Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есбол Нұрахмет. Жұбату жыры немесе «Құлабыздан» түйген ой

11.03.2019 522

Есбол Нұрахмет. Жұбату жыры немесе «Құлабыздан» түйген ой

Бағытыңнан жаңылған, жолыңнан адасқан сәттер – қашан да қорқыныш пен өкінішке толы болары анық. Ал ол адасуды бір жола мойындау – тіке өлімге бастайтын құлазуға ғана апарып соғады. Адасудың емі – жол табу. Әуелде адаспайтындай жолға түсе білу де өнер. Үлкен арман, зор үміттің жетегінде әдебиет деген айдынға әр қайсымыз әр тұсынан қойып кеттік те, енді жал-жал толқын арасында, көз көргісіз соқыр тұман ішінде сірә нені іздеп, не нәрсеге бет алып бара жатқанымызды өзіміз де аңғармай қалғандаймыз. Қай тұсқа бет бұрарыңды, қай жақты қыбылаға аларыңды білмей дал боласың. Толстойдың Сергий пірәдары секілді өмір бойы мәнсіз іспен айналысып кететіндей сезінесің. Осындайда көкірек түкпіріндегі өз танымыңның құлабызы әлде қайда бастап, үміт шамын жағады.

Сөз жас жазушы Бақытбек Қадырұлының «Құлабыз» эссе-элегиясы жөнінде болмақ. Эссенің тілі бай, сөзі құнарлы, баяндауы жатықтығымен оқыған сәттен өзіне тартады. Аса күрделі тіркестермен жалықтырмай, жеңіл баяндауға жол бермей, бір қалыпты, жатық жолмен жақсы алып шыққан. Солай әдемі оқыла келіп оқырманды сан қилы ойға жетелеп, көңілге қилы сезім ұялатады. Осы бір шағын ғана жинақы эсседен өзім түйген ой аз емес. Соның әуелгісі, әрине автор өзі меңзегендей иесінен, бастаушы көсемінен айырылған қаймана қазақтың тағдырын құлабызы құлаған қазбен теңеп, ұлттың қасіретін өзінше бейнелейді. Эссенің түлей түсетін тұсы – Кәлел атаның ертегіні аяқтап, сыбызғысын қолға алған сәті. Әуелі зар құйылады. Эссені оқып отырып, зарлы күй құағыңа келіп қоса сарнайды. Күйдің тілін сөзге аударып отырғандай. Бірде зарлай ұшқан қаз, бірде босқан, аштан қырылған қазақ, одан кейінгі бодандықтағы сан жылдар көз алдыңа келеді. Апырау, тағдыры бірдей екен-ау дейсің.

Сөйтіп сыбызғы үнінен ескен зарды тұтасымен көңілге қондырып барып аяқтайды да, енді жұбатуға көшеді. Жұбату тіпті ғажап өріледі. Бағана зарды қалай көңілге нық қондырса, енді барша тұманды айықтырып, ақ пен қараны, ащы мен тұщыны анық сезіндіреді. Өмірге шын қарауға, анық тануға шақырады. «Әлихан Бөкейхан рухына арналады» деген сөзден-ақ, елім, жұртым, қамықпа, қаймықпа, есіңді жиып, еңсеңді тікте, берер ұлын Алла өзі әлі де береді дегісі келіп отырғанын да анық сезінуге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚҰЛАБЫЗ (эссе-элегия)

Алайда біздің көкіректе пайда болған бір ой осы шығарманың жасырын бір қырын аңғарғандай. Әуелі кез-келген шығармада автордың жаны, ойы болатыны анық. Оның оқыған кітабы, сүрген өмірі мен жасап жатқан дәуірі әсер етпей қоймайды. Бүгінгі біраз жастар шығармашылығында түңілу мен өткенді аңсау, балалықты сағыну басым бағыт алып жүр. Бүгін туралы шығарманың ішінде де өткен шақ өмір сүріп жүреді. Ұлт ретінде қарасақ та, бүгінгі қоғамнан жеңілген тұсымыз аз емес. «Болу, не болмау» арасында қалып қойғандай әсер бар. Ал көптеген жаңа ойлы жастар өткеннен бір жола бас тарқысы, салт пен дәстүрді, таным, сенімді тұтас мансұқтағысы келеді. Осы бір заман көшінен қалып қою себебіміз – қате бағытқа жүргенімізден деп біледі. Оны оңау үшін мүлде теріс кету керек деп ұғатын сыңайлы. Осы тұста маған тұтас қазақ қоғамындағы көңіл-күй құлабызы құлаған – яғни бағдарынан жаңылып, тоз-тозы шыққан қаздардай көрінді.

Менің білуімше автордың көңіл түкпіріндегі осы халге деген ішкі түйсік, құлазу сезімі осы шығармаға жол бастағандай көрінді. Фолкнердің «Аюындағы» үндістің бір тайпасының ең соңғы адамы Сэм секілді сырлы, өзгеше сипатты Кәлел ата – ендігіге жоқ, бұтақсыз, жалғыз. Ол өткен жол, өткен тағдыр, өткен салт пен өмір. Қайтқан қазға қызыға қараған ұсақ балалар ертеңгі үміт, ертеңгі жол. Автор өткенді қимайды, бірақ болашаққа үміт артады. Елге, қазаққа ертеңгі тың бағытыңды, жолыңды тап, өткенге салауат, сабыр қыл, өмірге тура қара, шындықты қабыл ал дейді. Соны өзіне де айтады. Кешегі аңқау, тек қуанышты ғана білетін балалық қалды, енді ертеңді ойла деп өзін де іштей қамшылайды. Сондықтан да «Құлабызды» мен жұбату жыры деп ұқтым.

Ең ғажабы осыны күй тыңдатып отырып аңғартқаны. Өткеннің асылын алдыға тарта отырып, болашаққа үміт артқаны. Өткеннен бет бұрма, жоғалтпа, бірақ жаңа жолыңды тап деп тұрғандай. Автордың тағы бір артықшылығы, осыны символикалық жолмен ғана аңғартып, тіл безеп ақыл айтуға салынбай, таза, мөлдір қалпында алып шыққаны. Шындығында шығарма есті оқырман үшін жазылады. Оқырман нені аңғарса шығармада сол нәрсе айтылған деп ұғу керек менің білуімше. Біздің көңілдің әр түрлі ойға ала қашуының өзі шығарманың өрелі болғандығынан. Жалаң ақыл айтып, түсініктеме беретін шығарманың көркемдік құны болмайды. Эссенің басындағы «Әлихан Бөкейхан» рухына арнадым деген ескертпенің өзі үлкен мағыналық жол ашып тұр. Дегенмен шығарманың ішкі сыры, интертекстуалдық мәні жоғарыда өзіміз атап өткен жалпы қоғамдық рухани дағдарыс пен автордың ішкі арпалысынан туындаған деп білеміз.

Алдияр оқырман, сіз өзге бір нәрсе көруіңіз мүмкін, ал біздің аңдағанымыз осы. Қатарлас, дос Бақытбек Қадырұлының шығармашылығымен де, өзімен де жақын таныс ретінде оның қазақ күйін, музыкасын өте жақсы тани білетінін қоса кеткім келеді. Шығармашылығының көбі де осы қазақтың бар болмысы жасырынған ғажайып күй өнерімен тығыз қабысып жатады. Бұл оның өзіндік ерекшелігі іспетті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар