Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ермековті ескермесек, елдігіміз қайсы?

31.07.2018 2092

Ермековті ескермесек, елдігіміз қайсы?

Өткен ғасырдың басында атқа қонған алашшыл азаматтардың аузына «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» (Сұлтанмахмұт Торайғыров) деген аруақты сөзді Алла салған екен. Қарағанды төріне тігілген алып тутұғырдағы (биіктігі 91 метр) көк байрақтың күндіз-түні желбіреп тұрғанын көргенде, көкейіме осы жолдар оралады да тұрады. Тұла бойымды тулаған толқын ұрып, кеудемді керемет бір мақтаныш сезімі кернейді. Түйсінерге түйсік бергеніне тәубе тұтып, тағы қайталаймын.

«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!». Бұл – Құдайдың қазаққа ғана қия салған қастерлі жазмышындай сезіледі маған. Бұған дейін Тәңір мұны сүлей текті Сүйінбайдың аузына салған-ды. «Бөрі басы – ұраным, Бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым!..» дейді аруақтанып. Кешегі көк бөрімен бүгінгі көк байрақтың ұштасқаны осы емес пе?! Бүгінгі байрақтағы бүркіт – кешегі түркілік танымда «бөрі құт» (Әлкей Марғұлан) – көк тағысы. Яғни, көктің бөрісі. Жаратқан Ием жар болса, жер тағысының көк тағысына айналар кезі туып тұр... Оның екінші аты – АЗАТТЫҚ! Аспан әлемі, күн астында емін-еркін ұшқан бөрі текті бүркіт (бөрі құт). Әйтпесе, «күн сөнгенше, сөнбейміз» деу – Алаш арыстарының жанында жүрген Сұлтанмахмұттың аузына түспес еді. Алланың ымдауы!

Алғаш «Алашорда» құрылғанда, әлсіреуге айналған 6 миллион қазақты (жартысынан көбі сауатсыз) арқа тұтқан шоң Торайғырдың тұқымы Сұлтанмахмұттың істеген ісі былай тұрсын, айтқанынан асып сөйлегеніміз қане?! С.Торайғыровтың жасы сонда небәрі 24-те. Қазақтан жер кетіп, дін нашарлап, жағдай төмендеген кез. Сонда да, күн сөнгенше сөнбейтініне сендіреді. Бүгінгі «Мәңгілік елдің» алғашқы идеясын Алла әу баста «Алаш» үкіметі құрылғанда-ақ Соның аузына салыпты.

«Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз!

Енді ешкімнің Алашты

Қорлығына бермейміз.

Өлер жерден кеттік біз

Бұл заманға жеттік біз.

Жасайды Алаш өлмейміз:

Жасасын, Алаш жасасын!»

Бұл «Алаш» әнұранының Қарағандыға да қатысы бар. Ақ патша тақтан құлағанда, Алаш азаматтары үкімет құрғанын айтып, осы өлеңді алғысөз етіп, «Сарыарқа» газетінде сүйіншілеп, (22-қаңтар,1918 жыл, 28-нөмірінде) тұңғыш бас мақала жариялаушы арыстың бірі Әлімхан Ермеков болатын. 1920 жылы тамызда халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде баяндама жасап, Ленинмен 5 сағат бойы пікір таластырып, бүгінгі қазақ жерінің шекарасын белгілеп алушы сол Әлекең, «Алшорда» көсемі Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақпаев та – Қарағандыдағы Ақтоғай топырағының тумасы. Қуғын-сүргіннен құтылған өмірінің соңғы жылдары Ә.Ермековтің қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 6 жыл бойы математика пәнінен сабақ бергені тағы бар. Ана тілімен қатар 4-5 тіл білген Әлекеңнің аруағына қазақ халқы қазір қанша тәуап етсе де аз. 2013 жылы ҚарМТУ-ды сол кісінің атына беру жөнінде бастама көтергенбіз. Қолдаусыз қалды ақыры...

Өз естеліктерінде Әлімхан атамыздың күйеу баласы Қалкен Мәкенбаев:

– Әлағаның үйiнде отырғанымызда жасы отыз-қырықтар шамасындағы ер адам мен әйел адам кiрiп келдi. «Бiз Ленинградтың тұрғындарымыз. Мен де профессор боламын, ал, жұбайым – доцент. Ленинград университетiнiң оқытушыларымыз. Мен, – дедi еркегi, – өзiңiздiң ежелгi досыңыз, Томскiде бiрге болған революционер Дволейскийдiң, ал мына қызыңыз болса, ол да досыңыз Бауэрдiң ұрпақтарымыз. Сол әкелерiмiздi көргендер болса тiлдесейiк дегенбiз. Бабаларымыздың естелiктерiнде Сiздiң, Әлiмхан Әбеуович, атыңыз жиi аталады. Сондықтан, бiз Сiздi сұрастырдық. Сiздi тiрi, осы Қарағандыда тұрады деп айтқан соң, арнайы iздеп келдiк, – дейдi.

Бiр мезгiлде Әлаға: “Сенiң атаң Дволейский былай деушi едi” деп итальян тiлiнде сөйлеп кеттi. Ленинградтың профессоры итальян тiлiне жетiк екен, екеуi итальянша бiраз әңгімелестi. Бiр кезде өте сымбатты жас келiншекке: “Сiздiң үлкен әкеңiз Бауэр ұдайы латын-грек тiлiнде былай дейтiн” деп доцент келiншекпен латын-грек тiлiнде қызу әңгiмеге көштi (Қ. Мәкенбаев. “Жадымда бәрi жазулы”, Астана, 2011).

Ал, осы Әлімханның Әлиханды қалай құрмет тұтып, қадірлегенін көріңіз. Арқа өңiрiне танымал азамат Қалкен Мәкенбаев, жетпiсiншi жылдары сол кісінің қасында жүрiп ұзақ сырласады. Әңгіме арасында “Ғафу етiңiз, осы Әлихан Бөкейханов қандай адам болған едi?” деп сұрайды. Сонда “Ол кiсi Петроград университетiнiң орман-ағаш факультетiн тәмамдаған. Заң факультетiне Ленинмен бiрге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай бiлiмдi ғалым болатын. Тоғыз тiлде еркiн сөйлеп, жаза бiлетiн”, – дептi Әлiмхан Ермеков, – Осы Тоқырауын өзенiн бiлесiң ғой. Ұзындығы 300 шақырымдай. Балқаш көлiнде жүзiп көрген шығарсың? Шығысынан батысына 600-700 шақырымдай. Өзiң бiлесiң, қарлы жылы Тоқырауын Балқашқа құяды ғой. Ал, қар аз жылы Балқашқа жетпей, орта жолда қалып, құмға сiңiп кетпей ме? Бiздiң ақыл-ойымыз Тоқырауын өзенiндей болса, Әлихан Бөкейханов Балқаш көлiндей дария едi ғой!” (Қ.Мәкенбаев. “Жадымда бәрi жазулы”). Асылдың нарқын асыл ғана біліп, бағамдайды. Дәл осы сияқты сол кездегі жап-жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Әлихан Бөкейханов Семейге келгенде: «Көш бастаған еріміз, қуанышта еліңіз. Төбеміз көкке жеткендей, көкіректен бүгін кеткендей, сізді көріп шеріміз. Еліңіздің бұл шағын, Алаш туын һәм бағын, көзбен көріп, түленді, көптен бергі теріңіз. Алаш туын қолға алған, қараңғыда жол салған, Арыстаным, келіңіз!» – десе, Ә.Ермековке арнаған өлеңінде:

Әлімхан Ермеков отбасымен

«Қызыларайдан ұшқан қыраным, Ұлыста бөлек ұланым, Томағаңды сыпырып, Қиядан елдi шоларсың, Алатауда қалықтап, Алтайыңда шалықтап, Алтын тұғырға қонарсың», – дейді. Осы Қарағанды облысындағы Ақсораң – Қызыларай топырағы Алаш ардагерлерінің қазақ жұртын қатарға қосу мұратында кеңес құрған жерлері. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, Әлімхан Ермеков, Ақбайдың Жақыбын дүниеге әкелген – қасиетті мекен. Қызыларайдағы жерi былқылдап, өзен суы сылқылдап ағып жататын Былқылдақ – Ермековтердiң ата жайлауы. 1914 жылы Әлағаң Томда оқып жүргенiнде орыс оқымыстысы Потаниндi осында өзiмен ертiп келген. Потанин осы жерде Аяпберген ертегiшiнiң аузынан көптеген қазақ ертегілерiн жазып алған. Құнанбай аға сұлтан боларда Әлімханның атасы Ермек би оны осы Былқылдақ жайлауына шақырып, Арқаның бiр топ атқамiнерлерiмен қонақ қылған. Тәттiмбеттiң “Былқылдақ”, “Сылқылдақ” күйлерi осы жерде дүниеге келген. Әлағаңның шапағатымен ғылым жолына түскен Қаныш Сәтбаев 1923-25 жылдары осы Былқылдақтың самал ауасымен тыныстап қайтады. Қазақтың көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерi Н.Нұрмақов пен Т.Жүргеновтiң үйлену тойлары осы жайлауда дүркiреп өткен. Соның бәрiнiң басы-қасында Алаш арысы Әлiмхан Ермеков жүрген.

Қарағандыдағы бөрілі байраққа қарап, қуанған сайын қуана түсем. Қаланың қай тұсынан қарасаң да көзіңе шалынады. Азат екенімізді айтып, желбірейді де тұрады! «Еңсең түспесін, егемен елің бар» дейтіндей жарықтық. Егілмей, жігерленесің. Енді бұл тұғырлы тудың астына Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды Алаш арыстырының біреуінің, болмаса, үшеуінің еңселі ескерткіші тұрғызылса да, артық емес. Тіптен қатып кетер еді. «Өлі риза болмай, тірі жарыған ба?».

Қарағандыдағы Әлімхан Ермековтің зираты

Қадымдағы қазақтың қарадан хан шыққанындай, Қарағанды Астана болмаса да, қазақ қағанатының құтты ордасы. Олай дейтінім – бұл топыраққа Алаш арыстарының кіндік қаны тамып, табаны талай тиген. Маңдайы жарқырап, Алаш жұртын алдыңғы қатарлы адамзат өркениетіне жеткізсем деп армандаған Әлімхан Ермеков жүрген. ҚарМТУ-де (Қарағанды Мемлекеттік техникалық университеті) дәріс оқыған қазақтың тұңғыш математигі. Қабірі де осында жатыр. Қаладағы «ДСК» қорымында. Өткен жылдары облыстағы жастар басқармасы жігіттерінің бастамасымен бір топ азамат барып, жатқан жерін ретке келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп қайтқаны есімде. Ал, арыстың өзі сабақ берген ҚарМТУ-дың бас ғимаратының алдына ілінген Әлімхан атамыздың ескерткіш тақтасы елеусіз ғана мұңаяды. Тіпті, таңбалары мен бет-бейнесі сығырайып зорға көрінеді. Ертеректе қойылған тақта тозып кеткен. Оны алып орнына көлемдірек жаңа тақта қою керек немесе оқу орнын біржола Әлекең атына беру керек. Бұл Алаш туы астындағы сіз бен бізге серт емес пе?

Жәнібек ӘЛИМАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Әлімхан Ермеков, Алашорд
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар