Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Фархат Тамендаров: Жазу – мен үшін қырдан көбелек қуғандай

11.09.2019 1777

Фархат Тамендаров: Жазу – мен үшін қырдан көбелек қуғандай

Қазақстандық жазушы әрі ақын, бес поэтикалық кітаптың авторы, «Ақ Торна» және «Open Central Asia Book Forum» халықаралық байқауларының лауреаты, қазақ ПЕН-клубының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Литературная Алма-Ата» альманағының шеф-редакторы Фархат Тамендаровтан сұхбат алудың сәті түскен еді.

Өлең жазуды қалай бастадыңыз?

— Басқалар секілді мен де бозбала кезден өлең жаза бастадым. Бірақ оған бәлендей шығармашылық деп қарамаппын. Бәрі сөйткен шығар. Біз ол кезде поэзияға қызықтық, оқыдық. Сөйтіп ер жеттік. Оқу оқыдық, жұмысқа тұрдық. Сөйтіп шығармашылықтан қол үзіп қалған едім. Бір қызық жайт, 1998 жылдары бір жолдасым екеуміз бидай бизнесімен айналысқан едік. Сөйтіп шаруа жайымен қыстың күні Павлодарға барғанымыз есімде. Өйткені бидайды қыста сатып алатын едік. Қақаған аяз. Күніне 200 шақырымдай жол жүреміз. Нан тапшы, бірақ қойны-қоншымыз толы бидай. Сөйтіп жол бойы көктей бастаған бидайды талғажау етеміз. Кейін бір жерден көктеген дән сол жақ миды жақсы жұмыстатады дегенді оқығаным бар-ды. Қысқасы, сол сапарда жүріп 20 өлең жаздым ғой. Алғашқысы, әрине «Дән» деп аталады. Осылайша «Алтын күннің сәулесі» («Солнце светлого сияние») деген алғашқы жинағымды жаздым. Достарым жарыққа шығарды. Негізі өзімнің ең сәтті өлеңім «Күміс ғасыр» («Серебряный век») деп ойлаймын. Сол өлеңнен кейін толымды дүниелер бере бастадым.

— Шығармашылығыңызға қазақ ақындарының қайсысы көбірек әсер етті?

— Сәкен Сейфуллин. Абай емес. Әрине, Абай әлемі – тұтат бір философия. Және мен Абайдың 15 өлеңін орыс тіліне аудардым, бірақ қиналдым. Себебі Абайдың бір тармағының өзінде төрт түрлі мағына бар екен. Ал С. Сейфуллин – лирик, онда махаббат тақырыбындағы өлең өте көп. Мен оның аққу махаббаты туралы поэмасын аудардым. Ғажап дүние. Бойлап оқыдым. Жаныма жақын. Әрине орысша жазған соң, мен Ресей жазушыларына да назар аударамын, маған олардың Күміс ғасыр жазушылары ұнайды.

— 2018 жылы жасөспірімдерге арналған «Тазы» («Гончие псы») хикаятын жарияладыңыз. Идея қалай келді, қанша уақытта жаздыңыз?

— Мен өзімді ақынмын деп ойлаймын. ХІІ ғасырда өмір сүрген татар ақыны Құл Ғалидың «Жүсіп туралы аңыз» поэмасын аудардым. 1110 шумақтан тұрады. Сөйтіп Жүсіптың тарихына қанықтым (оны ағалары он бір жасында құлдыққа сатады да, қырық жеті жасында Мысырдың билеушісіне айналады). Қысқасы, тағдырдың тауқыметіне тап болған бала ер жасына жеткенше «не боламын, не болмаймын» деген байлам жасаған. Менің де өмірлік мақсатым – жетістікке жету, сапалы іс жасау.

Сөйтіп Алматыдағы Ашық Әдеби Мектепке түскенде «Тазы» хикаяты туды. Басында атаулы мектептегі Павел Банниковтың поэзия бөліміне қабылданған едім, артынан Михаил Земсковтың проза бөліміне ауыстым. Өйткені мені проза қызықтыра бастады. Қазақ баласы Жүсіп туралы жазғым келді.

— Неге «Тазы»?

— Өйткені кітап жол тосу арқылы Алматыдан Владивостокқа жетпекші болған төрт жасөспірім туралы. Олар әртүрлі отбасынан шыққан, тұрмыс-тіршіліктері де әр түрлі, бірақ дәл сол кездегі мақсаттары ортақ еді – қалай да діттеген жерге жету. Бірақ олардың ешкімге керегі жоқ еді, оларды жұрт құдды аулаққа қуып тастағандай. Сөйтіп төртеуі жол бойы неше түрлі оқиғаны бастан кешеді. Кітаптың атауы содан туған.

— Кітаптың беташары туралы ғаламторда көп жазылды. Түрлі пікірлер айтылды...

— Әрине. Алматыдағы №134 лицейдің кітапханашысы Роза Ахметқызы Мүменбаеваның арқасында кітаптың беташарын жасадық. Ол кісіге алғысым шексіз. О кісі менің кітабым бойынша конференция өткізді. Кітап 14-16 жастағы балаларға арналған. Және, меніңше, «Менің атым Қожадан» кейін жасөспірімдер туралы ештеңе жазылған емес. Беташар алдында балалар «Меломан» дүкенінен менің сол кітабымды түгел сатып алған екен, сөйтіп қызыға оқыған көрінеді. Өйткені кітапты өзімсіз-ақ талқылауды бастап кетіпті. Қызу пікірталас болды. Және ең қызықты сұрақтардың көбі шығармадағы жағымсыз кейіпкер Перс төңірегінде болды. Иә, осы жаста балалар бір ерлік істесем деп тұрады ғой, немесе құқық бұзуға құштар келеді.

— Сіз білетін қазақстандық жастар кімдер – оқымыстылар ма, іздемпаздар ма, жоқ әлде еш мақсатсыз бос жүргендер ме?

— Қазіргі жастар – көп оқумен қатар, көп жазады. Себебі ғаламтор платформасы түрлі пост жазуға, блог ашуға септесті, сені бір мезетте мыңдаған адам оқиды. Бұл, әрине, жүзбе жүз сөйлесудің орнын баса алмайды, дегенмен уақыт талабына көнуге тура келеді. Қазір балаларымызға гаджет ұстатқымыз келмейді, ал меніңше керісінше, олар әлемді гаджет арқылы тани түсер еді.

— Жазуға құмар, бірақ тәжірибесіз адам оны неден бастау керек?

— Жазуды үйрену керек. Дарын біліммен, еңбекпен шыңдалу керек. Алматыда тамаша әдеби мектеп бар, көптеген әдеби семинарлар өтіп тұрады, оларды белгілі жазушылар жүргізеді. Сондай жерлерге жиі бару керек. Көп оқу керек, ал дарын бар болса, ешқайда кетпейді.

— Кәсіби армандарыңыз орындалды ма?

— Әр кезде әрнені армандайсың ғой. Кезінде каратедан чемпион болғым келді, ол арманым орындалды. Алғашқы миллион туралы армандадым, бизнестің арқасында оған да қол жеткіздім. Одан кейін бірнеше поэзиялық жинақ шығардым, қазір әлемдік бестселлер жазуды армандаймын.

— Жазуға шабытты қайдан аласыз?

— Махаббаттан шабыт алам, бірақ ол сирек құбылыс. Меніңше, Эйнштейннің соңғы формуласы F=MC2 емес, бірақ F=MА2 еді. Ондағы А үдеу емес, махабатты білдіреді. Егер махаббат күшін екі еселесе, онда ол зор қуатқа айналар еді.

— «Литературная Алма-Ата» альманағының алдағы жоспары қандай?

— Алла жазса, 2020 жылдың басында шығады. Абайдың мерейтойына арналмақ. Альманахтың екінші атауы – «Литера Нова», яғни жаңа әдебиет, сондай бір ребрендинг болды. Бұрын жиырма-отыз авторымыз бар еді, қазір – жүзге жетті, кейде одан да асады. Ең жақсы еңбектер таңдалады, Лиля Калаус редакция жасайды. Сөйтіп жылына бір рет 400 бет болып шығады. Бірақ биыл шығара алмадық. Өзімнің жиырма жылдан бергі жобам.

— Қазіргі немен айналысып жүрсіз?

— Құрылысшымын. Алматыда үй салып жүрмін.

— Алдағы екі жылға қандай жоспарыңыз бар?

— «Тазы» хикаятының жалғасын жазып жүрмін. «Періште аралы» («Остров ангела») деп аталады. Сюжеті әзірге құпия, бірақ қызықты болады деп үміттенемін.

— Өзіңізді қандай жазушымын деп ойлайсыз?

— Жазу мен үшін хобби секілді. Бір жолда он-жиырма бетті төге салатын пысықтардың қатарынан емеспін. Өйткені бұл мен үшін мал табатын кәсіп емес. Көңіл қошым болғанда ғана жазамын, қырдан көбелек қуған секілді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Фархат Тамендаров сұхбат соңында Олжас Сүлейменовтің «Анама» деген өлеңін оқып берді.

Сұхбаттасқан: Малика Мурсалимова

Фото: Артем Чурсинов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Фархат Тамендаров, проза, поэзия, Малика Мурсалимова
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар