Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенғали Раушановтың жаңа өлеңдері

07.09.2017 2974

Есенғали Раушановтың жаңа өлеңдері

«Түсетұғын төрт кітаптың түсіп қойғанын» ол ілікіден біледі. Сонда да, бірақ, жазуды қоймайтындардың сойынан болған соң ба, жыр-пырағының жалына әркез қол артып тұрады. Сағынып, сағындыртып... Өзі айтпақшы, «атасы арзан» сөзді «мысықша балалатауға» (Асқар Сүлейменов) жаны қас. Сараң жазады, сарқылып жазады. Бұлай деуімізге себеп: әр өлеңі соңғы өлеңіндей күй аңғартып, жаныңды бебеу қақтыратыны бар. Сірә, бұл оның іштей ұзақ ширығып, зар күйіне енгенде ғана қаламын қолына сертке ұстап, жазу үстелінен тыныс табатындығын байқатса керек. Сән қуған, қызылды-жасылды дүниеге еліктеп, дүр жаңашылдыққа бет қойған ортада ол – ескішіл болып көрінеді. Етекбастылықтан арылмай, ескіге ен салып, есінеп қана отыратын қауымның арасында ол – жаңашылдығымен жарқ-жұрқ етіп көзге түседі. Кіл көкмойнақ жырдың иесі – Есенғали! Ес-ағаң, Есенғали Раушанов. Басқаны білмеймін, қазақ поэзиясында есіміңді әйгілеп, шайырлығыңды дәлелдеу оңай шаруа емес. Ал бұл кісіңіз қабылет қарымын, дархан дарынын дәлелдеп қана қойған жоқ, өз заманының өлең керуенін жетегіне алып, көш бастап кеткелі қашан... Есенғалидың жыр-көші бүгіннен ертеңге, ертеңнен ертеңдерге кетіп бара жатқан көш. Оған күмәніңіз болмасын. Қарымына толмайтын қай пендеге де қабылан мінез көрсетіп, маңайынан жүргізбейтін сол Ес-ағамыз да, міне, алпыстың арғымағына (алпыс жасқа) ер салыпты. Жыр әлеміндегі даңқты жорығы жалғаса берсін.

Сіздің жырға түсінік жазу біздің қолдан келмейді. Осы бір шағын лебізімізді қабыл алаңыз, жақсы аға!

Құрметпен, Дәурен Қуат

Көркем гүл көрсе қонақтай

Көбелек бекер мәз бопты.

Бөгелек қаққан торы аттай,

Бөгелмей өтіп жаз кетті.

Тағы бір жазға қысқарды,

Талайсыз ғұмыр тарығып.

Тағдыр дейтұғын мыстанды,

Жібіткен бар ма жалынып.

Бақ дейтін құсты қайтарып,

Қондырған бар ма қолына?

Өсер ме гүлдер жайқалып,

Тікенек біткен жолыма.

Қол-аяғымды тең шырмап,

Төбемнен кәрі төніп құз.

Қу мыстан ойнап, мен шындап,

Талай да жерге келіппіз.

Шынымен, тегі өтпей ме,

Қарғысы қайда, қайда ұшты?

«Шаршатсам, кешір» деп кейде,

Аяп та кетем байғұсты.

Өмірзая ұлмын мен де бір,

Төзімі құрыш көктемір.

Өгей шешенің өрмегін

Үзе қашатын жетпегір...

* * *

Abit non obit[1]

Тамыз келді от құшақ, ыстық ерін,

Бір періште аспаннан түсті керім,

Ұшты менің құстарым бұлттан әрі,

Жусаннан да аласа міскін едім.

Мына қала, мына жұрт, мына маңда,

(Құдайым-ау, қалаң не, бұ ғаламда),

Сонша бақыт, осынша нөпір бақыт,

Көп емес пе, расында, бір адамға.

Қарашы, әлем сөйлеп тұр жыр тілінде,

Көрінбейді Алатау бұлты мүлде.

Түс болса егер бұл күндер, оянбалық,

Өңің болса, өтінем, кірпік ілме.

Керім Ай кеп қонып тұр керегеме,

Қайта жанды көп жұлдыз сөне бере.

P.S. Мұның бәрі өтірік. Қайда сол жаз?

Қайда?

Неге, неге жоқ?

Неге? Неге?

[1] Көзден кетті, көңілден кеткен жоқ (лат.).

***

Әлдеқандай дыбыс кеп қайнар беттен,

Шолпан кеткен, ізінше Айман кеткен.

Біздің ауыл үстінен бұлт көшкен жоқ,

Сіздің ауыл үстінен бұлт көшкен жоқ,

Бұлтты кешіп Ай көшті. Қайран көктем.

Аспан толы суреттер... жалба бұлт,

Тастай қатып “бір қыз” тұр “нарға мініп”,

Нарға мінген сұлудан көзін алмай,

”Өліп” жатыр өтірік “шал” қағынып.

Ай батады, Ай деген – арман-үміт.

Тойланбады содан соң көп мерекем,

Қиырларды кезіппін текке бөтен.

Нуға қарай бұлт кешіп зулаған Ай,

Екеумізді неге ала кетпеді екен?

Күндер қайда , қайда сол есім кеткен,

Сұрағым да келмейді не үшін деп мен,

Сіздің ауыл үстінен бұлт көшеді,

Біздің ауыл үстінен бұлт көшеді.

Қозғалмайды Ай, бірақ. Есіл көктем.

* * *

Ұйғырдың ұлы ақыны

Савутжан ака Маматкуловтың

рух-шарифіне мәрсия

Зуһра деген жұлдыз бар-ды аспанда,

Зуһра деген бір қыз бар-ды Қашқарда,

Сол екеуі таң қалысты әуелі,

Бала шайыр жырдан жауһар шашқанда.

Бала шайыр (әлде, бала сайтан ба?..)

Жыр оқушы ед тойдан бірге қайтарда,

Ұлы екенін сезетін ол өзінің

Тек қорықты айтарға.

Жасы елуден асқан шақ.

Жасыл желек баулар түгел, тас та ән сап,

Мерейтойын тойлап жатты сол шайыр,

Зуһра жұлдыз тұрды көкте жасқаншақ.

Ұлттың ұлы ақылы

Тік қарауға жетті ханға батылы.

Көкке ғана қарамады ол өмірі,

Көкті көрмей көзін жұмды ақыры.

Зуһра деген жұлдыз қалды аспанда,

Зуһра деген бір қыз қалды Қашқарда...

Басы бар,

бірақ аяғы жоқ өлеңнің бірі

Болайын, досым, құрбаның,

Сен білсең, айтшы, жоқ айту аз-дүр, жырлағын;

Сенің жырыңды келеді-ақ ұйып тыңдағым,

Анадан мейірімді, анадан дана, тағы да,

Әйелден жауыз, әйелден кеще кім барын,

жырлағын,

құрбаным.

* * *

Көп болды ғой – көрінбеді күн көзі,

Ай да, күн де, жұлдыз да жоқ – бұл не өзі,

Табалап тұр тасбауырлау ағасын,

Табиғаттың дүр кезі.

Шұбар ала бұлт көшеді шұбап кіл,

Уай, не дейді, не дейді аспан, құлақ түр,

Жаңбыр емес, тереземнің сыртында

Менің жалғыз қарындасым жылап тұр.

Аспан жаққа кетіп қалды сол бала,

Іздеп барса таба алар ма сорлы аға,

Сорлы ағасы қалып қойды жолда ана,

Енді қайтып көрмесіне қорлана.

Қалып қойды соқыр, мылқау, керең боп,

Ақ құлыншақ көкем қашан келер деп,

Жұмаққа да кірмей, есік алдында

Мені күтіп тұрған сынды елеңдеп.

Мына жаңбыр қашан тоқтайды?

1987 жылдың басты оқиғалары

Көктем келіп тұр дүрілдеп,

Жалғыз өрікке “жадырашы енді, күнім” деп.

Бақытты болып үйренбеген ғой ол байғұс,

Қорқа береді дірілдеп.

Жүрген де жері жалын ба екен, от па екен,

Мәскеуден мәз боп оралды дейді көп көкем.

Аманхан пәтер алатын бопты, ой, тоба,

Орысшасы оның Олжасқа қалай жетті екен?

Малшынған малшы алтын да менен күміске,

Көктем дегенім – эпилог емес, кіріспе.

Ерке жеңешем егіз босанды (шамасы,

Ақылдың түк те керегі жоқ-ау бұл “істе”).

Мамыр ғой деймін, мамыр ғой мынау баяғы,

Қай тұсқа барсам, жолыма кілем жаяды.

...Тым бақытты боп кеттім бе, тәңірім, осы жаз

Не болар екен аяғы?!

* * *

Бұл бір ескі қазақтың “күн жайлату” немесе “бұлт қайтару” деген сықылды көне өлеңдерінің сорабы, басқа ештеңе де емес, тұспал не астар мұнда жоқ, болмаған да, болмайды да, осыған сеніп оқыңыз, әйтпесе (абзалы) оқымаңыз.

Шар, шар да бұлт, шар бұлт,

Қабағы түкті хан бұлт,

Таңдарыңды таңға ұрып,

Бара түсіп барлығып,

Қаһарлы үнің қарлығып,

Шамаң келмей шалдығып,

Не жаумайсың, не жаудыра алмайсың,

Сол баяғы жаңғырық,

Ей, діңкелеген шал бұлт!

Жұмыртқасы темірден,

Жұмыршағы желімнен,

Кеңірдегі керілген,

Бір орнында тебінген,

Таяғы тебендей болып желінген,

Жыласа боз бұлау боп егілген,

Елбең, елбең елің бар

Ебелек отқа семірген.

Ай уақытымен толмас па,

Күн мезгілімен шықпас па,

Жұлдыздар дер кезінде жанбас па?

Көлегейлемей,

Көлденеңдемей,

Көпіре бермей,

Көстеңдемей,

Көшсең қайтеді,

Көзден және көңілден.

Ей, шал бұлт!

* * *

Таң салқындау, ерте шықсам тоңам ба,

Қайтпай қалған жалғыз үйрек тоғанда.

Той боп жатыр. Жаңа кафе уда-шу,

Біздің тойлар өткен ескі орамда.

Дәурен еді-ау ол да бір,

Шыққым келіп аласұрам жолға кіл.

”Кеттік!” десем тартынады Аманхан,

Қорқатұғын не бар дейді-ей, сонда бұл.

Біздің қыздар қайда , қайсы жақта жүр,

Қайда ән-жыр, қайда күлкі , шақпа әзіл.

Шулап шыға келмес пе екен шайтандар,

Алдымдағы айналмадан тап қазір.

Қалды бізден өлең деген, хат деген,

Өтсем деймін баяғы ескі жақпенен.

Екі миллион адамы бар қаладан,

Екі кісі табылмайды, әттеген.

Ештеңе де бүлінген жоқ ересен,

Елегізіп неге үркесің, неге сен,

Алатаудан сол жұмсақ жел есіп тұр.

Былтырғыдан сәл суықтау демесең.

* * *

Көне Ұрым кентінің қирандысы,

Келмейді, тегі адамның иланғысы,

Жер жұтып бір-ақ түнде жоғалыпты,

Әуелден болмаған соң иманды ісі.

Жиекте тас құдайлар тұр жағалай,

“Бірден ал алсаң, Т

әңірім, мылжаламай”.

Сол күні суық хабар жетті сенен,

Қиратқан көне шәрді зілзаладай.

“Кешірмеймін, сен дағы кешірме” деп,

Соңымнан хат жібердің не үшін кенет.

...Біздің эрамызға дейінгі,

Бірдеңе деген қаланың,

Бірдеңе деген патшасы өлген,

Бірдеңе деген қамал еді ол – есімде жоқ.

Жаңа жылдағы ескі өлең

Керім қыс. Тайғақ демей табан астың,

Келеді ала қашқың, жағаласқың.

Әжесі арқалаған ақ баладай,

Мойнында бір уыс қар қара ағаштың.

Тағы да таудан асып таң келеді,

Таң келіп сәнденеді, бәлденеді.

Ескі әндей (қайырмасы есіңде жоқ),

Жадыңа салғысы кеп әлденені.

Паналап қу жапырақты торғай қонды.

Бұл оған қамқа сары тондай болды.

Қысса да тоңбайды енді қырық күн аяз,

(Шын батыр өлген соң да қорғайды елді).

Жазғырма қыс дейтұғын “кәрі қуды”,

Жұтқандай тазармақ боп тағы да уды,

Мұз шайнап, қар түкіріп қабарып тұр,

Кім айтты оп-оңай деп Арылуды.

Жаңа жыл. Жаңа буын. Жаңа дәуір.

Біз ғой ол – жаңармайтын қара бауыр.

Сондай бір кер кезеңге келіп тұрмын.

Сырты бүтін, ал іші ала дауыл.

Сіз ше?

* * *

Мінеки, үт те зу ете қалды бөгелмей,

Алып шаһар тұр жасармай дағы, көнермей

Аяулы күндер көп болушы еді бір кезде,

Аяқталмаған өлеңдей.

Енді оралмайтын есіл кештерді көрмей қап,

Аяулы күндер көп әлі деймін мен бейбақ.

Жаз жылдам өтіп барады бұ жыл, ол жайлы

Ойланғың дағы, тіпті білгің де келмейді-ақ.

Тұрғынымыз біз баяғы жасыл көшенің,

Тыңдама жұрттың қағытпа, қаңқу, өсегін

Өтірік.

Жала.

Ол мүмкін емес! Сенбеңдер!

Жаз шынымен-ақ бітеді бір күн десе кім.

Сыршыл бақтарды бекерден-бекер мұңшыл ғып

Жаз бітеді деп неге біз ерте күрсіндік.

Қыс жылдан-жылға сұмдық суытып келеді,

Ол солай, рас.

Өкінішке қарай, бұл шындық.

2012 жылы қарға жазылған сонет

Көктем кешікті.

Көңіл жабырқау.

Көктайғақ.

Көше талдары – көкке қол жайған көп бейбақ.

Көп керек емес, Алматыға да, маған да

Сәл ғана мейірім, аз ғана шуақ жетпейді-ақ.

Шаршаңқы көңіл, шашыраған ой тарыдай,

Өтер ме екенбіз жылылыққа бір жарымай.

Қадекең кетті, Тұмағаң кетті өткен жыл,

Түсім болса екен осының бәрі, а, Құдай.

Дүние жаңа еді, қалайша жылдам көнерді,

Сен мұндай емес едің ғой бұрын, Алматы,

Сен мұнша суық емес едің ғой, не болды?

Қош дейтін кез де келеді-ау ертең фәниге

Қиналмай өлсем деп армандайсың, қор болмай,

Қиналмай өлсем... (тап қазір емес, әрине).

Тек

“Үшбу дәфтәрнің иесін Күн дидарлы, нұр сипатты, Тәңір тағаланың сүйген оғланы, ғәріп-ғәсірдің қорғаны қаһан Шыңғыстың қазаққа сіңген ардасы, Жошы ханның жалғасы, ата тегі оман дария арнасы, ана тегі аққу құстың андасы, құрама темір құрышы, алты арыстың ырысы, қара судың бойынан, қара таудың ойынан Әзірет Әлідей тұлғалы, қара надан құрбаны Аплатондай ақылды Әбілқайыр сойынан Бөкейхан тегі Паңгерей шайыр деп білерсіңіз”.

1922 жылдың 13 қарашасы. Мәскеу пойызы Сайқын стансасына ентіге келіп тоқтаған. Бөлек купедегі Паңгерей ақын орнынан тұрарда алдында ашулы жатқан қойын дәптеріне құрдастары жазған осы сөздерді оқып, миығынан күліп қойды.

Ол перронда жалғыз өзі теңселіп әрлі-берлі біраз жүріп қалды. Вокзал қызылды-жасылды ұранға толы. Жанынан сап құрып, шеру тартып қызыл отряд өтті. Ақын жібек ормалын алып, мұрнына ұстады. Саудагер ноғай кешікті. Қара жыландай иреңдеп қазақ қырына сіңіп бара жатқан пойыздың соңынан аңырып қарап қалған ақын “хал ничик, султан” деген жылымшы дауысты естіп артына бұрылған, саудагер де қызыл әскердің киімін киіп алыпты. “Әкелдің бе?” деп сұрады Паңгерей салғаннан. “А как же, как вы просили, ваше благородие” деді ол жылдам сөйлеп. Енді бір сәт шайыр ұсынған бір буда ақшаны қобыратып қойнына тыққан ол оң қалтасынан алтын тапаншаны суырып алып, ақынның алақанына салды. Паңгерей талайдан бері жамбасын қажап келген қара маузерді ағаш кабурасымен қосып шойын жолға лақтырып жіберді де, ”Фрак ше?” деді сұраулы жүзбен. “Оны да әкелдім, ағаеке” деді ноғай қазақшалап.

Сол күні ұлы бесінде Орданың өкпе тұсындағы жал құмда, Ата бейіттің алдында фрак киген ақын өзін-өзі атып өлтірді. Алтын тапаншамен.

Күн дидарлы, нұр сипатты қаған Шыңғыстың қазаққа сіңген ардасы Жошы ханның жалғасы, ата тегін сұрасаң, оман дария арнасы, ана тегін сұрасаң, аққу құстың андасы, қара судың бойынан, қара таудың ойынан Аплатондай ақылды Әбілқайыр сойынан Бөкейхан тегі Паңгерей шайыр.

* * *

Светқали Нұржанға

Үстірт барсаң, дүзді көр,

Дүз дегенім – қасқа болған біздің ел.

Үстірт деген – оқиғалар керуені,

Оқулыққа кірмей қалған сіз білер.

«Қызыләскер жақын қалды, таяды, ә,

Ал, кес, інім, басымды кес, аяма,

Басымды әкет, дене құрсын, Басты әкет!

– Ақыретте көрісерміз, әй, аға».

Іні кетті, тірі кетті жас берен,

Құдіретті ала кетті Бас деген.

...Құдыққа айттым бұл тарихты жасырып,

Талай жылдар тауларға айттым тас керең.

Үстірт деген – мұз құрсаған кең аймақ,

Үскірігі бұлтты қуар кері айдап.

Бұлттарға еріп қаңғып кеткім келеді,

Жаралы ағам жалғыз қалды-ау деп ойлап.

Е, шерлі аймақ, шерлі аймақ,

Бұл әлемде жер бар ма екен сендей нақ.

Жерлей алмай алтын басын ағаның,

Желмен бірге көшіп жүрген мен бейбақ.

* * *

Жүзім әлі піскен жоқ,

Жапырағы түскен жоқ,

Жүзім шәрбат ішкем жоқ, маспын бірақ.

Қырық дарбаза құлыбын аштым бір-ақ,

Тау жоқ біздің далада, неге ендеше

Тасқын құлап келеді, тасты ұрғылап.

Шәрбат ішкім келеді бір отырып,

Жылап алғым келеді күле тұрып.

Сенен асқан сұлу жоқ бұл далада,

Шырын, Ләйлі дегендер – кіл өтірік.

Тола ма екен сонша ерте жидек, тегі,

Қайда тартып барады сүйреп мені?

Ақылы аздау жаз болды сол жылғы жаз,

Неге бұлай тез пісті түйнектері?!

Көп жыл өтті...көпшіл де, саяқ та емен,

Өзімді-өзім мүжимін, аяп келем.

...Жүзім әлі піспей тұрғаны,

Жапырағы түспей тұрғаны,

Жүзім шарап ішпей тұрғаным,

Жақсы еді ғой, жақсы еді, әй, әттеген...

* * *

Беу, балалық алғаусыз,

Осы сөзде бір құдірет бар даусыз.

Раушан қыз жылап қалды, обал-ай,

Раушан гүлін ұстап алып аңдаусыз.

Гүл астында тікен барын білдірген,

Ертең қимай қоштасасың бұл күнмен.

Раушан гүлі мәнгі қалмақ жадыңда

Раушан қыз, бүлдірген.

Раушан қыз, айналайын ақ бала,

Екі көзің қап-қара.

Бұдан былай жан-жағыңа сақ қара

Раушан гүлін жұлма бекер, таптама.

P.S. Тағы да бір айтарым,

Раушанов жазған жырды жаттама,

керегі жоқ, айнам!

* * *

Жоқ, күн тұтылған жоқ,

Менің көңілім тұтылды.

Қалай, қайтіп өткіземін бұ түнді?

Ауылым жатыр көшкен үйдің жұртында,

Ұмыт қалған көне бесік сықылды.

Аспан неге күлгін көк?

Құлағыма неге үн келді күңгірлеп,

Қатар жатыр ағаларым бейіті,

Қатар жүрмек жоқ екенін білгін деп.

Қаңтар түні от кештім.

Жылап алсам қайтеді осы жоқта ешкім.

Қарындасым қабірі анау жасқаншақ –

Мен кеткен соң боздары анық.

Кетпеспін.

Мен кетпеспін, кеткісі кеп батты күн,

Алса құдай ала қойсын тап бүгін.

Тірлігіңде қуандыра алғам жоқ,

О дүниеңде жылатпаспын, ақ құлын.

Көне қорым шұбалған.

Менің деймін, нем аяулы бұлардан.

Біздің жүріс нәлет жүріс, расы,

Төңірегім қорашыл ит, құба арлан,

Кеп-кешегі ер көңіл,

Екі иығын жұлып жеген делбе бір.

Жел үп етсе сарнап қоя беретін

Көне бесік қоңырауы мен де бір.

Құлағыма үн келеді, ақырғы үн.

Жаңбыр сіңбей көлкіп жатқан тақырмын.

...Қайтып келем бейіттен,

Бәлкім, бара жатырмын.

* * *

Fiat lux[2]

Мына құрып кеткірдің Айы құрып кетсе екен

тезірек,

Күнде құритын жағына.

Күткенім аздай сарыла,

Алды ғой бәрін, алды ғой менен түп-түгел,

Не керек бұған тағы да?

Таң атады ертең, жоқ олай емес дұрысы,

Таңым атады, жарық біткеннің ұлысы.

Дәл осындай түн өлтірді-ау Қабыл Абылды,

Дәл осындай түн бітті, әсте оның тынысы.

Аспанда кезіп, рухы шат боп өлгендер.

Тұсалып сайтан (бар ма екен соны көргендер?),

Періште біткен жерге түседі түн ауа,

Тілегің қабыл болады дейді ел. Сенбеңдер.

Қайда барады қара тігілгір жол мына,

Ұзақ түн бойы ұйықтай алмайсың, қорлық, ә?

Бебеу қағады бейшара бір құс аулақта.

Ол дағы деймін мендей бір болған сорлы да.

Ай нұрын төгіп, жауса да жұлдыз сан мыңдап,

Гүлдейтін кезің жастық шақ, қайран, балғын бақ:

Соңғы періште кетем дегенше қайта ұшып,

Алғашқы трамвай өтем дегенше салдырлап,

мен оны білмеппін...

[2] Жасасын жарық күн (лат.).

«Мен әлі Даңқты ақын боп ораламын,

Не құримын, біржола жоғаламын».

Со баланың не айтқанын түсіне алмай ,

Қыз тұратын умаждап орамалын.

Ұрысты қызға «желөкпе, күлегеш»деп,

Бәлкім пері о,бәлкім жын елестеп,

Өлімнен де қорықпады ол, күлді тағы,

«Өлім деген немене, ол түк емес»деп.

«Мәшһүр болып келем мен, ант беремін!»,

...Өмір өтті күтумен хат-дерегін.

Тажал деген секілді естіледі,

Содан бері қыз үшін Даңқ дегенің.

Тажал деген секілді естіледі,

Кімді күтті, қанша жыл тосты нені?

Келінтөбе дейтұғын ауыл мынау,

Мұнда нұқыл жабырқау кештің өңі.

...Ол бүгінде бәйбіше тұрғылықты,

Ұл-қызы бар, шалы бар тыңғылықты.

Ең бақытты әйелі Сыр бойының,

Бәлкім Алаш жұртының, кім біліпті.

http://adebiportal.kz/kz/authors/view/1402

Abai.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Есенғали, Раушановтың, жаңа, өлеңдері
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар