Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Елдос Тоқтарбай. Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!

22.11.2018 2660

Елдос Тоқтарбай. Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!

Күні кеше ғана Елбасы Н. Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” деп аталған идеялық-мазмұндық маңызы зор, ұлттық сипаты айқын бағдарламалық мақаласын оқып, “Рухани жаңғырудың” алдымызға қойылған келелі бір міндеттерін көрдік. Ұлт көшбасшысы мақаласында: “Көпшіліктің санасында тарихи үде­ріс­тер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы ба­ба­ларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Ту­тан­ха­мон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Ва­шингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұл­ғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» ба­ға жетпес символдық капиталы санала­ды әрі сол елдердің халықаралық аренада тиім­ді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күл­тегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы­лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дү­ние­ге әкелді», - деген екен. Рас, Елбасы айтқандай Ұлы дала елінің ұлы есімдері өте көп. Бұл – ұлы даланың тұлғалары! Осындай ерекше атауға ие тұлғаларымыздың бірі – алмағайып заманның заңғарлары болған Алаш азаматтары еді. Ұлық мереке қарсаңында еліміздің тарихы хақында бірер сөз айтуды жөн санадық:

«Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алады, тырмыспағандар есікте қалады. Есікте қалмай, төрге тырмысалық» -деп, барша қазақ жұртына үндеу тастаған Алаш қайраткерлері – алмағайып замандарда саналы ғұмырларын ұлт жолына бағыштады. Ұлт жолы дегеніміз – Ресей империясының құлдық бодауынан қазақ ұлтын азат қылып, өз алдына дербес мемлекет ретінде құру болатын. Төрткүл дүниені уысына ұстаған көкжал Шыңғысханның жаужүрек ұрпақтары құрған Қазақ хандығы ішкі-сыртқы қақтығыстардың салдарынан әлсіреп, Ордасын құлатып алды. Ақ Ордасы құлаған соң, қазақтың қолынан тізгіні кетіп, еріксіз мойнына құлдық қамытын киген-ді. Бұдан кейін қаншама уақыт өтті. Ұлы Азаттыққа бағытталған қаншама күрес, қантөгіс болды. Дүниенің көшінен «адамдық» дәнегін сеуіп, ұлы Абай хәкім де өтті. Бірақ, қазақтың құлдық ғұмыры күннен-күнге бақытсыз болып, ең қасиеті – жерінен айырылып, Патшаға мөлшерінен көп салық төлеуге мәжбүр бола бастады... Ал, ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде Мәскеу, Петербор, Томбы, Омбы, Орынбор, Вена, Каир, Варшава, Киев сияқты шаһарлардың ең озық университеттері мен институттарында білім алып, құқықтық-саяси көзқарастары мен дүниетанымдарын арттырған қазақтың аса талантты жастары – 1905 жылдың 9 қаңтарында «қанды жексенбі» атанған Ресей бейбіт шаруа қозғалысының Петербордағы Патшаның қысқы сарайына басып кірген толқуынан соң, ұлт-азаттық жолына түскен еді. Қазақ жастарының бұл саяси қадамы – ренессанстық сипатқа ие болды. ХХ ғасырдың басы қазақ ұлты үшін – шын мәнінде ояну ғасыры болатын.

1905 жылы оқыған қазақ жастары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, «Қарқаралы құзырхатын» жазып, Патша үкіметіне жолдап, қазақтың мүддесін қорғайды. «Қарқаралы құзырхаты» – Алаш ұлт-азаттық қозғалысының асыл идеясы іспетті аса құнды саяси маңызы зор тарихи құжат.«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»-деп, Ә.Бөкейхан өзінің үзеңгілес сенімді серіктерімен Ордасы құлаған қазақ мемлекетінің іргесін нығайтып, өз алдына дербес автономия қылу қамына белсене кірісті. Алаштың аймүйіз азаматтары – «түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген» қиян-кескі тірліктің тезінен өтіп, қара бастарын ұлт бостандығы үшін қатерге тігіп, асыл идеялары мен елшілдік ұстанымдарына адал болды. Олардың асыл идеясы, асқақ арманы – қазақтың зайырлығы мен егемендігі еді. Алаштың ел бастаған серкелері «Алаш туы астында...» болған бақытты кезеңдеріне дейін түрлі тарихи дүмпулер мен толқулардың қақ ортасында болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс, ақпан һәм қазан төңкерісі, азамат соғысы...

Алаш ұлт-азаттық қозғалысының ең бақытты кезеңі – 1917 жылдың 13 желтоқсаны мен 1920 жылдың 5 наурызы аралығы. Бұл – қасиетті Алаш ұлттық-территориялық автономиясын құрылып, салтанат құрған шағы болатын. Алаш автономиялық мемлекетінің ұлт кеңесі – Алашорда үкіметі жасақталып, үкімет құрамына сайдың тасындай іріктелген, шеттерінен «сен тұр, мен айтайын!» деген қабылан азаматтар кірді. Дәл осы уақытта бүгінгі қазақтың алғашқы партиясы – Алаш партиясы құрылып, билік етті. Екі жылдан астам Алаш үкіметі билік етіп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның территориялық тұтастығы мен шекаралық межесін белгілеп қалды. Бірақ, ғасыр басындағы қазақтың жан саны мен ұлттық әскердің аздығы автономиялық мемлекеттің одан әрі билік етуіне тікелей кері әсер етті. Қантөгіспен орнаған совет үкіметі Алаш қайраткерлерінің елдік, ұлттық бағыттағы игі істеріне ашық қарсылық білдіріп, қайта-қайта жолдарын кескектей берді. Ақырында, 1928 жыл мен 1930 жылдар аралығында Алаш азаматтарын жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Алаш идеясына адалдық танытып, дәулетімен қазаққа қызмет қылған ақ жүрек, ақ ниет атымтай жомарт қалталы азаматтардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздерін итжеккенге айдады. 1930-1933 жылдары қазақтың «Джек Лондоны» атанған Жүсіпбек Аймауытұлындай сұңғыла жазушысы, Шәкәрімдей ғұламасы, Дінше Әділұлындай аяулы перзенті, Смағұл Сәдуақасұлындай Алаштың ұлтшыл жасы жазықсыз өлім құшты. 1937-1939 жылдары сталиндік жазалау – репрессияға ұласып, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Е. Омарұлы бастаған үркердей топ ату жазасына кесіліп, ұлт-азаттығы жолында шаһид болды. Қазақтың қаймақтары болған байрақты азаматтарының тағдыры тәлкекке ұшырап, олардың перзенттері де аяусыз зорлық-зомбылықтың зобалаңын тартты. Қанқұмар опасыз советтік билік жетпіс жылға жуық қазақ халқын отарлап, ұлттық ұлы құндылықтарынан айырып, мешеу қылды. Қазақтың сөзі мен тілі, дәстүрі мен ділі, діні мен тарихы жетпіс жылға жуық «тіс» түрмесінде қалып, айтылуына тиым салынды. Міне, осындай кері идеологияның салдарынан біз өзіміздің асылдарымыздан көз жазып, төл тарихымыздан бейхабар болып өстік...

Алаш автономиясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекет ретінде құрылуының іргетасы, ізашары екені анық. Ал, Алаш қайраткерлері мен Алаш қозғалысының ниеттестерінің қай-қайсысы болсын, қазақ ғылымының қалыптасуы мен дамуына айрықша зор еңбек сіңірді. Оны – бүгінгі шынайы көзқараспен жазылған тарихымыз айғақтап отыр. Алаш тағылымымен ынтыға танысқанымызда, көкейіңізге сөзсіз ұлы Абай хәкімнің «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деген ұлағаты еске түседі.

Түрмелі қуғын, сіргелі сүргінді көрген қайран Алаш қайраткерлерінің соңғы тілегі: «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» болған еді. Тәңірі өзі шартарапқа тарыдай шашылған қазақ баласына жар болып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында тағы да билікке қолын жеткізді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев әлемдік саяси аренада қазақ мемлекетінің абыройын асқақтатып, елімізді жарқын болашаққа бастап келеді. Қазақ үшін желтоқсан айы – тым қасиетті, тым қастерлі емес пе!? Ендеше, қадірлі оқырман, 12 желтоқсан – Алаштың атойлы ұраны жаңғырған күн. Бұл күн – тарихи күн! Осы тарихи күннен тәлім алып, қазақтың ары мен ұятына айналған Алаш арыстарының өнегелі өмір жолынан қашанда хабардар болып, төл тарихымызды тани түсейік! Сол, азалы да, қаралы тарихымызға қашанда болсын құрметпен қарап, тағзым етейік. Сөз соңында айтарымыз: басымызға қонған бақыт құсы – асыл Азаттығымызды сақтап, оны көзіміздің қарашығындай аялайық. Дүние құбылып, жер-жаһан тұтас жаһанданып жатқан дәуірде елдігіңді сақтап, ұлттық құндылығыңды жоғалтпай, Тәуелсіздігімізді баянды ету – кімге болса да сын болып отыр...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар