, танысаңыз

Шіркіннің ап-айқын ғой ақ, қарасы...

Мұнан бөлек, хатқа түспеген қанша қазақы қалжыңы бар еді. Ел естімеген бір әңгімелерді айтып, «солай ма еді?» деп таңырқасақ, соған кәдімгідей қоқиланып қалатын. Қалжыңнан қаны қызып алған сәтте тілінің тікені гүлдей, сөзінің зәрі балдай көрініп кететін.

Атыңды естігенде Еміл деген,

Елең ете қайғыдан жеңілденем.

Кетпесем желдей есіп жер түбіне,

Отыз өлең арнар ем кемінде мен!

Соларды жазамын да көңілденем,

Алыста әзілдесіп өлімменен.

Жөңкіл бері жөргекті жуған өзен

Алатының көп әлі сенің менен! – деп, жырлапты бір өлеңінде. «Алыста әзілдесіп өлімменен» деген Қажекең, онсыз да ауыр тағдырын ауырлатпауға ұмтылатын, жүздессең – жылы жымиып, кездессең – көркем сөйлеуге тырысып жүретін. Емілге «алатының көп» деген ақыннан елдің алары көп еді. Біздің аларымыз көп еді. Кеудесі қазынаға тұнған жан еді ғой. Ер кеткен соң елдің өкінері қиын. Еміл...

...Сол Емілдің жағасындағы шалғынды даладан шұрқыраған қалың жылқы жер қайыстырып суатқа құлап бара жатқандай елестей береді... Құлағыма алыстан талықсып Қажекеңнің дауысы жететіндей.

Суреттің авторы: Кarl Kuanyshbek


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар