Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерлан Ырзай. Жалғыздық деген – көңілдің досы...

31.03.2019 734

Ерлан Ырзай. Жалғыздық деген – көңілдің досы...

АНЫҚ

Мынау тағдыр, тағы не тұспалдады?..

Ол жайын да қиын-ау тіс жармағы.

Бір анығы бүгін күн ұзарғаны,

Ал, түннің қысқарғаны.

Қоштасып кеткен құстар да қайтар әлі,

Бар да шығар сен жайлы айтар әні.

Бір анығы кез жетсе серуен құрар,

Бізді күткен бақтар да жайқалады.

Текке күтіп бермейтін несібемді,

Мазаңды алсам тағы да кешір енді.

Бір анығы сен енді оралмайсың,

Ал, көктем кешігеді...

Жарасады деймісің жүргенім кей,

Сезім-бақтың үзілген гүлдеріндей.

Бір анығы тағы да алданғаным,

Баяғы күндерімдей.

Білмеймін, неше екенін сағатымның,

Сырласы болдым тағы қара түннің.

Бір анығы сен жайлы ойға оранып,

Тағы да таң атырдым.

ТҮН

Қалғыған түнде не істер едім,

Бәріне іштей келіскен едім.

Жапырақты үнсіз тербейді самал,

Оятып алмай періштелерін.

Жазылмас енді жара шынында,

Мазамды ылғи алатын мына –

Сағынышым ғой, мөлт ете қалған,

Аспанның қарашығында.

Жөңкілген бұлттың арасыменен

Дүние-ау, сусып барасың менен.

Секпілін айдың кінәлай берме,

Оның да бәлкім, жарасы терең.

Көңілдің жағар шырақ кеудесін,

Төгілтер күйін бұлақ, пернесін.

Көктемге өлең арнайды бәрі,

Алдайды көктем бірақ пендесін.

Лықсыған түннің жанары мөлтек,

От құйрық жұлдыз ағады, тентек.

Жарыққа үйір көбелек — ғұмыр,

Қанатын ақыр алады өртеп.

КӨКТЕМДІ КҮТУ

Ертеректеу көргім келген көктемді,

Сонда ғана ұмытардай өткенді.

Көбелегін көргім келген бақтардың,

Алданардай көңілімде жатқан мұң.

Құстар үнін естиін деп сайраған,

Ынтығамын... Бірақ, мылқау айналам.

Баяғыдай билемейді қайыңдар,

Дәл өзімдей жанарында уайым бар.

Ал, көктемнен еш белгі жоқ... қыс әлі,

Ол да мендей қапалы hәм құсалы.

Мені жиі жауратады сәттерім,

Қырау басқан көңілімнің дәптерін.

***

Ойланды дерсің не жайлы осы,

Өзімді көріп Айнадан.

...Жалғыздық деген – көңілдің досы,

Мойындар оны қайда адам?

Маған да бәрі ұнайды дерсің,

Түн ауа жауған ақша қар.

Сен жайлы менен сұрайды несін,

Қараусыз қалған бақшалар?..

Сандырақ сертке сеніңдер әлі,

Жазылған ескі дәптерлер...

Сағынып жүр-ау, сені де, бәрі...

Сен келмей кеткен сәттерден.

Қаланы түнгі тербейді ме мұң?

Мен емес бүгін кеш – масаң.

Сен енді қайтып келмейді дедім.

Келмейді дедім ешқашан.

Өткенді неге іздейді дерсің,

Өткен ол рас – жаңылу...

Үмітін неге үзбейді дерсің,

Үзу де – мұңнан арылу.

***

Жазатындай жан-жарамды күз менің,

Жүрегімнен жиі өткенді іздедім...

Ол сәттерде жауған талай жапырақ,

Ол сәттерде... иланбады бізге кім?!

Бүгін бар із – ертең өшер... қалмайды,

Кім түсінер біздің тайқы маңдайды?

Сондай сәтте өкпелейсің өткенге,

...Қар жауады... Тағы мені алдайды.

Қайырылмастан кете барды ол неге?..

Бізді бөлген тағдыр деме... жол деме...

...Жұбата алмай менің мынау хәлімді,

Көлеңкелер қалтырайды бөлмеде.

ЖАС

Тағы міне, жыл ауысты, күн аунап,

Сені әкелер жолдар қалды қыраулап.

Өткен күннің өзекті өртер шақтарын,

Ұмыттырса деп едім ғой, мынау бақ.

Тағы міне, өз-өзімді жұбаттым,

Сенделемін ішінде сан сұрақтың.

Көлбеңдейді кешегі өткен күндерім,

Қалтырайды жарығында шырақтың.

Тағы міне, қас қарайды... кешқұрым,

Жанды кейде шаршатады ескі мұң.

Жүрген жоқпын мен өмірге өкпелеп,

Өкпелеткім келмеді де ешкімін.

Тағы міне, арманыма үңілдім,

Қазір кіммін,

Болып едім бұрын кім?!

...Құлағымда жаңғырады неге осы,

Сонау белде кісінеген құлын үн.

Тағы міне, жас қосылды... күн аунап,

Үмітімнің жолы жатыр қыраулап,

Өмір осы, көктем келсе бүр атып,

Күні ертең өзгереді мынау бақ.

Ал, мен ше?..

***

Бұлттармен таңып жарасын көктің,

Жүрген сәттермен санасып өттім...

Әр жерге қонған көбелек ғұмыр –

Сол гүлден неге адасып кеттің?

Сезімге бір күн сенерсің дегем,

(Сұқтанған көздің жебесінде өлем...)

Мен жайлы хабар жеткізер ме еді,

Өзіңе жазған көгершін өлең.

Кесесін түнім төңкеріп ақыр,

Жұлдызбен тоқып көмкеріп жатыр.

Бейнеңді сенің өлеңмен жазған,

Жүрегім тағы өртеніп жатыр.

Өлеңді қойшы... Өзімді қайтем?

Морт болып сынған төзімді қайтем?

Көзімде көктем, еріген мұздай,

Мөлт еткен тамшы сезімді қайтем?

Жазбас ем өлең, болғанда мұңсыз,

Бұл күнде білем, бәрі де құнсыз...

Қилыспай өткен көшеде мін жоқ,

Бұрылмай кеткен жолдар да – үнсіз.

Бұлдырап бұлдыр сағымдай күнім,

Білемін...

Білем, бағынбайтынын...

Осының бәріне көз жұма қарап,

Сен қалай мені сағынбай жүрдің?..

***

Менде сендей көңілсіздеу күйдемін,

Мұңнан басқа күтер дейсің үйде кім?

Менде сендей жанарымнан ой құлап,

Жүрем солай...

Бекер алдап қойды бақ...

Өткеніме шаршадым ба, қарайлай,

Сәулесіне жүрегімді орайды Ай.

Менде сендей ұйқысызбын, қамығып,

Түнде мендей құлазиды, жабығып.

Менде сендей ойлар кештім, ой қармап,

Ойдың түбі түпсіз екен...

...Қойды алдап.

СЕН

Жанарыңда, ай балқиды, тұнып түн,

Сыр айтайын, сырласым бол, қылықтым.

Өмір менің ұмытқандай, барымды,

Әлде, өзім ұмыттым?..

Анау күзді, қар қымтады қылаулап,

Одан қандай сыр ұқтың?

Өшкенінше нұрын төккен жомарт күн,

Мен де өмірге жолаушымын, қонақпын.

Сезім мені жоғалтқандай көшеден,

Әлде, өзім жоғалттым?

Бар қуаныш тек сенімен кеткендей...

Ал сен нені тонаттың?..

Көкжиектен сөгілгенде таң, сағым,

Басталады бәз-баяғы сарсаңым.

Күллі әлем жалыққандай тек менен,

Әлде, өзім шаршадым?

Мен әлемнен мейірімді іздедім,

Ал сен нені аңсадың?..

Үміт – май шам, қызуы жоқ білтенің,

Жүрегімді түсіне алар кім менің.

Мені өзгелер үлгермеді түсініп,

Әлде өзім білмедім?..

Сиқы кеткен көшелерден, көлбеңдеп,

Жөн емес-ау, жүргенім.

Суреттер stihi.ru, poembook.ru сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Атырау

01.04.2019 12:36
Жақсы өлеңдер, ақын мұңы

Раушан ҚАЗАҚ

30.03.2019 21:18
Жарайсың, жазарың көбейсін!!!

Ерке Жазенқызы

30.03.2019 21:22
Құттықтаймын Ерлан! Өлеңдерің өте керемет,жүректі тебірентеді! Шабытың шарықтай берсін! Биіктей бер! Өлеңіңді сүйіп оқитын оқырмандарың көп болсын!

Нұрай

12.04.2019 14:39
Көктемгі леп! Жарайсыз!

Ерлан

16.04.2019 22:00
өэе жаксы жазылыпты.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар