Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есмұхан Обаев. Біз көрерменнен үш-төрт саты алда жүруіміз керек.

31.10.2020 961

Есмұхан Обаев. Біз көрерменнен үш-төрт саты алда жүруіміз керек.

Қазақ театр өнерінің ардагері, аса танымал режиссер, Қазақстанның халық артисі Есмұхан аға Обаевты не толғандырады? Заманауи сахна өнері қалай түрленіп, қай бағытта кетіп барады? Қазіргі жас режиссерлер мен актерлер нені ескеріп, неден аулақ болғаны жөн? Осы тақылеттес сұрақтарға ақжарқын аға кеңінен отырып көсіле жауап берді.

– Есмұхан аға, әңгімені қазіргі қазақ театрының хәлі қалай деген дәстүрлі сұрақтан бастасақ?

– Қазіргі қазақ театрының жағдайы көрші елдерге қарағанда көш ілгері. Себебі, оларда театрға деген мемлекеттік көзқарас өте төмен. Мәселен, классикалық өнердің атасы – оркестр мен балет театрларын жабу бұл ұлттық өнерден, ұлттық кадрлардан ұят нәрсе.

Біздің скрипкашыларымыз бен пианистеріміз классикалық өнер арқылы ұлтын әлемге танытып жүр. Олар, енді, шетелге барып, Бетховенді ойнамас, бірақ Құрманғазының күйлерін құйқылжытары хақ. Былтыр ғана Құрманғазы оркестрі Америкаға барған кезде өмірі мұндай аспап көрмеген, мұндай музыка тыңдамаған халық, қазақтың қара домбырасына орындарынан тік тұрып қошемет көрстетті. Айтайын дегенім, бүгінде біздің ұлттық өнерге, қала берді Қазақстан өнеріне деген ниеттес, көңіл де, қамқорлық та жоғары. Сөзім жалған шықпас үшін айта кетейін, егемендік алған жылдар ішінде Қазақстанда бес театр ашылды. Қостанай облысында Ілияс Омаров атындағы, Петопавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы, Өскеменде Жамбыл театрының ішінен қазақ труппасы ашылды.

Сәкен Сейфуллин 1926 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы – Қызылорда қаласында осы біз бен сіз отырған қара шаңырақ ашылған кезеде «Театр не үшін кере?» деген сұраққа: «Адамның жан дүниесін тәрбиелеуде, рухын көтеруде, ұлтшылдыққа бастауда театрдың рөлі зор. Театр – соқыр адам есту арқылы, құлағы естімейтін адам көзбен көру арқылы жүректен ұғынатын дүние болу керек» деген.

Бүгінде әкем театрда әртістер қауымының төрт буыны жұмыс істейді. Ең үлкеніміз 90 жастағы Қадиша Бөкеева, Хабиба Елебекова апайларымыздан бастап, жиырмаға жаңа толған Айтжановтар. Барлығы сап түзеп, қара шаңырақта еңбек етіп жатыр. Осыншама әртістерді жұмыспен қамтамасыз ету, әрқайсысына рөл тауып беру қиынның-қиыны. Қазір театрдың репертуарында 49-дан астам қойылым жүріп жатыр. Кейбіріне 15-40 жыл болды. Мәселен, Қарагөздің бесінші, алтыншы қойылымы. Оны қалай алып тастайсың? Бүгінгі кітап оқуға құлықсыз ұрпақ Абайды сахндан көрмесе, қайдан таниды? «Гамлет», «Ромео-Джулетталар» да көрерменге ұзағынан ұсынылып жүрген қойылымдар. Театр тек классикадан тұратын мұражай емес.

Театр дегеніміз бұл – тіл, діл, дін, мәдениет. Театр деген – рух. Патриотизм. Театр ең алдымен адам жанын зерттеу проблемасымен айналысуы керек. Адамның мұңы, адамның қасіреті, адамның қуанышы, адамның болмысы театр айнасынан көрінуі керек.

– Бізде неше мәрте қойылса, сонша рет аншлаг болып жататын аударма драмалар бар. Мәселен, Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы», болмаса Гутманның «Ымырттағы махаббаты» сынды. Бұларды шынайы өмірге, мәңгілік тақырыптарға құрылған дүниелер деп түсінеміз. Ал қазақ драматургиясы осы жағынан алғанда сәл-пәл жетімсіздеу сияқты?

– Бізде драматургтер көп. Бірақ бытыратып, аздап жүдеңкіретіп алдық. Кезінде Мәдениет министрлігінде репертуарлық редакция алқасы бар болатын. Олардың жұмысы – репертуарлық саясатпен айналысу. Сол редакцияны «уақытша жаба тұрамыз» деді де, «су аяғы құрдым» жасады. Ол кезде Мәдениет министрінің өнер жөніндегі орынбасары болып отырып, соған жол берген менің де кінәм бар. Негізі, бізде өзге елдегідей гонарарлық саясат болу керек. Мен әлі де сол саясаттан қайтпаймын. Мәселен, Қазақстандағы қаламақы мәселесін білетін американдықтыр сорос-морос деген нәрселерді ашып, конкурстар өткізуге құмар. Оған үлкен драматургтер тапсырыспен пьеса жазады. Ал шындығында пьеса тапсырыспен жазылатын нәрсе емес қой. Ол жүрек қалауымен, ой тебіренісінен туатын, өзіңді қинайтын үлкен тақырыптардан туатын дүние. Мәселен, сондай конкурстардан жүлде алған Дулат Исабековтың пьесасы орыс театрында, Роза Мұқанованың шығармасы бізде қойылайын деп жатыр.

Театрдың өзімен тікелей бірігіп отырып жұмыс жасайтын драматургтер бар. Мысалы, Тұңғышбай Жаманқұлов «Қазақтар» дейтін тарихи пьесаны қойып жатыр. Оны Қалихан Ысқақ пен Шаһимардан театрда жазды. Қаламақысын төлеген – театр. Менің алдымда Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» деген пьесасы жатыр. Тұнып тұрған идеология. Дәурен Қуаттың «Фигаро» деген дүниесі қолымызға тиді. Бұл қоқыс арасында жүретін романтиктер жайлы. Олар ой-санасы, дүние танымы бөлек жандар. Тамағын тауып жеп алады да, кеште от басында отырып философия соғады. Олардың санасында сараланатын дүниелер Алатаудың биігінде тұрған «он бөлмелі үйдегілердің» ойынан әлдеқайда биік. Үй-күйі жоқ, бірақ рух бар. Қысқасы, қаламақы мәселесі дұрыс жолға қойлған кезде, осындай құнды, салмақты дүниелер өмірге келеді.

– Сіздің кейбір әріптестеріңізден «қазір қазақтың ұлттық дүниелерін сахналауда ХХ ғасырдың стилі басым. Сол себепті, халыққа керек дүниелерді дұрыстап жеткізе алмай жатқан жағдай бар» дегенді естиміз. Сонда ХХІ ғасырға тән стиль қандай болу керек?

– Неге екенін білмеймін, осындай түсінік бар. Қате түсінік. Театрдың қай ғасырда болмасын өзіндік ізі болған. Мысалы, «Кешегі Серке Қожамқұловтай етіп ойна» деп ешкім ешкімге бұйырмайды. Ол кісілер реалистік мектептің адамдары. Ал біздің бүгінгі академияны бітірген, біліммен қаруланған жігіттер еш уақытта ол кісінің жасағанын жасай алмайды. Жасап та керегі жоқ. Себебі, ол кісілердің мектебі бөлек, уақыты басқа. Мәселен, бүгінде жүз жылдықтарын атап өтіп жатқан қазақ тетрларының пайғампарлары бар емес пе? Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов сынды. Байсейітова Күлаш пен Жамал Омарова апайларымыз бар. Олар өз заманының бірінші «космоновтары». Бірақ қазір Гагарин ұшқан кемемен ешкім ұшпайды ғой. Қазір басқа кеме. Жаңағы сіз айтып отырған ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр осыған келеді. Мысалы, кішігірім оркестр, болмаса бір ғана пианиномен сүйемелденген, сол кісілердің айтқанындай етіп орындаған арияларды, кешіріңіз, қазір бір адам тыңдамайды. Егер Күләш Байсейітованың туыстары мені сотқа беремін десе, пожалуйста, бүгінгі Нұржамал Үсенбаеваның дауысын тыңдатып көріңіз. Кешегі Қанабектердің теноры мен бүгінгі операда жүрген жігіттердің тенор дауысының арасы жер мен көктей. Кешегі төкпе, шертпе күйдің шеберлері мен бүгінгі Қаршыға Ахмедияровты еш салыстыруға келмейді. Қаршыға шебер күйші. Ендеше неге сол қалпында қалып қоюы керек? Меніңше, «ХХ-ХХІ ғасыр» деп бөліп жүргендер, театрға келмей-ақ, «ой, ол баяғы Күләш Байсейітовалардың кезіндегі театр ғой» деп сырттан тон пішкендердің пікірі.

– Есмұхан аға, қазіргі театр өміріндегі театр сыншыларының рөлі қандай?

– «Қайда болып жатыр, қашан қойылады, кім қойды?» деген анықтаманың ар жақ, бер жағында театрға сын айтуға болмайды. «Бүгінде театр былай болғаны дұрыс» деп айтайын десе, әлем театрларын көріп жүрген сыншылар жоқ. Сондықтан біздегі сыншыларды Өнер академиясының айналасында ғана емес, әлемдік деңгейдегі театр өнерімен тәрбиелеу керек. Ол үшін болашақ театр сыншыларын шет мемлекеттерде оқытқан абзал. Барып көрсін, оларда не болып жатқанынан хабардар болсын. Салыстырмалы түрде бағаласын. Сонда олардың бағдарламасы, театртану, театрмен қарым-қатынасы бөлек болады. Театр сыншысы, театрда өсу керек. Әншейін бұрынға Станиславскидің экспозициясын, болмаса Вишневскийді оқып алып, театрға рецензия жазудың қажеті жоқ.

Өмір бойы облыстық театрларда өткен мықты актерлер бар. Олар керек болса, кейбір мықтылардың «әкесінің ауызын ұрады». Мәселен, солар туралы бірде-бір зерттеу жазылған емес. Бар болғаны «жақсы әртіс екеннен» аспайды. Әртістің шығармашылығын зерттемеген, драматургтың лабораториясын зерттемеген, режиссердің жүріп өткен жолын зерттемеген адамның театр сынын жазуға қақысы жоқ.

– Байқауымызша, бүгінде театр көрермені жасарып, сонымен қатар, талғам-түсінігі де өзгерген сияқты...

– Өзінің ойы бар, дәуірлі көрермен болады. Сол көрерменнің ойынан шыға білуіміз керек. Сол көрерменнен үш-төрт саты алда жүруіміз керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар