Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ербол Алшынбай. Мен де бір құс қанатына қан қатқан

25.12.2020 2287

Ербол Алшынбай. Мен де бір құс қанатына қан қатқан

Ақ қағазға төгілген жалқын із жаныңның жарық сәулесі. Сенің рух келбетің. Тұтас болмыс дидарың. Өзіңе ұқсаған өзің. Өзіңнен қашқан «менің». Бәрін алдауға болады. Өзіңді алдау тіпті де оңай. Бірақ, соңы нешік?.. Егер осы сөзіміздің бетіне «су бүркіп» тірілтіп, аясын кеңейте түссек ұлттық деңгейдегі ақиқат болар еді. Ұлттың әдебиеті де ұлттың өзі сияқты. Кішкентай ұлт – кішкентай әдебиет. Нашар ұлт – сапасыз әдебиет. Біз қандай ұлтпыз? Кешегімізді айтпаймын, бүгін? Бүгін қай деңгейдеміз? Бәрін жиып-теріп айтпағанда өткен бір ғасырға кеткен есеміздің әуселесі қайда? Кейінгі кезде өз қасіреті өзіне бұйырмаған хәлімізді айтып күбінетін мінез қайдан жұқты екен? Рас, отар ел болдық. Соған сай отарсыздандыру саясаты жүрілді ме? Тұтас ұлттық санамызға жара түсті. Оған қандай ем-дом жасадық. Бітеужара! «Үш жүз рет көтерілген мақтан ба? Неге сонда үш жүз рет жеңілдік?». Бітеужара ұлттың ақыны осындай өлең жолдарын жазуға мәжбүр болатын сыңайлы. Бұл ақын санасына жылдар бойы қатпарланып қалған «Тарих» өлеңінің тұтануына себеп болған, лап еткен түйсіктің бастауы болса керек. Жалпы өлең осындай жарқ еткен ерекше индукциядан от алып, ары қарай ақынның әлуетін бойлап өртке айнала бастайды. Әсіресе осындай қуатты өлеңдерге осы қасиет жуық. «Тарихты» оқығанда қалғып кеткен ұятыңның бетіне аздап қызыл ұялайтыны содан болса керек. Ал тұтас өлеңнің аурасы тұтас ұлттың жадысына түскен жараны «емдемекке» деген ниеттен туғаны анық. Оны біз қанатына қан қатқан құстың қауырсынын аялап тұрып сезінсек керек-ті.

Ақынның сөзі – ақ қағазға қонған жанның тұнық сәулесі дедік. Бұл әрине айна алдында өзіңді-өзің қызықтаудан әлде қайда парасатты ұғым. Осы тұрғыдан келгенде Ерболдың өлеңдері бізге маймөңкесіздігімен ұнайды. Қайта шаппас алдаспандай өткірлігімен құнды. Онда жалған емірену жоқ, әсіре қызбалану мен айтқыштықтан ада. Сөздің энергиясын айрықша түйсіну бар. Ескі сөзді өзінше түрлендіреді. Ескі ойды жаңаша құбылтады. Осы кейпімен оның өлеңдері кешегі ұзандардың біздің ғасырдың табалдырығынан оқыс түрегелгендей оқшау мінез танытады. Алшынбайұлының бұл эстетикасы бөлек пайымды қажет ететін әңгіме. Қара өлеңдегі оның бұл этикалық пайымы – кешегі паң Мағауин мен суреткер Қалиханды елестетеді. Ол өзіне дейінгі Алаш ұранды әдебиеттің тіл қолдану мәдениетін айрықша зерделеген және барынша синтездеп бойына сіңдіре білген ақын. Біздің шалқақ ғасырда бұндай оғыландар қашаннан керек. Өзі қысқа ғана қайырымның соңын Таласбек аға Әсемқұловтың мына пікірімен түйіндегнді жөн көрдік: «Өлең неғұрлым момын, неғұрлым пірадар болған сайын мінезсіздене береді. Керісінше ақиреттің табалдырығына баруға қорықпай, Адам-пенденің ең көлеңкелі сырларын ашқан сайын поэзия асқақтай түседі. Қабылдаңыз, қабылдамаңыз – жыр өнерінің заңы осы. Себебі, рәсімге құрылған мына дүниемен ешқашан сыйыспайтын ақиқат адамның ішкі дүниесінде, түпсанасында сақтаулы тұр».

«Әдебиет порталы»

Тарих

«Енді сені оқымаймын тарих!»

Тұрасың тек обалменен көз жастан.

Сорым сенсің, ей, Үтікен кәрі ұйық,

Көк түркітің көз жанарын маздатқан.

Таусыламын саған айтар сөз қалмай,

Қарт Асанның жұмбағындай тарих.

Сыдық тұрар қақпандағы көкжалдай,

Асау, асқақ жанарына қан ұйып.

Бұз үстіне бұлан қақтап ақпанда,

Алшаң басқан арғымақты тебіндік.

Үш жүз рет көтерілген мақтан ба?

Неге сонда үш жүз рет жеңілдік?

Тоғыз нарда тоғанағым толы үміт,

Қайда екпінім қиырға ойды самғатқан.

Сенің шерлі шыңдарыңа соғылып,

Мен де бір құс қанатына қан қатқан.

Енді сені оқымаймын тарих!!!!

Қарқаралы ғазалдары

(цикл)

Әулиекөл

Қарқаралыда тас тұнба,

Баянсыз күннен кем жүдеп.

Мәдидің бұлты астында,

Әулиекөл тұр мөлдіреп.

Әлие аз ба ол маңда?

Шалқыған сәуле кемері.

Заманнан заман озғанда,

Шайтанкөл дейді неге оны?

Басына таудың байланған,

Шағырмақ бұлт – жібек құс.

Қарқаралыны айланған,

Сол бұлт әлі жүр өксіп.

Бауырын шыңға сүйдіріп,

Сынғанда бұлттың қияғы.

Өзегін удай күйдіріп,

Көлге ащы жасын құяды.

Келемін өрге ылдидан,

Кезегім келді, ай, тағдыр!

Әулиекөлге кір құйған,

Заманның өзі сайтан-дүр.

Мәдидің асау бұлттары,

Нардай шөк тауға бұрылмай.

Жанарға толсын шық тағы,

Әулиекөлдің суындай.

Құс қайтару

Кескекті ерден түс қашты,

Сол еді сенген санатым.

Кестелі көлден құс қашты,

Қайырып боран қанатын.

Көкірек тұсым шаншиды,

Көп құсты көріп шулаған.

Демінен ажал аңқиды,

Қара боранның тулаған.

Ұлиды дауыл іргеде,

Айта ма ол да шерлі жыр.

Қаңтар ма, мезгіл шілде ме?

Мезгілсіз неге солды гүл?

Сап-сап боран, сап боран,

Ақ басқыныңды айдама.

Шулатпай көлді жат боран,

Тұнығын шайқап лайлама!

Тірліктің тіліп сабасын,

Сабыр қыл енді, салма ойран.

Қайырды көп құс қанатын,

Дәруіштей көкке қол жайған!

Аманжолдың құдығы

Жол асады толқып аққан өзеннен,

Жел асады асу бермес кезеңнен.

Мынау жатқан Аманжолдың құдығы,

Көкке қарап еріндері кезерген.

Жатқан бір кез қозы-лағы жамырап,

Жұрты қалған, көкке кеткен шаңғырақ.

Көшке ере алмай жетім қозы маңырап,

Қасым кеткен жеті жаста аңырап.

Қу адасқан сонооу жылғы тұманнан,

Қызылкөшен аспанынан күн ауған,

Құдық басы жатыр ескі шығыры,

Бір дәуірдің сүйегіндей қуарған.

Қасым асқан өткел бермес өзеннен,

Қасым асқан асу бермес кезеңнен.

Күтіп жатыр Аманжолдың құдығы

Көкке қарап еріндері кезерген.

Кенесары қамалы

Кенесары қамалы

Орғыл-орғыл орғыл тау,

Орғып бұлан жүгірген.

Табаны кең тарғыл тау,

Тас тізесі бүгілген.

Отау тастың үстінде,

Он ордалық орын бар.

Қарқаралы, Қазылық,

Баурайында көп орман.

Сүрлеуі өшкен сары жұрт,

Көкке көшіп жоғалған?

Сайғақ қылған уықты,

Сайында көп қорым бар.

Қыналы тау, қырлы тау,

Қиялай басып өрледім.

Жұмбағы көп сырлы тау,

Жүрегімді тербедің.

Жиренсақал ар жағы,

Бопай ханша асуы.

Тауды бұзып жол ашқан,

Тарландардан із қалған.

Тағдырымен таласқан,

Ерге ескерткіш бұл жалған.

Таға белден асқанда,

Көңіл судай тасыды.

Қызыл жартас дара екен,

Мың қой жусар алабы.

Төбесінде бар екен,

Кене ханның қамалы.

Шақа тастан шандоздап,

Қайыстайын өрілген.

Көріп жүрек тулады,

Көзді мұнар перделеп.

Көп қызылтас шулады,

Куәгермін мен де деп.

Керуен заман шұбады,

Қас қағымда көзімнен.

Кер заманның құрығын,

Қылмойыннан салдырған.

Қылыштардың шыңылы,

Құлағымда жаңғырған.

Ей, бақытсыз хан ием,

Азалаймын әр жылы.

Сызат жік боп шытынап,

Жау шыққанда қайманаң.

Кең Арқадан ұтылап,

Тау басына айдаған.

Жар басында сол қамал,

Алашыңның тағдыры.

Тарғыл тауды тағыдай,

Бүктедің бе хан ием?

Қарқаралы көп жаудан,

Ық дедің бе хан ием?

Қызыл тастан қорғаның,

Көңілде шер үдеткен.

Бопай кезең ары асып,

Қайда жорттың хан ием?

Көп дүшпанды бөрідей,

Шайнап өттің хан ием.

Мынау күйкі жалғаннан,

Сендей болып кім өткен.

Қамалыңа байланған,

Самқал қайда қозалы.

Аспанымды айналған,

Рухың қайда қонады?

Құба балшық молаң жоқ,

Біз айналар қазық қып.

Бөрі айбатым сыртымда,

Жарам қанша сыздарлық.

Он сан Арқа жұртыңда,

От орныңда біз қалдық.

Сегіз жұмақ төрінде

Дамылда енді жарықтық.

Қалила

(Баллада)

Қалила аңшы Бұғылының баурында,

Салбурынмен қызық көрген кемді күн.

Сағым ойнап қаракердің саурында,

Тазысындай соңына ерген жел мұның.

Сары жоннан сәнге қаққан түлкіні,

Кіл самдағай салушы еді тазы ойнақ.

Сол Қалила тағдыр жазып бір күні,

Алыс кетті Бұғылыдан дәм айдап.

Қоңыр-қоңыр адырларды жебелеп,

Қоңыр аңмен бірге өретін үркітпей.

Тұлғасы да бөлек еді, не керек,

Тұрпаты бар зілді қара бүркіттей.

Алдаспандай мұрттың екі қияғы,

Қожыр қара жартастайын ажары.

Ертегінің ерлеріндей сияғы,

Кең даланың кәдімгі атан қазағы.

Ат жақсысы тақымында – ол жалсыз,

Бір күйігі осы еді ердің ішінде.

Ер дәулеті болады екен болжалсыз,

Жарты теңге айналмады бүтінге.

Тағдыр жазса таға алады кім айып,

Қораға ілді Қалила аңшы құрығын.

Қоңыр досы аттандырды мұңайып,

Енді маған аманат деп Бұғылың.

Тиянақсыз тіршілікте сырғанап,

Бастады алыс қиқар тірлік, күйкі үміт.

Қозғалды аңшы ожырайа бір қарап,

Бұғылысын мұқатқандай қитығып.

Бұрылмауды ырым деген Қалила,

Мұртын шайнап күбірлеген Қалила.

Қос жанары сібірлеген Қалила,

Жауырыны дірілдеген Қалила!

Тез ұзады қаракерді сауырлап,

Арттан қуып келердей боп Бұғылы.

Көзіндегі жалғыз тамшы ауырлап,

Ішіне өрт боп енердей боп Бұғылы.

Қоңыр қалды боз тауларды құшақтап,

Қағуылға шықпайды енді ол белдерге.

Күтетіндей әлде кімді іші от боп,

Моп-момақан сүрлеу қалды шерменде.

Өтті уақыт желкілдеген ботаны,

Желбуаз жыл ақбас атан қылғандай.

Ер Қалила қалай алыс жатады,

Сонау шерлі Бұғылыға бір бармай.

Шалғы мұртын қырау басқан шағында,

Құбылаға күн алмасқан шағында.

Көздің алдын тұман басқан шағында.

Бұғылыға қайырылды Қалила.

Баяғыдай Қоңыр досы жолықты,

Ақсарбасын өрісінен алдырып.

Қара жартас қорымдайын шөгіпті,

Бәз қалпында алдаспандай шалғы мұрт.

Қалила аңшы жанардан жас ыршытты,

Жартас бетін тіліп жатты ақ нөсер.

Қара тауға қағынған көп бұлт шықты,

Көп шеменді жуып жатты ақ нөсер.

Жастық өтті көкіректі күй кернеп,

Күмбірлеген сағыныштың заманы ол.

Қайыс арқан секілденіп иреңдеп,

Қанжығамнан түсіп қалған қара жол.

Қара жолды қанжығама шумақтап,

Қайта келдім қағыбамдай Бұғылы.

Көзім алдын адырларың тұр қаптап,

Кеудемдегі қазынамдай Бұғылы.

Ат басындай сом жүрегім тулатқан,

Таусылмайтын шерім сенсің Бұғылы.

Көзім жұмсам көкіремгім шулатқан,

Маған көшкен перім сенсің Бұғылы.

Енді екеуімізге жолығатын жер қайда,

Құзға жеттім жан-жағым жар жалама.

Бұғылы тау сендей тәтті шер қайда,

Сартап болып сарғайсам да санаға.

Дәурен көшер, біз де өтерміз алдыңнан,

Қысқа, сұлу түсіңдеймін Бұғылы.

Керуенімді тұсңа әкеп қондырған,

Тағдырыма шүкір деймін Бұғылы.

Ай, қарт Қоңыр енді мені жұбатпа,

Атыңды ертте қыр басына шығайық.

Мендей ерге бүгілу жоқ бірақ та,

Ат үстінде өлу бізге лайық!

Аз өмірде құса көрді Қалила,

Нәмәрт тірлік тұсады ерді Қалиа.

Көкке қарай ұша берді Қалиа.

Атты жалын құша берді Қалиа!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар